425
ДИОГЕННIҢ БӨШКЕСI НЕМЕСЕ ЖАҒЫМПАЗДЫҚ БIЗГЕ ҚАЙДАН ЖҰҚТЫ?
ДИОГЕННIҢ БӨШКЕСI НЕМЕСЕ ЖАҒЫМПАЗДЫҚ БIЗГЕ ҚАЙДАН ЖҰҚТЫ?
Соңғы жылдары ойға Диогеннiң бөшкесi жиi оралатын болып жүр. Әйгiлi бөшке ғой… «Азуын айға бiлеген арыстан жүрек Александр Зұлхарнайын (Македонский) бөшке iшiнде ойланып жатқан Диогенге келiп, ұлы философқа:
– Диоген, тiлегiңдi айт! Қалағаныңның бәрiн мүлтiксiз орындаймын, – дейдi менменсiп. Сонда қайран данышпан грек:
– Көлеңкеңдi түсiрмей, күннiң көзiнен былай тұршы»,– деушi едi ғой аңызда.
Жеке басын сыйлаудың, мәртебесi биiк патшамен өзiн тең тұту, адами тәкаппарлықтың нағыз үлгiсi осы емес пе?! Қарапайым пендеге жарық күн, тұнық ауа, өзiнiң күрделi ойларымен жеке қалудан асқан бақыт жоқ. Шын мәнiнде азат адам ғана өзгеге жағымпаз болмайтыны адамзат тарихында талай рет дәлелденген, яғни жағымпаздық құлдыққа әкелетiн баспалдақ. Әсiре жағымпаздық адамдар бойындағы құлдық психологияның ең сорақы көрiнiсi және рухани азаттық, iштей еркiндiктен мақұрым ортада жәреуке жағымпаздық қоғамдық өмiрдiң барлық саласын шырмап, азат, тәуелсiз ой мен сананы әрқашан шiдерлеп, бұғауда ұстайтынын адамзаттың аузы дуалы барша кемеңгерлерi де баса айтып өткен-дi. Қазiр бiзде әлгi Диоген сынды батыл әрi ешкiмнiң дәргейiне бас ұрмайтын, өзiн орынды асқақ әрi сыпайы ұстай бiлетiн, жарбағай жағымпаздықтан бойы аулақ адам бар ма? Әй, қайдам…
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары алаш арыстарының бiрi Жүсiпбек Аймауытов: «Америка ғалымы Джеймс американдықтарды тым ұшқалақ, қунақы, iсшiл де айыптаса, бiзге қазақ жұртын тым керенау, тым өлi сүйек, тым iссiз деп айыптауға тура келедi. Үндiстандық көршiлерiмiз күнiне жарты сағаттай дамылдап, терең мәселе туралы терең ойға батса, қазақ жұрты тамақ iшуге дамылы кеткенi болмаса, одан өзге өмiрiнiң бәрiн бос сөзбен, жалқаулықпен, ұйқымен алады. Алдын болжай алмайтын бейқамдық, iске мойны жар бермейтiн еңбексiздiк, тағы сондай жаман әдеттер жұртқа қандай зиянды десеңшi…», – деп қапаланған болатын. Және ұлы Жүкең – Жүсiпбек Аймауытов өзi айтатын «тағы сондай жаман әдеттердiң» қатарындағы ең ұсқынсыз,әрi жиренiштi әдет – осы жағымпаздық деп санаған. Әрине, жағымпаздық – адамға бiр күнде қона кететiн дерт емес, ұзақ жылдар бойы үздiксiз қалыптасатын ұсқынсыз кейiп. Бiр кездерi ұлы Абай да осындай кеселдi мiнез-құлықтарды: «…Ұлықтар алып берем деп, даугердi жеп, құтқарам деп, ұрыны жеп жүр. Қарапайым жұрт ұрлық айтып мал алам деп, ұрыға атымды сатып пайдаланам деп, не өткiзбесiн арзанға түсiрiп алам деп жүр. Екiншi – бұзақылар бiреудiң ойында жоқ пәленi ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең кеп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр. Кiм азса, мен соған керек боламын деп, к…н қыздырып алып, өзiн бiр ғана азық қылайын деп жүр», – деп күйiне, ащы ызамен сипаттаған едi.
Иә, өз айналасын қоршағандардың бойындағы жағымсыз қылықтар, жексұрын әдеттерден жерiп, жиiркенгендердiң ұзақ тiзiмiн бұдан әрмен де тiзе беруге болады. Абай айтатын «өсек, өтiрiк, мақтаншақ, ерiншек, бекер мал шашпақтық» сияқты бес жаман әдетке ендi қазақтың бойындағы аса жиренiштi мiнез – жағымпаздық пен табанының тайғанақтығы қосылып, алашты аса бiр сүйкiмсiз, бейшара кейiпке түсiрдi. Ал әдетте ересектердiң аңғалдығы күлкiлi, қулығы сүйкiмсiз, жандайшаптығы жиренiштi болатыны бесенеден белгiлi.
Жағымпаздық қоғамдық сананың құрамдас бөлiгiне айналған елде адамдардың жеке драмасы мен трагедиясы кең өрiс алатыны да сөзсiз. Оның орын алуы мен дәлелдерi түрлi кейiптерде көрiнiс табады. Әсiресе, қазiргi Қазақстанда бұл айрықша анық байқалуда.
Итальяндық «Ренко» компаниясының президентi Ренальдо Гаспаринидiң: «Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде тұрып, өз ана тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақ халқы», – дегенi осыған дәлел.
Жоқ, бұл қасиеттi қазақ халқын табалау, жанды жарасына тотияйын тамызу емес, бүгiнгi қалыптасқан ащы, соншалық сорақы әрi жиiркенiштi шындық осындай. Ал ауыр шындықты мойындаған әрi ашық айта бiлген қоғам ғана азаттыққа шынымен құқылы. Ренальдо Гаспаринидiң қасiреттi сөздерiнiң шынайы мәнi – қазақ халқы ұлт ретiнде тарихтан бiржола жойылу алдында тұрғаны деп қабылдаған жөн.
Өткен жазда Тараз қаласында тағы бiр ұлт, елiмiздегi жаңа ұлт өкiлi табылғаны туралы БАҚ-тар қуана хабарлады. Ең сорақылығы сол, қаладағы «Халықтар достастығы» қоғамдық ұйымы шибин деген ұлт өкiлi – Валерий Джоны әдiлет органында табанын жерге тигiзбей заңды түрде белгiлеткен. «Қытайда 1,3 миллиард қытайлықтар тұрады деп айтылады. Бiрақ оның барлығы қытай емес қой»,– дептi Владимир Джо ақылдымсып. Осы сөздердi ол ҚХР-ға барып айта алар ма едi, жоқ па, ол жағы белгiсiз. Ұлттық жағымпаздығымыздың айықпас дертке айналғаны соншалықты, елiмiздегi билiк бүгiнде қазақ халқының, тiлiнiң проблемаларын шешуден гөрi, Қазақстандағы әлгiндей сансыз ұлттарды анықтауды және санын көбейтудi басты мақсат етiп қойған сияқты. Осындай амалдармен елiмiздегi ұлттардың санын БҰҰ-ға мүше мемлекеттердiң санымен теңестiрiп те қалар-ау таяу жылдарда. Мұның бәрi қазақты тұқырту, «сендер де бар болғаны Қазақстанды мекендейтiн 130 ұлттың бiрi ғанасыңдар» дегендi ұқтырудың сорақы амалы. Осыдан шамалы уақыт бұрын вице-премьер Кәрiм Мәсимов Үкiмет отырысын алғаш рет жартылай қазақша жүргiзуге талаптанды. «Қазақша жүргiздi» деген атауы ғана ғой, әйтпесе атқарушы билiктегi ең биiк лауазымды қызметкердiң қолындағы қағаздан көз алмай, бейшара қазақ тiлi заңдылықтарын белден баса шылпара талқандап, бұрмалап сөйлеуi жұртшылықты қуанта қойған жоқ, қайта елiмiздегi мемлекеттiк тiлдiң жағдайы мейлiнше ауыр екендiгiне кезектi рет дәлел болған. Бейшаралықтың бiздi әбден меңдегенi сонша, Мәскеуде ұлы Абайдың ескерткiшi орнатылған күндерi (ескерткiштiң көркемдiк деңгейi бөлек әңгiме) телеарналардың бiрiнде: «Мәскеуде қазақстандық ақын – Абайға ескерткiш ашылды», деп көйiтiлдi. Апыр-ай, бұдан асқан қорлық болмас! Тiптi, ұлы Абай да ұят пен шарасыздықтан қабiрiнде аунап түскен шығар. Жоқ, әлгi тележурналистiң «қазақ» деуге тiлi келмей тұрған жоқ, жағымпаз жұрттың атын атауға намыстанғаны болар. Бәлкiм, жиренетiн шығар…
Сондай-ақ, Лондонда тұратын Смайыл Кiсенжин деген қазақ азаматының: «Ұлымыз екеумiз Қазақстаннан келген балалармен жүздесу үшiн осындағы оқу орындарын талай араладық. Әрбiр университетте 40-50 қазақ балалары оқиды деуге болады. Ең сұмдығы сол, әлгiлердiң 4-5-i ғана қазақша бiлетiн боп шығады. Сосын амалсыз ағылшынша сөйлесемiз», – деп жыларман күй кешкенi бар. Демек «Болашақ» бағдарламасы бойынша немесе өз күштерiмен шет елдерде оқып жатқан әрбiр оныншы бала ғана ана тiлiн бiлетiн болғаны ғой. Ұлттық трагедияның үлкенi осы емес пе?! Басқа дiндерге өтiп кеттi делiнетiн 2 млн. қазақтың намыссыздығына әу бастағы жағымпаздығымыз кең жол ашқаны да айқын.
Осылайша таяу жылдарда ана тiлiмiз қолданыстан бiржола қалып, қазақ ұлтының аты да ежелгi сақтар, ғұндар, прототүрiктер сияқты тек тарихи оқулықтар мен ғылыми еңбектерде, энциклопедиялық сөздiктерде ғана аталатын болмақшы. Турасына көшсек, жойылып бара жатқан экзотикалық ұлт ретiнде қазақтарға мемлекет алдында бұдан әрi ешқандай жауапкершiлiк, мойнына парыз жүктелмеуге тиiс. Өйткенi, кәмелетке толмаған балалар мен жойылғалы тұрған этностарға еш мiндет пен жауапкершiлiк жүктелмейдi. Оларды мемлекет тiкелей қамқорлығына алуға тиiс және әлгiлердiң басты мiндетi – қиын өмiрде өзiн өзi сақтап қалу үшiн жанталасу ғана. Осыдан бiр жарым ғасырдай бұрын, сонау 1862 жылы Герман Вамбери Орта Азияны аралаған сапарында қазақтар туралы: «Сапар шеккен жолымда олардың саны туралы сұрағыма олар күлiп: «Ең әуелi даладағы құмды, содан кейiн бiздi сана», – дейтiн…Бiз олардың бойындағы бiр жағынан музыка мен поэзияға деген үлкен бейiмдiлiгiн, екiншi жағынан олардың ақсүйектiк маңғаздығын аңғарып, қатты таңырқадық», – деп жазып, сүйсiнген.
Арада 150 жылдай уақыт өткенде шет елдiктердiң бұрынғы сүйсiне таңырқауы өзгерiп, тәуелсiздiк алғанда бейшара қазақты аяушылыққа ұласып, мүлдем басқа сипатқа айналғаны өкiнiштi.
Расында, бiз бейшара қалыпқа қалай түстiк, бұрынғы «ақсүйектiк маңғаздығымызды» қашан жоғалттық және жағымпаздық бойымызды қалай жаулап алды?!
Қызыл КСРО-ның, коммунистiк жүгенсiз империяның езгiсi қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттерден айырып, өмiр сүру үшiн жаңа жағдайға бейiмделгiш, жалтақ, жарамсақ адамдарды тәрбиелеуге мұрындық болған. Ресми идеология күндiз-түнi осы мақсатта тоқтаусыз жұмыс жүргiздi. Әуелi Лениндi көкке көтере табыну, одан соң Сталиннiң жеке басына құлдық ұру, кейiннен коммунистiк партияның басшыларына олар өлгенше ешқандай сын айтылмауы, қайта орынсыз дәрiптей беру адамдардың бойындағы жағымпаздық мiнез-құлықты одан әрмен қоздыра түстi. Әуелi 1916 жылғы ұлт азаттық көтерiлiсiнде миллиондаған қазақтардың өлтiрiлуi қазақтарды тұқыртудың алғашқы амалы болатын. Әсiресе, 1931-33 жылдардағы коммунистер әдейi ұйымдастырған аштықта 1,5-2 млн. адам опат болған, одан соң, 1937-38 жылдары халық жаулары ретiнде ондаған мың ең таңдаулы өкiлдерi атылған, түрмелерде өлтiрiлген қазақ халқының жағдайы аса мүшкiл едi. Қандықол коммунистер жүргiзiп отырған өрескел саясатқа тез бейiмделiп, жағымпазданбаса, орыстарды аға ұлт ретiнде мойындап, олардың алдында бас ұрмаса халық ретiнде бiржола жойылып кетуi ықтималдығы басым болатын. Мұны тез аңғарған көптеген адамдар жағымпаздық қана өзi үшiн бақытты өмiр, биiк мансапты қамтамасыз ететiнiн бiлiп, осылай өмiр сүрудi мансұқтады. Өмiр сүрудiң ережесiне айналдырды. Сол жағымпаздық әлгiлердiң тектiк қоры бойынша елiмiзде одан әрi өрши түсуде. Есесiне, жағымпаз жан мен ұлтты қорлауға әркiм-ақ даяр екенi де дау туғызбайды. Өйткенi, жағымпаздардың намыссыз келетiнi бесенеден белгiлi. Осыдан сәл уақыт бұрын қазақтiлдi ақпарат құралдарында жаңа жарық көре бастаған «Тайм аут Алматы» журналында «Алматыны сүюдiң 20 себебi» атты мақала жарияланғаны, онда Тәуелсiздiк монументiн «фаллосқа» – еркектiң ғауратына теңегенi туралы тiксiне әрi шошынып жазылды. «Тайм аут Алматы» дегенiн қарапайым аударсақ «Алматы бәрiнен тыс қалған уақыт» деуге келiңкiрейдi ғой. Әрине, журналдың бас редакторы Мәди Мәмбетов, Бас директоры Меруерт Қадыржанова ханымның «Алматы бәрiнен тыс қалды» деген тұжырымдарымен келiсуге де болар. Сөйтсе де, ұлттық символды –«фаллосқа» теңеу тың жаңалық. Иә, жағымпаз жұртты басқа ұлттар түгiлi, «жаңа қазақтар» да осылай қорлайтынына көну, мойысұну қажет. Жалпы, кең дүниенi, қоршаған ортаны, сұлулық пен көркемдiктi әр адам әртүрлi бейнеде қабылдайтыны, эстетикалық қабылдау, түйсiнуi әрқилы болатыны заңды. Мәселен, кейбiр жезөкшелер томпайған, жоғары шаншылған нәрсенiң бәрiн ғаурат ретiнде қабылдайтын көрiнедi. Тiптi, ғылым тiлiнде бұл дерттiң аты да бар екен. Бұл да сондай шығар. «Жаңа қазақтар» демекшi, соңғы жылдары байығандар маңына оққағарлар ғана емес, жағымпаздарды да топтастыруға құмар. Оған әркiм-ақ куә. Сөйте тұра жаңа байығандар өздерiне жағымпазданып жүргендерге сенбейдi, бастарына бұлт үйiрiлсе, ретi келсе бұлт етiп аунап кететiнiн, ұйыққа батыратынын iштей жақсы сезедi де. Сондықтан, олардың бойынан қорқыныш ешқашан арылмайды. Сондықтан, «Жаңа қазақтар» зәулiм сарайларын түрменiң тас қорғанына ұқсас биiк дуалдар, темiр арандармен қоршауға, арсылдаған қасқыр иттер ұстауға құмар. Ал күзетшiлерi қасқыр иттерден де әрмен. Рұқсат етiлсе, кең сарайларын айналдыра мина көмiп, пулеметтер орнатар едi. Олардың әрқашан шет елге қашуға дайын тұратындықтарының астары да осы жағымпаздардан қорқыныштың әсерi. Өзi жағымпаз болған адамдар айналадан еш жақсылық, iзгiлiк көре, таба алмайтыны мәлiм. Бiр ғажабы, жағымпаздық бiздiң парламенттi де жайлаған көрiнедi. Оған Парламенттегi соңғы оқиғалар мен қызу пiкiрталастар дәлел. Жаңа теңгенiң тағдыры қызу талқыға түсiп жатқан сөзталста шыдай алмай кеткен Амангелдi Таспиховтың: «В парламенте нет аксакалов, коксакалов, агашек, братишек и так далее. У всех мандаты одинаковые», – деуi түрлi ойға жетелейдi. Яғни, халық қалаулыларының өзi осы уақытқа дейiн әлгiндей иерархиямен жұмыс жүргiзiп келген ғой. Ең қызығы, осы дауда ендi бiр депутаттың: «Кейбiр жаңа сақал қойғандар сақалының ұзындығын мiндетсiнiп, бәрiмiзге ақыл айтып шыға келедi», – деген мәнзелде пiкiр қосып, ай мен күннiң аманында өкпелегенi болды. Халық қалаулысының кiмдердi меңзегенi беймәлiм, бiрақ Қазақстан Парламентiнде сақал мәселесi қиын проблемаға айналған iспеттi. Бiрақ, әңгiменiң түбiрi, мәнiсi сақалда емес, ақыл, отансүйгiштiк, ұлтжандылықта жатқаны кәмiл. Әйтпесе, «Сақалын сатқан кәрiден, еңбегiн сатқан бала артық» екенi бесенеден белгiлi жайт емес пе?!
Қазақстанда жағымпаздықтың өмiр сүру салтына айналған соншалықты, Үкiмет мемлекеттiк тiлдi жаңа игере бастағандарға айтарлықтай сыйақы бермекшi. Мұның өзi ұлтына, нәсiлiне қарамай осыған дейiн мемлекеттiк тiлдi жетiк меңгерген миллиондаған отаншыл адамдары, елiмiздiң шынайы патриоттарын кемсiту, әсiресе, ана тiлiнде сөйлейтiн қазақтарды тұқыртудың тағы бiр амалы. Бұл – автоинспекторлардың жол ережесiн үнемi бұзатын жүргiзушiлердi марапаттап, сыйақы бергенi сияқты қисынсыздық. Осы уақытқа дейiн мемлекеттiк тiлдi меңгермеген, Ата заңды мойындамай келген кертартпаларды майлы тоқашпен алдамақ. Ал әдiлдiкке жүгiнсек, қазақ тiлiн – Мемлекеттiк тiл ретiнде мойындамаушыларды Қазақстан азаматтығынан айыру қажет. Балтық жағалауы республикаларында бұл бiраз жылдан берi жүргiзiлiп келе жатыр. Бiрақ, көңiлдегi бiр күмән сейiлер емес… Бiзде игiлiк жеңiлдiктiң көбi шенеунiктер үшiн жасалады ғой, ендi олар мемлекеттiк тiлдiң есебiнен өз қалталарын қампайтады-ау.
Осы күндерi қоғамда сақалын сатушы ағалар, бұрынғы азын-аулақ еңбегiн бұлдаушылар қалың түменге айналды. Олардың бiразы маңайындағылардың жәй, қарапайым сыйластығын қанағат тұтпайды. Тiптi, қазiр оңтүстiк облыстарда бұрынғы партия, совет қызметкерлерi, лауазымды қызмет iстеген қариялар түрлi басқосуларда жас, жаңа тағайындалған әкiмдердi өз қолдарына құманмен су құюға мәжбүрлейтiн көрiнедi. Әр жүздiң, рудың беделдi ақсақалдары да. Қолға су құйып, құрдай жорғаламаса әлгi байғұстың қызметке ие болуы неғайбыл. Әттең-ай, бүйтiп бауырмен жорғалап жеткен мансапта не қадiр-қасиет қалмақ?!. «Бауырмен жорғалаушылардың» қоғамда зор күшке ие бола бастағаны соншалық, Астанада, Алматы, тағы басқа қалаларда жаңа бiр әлеуметтiк топ, үндiнiң қасиеттi сиырларындай ерекше каста пайда болған сыңайы бар. Олар – әкiмдердiң командасы. Осындай команда мүшелерiнiң көбiсi иiлiп-бүгiлiп, әкiмнiң көңiлiн табуды, мақтап-марапаттауды, қызмет көрсетудi, жалпы жағымпаздықты мұз айдынында мәнерлеп сырғанау секiлдi биiк өнер деңгейiне көтергендерi соншалықты, аса қажеттi, орны толмас қайраткерлердей әкiммен бiрге республиканың түкпiр-түкпiрiне көшiп жүредi.
Жалпы, өзi жағымпаз адамдар өзгелердiң де өзiне жағымпаздық жасап, құрақ ұшып, иiлiп-бүгiлiп тұруын жақсы көретiнi белгiлi. Өз жағымпаздығын да намыссыздық, ащы айтсақ, қасиетсiздiк деп қабылдай алмайды, қайта өмiрдiң жазылмаған, бiрақ бұлжымас заңы деп бiледi.
«Сүмбiле туып, су суығанда» Астанаға жолымыз түскенi бар. Әйгiлi «Тұлпар» поезының вагон-ресторанына әдемi келiншек тамақтануға келiп отырды. «Жұтқаны тамағынан көрiнедi» дейтiн ай қабақ, алтын кiрпiк хас сұлудың өзi. Сырбаз, жасынан ерте жүдә паң. Бiр уақытта вагон-ресторанның меңгерушiсi келiп, әлгi келiншектiң алдында елпең қақты. Жөндеп тамақ iшпегенiн сөз қылды, әдемiлеп пiсiрген дәмдi ас-суды арнайы алдыратынын айтты. Iзiнше поездың бригадирi де әлгi келiншектiң алдына келiп, иiлiп төсек, жайылып жастық болғаны. «Дәу де болсаң темiржолда iстейтiн, мансабы жоғары бiреу шығарсың. Әй, тым сұлу көрiнесiң, дұрысы биiк лауазымды бiреудiң көңiлдесiсiң-ау», – деп ойладым жап-жас келiншекке темiржолшылардың сонша жағымпазданғандарына қайран қалып. Таңертең вагоннан әлгi сұлу келiншектi сайдың тасындай екi-үш жiгiт күтiп алып, жiк-жаппар бола азын-аулақ жүгiн тiк көтерiп әкетiп, сұлуды сүлiктей машинаға отырғызды. Қызметкерлер, тiптi лауазымды шенеунiктiң қыры сынбай жүретiн көмекшiлерi секiлдi. Қалай болса да күйеуi немесе келiншектiң аға-iнiлерi емес екенiне бәс тiге аламын.
«Құдайым-ай, – деп ойладым тағы да күйiнiп. – Жаман әдеттердi, жағымпаздықты ескi жұртқа қалдырмай, Астанаға да ала келiптi ғой мына пәтшағарлар!»
Менiкi қателiк шығар-ау, өйткенi, жақсы бiлетiндер жағымпаздықтың көкесi Астанада, билiк эшелондары мен түрлi мемлекеттiк институттарда дейдi. Ол да рас шығар, бiрде теледидардан ортаңқол лауазымды шенеунiкке әлдебiр әйелдiң: «Аяғыңызға басымызды иемiз. Сiз қызметке келгелi көзiмiз ашылып, көсегемiз көгердi. Айлықты мезгiлiнде алатын болдық», – деп тұрғанын көргенде төбе шашымыз тiк тұрған. Баяғы… онша көп бола да қойған жоқ-ау: «Айналайын Үкiмет пен партияға рахмет, солардың арқасында пәленбай бала туып, бағып-қағып өсiрiп жатырмыз», – деген жымысқы жағымпаздық сөздер құлақта қайта жаңғырды.
