Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Тоқтар ӘУБӘКIРОВ: «МОНОПОЛИЯ ОРНАFАН МЕМЛЕКЕТ ЕШҚАШАН ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЕЛ БОЛА АЛМАЙДЫ»

Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Тоқтар ӘУБӘКIРОВ: «МОНОПОЛИЯ ОРНАFАН МЕМЛЕКЕТ ЕШҚАШАН ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЕЛ БОЛА АЛМАЙДЫ»

Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Тоқтар ӘУБӘКIРОВ: «МОНОПОЛИЯ ОРНАFАН МЕМЛЕКЕТ ЕШҚАШАН ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЕЛ БОЛА АЛМАЙДЫ»
ашық дереккөзі
251

Астанаға қарай мiнген пойызымның уақытынан кеш келуiне байланысты Тоқтар ағамен алдын ала келiсiлген сұхбатты шамалы шегеруге тура келдi. Вокзалдан Есiлдiң сол жағалауында орналасқан Парламент үйiне жүйiткiп келем. Мiнездi Батырдың алдында қалай ақталсам екен деген ой ғана бар басымда. Бұған дейiн талай адаммен сұхбаттассам да дәл осындай сезiмде болмаппын…

…Жаратылысынан батыр Тоқтар Әубәкiровтiң Парламенттегi орны бөлек. «Ер Төстiгiм бiр төбе, өзге ұлым бiр төбе» дегендей. Елдiң заң шығару билiгiнде нағыз азамат атына лайық Адам — болса, осы Тоқтар Әубәкiров. Ол ешкiмге жалтақтамайды. Пiкiрiн өзгертпейдi. Әубәкiровтiң Мәжiлiс залындағы микрофоны iске қосылғанда, бәрi елеңдесiп қалады. Өйткенi, ол кез-келген мәселеге сөз шығындамайды. Ал, айтар жерiнде бұғып қалмайды. Өзге депутаттар Елбасы деп елеңдеп отырса, Тоқтар Әубәкiров «Елбасының әрбiр мәлiмдемесiне жабысып, догмаға айналдыру дұрыс емес» деп әрiптестерiне тоқтау салғанын да көзiмiз көрген…

…Қазақтың алғашқы ғарышкерi, Кеңестер Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Тоқтар Әубәкiровпен қоғамдағы өзектi мәселелер хақында сұхбаттасып отырмыз. Өзге кез келген адаммен сұхбаттасқанда пiкiр таластырып, үстi-үстi сұрақ қою тәсiлi бұл кiсiнiң алдына келгенде жоғалып кеттi десе де болғандай. Мысы басым. Тiптi, сөзiн бөлiп жiберуге жүрексiнедi екенсiң. Бұл аты аңызға айналған адамның, ұлты үшiн ешнәрседен де тайынбайтын қазақтың Ұлы ұлының алдында отырғаныңды сезiнуден туатын жауапкершiлiктiң әсерiнен болар…

«Ақсақал дегендердiң мандатты қалай иеленгенiн бiлемiн»

– Тоқтар аға, Сiз ойыңызға келген пiкiрiңiздi iрiкпей айтатын батыл адамсыз. Ал Сiздiң қызмет iстейтiн орныңыз Парламенттен атқарушы билiкке деген тәуелдiлiк жиi байқалады…

– Әрине, Парламент халық өкiлдерi жиналған үлкен мекеме. Осында отырғандар ең алдымен мына үлкен мiнбер арқылы халықтың мүддесiн қорғап, Үкiмет алдында ел мұңын жоқтау үшiн жиналған деген оймен келген едiм алғашқыда. Бiрақ, қазiргi уақытта өздерiңiз де естiп жатырсыздар, бiреулерi ұялмастан жоғарыдан не айтады, соны қайталағысы келедi, жоғарыда не iстейдi, соны қолдағысы келедi. Әрине, Үкiмет– бiздiң Үкiмет. Оны бiз қолдамасақ, ол жалғыз өзi ешнәрсе iстей алмас деп те ойлауға болар. Бiрақ, Үкiметтiң де қателiктерi жетiп артылады. Сол қателiктердi бәрiмiз жиналып, осы жерде шешiп, ақыл қосып, жөндеуiмiз керек. Бiрақ, мұнда сыбырласатын кiсiлер көбейiп барады. Неге десеңiздер өз жағдайларын күту керек, өз ахуалдарын көтеру керек. Бiреулерiнiң үлкен мекемелерi бар. Бизнесте өз бетiмен өндiрiстерi бар. Олардың сапасы өте төмен. Мына алыңызшы, қаймақ десең, ол қаймақ емес, iрiмшiктi сатады. Майдың майлылығы өте төмен. Ешқандай халықаралық дәрежеге кiрмейдi. Сондықтан, өздерiн көтерiп, сақтау үшiн жоғарыдан не айтса, соны қолдайды. Бiрақ, жаңа айттым ғой. Бiздiң Үкiмет те Қазақстанның Үкiметi. Оған ешкiм қарсы шығып жатқан жоқ. Үкiметпен бiр ғана нәрсенi ойлауы тиiс. Халықтың жағдайын көтеру керек. Халықтың әрi қарайғы тағдырын шешу керек. Бiздiң көптеген азаматтар далада босып, жұмыссыз жүр. Ал бiз гастарбайтерлердi шақырып жатырмыз. Бiздiң көптеген жанұялар үйсiз, пәтерсiз жүр. Ал бiз мыңдаған долларға үй саламыз. Оны кiм сатып алып жатыр? Бiз өзiмiздiң тонналаған мұнайымызды шетелге сатамыз. Өзiмiздегi жанар-жағар май бағасы күннен күнге қымбаттап жатыр. «Неге? Не себептен, бiздей бай мемлекет осынау қиыншылықтарды көрiп жатыр» — деген ойға берiлесiң. Бәрiмiз елдiң өкiлдерi болғаннан соң жиналып, өзектi мәселелердi көтерсек, бәрi басқаша болар едi. Бiрақ, мәселенi жалғыз мен ғана емес, бiраз депутаттар боп көтергеннiң өзiнде бiздi қолдамай қояды. Бiз Үкiметке қарсы шыққандай боламыз. Қазақтың, өзiмiздiң мемлекетiмiзге қарсы шыққандай кейiпте қаламыз. Бiрiмiздi бiрiмiз жау қылып қойған дұрыс емес шығар. Бәрiмiз де осы жерде халық үшiн отырмыз. Ойымызды жариялаймыз. Бәрiмiз де халық үшiн қатты сөзге келiп жатамыз. Бүкiл дүние жүзiнiң парламенттерi халық өкiлдерiнiң жиналған орны болғандықтан бiрiмен бiрi кеңiрдеседi, ұрсысады, төбелеске дейiн барып жатады. Бiзде бiр сөз айтсаң, «ойбай мен ақсақал едiм, неге сен менi үйтесiң, бүйтесiң» дейдi. Менiң осы жердегi әрiптесiм «мұнда ақсақал, қарасақал жоқ, Парламентте бәрiмiз де халықтың атынан сайланғанбыз» деп дұрыс айтты. Бiреулердiң сайлаудан қалай өткенiн мен бiлемiн. Осы жерде ойбай ақсақал деп жүрген кiсiлердiң мандатты қалай сатып алғандарынан да хабардармын. Осында отырып, халықты ойламайтындарға арналған арнайы заң қабылдау керек. Халық осында жiберген өз өкiлiн ұнамаса қайтадан шақырып алатындай, мандатын тартып алатындай заң қажет. Сондай заң болса, мен екi қолымды көтерiп дауыс берер едiм.

– Ал сiздiң мiнезiңiз атқарушы билiкке жаға бермейтiн секiлдi. Қолыңызды бiр сiлтеп кетiп қалғыңыз келетiн кездер бола ма?

— Әдiлетсiз заңдар қабылданғанда жүрегiң тоқтап қала жаздайды екен. Сондай кезде тұрып кеткен кездер де болған. Бұл өзiмнiң әрiптестерiме қарсылық та емес. Бiлемiз, кiмнiң қалай сайланғанын. Бiрақ, мұрша келмегенде, қараны ақ деп тұрғанда, шыдай алмай кетедi екенсiң. «Неге көптiң көзi көр боп кеткен. Неге бiздiң халық осындай азаматтарды сайлады? – деп қарадай тұрып налисың. Бiреулер Парламенттiң кемшiлiгiн бетiне басады. Қалталы Парламент дейдi. Осыған кiм кiнәлi. Оларды халықтың өздерi сайлаған. Ұятсыздарды сайлағанда, Үкiмет пен әкiмшiлiк сол адамды көтерiп жатқанда «ойбай бәрiбiр сол адам сайланады» – деп үйлерiнде жатып алғандар көп. Сайлау учаскелерiне барып жатса ғой, көлденең көк аттылар мұнда өтпес едi. Ендi Парламенттi кiнәлаймыз. Парламент халықтың айнасы. Халық қалай қол көтердi, сайлауға қалай шықты, мiне, содан осындай Парламент пайда болды. Ендi келiп, өкпелейдi… Мен халық үшiн жанымды беруге әзiрмiн. Халыққа айтар едiм. «Айналайын халқым. Мұндай мәселеге енжар қарауға болмайды. Сайлауға бару керек едi». Бiр қап күрiшке сатылып кеткендер бар. Он мың теңгенi мiсе тұтты. Оны өз көзiммен көрдiм. Менде қазiр толып жатқан видеоматериалдар бар. Үйде. Ал қазiр келiп мына Парламенттi кiнәлауға болмайды.

– Аға сiздiң қолыңызда қазiр Президенттiң қолындағыдай билiк болса, елде қандай өзгерiс жасар едiңiз?

– Ондай нәрсе ойға да, түске де келмейтiн жайт. Мен Президент, Үкiметтiң басшысы боламын деп өмiрi ойлаған емеспiн. Неге десең, әрбiр кiсiнiң өз дәрежесi, тәжiрбиесi бар. Одан асып кетуге болмайды.

