Б.ӘЙТIМОВА ЖӘНЕ ЖЕЛТОҚСАН

Б.ӘЙТIМОВА ЖӘНЕ ЖЕЛТОҚСАН

Б.ӘЙТIМОВА ЖӘНЕ ЖЕЛТОҚСАН
ашық дереккөзі
256

Немесе тәуелсiз елдiң ұлттық кадрлары кiм болуы керек?

Балтық жағалауы елдерiнде Кеңес Одағы жылдарында ұлтқа қарсы сөз айтқандарды мемлекеттi басқару қызметiне алмайтын бiр үрдiс бар. Бұл отарсыздандыру саясатының ең басты қағидаларының бiрi.

Өкiнiшке қарай, бiздегi басшы қызметтегiлердiң барлығы дерлiк кезiнде Коммунистiк партияның орталық аппаратында қызмет iстеп, Кеңес Одағының сойылын соққандар. Соғып қана қойған жоқ, бүкiл әлемдi дүр сiлкiндiрген Желтоқсан оқиғасы қарсаңында алаңға шыққан қазақ жастарын қаралап, ұлтқа қарсы шыққандар тәуелсiз Қазақстанның басқару эшелонынан ойып тұрып орын алды.

Айталық, бүгiнде Бiлiм және ғылым министрi Бiрғаным Әйтiмова Желтоқсан көтерiлiсi қарсаңында Қазақстан Жастар одағының Орталық Комитетiнiң хатшысы қызметiн атқарып тұрған екен. 1986 жылғы 21 желтоқсандағы оның «Желтоқсан көтерiлiсiне» байланысты сөйлеген сөзiн жақында «Zonakz.net» cайты жариялады. Әрине, Әйтiмова бұл жолы өзi құдайдай сенген партияның нұсқауымен, сол кездегi атқарып отырған қызметiне орай қимылдағаны белгiлi. Ол кезде алаңға шыққан жастарды ақтап, режимге қарсы тұруға ешкiмнiң жүрегi дауаламағаны да рас. Ақпарат деректерiне сенсек, жастардың бұл әрекетiнен ұлт-азаттық идея iздеген Жұбан Молдағалиев ағамыз ғана болған сияқты. Басқа қасқа-жайсаңдардың көбi не бұғып қалған, не Орталық аппараттың жастарды қыруын орынды деп санаған. Ал, басшы қызметте жүрген өзiмiздiң қандастарымыздың көбi оларға күйе жағып, «ұлтшылдар, маскүнемдер, нашақорлар» деп айыптаған. Егер, 1989 жылы Мұхтар Шаханов ағамыз ерлiк көрсетiп, Кремльде қасқайып тұрып шындықты айтпағанда, бұл оқиғаның аяғы немен тынары белгiсiз едi. Жұрт iшiнен тынып, неге жорырын бiлмей жүргенде бiздiң шолақ белсендiлерiмiз алаңға шыққан жастарымыздың басына бишiгiн үйiрiп те үлгерген едi. Мiне, тәуелсiздiктiң ащы дәмiн татқандар бүгiн әлi күнге дейiн лайықты бағасын ала алмай жүр, ал оларға тас атқандар билiк тiзгiнiнен айрылған жоқ. Сол себептi де болар, бүгiнде Желтоқсанның шындығы ашылар емес. Оның маңызын елеп-екшер уақыт әлдеқашан өтсе де, жабулы қазан жабулы күйiнде. «Желтоқсан көтерiлiсi» туралы әңгiмелердiң әлi алып-қашты түрде жетуiнiң сыры осында, бүгiнгi билiктегiлердiң бiразының сыры ашылып қалатын болғандықтан, оған бойлап енуге тиым салынған. Бұл орынтағының қамын ойлаған әлдекiмдердiң мүддесi үшiн орайластырылған.

Сол кезде Қазақстан Жастар Одағы Орталық комитетiнiң хатшысы болған Әйтiмова ханым 1986 жылдың 18,19,20 желтоқсанында Алматы Халық шаруашылығы, педагогика және ауылшаруашылығы институттары, Мемлекеттiк мединститут жатақханаларында тұратын студенттермен кездесу өткiзгендiгiн айта келе, жастардың мынадай сұрақтар қойғандығын әңгiме етедi: «Бiздiң басшымыз неге қазақ емес?», «Д. А. Қонаев жолдасты орнынан неге алды?», «6 миллион қазақтың iшiнен бiздi басқаратын бiр адам табылмағаны ма?», «Одақтас республикалардың қайсысында өзге ұлттан басшы отыр?» т.т. Бұл сұрақтарға Әйтiмова ханымның берген жауаптары, әрине, партиялық тұрғыдан өрбiген. Ал, Колбин туралы Әйтiмова жолдас: «Задавались и провокационные вопросы мне, не как к коммунисту, а как к женщине-казашке. На это я отвечала, что всем сердцем и мыслями поддерживаю избрание товарища Колбина Г. В. Первым секретарем ЦК Компартии Казахстана» деген екен. Сондай-ақ, Әйтiмованың осы сөзiне орай сауалнама ұйымдастырған «Начнем с понедельника» газетiнде (№43, 3-9 ноября 2006 г) «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшiм оның «алаңға шыққан қыздардың шашын талдап жұлар ем» деген сөзiн мысалға алған екен. Демек, ол алаңға шыққан қыздарды қаралап қана қоймайды, қолына түссе жазалауға дайын.

Ол кезде Колбиннiң Қазақстан басшылығына келгендiгiн жан-тәнiмен қолдаған Әйтiмова бүгiнде тәуелсiз Қазақстанның бiлiм көшiн бастап отыр. Әрине, «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» дер едiк, егер, Әйтiмова ханым сондағы қылығы үшiн желтоқсандықтардан кешiрiм өтiнген болса. Желтоқсан оқиғасына 20 жыл толар қарсаңда Әйтiмова ханымның әлi күнге дейiн өз айтқандарынан бас тартпауы сол кездегi идеологиясы мен көзқарасынан айнымағандығын танытпай ма? Ендеше отаршыл сананың жетегiнде, өз халқына өзi қарсы болған қызметкер тәуелсiздiкке қалай қызмет етедi екен.

Бiлiм, ғылым саласы – санадағы құлдық таңбамен күресiп, отарсыздандыруды ұрпақ зердесiне егетiн ең дiлгiр сала. Бiздегi бiлiм, ғылым саласының әлi күнге дейiн ұлттық бағытқа бет бұрмай отырғандығының өзi бұл саланы кешегi режим тәрбиелеген әйтiмовалардың басқарып келгендiгiнен болса керек. Өзгесiн былай қойғанда, орыс мектебiнiң түлектерi мемлекеттiк тiлде екi сөздiң басын қосып жаза алмайды. Кезiнде қазақ мектептерiне орыс тiлiн үйрету мақсатында оның апталық жүгiн екi-үш еселеп арттырғаны белгiлi. Аптасына орыс тiлi 25 сағат үйретiлетiн. Дәл осы тәжiрибенi министр ханым бүгiнгi орыс мектептерiнде қазақ тiлiн үйрету мақсатына пайдалануы қажет едi. Бiрақ, өкiнiшке қарай, орыс мектептерiндегi қазақ тiлiнiң сағатын көбейту жайлы әңгiмемiзге құлақ түрген ешкiм жоқ. Мектеп оқушысы аптасына үш-ақ сағат қазақ тiлi пәнiн оқиды. Бұл қандай бiлiм беруi ықтимал. Сол себептi де, мемлекеттiк тiлде iс-қағаздарын сауатты жүргiзетiн ұрпақ әлi күнге дейiн тәрбиеленбей отыр. Ал, депутаттардың бастамасымен Үкiметке ұсынылған «Бiлiм туралы» заң жобасы тартпада шаң басып қалды. Бұл заң жобасы бойынша, мектеп түлектерiн орыс я қазақ мектебiнiң түлегi деп бөле-жармай, барлығына ұлттық бiрыңғай тестiде мемлекеттiк тiлден емтихан тапсыру мiндеттелуге тиiс болатын. Бұл мектеп оқушыларын мемлекеттiк тiлдi үйренуге мәжбүрлейтiн бiрден-бiр жол едi. Сондай-ақ, Балтық жағалауы елдерiндегi тәсiл бойынша орыс мектептерiнде мемлекеттiк тiлде үйретiлетiн пәндердiң санын молайту мәселесi туралы да әңгiме қозғалмайды. Ол аз дегендей, мiндеттi төрт пәннiң бiрi – «Қазақстан тарихынан» мемлекеттiк емтихан тапсыруды бағдарламадан алып тастау тiптi түсiнiксiз. Экс-министр Ж. Құлекеев мемлекеттiк бiлiм грантының үлес салмағын 60%-ға көбейткен болатын. Бұл үрдiс ары қарай жалғасын тапқан жоқ. Соның салдарынан орыс мектебiнiң түлегi 40-50 балмен ЖОО түсiп кетiп жатса, қазақ мектебiнiң түлектерi 70-80 балмен орта жолда шаң қауып қалуда. Мiне, бұның барлығы Әйтiмова ханым басқаратын бiлiм, ғылым саласының мойнындағы жүк.

Кешегi жүйенiң тәрбиесiнен өткендер, алмағайып заманда ол идеологиядан бас тартып шыға келдi. Жаңа қоғам орнап едi, соның сойылын соқты. Егер, бұл жүйе басқа бiр жүйемен алмасса, олар оны да тәрк етуге бар. Демек, социалистiк идеология – солқылдақ саясаткерлердi тәрбиеледi. Олар әрдайым өзi тәрбиеленген жүйесiнен ойланбай тайқып шығуға бейiм. Сол себептi де, бұл жүйеде тәрбиеленгендердi, әсiресе, өз ұлтына қарсы келгендердi екiншi жүйе қабылдауға, олардан саяси кадр қоюға келгенде өте сақ болғаны дұрыс. Мүмкiндiк болса, өзгенiң сойылын соққанды, өзiнiң идеологиясының басына отырғызбауы керек.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары