КЕРЕКУ ЖАСТАРЫ ШАХАНОВТЫҢ

КЕРЕКУ ЖАСТАРЫ ШАХАНОВТЫҢ

КЕРЕКУ ЖАСТАРЫ ШАХАНОВТЫҢ
ашық дереккөзі
500

Кереку өңiрiнiң жастары Мәжiлiс депутаты Мұхтар Шахановтың тiл мәселесiне қатысты жасаған соңғы мәлiмдемесiн қолдап отыр. Бұл бастамаға «Ұлан» жастар қоғамдық бiрлестiгi мен «Болашақ» жастар қозғалысының Павлодар облыстық филиалы бiрауыздан қосылған.

Редакциямызға келiп түскен хатта жастар бiрлестiктерi бiрiгiп: «Бiз, Кереку өңiрiнiң жастары республикалық бұқаралық ақпарат құралдарынан кәсiпкерлердiң «Атамекен» атты саяси партиясын құрғандарын бiлдiк. Жаңа партия үш тiлдi – қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнен бiрдей деңгейде мемлекеттiк тiл жасамақшы екен. Қазақстан Республикасының Ата Заңының 7-бабында «Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi» деп тайға таңба басқандай жазылған. Сондықтан бiз елiмiзде қазақ тiлiнен басқа ешбiр тiлдiң мемлекеттiк статус алуына жол бермеймiз және Мәжiлiс депутаты Мұхтар Шахановтың мәлiмдемесiн толық қолдаймыз» – дейдi.

Павлодар облысында тiл мәселесiнiң кенжелеп қалғаны көпшiлiкке жасырын емес. Дегенмен, мемлекеттiк тiлдi өз дәрежесiне жеткiзудi мақсат тұтқан «Ұлан» жастар бiрлестiгi бұл орайда нақты iс-шаралар атқарып келедi. Тiптi, бiрлестiк құрамында қазақша судай сөйлейтiн өзге ұлт өкiлдерi де жоқ емес. Еуразиялық-инновациялық университеттiң студентi Света Шнайдер «15 жыл iшiнде мемлекеттiк тiлдi жаттап алатындай уақыт болды» деген пiкiрде. Қазақша майын тамызып сөйлейтiн студент: «Мемлекеттiк тiлдi үйренуге мемлекет тарапынан жағдай жасалмаған» деп сылтау айтатын жалпақшешейлер Президентiмiздiң «15 жылда аю да тiл үйренедi» деген сөзiн ұмытпасын» – дейдi. Ал, жастар бiрлестiгiнiң мүшесi Венера Шмидт: «Елiмiзде тұратын барлық диаспора өкiлдерi мемлекеттiк тiлдiң – қазақ тiлi екендiгiн мойындауы керек. Нұрсұлтан Әбiшұлы: «Қазақстандағы жастар мынаны бiлуге тиiс: мемлекеттiк тiлдi бiлмейiнше, мемлекеттiк органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында және сот саласында жұмыс iстеуге мүмкiн болмайды» деп қадап айтты», – дейдi.

«Ұлан» бiрлестiгiнiң белсендi мүшелерi мемлекеттiк тiлдiң дамуына өзiндiк үлес қоспақ. Бұл орайда ұйым құрамында мемлекеттiк тiлдiң қажеттiлiгi мен маңыздылығын түсiнетiн өзге ұлт өкiлдерiнiң жас буын ұрпағының бары қуантады. Жастардың тiл бiлуi – елдiң болашағы. Ұландықтар мемлекеттiк тiлдiң келешегiне сенедi. Содан болар, олар бүгiннен бастап тiлдiң дамуына атсалысып келедi.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары