ФАБЕРЖЕ БҰЙЫМДАРЫНЫҢ КОЛЛЕКЦИЯСЫ – АЛМАТЫДА

ФАБЕРЖЕ БҰЙЫМДАРЫНЫҢ КОЛЛЕКЦИЯСЫ – АЛМАТЫДА

ФАБЕРЖЕ БҰЙЫМДАРЫНЫҢ КОЛЛЕКЦИЯСЫ –  АЛМАТЫДА
ашық дереккөзі
517

Кеше Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттiк мұражайда әлемге танымал Фаберже бұйымдарының көрмесi басталды. Көрменi ұйымдастыруға атсалысып отырған қала әкiмшiлiгi мен «Уақыт тоғысы» Мәдени-тарихи қоры. Осыған орай 6 қараша күнi қала әкiмшiлiгi ғимаратында Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов, аталмыш қордың директоры Роман Ашокович Такер мен коллекцияның бас сақтаушысы Татьяна Петровна Голубева қатысқан баспасөз-мәслихаты өттi.

«Уақыт тоғысы» қорын құрушы – «Ренова» ЖАҚ директорлар кеңесiнiң төрағасы мен аталмыш қордың еншiлесi болып саналатын Виктор Вексельберг мырза көрiнедi. Ол 2004 жылы Sothbeys аукциондер үйiнен өткен ғасырда американдық мультимиллионер, «Форбс» журналының редакторы Малькольм Форбс жинаған Фаберже бұйымдарының коллекциясын сатып алған екен.

Форбс отбасы иемденетiн Фаберже бұйымдарын орыс миллионерiнiң сатып алуы әлемдiк баспасөзде көптеген пiкiр тудырған едi. М.Форбс ұрпақтары Фаберже бұйымдарының Ресейге қайтарылуы жаңа ғасырдағы тың жаңалық екенiн мойындап отыр. Тiптi Форбс отбасы оны «Бұл –өнер тарихындағы ұлы романтикалық оқиғаның аяқталуы» деген пiкiр бiлдiруде. Сондай-ақ, Фаберже жұмыртқаларының коллекциясы – бұл Ресейдiң тыс жерлердегi мәдени мұрасының керемет үлгiсi. Әрi Фаберже жұмыртқаларының дiни және рухани маңызы Ресей халқы үшiн өте жоғары дейдi.

Бұл коллекцияның тағы бiр маңыздылығы, оның құрамында Ресей императорлық әулетiне жататын 9 пасха жұмыртқалары, сондай-ақ, Фаберже сарай маңындағы зергерлiк үйдiң орыс шеберлерiнiң 180-ге жуық бұйымдарының болуында жатыр.

Фаберже жұмыртқалары әлемдегi ең үздiк коллекция болып саналады. Әлемде олардың саны – бар-жоғы елу ғана. Олардың 10-ы Кремльде, бесеуi – Вирджиния штатының Бейнелеу өнерi мұражайында. Сондай-ақ, Ұлыбритания ханымы Елизавета да және Жаңа Орлеан мұражайының коллекциясында үш-үштен сақталуда. Швейцария, Вашингтон мен Балтимор мұражайларында – екеуден, Кливленд мұражайы мен Монако ханзадасының жинақтарында — бiр-бiрден, қалғандары жеке коллекцияларда.

Сөйтiп, Виктор Вексельберг иеленетiн Фаберже бұйымдарының коллекциясы Алматыға келдi. Ол арнайы ұшақпен Перьм қаласынан Алматы әуежайына әкелiнген. «Уақыт тоғысы» қорының директоры Роман Такер көрменiң Алматыда өтуiне байланысты: «Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекетаралық қатынастардың және екi ел халқы қарым-қатынастары деңгейiнiң тағы бiр дәлелi болып табылады» дейдi. Көрменiң өтуiне тiкелей мұрындық болып отырған Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов екен. Виктор Вексельберг мырзамен арнайы келiссөз жүргiзiп, көрменiң Алматыда өтуiне себепкер болыпты.

Алматыдағы Орталық мұражайда басталған көрмеде Фаберже зергерлiк ұйымының 77 бұйымы қойылып отыр. Оның бастылары Ресейлiк императорлар: жұбайы үшiн Мария Федоровна мен баласы мен iзбасары II Николай (1868-1918), III Александр (1845-1894) және анасы мен жұбайы – соңғы Ресей патшайымы үшiн II Николай (1868-1918) тапсырысымен жасалған пасха жұмыртқалары болып табылады. Бұлардан басқа алматылықтар Фаберженiң Мальборо герцогинясы мен орыс саудагерi Варвара Кельх үшiн жасаған пасха жұмыртқаларын, сондай-ақ зергерлiк әшекейлер, портсигарлар, қүнды галантерея бұйымдары, жазу бұйымдарын, сағат, фото рамкаларын және Фаберже фирмасының басқа да бұйымдарын көре алады.

Билет сатылымынан түскен барлық қаржы Орталық мұражайдың қорын толықтыруға жұмсалмақ. Көрме 20-қарашаға дейiн созылады. Көрме аяқталғаннан кейiн коллекция Римге қарай сапар шекпек.

P.S. Орталық мұражайдың этнографиялық залында ашылған көрмеге жиналған қауымда шек жоқ. Зиялы қауымнан бастап, депутаттарға дейiн жүр. Ғасырлар бойы сақталған асыл бұйымдарды көзбен көргенге не жетсiн! Бiр-бiрiнен асып жығылатын жақұт тастармен көмкерiлген пасха жұмыртқаларының әрқайсысы өзiнше бiр керемет әлем. Бұл императорлық пасха жұмыртқалары коллекциясының Ресейге келуi аталған елде мәдени және рухани жаңғырудың маңызын байқатса, оның Қазақстанға келiп, қазақ жұртшылығына көрсетiлуi, «Мәдени мұра» бағдарламасының жүзеге асып, көшпендiлер өмiрiне қызығушылықтың және зергерлердiң «аңшылық әдiс» ағымына ден қоя бастағандығын, екi ел халықтарының өткен тарихқа көзқарастарының өзгергендiгiн көрсетедi.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары