ЕЛ ЕРТЕҢI — БIЛIМДЕ

ЕЛ ЕРТЕҢI — БIЛIМДЕ

ЕЛ ЕРТЕҢI — БIЛIМДЕ
ашық дереккөзі
324

ХХI ғасырда бiлiмiн дамыта алмаған елдердiң тығырыққа тiрелерi хақ. Сондықтан да елiмiздегi бiлiм берудi онан әрi дамытудың стратегиясының басты бағыты да бiздiң ауанымызды осыған аудару керек. Бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясаттың басымдықтары мен негiзгi бағыттары және оларды iске асырудың тетiктерi ҚР-да бiлiм берудi дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын айқындайды. Мемлекеттiк бағдарламаның мақсаты – адам ресурстарын даярлау, сапасын арттыру, жеке тұлға мен қоғамның қажеттiлiктерiн қанағаттандыру. Оның жолы көп деңгейлi бiлiм беру жүйесiн одан әрi дамытуға бағытталған кешендi шараларды жүзеге асыру болмақ.

Қазақстанның бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына қосылуында да жаңа формация адамдарын қалыптастыратын ұстаздар қауымының орны ерекше. Сондықтан жаңа формация педагогтарын даярлау бүгiнгi күннiң негiзгi мәселелерiнiң бiрi болып табылады. Елбасының: «Келешекте мұғалiм мамандығы ең беделдi әрi жоғары ақы төленетiн мамандықтардың бiрi болуы керек, ал мұғалiмнiң өзi де уақыт талабына сәйкес болуы мiндеттi» деуi де содан.

Шындығында да, елiмiзге егемендiк әкелген әлеуметтiк-экономикалық саладағы елеулi өзгерiстер мен iргелi iзденiстер бiлiм саласын да қамтып, оған қозғау салды. Алайда, мектепке дейiнгi және орта бiлiм жүйесiнен педагогикалық кадрлар даярлайтын оқу орындарының орнын әркiмнiң өз өрнегiмен пiшкен университеттерi алып, тiптi бұл сала құрып кетпегенмен үлкен дағдарысқа түскен едi. Жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтай елiмiздi жайлап кеткен мемлекеттiк емес «университеттер», «академиялар», «институттар» және олардың филиалдары жоғарғы бiлiмнiң құнын, дәрежесiн бiраз түсiрiп жiбердi. Қоғамның бұрынғы жоғарғы бiлiм туралы ұстанымы жоғалып, көпшiлiк шын мәнiндегi бiлiмдi адам мен номиналды бiлiм (диплом) алған адамдардың ара жiгiн ажыратудан қалды. Бұл түптiң түбiнде жоғары бiлiмнiң сапасына нұқсан келтiрерi сөзсiз едi. Тәуелсiздiк туын ұстап, егемендiк пен еркiндiкке бет бұрған жылдардан бастап ашылған жеке жоғары оқу орындары мен оның филиалдары сапалы бiлiм берiп жатыр деп айту қиын және олардың басты мақсаты да ол емес екенi айқын. Алайда, олар да, тек көпшiлiгiнiң мөрлерi көзге оғаштау демесеңiз, елiмiздiң алдыңғы қатарлы мемлекеттiк жоғарғы оқу орындары беретiн үлгiдегi дипломдар бередi. Сөйтiп, бiлiм құндылығын түсiредi (әрине, бiз, бұл жерде бәрi түгелдей солай деуден аулақпыз).

Ал шынтуайтқа келгенде қазiргi зам анда бiлiм сапасы мен ұлт сапасы бiр-бiрiмен ажырамайтын процестер. Ендеше, мемлекет бiлiм беру процесiн заман талабына қарай әр қашан да реттеп отыруы керек. Мiне, осы мақсатты жүзеге асыру бағытын көздеп Республикамыздың бес облысында мемлекеттiк педагогикалық институттар құрылды. Осындай педагогикалық институттың бiреуi батыс аймағындағы Ақтөбеде бой көтердi.

Педагог мамандығы әлемдегi ең көне және құрметтi мамандықтардың бiрi болған. Өз кезiнде бұл мамандық иелерi қоғамдағы ерекше статусы барлар қатарына жатқан. Мәселен, көне Римде оның статусын Императордың өзi белгiлеп, бекiткен.

Ал елiмiзде осыдан бiраз жыл бұрынғы көрiнiс берген, әлi жалғасып келе жатқан мұғалiмнiң статусының төмендеуi, әлеуметтiк тұрғыдан қорғалмауы, жалақының аздығы бiрқатар бiлiктi мұғалiмдердiң, бiраз талантты жас оқытушылардың бизнеске, басқа да жұмыстарға кетуiне себеп болды. Әзiрге жастар жағы олардың орнын толтыруға асығар емес. Сондықтан алдағы уақыттарда Министрлiк тарапынан педагогикалық институттарға жоспарлы да, жүйелi түрде гранттар бөлiп, кейiн грантпен түскен жастарды бұрынғы уақыттың тәжiрибесiн басшылыққа ала отырып бiлiм беру мекемелерiне жолдама арқылы жiберiп отыру керек және жергiлiктi әкiмшiлiктен оларға жағдай жасауды талап еткен жөн. Бұлай ету Президентiмiздiң: «бiздiң таланттарымыздың өзiнiң шығармашылық қызметiнiң есебiнен лайықты өмiр сүру деңгейiне жетуiне мүмкiндiк беретiн жағдайлар жасайтын кезең туды, осыны қаперге алу керек» — деген ойымен де ұштасады.

Ұлттық тiлiмiздi рухани мәдениетiмiздiң, бiр бөлiгi деп түсiнiп және қазақ тiлiнiң бiлiм беру саласындағы потенциалын көтеру мақсатында, болашақ ұстаздар бойында тiлге, дәстүрге деген құрмет қалыптастырудың, патриоттық сана қалыптаудың ұтымды жолын iздестiрген институт ұжымы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Н.Садуақастың басшылығымен мәдени-танымдық, ғылыми-әдiстемелiк «Жұбанов тағылымы» орталығын құрды. Орталықтың қызметкерлерi салыстырмалы – тарихи және типологиялық тiл бiлiмi бойынша үнемi iзденiстi жұмыстар жүргiзiп келедi. Оның нәтижелерi жыл сайын өтiп тұратын «Жұбанов тағылымы» конференцияларында көпшiлiк талқысына түсiп, ең үздiк баяндамалар мен хабарламаларды жеке жинақ етiп шығару дәстүрге айналған. Осы ғылыми iзденiстердiң нәтижесiнде филология факультетiнiң студенттерiне «Жұбановтану», «Қ.Жұбановтың рухани мұралары» арнаулы курстары оқылады.

«Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында институтта профессор Г. Сұлтанғалиеваның басшылығымен « Батыс Қазақстанның этно-мәдени зерттеулерi» лабораториясы жұмыс жасайды. Зертхана Батыс өңiрiнiң тарихи, этноконфессиялық, археологиялық және этнографиялық мұраларын зерттеумен айналысады. Оның қызметiнiң нәтижелерi оқушылар мен студент жастарға патриоттық, азаматтық тәрбие беруде де, болашақ ұстаздардың ұлттық-рухани мәдениетiмiздi осы өңiрмен, оған iргелес жатқан елдермен, этностар өмiрiмен байланыстыра қарауға әдiстемелiк негiз етуiнде де зор маңызға ие. 2005 жылы лаборатория қызметкерлерi «Ақтөбе мұғалiмдер институты Ұлы Отан соғысы жылдарында» деген монография дайындады. Биылғы 2006-2007 оқу жылында: XIX ғасырдан бүгiнге дейiнгi Ақтөбе облысының тарихына және Батыс Қазақстан өңiрiндегi жоғары педагогикалық бiлiм тарихына арналған ғылыми монографиялық еңбектер шығару жоспарлануда. Бұл айтылғандардың бәрi жастарымыздың тарихи санасын қалыптастыруға, өткеннен өнеге алуға, бүгiнгi тарихымызды ынтамен тануға септiгiн тигiзерi сөзсiз.

Осыған байланысты тағы бiр мәселе туралы айта кетудi жөн санаймыз. Ол жоғары оқу орындарындағы Қазақстан тарихы пәнi туралы. Баршамызға белгiлi, нағыз Қазақстан тарихын бiлуге және жас ұрпаққа оқытуға тек тәуелсiздiк арқасында ғана қол жеткiздiк. Президент Н.Назарбаевтiң: «Егер бiз мемлекет болғымыз келсе, өзiмiздiң мемлекетiмiздi ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсiнгенiмiз жөн. Оған барар жол халық даналығының негiзiнде жатыр. Қазақта: „Жетi атасын бiлмейтiн ер жетесiз,жетi ғасыр тарихын бiлмейтiн ел жетесiз“ — деген мақал бар, деуi тегiн емес. Ендеше, биылғы оқу жылынан бастап «Қазақстан тарихын» оқытуды оңтайлауға түсiрiп, мемлекеттiк емтиханды алып тастау, тiптi ол пәннен жәй емтиханды тест бойынша алу т.б. жас ұрпақтың тарихқа деген ынтасы мен қызығушылығын туғыза қоймасы анық.

Сол сияқты педагогикалық оқу орындарында, олардың қандай мамандық алғандарына қарамастан негiзгi кәсiбi болып табылатын педагогика пәнiнен мемлекеттiк емтиханды да, курстық және дипломдық жұмыстарды да алып тастау парықты пайымнан, парасатты ойдан туындаған шешiм деп айту қиын. Керiсiнше, педагогиканы тәуелсiз елдiң өзiндiк этно-мәдени тәлiм тәрбиесiмен толықтыра отырып, алғы буынның әр түрлi объективтi себептермен өз кезiнде ала алмаған асыл қазыналарын жас ұрпақ санасына молынан сiңiру үшiн жұмыстануымыз қажет.

Актөбе мемлекеттiк педагогикалық институты Батыс Қазақстан өңiрiндегi үздiксiз бiлiм беру тұжырымдамасын дамыту арқылы педагогикалық бiлiмнiң сапасын арттыруды, мұғалiмдердiң престижi мен кәсiптiк деңгейiн көтерудi басты бағыт еткен жоғары педагогикалық бiлiм беретiн бiрден-бiр жоғары оқу орны, бiлiм мен ғылым ордасы. Институт iс-қызметiнiң басты бағыттары мен мазмұны ҚР Бiлiм және Ғылым Министрлiгiнiң ұстанған тұжырымдамаларына сәйкес жүргiзiледi және Батыс Қазақстан өңiрiндегi прогрестi бiлiм берудiң алдыңғы шебiнде болуды, өңiрдiң педагогикалық кадрлерге деген сұранысын қанағаттандыруды мақсат тұтады.

Осы мақсатты көздеп, институт қызмет ете бастаған 2 жыл iшiнде оқытудың жаңа технологияларын енгiзу, оқу процесiн бiлiм берудiң халықаралық стандарт деңгейiне икемдеу iстерi бойынша бiрқатар жұмыстар атқарылды. Бiлiм берудiң кредиттiк технологиясы талаптарына сәйкес оқытудың барлық сатыларына бағытталған оқу-әдiстемелiк шаралар мен саясатымызды қамтамасыз етумен айналысатын бiлiм сапасын бақылаушы мониторинг басқармасы құрылды. Басқарма қызметiне бiлiм беру қорытындыларының сапасын жоспарлау, баскару және бағалау тәсiлдерiн енгiзу жұмыстары кiредi.

Сапа мониторинг басқармасының ұйымдастыруымен оқу процесiн жетiлдiруге және сапа менеджментiн кiргiзуге бағытталған: «Кредиттiк технология: бiлiм беру процесiн ұйымдастыру және оқу-әдiстемелiк қамту»; «Бiлiм берудiң жаңа технологиялары», «Сапаны басқару» оқу орындары аралық ғылыми-әдiстемелiк семинарлар өткiзiлдi. Осындай iстердiң нәтижесiнде 2005-2006 оқу жылында институтта оқытудың кредиттiк жүйесi кiргiзiлдi. Сөйтiп, бiз оқытудың кредиттiк жүйесi, компьютерлiк бағдарламаларды оқу процесiнде пайдалану, компьютерлiк окулық, бейне-фильмдер т.б. көптеген жаңалықты әдiстердi қолданудамыз.

Институтта мемлекеттiк грантпен жоғары бiлiмдi бакалавр және ақылы негiзде 19 мамандық бойынша кадрлар даялануда. Педагогика және психология, дене тәрбиесi және спорт, тарих, филология (қазақ тiлi мен әдебиетi) мамандықтары бойынша магистратура, 07.00.02 – Отан тарихы мен 01.04.07 – конденсаттық күйдегi физика мамандықтары бойынша аспирантура жұмыс жасайды. Институтта 7 факультет: филология, педагогика және психология; физика-математика; шет тiлi; тарих, жаратылыстану, кәсiптiк-шығармашылық және 30 кафедра бар. Оларда жоғары бiлiктi оқытушы – профессорлар еңбек етедi, орта есеппен олардың 36% астамының ғылыми атақтары мен дәрежелерi бар. Республикалық конкурстың нәтижесi бойынша институт оқытушылары «Оқу орнының үздiк оқытушысы» мемлекеттiк грантының, «Ғылым мен техниканы дамытуға үздiк үлес қосқан ғалым» және «Талантты жас ғалым» мемлекеттiк ғылыми стипендиясының, Қазақстан Республикасы Президентiнiң халықаралық «Болашақ» стипендиясының, Қ.И.Сәтпаев атындағы сыйлықтың иегерi атанды, спорттың самбо және бокс түрлерiнен әлем чемпиондары болды.

Институттағы «Ионды кристаллдар физикасы» ғылыми-зерттеу зертханасы ҚР Бiлiм және Ғылым министрлiгiнiң тапсырмасы бойынша бөлiнген грант бойынша жұмыс жасауда. Осы зертхана қабырғасында жас ғалымдар сала бойынша алғашқы тәжiрибелерден өтедi, ғылыми iзденiстер жасайды. Институт магистранттары 2006 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетi базасында өткен «Дарынды мұғалiм – дарынды балаларға» атты Республикалық конкурсқа қатысып, барлық үш номинация бойынша да жеңiске жеттi. Бұл тек олардың ғана емес, бүкiл институттың оқу-әдiстемелiк және ғылыми әлеуетiн көрсететiн де фактор.

Қазiргi уақытта институттың күндiзгi және сырттай оқу бөлiмдерiнде 7000-нан астам студентер оқып бiлiм алуда. Олардың арасында педагогика, физика, ағылшын тiлi, информатика, биология сияқты пәндерден болған олимпиаданың, «Дебаттық клуб» турнирiнiң, ҚР Президентiнiң халықаралық «Болашақ» стипендиясының, Қазақстан студенттерi Альянсының, жастардың «Шабыт» халықаралық фестивалiнiң лауреаттары мен жеңiмпаздары және спорттың бiрқатар салалары бойынша Қазақстан құрама командасының мүшелерi мен бiрнеше дүркiн жеңiмпаздары бар.

Бiздiң институтымыздың жақсы материальдық-техникалық базасы бар. Оның жалпы көлемi – 15 830 шаршы метр болатын 2 үлкен ғимаратында дәрiс оқуға арналған үлкен залдар, оқу лабораториялары, компьютерлiк кластар, интернет-кластар, лингафондық және арнаулы кабинеттер бар. Институт кiтапханасының 500 000-нан астам кiтаптан тұратын ғылыми фонды, мультимедиалық жолмен жабдықталған, «Ирбис» бағдарламасына қосылған 6 оқу залы бар. Бұлардан басқа институт С.Бәйiшев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кiтапхана мен облыстық ғылыми-техникалық кiтапханалармен студенттердiң пайдалануы үшiн келiсiм шартқа отырды. Олардың кiтап қорының жалпы саны 1 266 000 бiрлiк пен электронды көздердi құрайды.

Тәуелсiз ел оқу орындарының басты мәселелерiнiң бiрi – жастардың денсаулығы мен әлеуметтiк қорғалуы деп бiлемiз. Өйткенi денi сау, творчествоға қабiлеттi ұрпақ қана елдiң өркендеуiне үлес қоса алады. Бүгiнгi денi сау студентсiз, ертеңгi денi сау ұлттың болуы да мүмкiн емес. Ал бұл көп жағдайларда студент жастардың өмiр салтына спорттық-сауықтыру дағдыларын сiңiру арқылы қол жететiн нәрсе. Институттың спорт кешенiне қазiргi спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етiлген 3 спорт залы, жүгiру алаңы, футбол алаңы, тир, теннис корты кiредi. Институттың клиникалық ауруханасы студенттердiң денсаулығын тұрақты бақылап отырады. Сырттан, ауылдық жерден келген студенттерге де толық жағдай жасалған. Олар бөлмелерi қазiргi жиһаздармен жабдықталған, конференц-залы, оқу залы бар 600 орындық «Студенттер үйiнде» тұрады. Институтта студенттердiң мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыратын, олардың мәдени орталығына айналған, көптеген мәдени шаралар өтiп тұратын 700 орындық «Студенттер сарайы» бар. Ондағы мәдени шараларды ұйымдастыратын институттың жастар iсi жөнiндегi комитетi мен кәсiподақ комитетi. Олардың жетекшiлiгiмен институтта студенттiк клубтар мен бiрлестiктер, сайыс клубы (мемлекеттiк, орыс, ағылшын тiлдерiнде), «Тарландар» КВН командалары т.б. жұмыс жасайды.

Президент жолдауында жалпы Қазақстан жастарының, оның iшiнде студент жастардың алдындағы мемлекеттiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi ерекше атап көрсетiлген. Өткен жылдардағы студенттердiң стипендияларының көбеюi соның айғағы. Бiздiң оқу орнымызда да бұл мәселе назардан тыс қалмаған. Бiрқатар студенттерiмiз мемлекеттiк грантпен оқыса, оқу үздiктерi көтерiңкi стипендия, немесе, ҚР Президентi, Ә.Молдағұлова, Мұхтар Арын аттарындағы стипендиялар алады. Студенттердiң әлеуметтiк жағдайларына қатысты оң қадамдар алда да жалғастығын табады.

Институт жұмысының басты және ең негiзгi бағыттарының бiрi мектеппен байланысы болып қала бермек. Бiздiң оқытушылардың ғылыми-зерттеулерiнiң нәтижелерiн мектептерге енгiзу мақсатында бiз облыстық бiлiм департаментiмен, қалалық бiлiм бөлiмдерiмен тығыз байланыс жасап, ғылыми-әдiстемелiк семинарларды бiрге өткiзiп тұрамыз. Осы iстi тұрақтандыру мақсатында «Институт – мектеп» деп аталатын ғылыми-әдiстемелiк орталық ашылды. Оған «2006 жылғы оқу орнының ең үздiк оқытушысы» атағын алған, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент А.Кенжеғұлова басшылық жасайды. Орталық жұмысы мектептегi бiлiмнiң 1-шi деңгейiне арнап оқулықтар дайындауға, орташа және аз қамтылған мектептер мен тәжiрибе базаларымен бiрлесе отырып, мектепке дейiнгi мекемелерде, бастауыш мектептерде, сапа мониторингi бойынша оқу процестерiн ұйымдастыруға, ондағы оқытушылардың жаңалықты қызметтерiне жоғары дәрежелi әдiстемелiк көмек көрсетуге бағытталған. Осы орталық қызметкерлерiмен қаланың және облыстың орта мектептерi мұғалiмдерi үшiн «12 жылдық бiлiм және оқулық теориясы» атты ғылыми әдiстемелiк семинар ұйымдастырылды. Алдағы уақытта осы орталық қызметкерлерiнiң республика мектептерiн 12 жылдық оқуға көшiруге арналған жоспарлық – әдiстемелiк құралдарды жасауға қатысулары көзделуде. 2005 жылы орталық қызметкерлерi заман талабына сай оқу құралдарын, оның iшiнде «Әлiппе» оқулығын даярлады.

2005 жылы бiздiң институтта мұғалiмдердiң бiлiмiн жетiлдiрудiң аймақтық орталығы ашылды. Ол кредиттiк оқу жүйесiн кiргiзу курстарын өткiзуге, 12 жылдық бiлiм беру, ғылыми зерттеу методологиясы т.б. мәселелердi ұйымдастыруға ұйытқы болды. Институт қаламыздағы өтетiн әр түрлi деңгейдегi қалалық, облыстық, аймақтық, республикалық, халықаралық семинарлардың, конференциялардың, симпозиумдардың ұйымдастырушысы, немесе, белсендi қатысушысы. Мысалы, тек өткен оқу жылында ғана: «Жаңа тарихи зерттеулер: жаңа мүмкiндiктер көкжиегi» (сәуiр, 2005); «Оқудың педаго¬гикалық технологиясы: пайдалану мүмкiндiктерi мен болашағы, мәселелерi» (қазан, 2005); «Қазақстанның бәсекеге қабылеттi мемлекеттер қатарында болуының негiзгi басымдықтары» (мамыр, 2006) т.б. конференциялар өттi. Сондай-ақ, институтта Н.Байғанинге, Шығанақ Берсиевке, Мұхтар Арынға арналып өткен оқулар мен конференциялардың да үлкен тәлiм – тағылымдық маңызы болды.

Тәуелсiздiк берген мүмкiндiктердi пайдалана отырып институт өз бетiнше халықаралық деңгейдегi байланысқа шығу арқылы оқу-әдiстемелiк, ғылыми-теориялық тәжiрибелер жинақтауға мүдделi екендiгiн де көрсете бiлдi. Қазiргi уақытта институт алыс және жақын шет елдер жоғары оқу орындарымен шығармашылық байланыстар жасап тұрады. Атап айтсақ: Германиядағы Гёте институты, Британ Кеңесi, Тарту университетi (Эстония), Вандербилд университетi, Делавр жоғары колледжi (АҚШ), Әлем корпусы, Қырғызстан дене шынықтыру Академиясы, Д. Менделеев атындағы Москва химия-технология институты, Ресей, Ярославль, Челябинск, Орынбор мемлекеттiк педагогикалық университеттерiмен, А.С. Пушкин атындағы Москва педагогикалық институтымен, Ресей Ғылым академиясының Орынбор облысының администрациясы жанындағы антропология және этносаяси зерттеулер орталығымен, Уфа ғылыми орталығымен, «Globus Education» халықаралық бiлiм орталығымен т.б.

Бiлiм беру iсi елiмiздiң тәуелсiздiгiн бекiте түсуге қызмет етуге тиiс. Өйткенi, Қазақстан тәуелсiздiгi оның саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық дербестiгiне ғана емес, рухани дербестiгiне де тiкелей байланысты. Ал соңғысы өз елiнiң тарихи дәстүрiне, менталитетiне, ұлттық ерекшелiктерiне бейiмделген, оны жан-жақты ескеретiн және әлемдiк бiлiм беру жүйесiнен де сырт қалмайтын оқу мен тәрбие арқылы жүзеге аспақ. Бұл заман сұранысы, тәуелсiздiк талабы.

Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышев

Ақтөбе мемлекеттiк педагогикалық институтының ректоры, Қазақ бiлiм Академиясының академигi

Серіктес жаңалықтары