Адамдардың бойында, санасында қалыптасқан зәндемi мiнез-құлықтар мен қасиеттердiң, жұрттың көбi екiжүздiлiкпен өмiр сүрудi әдет қылған коммунистiк жүйенiң ауыр зардабы мен керi әсерлерi әлi күнге қыр соңымыздан қалар түрi жоқ. Қазақстан жалпы iшкi өнiм көлемi жағынан әлемде 61-орын алады екен, ал жағымпаздықтан ше? Оны анықтау оңай емес. Жалпы, жағымпаздықтың өршуiне басты себептердiң бiрi – жұмыссыздық. Елiмiзде халықтың төрттен бiрi аса кедей тұратынын, еңбекке жарамды адамдардың талайы жұмыссыз екенiн есепке алсақ, жағымпаздық таяу жылдарда жойыла қоюы мүмкiн демеймiз. Өйткенi, жұмыссыз адам жалтақ келедi, күнделiктi ас-суды тауып берiп отырғандарға ерiксiз жағынуға мәжбүр.
Бiр сөзбен айтсақ, кедейдiң еншiсi, өмiрден алар бар үлесi жағымпаздығына тiкелей байланысты. Бiздiң елде адамның iскерлiгi, бiлiмi, адалдығы, басқа да жақсы қасиеттерi оның қызметтегi өсуiн қамтамасыз ете алмайды, есесiне мұның бәрiн жеке адамға жағымпаздығы, күнi түсетiн күштiлердiң алдында құрдай жорғалай бiлетiн қабiлетi алмастырады. Осылайша Қазақстан күн өткен сайын қисық айналардың елiне ұқсап бара жатқандай. Жағымпаздық – әлеуметтiк құбылыс қана емес, саяси ойын ережесiне ұласып, билiктiң кей эшелондарын жайлаған жағымпаздықтың жықпылдары күрделi лабиринтке айналып отыр. Шығар есiк, жүретiн жол табылмайтын тұйық. Тiптi, көршi елдерден бiзге келiп, жұмыс iстеп жүргендер де жағымпаздығымызды жақсы бiлiп алған. Сондықтан өктем-өктем сөйлеп, өркөкiректене әрекет жасайды. Мәселен, «Континент» журналының жазуынша, «Эвелин» кафесiнiң құрылысында жұмыс iстейтiн тас қалаушы Эрик Акунов: «Работать здесь – это наше право, а Средняя Азия – наша земля. Мы можем жить и работать здесь, и никто нам не запретит этого», – десе, қаламыздағы өзбек кафесiнiң аспазы Сухроб Саладинов: «Но со временем, если мигрантов будет больше, то, я думаю, жителям Казахстана уже придется считаться с их привычками, образом жизни и правами », – деп («Континент» журналы, №13, 2006 ж.) келiмсектер қазақстандықтарды сыйлау емес, қайта түптiң-түбiнде өздерiн құрметтеп-сыйлауға мәжбүрлейтiндiктерiн ашық бiлдiрген.
Ұлы А.С.Пушкиннiң атақты сөзiн сәл өзгертiп: «Ай да, Сухроб Саладин, ай да, сукин сын», – деу ғана қалатын шығар алаш жұртына.
Бiрақ, билiк орыс мемлекетiне, орыс тiлдiлерге жағымпаздануды күн өткен сайын өршiтiп, ұлттық символдарымыздың бiрi – теңгенi орыс тiлiнде жазып, 15 жылдан берi қазақ тiлiнiң жағдайы титiмдей жақсармай отырған елге әркiм-ақ тiзе батыруға құлықты болары заңды. Сондықтан да осындай келiмсектер өз елiмiзде емiн-еркiн сайрандауда. Ал жағымпаздардың еншiсi – Қазақстанда бар делiнетiн 130 ұлттың бәрiне құлдық ұрып, құрақ ұшу. Еуропа мен, АҚШ-қа да жандайшаптану. Иiлiп-бүгiлiп қызмет iстеу.
Шiркiн, бәрiне қолды бiр сiлтеп, бөшке iшiнде керiлiп жатар ма едi?!.
Жаңабек ШАҒАТАЙ