– Мейлi, қолыңызда үлкен билiк болсын делiк…

– Қазiр халыққа қандай өзгерiс керек едi деп сұрағың келген болар. Сөйтiп сұрасаң, жауап бере аламын. Президенттiң шындығында өкiлеттiгi көбейдi. Көп болып кеттi. Ол мәселенi мен де бiр кезде жақтағам, қолдағанмын. Тәуелсiздiкке ендi ие болып, тәй-тәй басып келе жатқан кезде бiр кiсi басқарып, iс атқармаса, қиын болар едi. Президентке бүкiл мұршаны бердiк. Ол кiсi бiраз жұмыс атқарды. Бiрақ, қазiр уақыт өзгердi. Бiздiң тәуелсiздiгiмiздi тартып аламын деп отырған ешкiм жоқ. Бұрын солай деп жалқтақтағанбыз. Қазiргi уақытта Парламент бар. Менiңше, Президент өзiнiң сыртқы саясатын жүргiзе берсiн. Бiрақ, iшкi саясатқа Парламент жауап беру керек. Өйткенi, осында отырғандар халықтың өкiлдерi. Сайлау басқаша өтуi керек. Мына Сайлау комиссиясы санаудан басқа ештеме iстеуге тиiстi емес.

– Ешкiм сайлау процесiне араласпау керек…

– Араласпау керек. Содан кейiн Парламент өкiлдерiнiң саны көбеюi тиiс. Неге десеңiз, Парламентке мынадай бiрен — саран қайдағы бiреулер кiрiп кетедi, бәрiбiр. Керектi адамын енгiзiп жiбередi. Көпшiлiк сайланса, оның арасында азаматтар, халықтың мүддесiн, жағдайын ойлайтын адамдар болады. Халық арасынан шыққаннан кейiн, олар халық үшiн жанын бермесе де, елдiң қамын жер едi деп ойлаймын.

– Аға, Парламенттiң «отанданып» бара жатқанына қалай қарайсыз? Мұнда «отандықтар» онсыз да жеткiлiктi едi. Қазiр партияның құрамына «Асар» қосылды. Азаматтық партия қосылғалы жатыр. Кейiн аграрлық партияның кiруi де ғажап емес…

– Сен естiген бе едiң, мен осыдан екi жыл бұрын «Нағыз коммунистiк партия – Отан болайын деп тұр» деп айтып едiм…

– Сол айтқаныңыз келiп жатыр…

– Келдi, мiне. Қайтадан бiр партиялыққа бара жатырмыз. Мынау партиялық монополия орнаған мемлекет ешқашан демократиялық ел бола алмайды. Сонымен бiз осымен демократия жағын жоямыз. Бұл дұрыс емес. Мүлдем дұрыс емес. Қазiр Президентiмiз өз жарлығымен мына оппозициялық партияларға көмектеседi деп сенемiн. Көмектеспесе, бiз қайтадан коммунистiк режимге қайта ораламыз. Бiр кiсiнi бәрiнiң қолдайтын жүйесiне қайтып барамыз. Сонымен бiз мемлекет ретiнде құримыз.

– Плюрализмге орын қалмайды ғой!

– Плюрализм емес, демократизм болмайды. Плюрализм ана Горбачев ақымақтың шығарған сөздерi ғой.

«БIЗ ӘЛДЕҚАШАН КОСМОСТЫҚ ДЕРЖАВАҒА АЙНАЛҒАНБЫЗ»

– Ендi, сауалымызды сiздiң кәсiби салаңызға бұрайық. Мына «ҚазСат» жер серiгi ұшырылған кезде бiз «Қазақстан космостық державаға айналды» деп кеу- кеулесiп кеттiк. Жалпы, бiр жер серiгiн ұшыру арқылы космостық державаға айналып кету мүмкiн бе, осы?

– Жо-жоқ, сен оған күлме! Қазақстан 1957 жылдан бастап космостық державаға айналып қойған. Ол кезде сен туылған да жоқсың. Мiне, Қазақстан сол кезден бастап космостық держава. Сол уақытта қазақ жерiнен алғашқы жер серiгi ұшырылды. Қазақ жерiнен алғашқы адам ұшты ғарышқа. Осы жерден қазiр де көптеген зымырандар мен адамдар ұшып жатыр. Бұлай болса, Қазақстан мемлекет болып, тәуелсiздiгiн алған соң, сыртта қалып қалмауы үшiн қазiр ғарыштың дамуына қатысты көптеген жұмыстарды атқаруда. Ғарыш саласын дамытатын қаншама мекемелер ашылды. Байқоңырда өзiмiздiң зымырандарымызды ұшыратын «Бәйтерек» деген орын дайындаудамыз. Екi мемлекет Ресей мен Қазақстанға ортақ зымырандар жасалынуда. «Ангара» деген зымыранды осы жерден ұшырып, соның қызығын бiрге пайдаланбақпыз. Оған жастар, сiздер күлесiздер. Жоқ, айналайын. Ғарышты дамытуда жасап жатқан шаруаларда Қазақстанның орны бөлек. Ғарышты игеруде бiздiң үлкен бағдарламаларымыз бар. Көктi игеруге Алла Тағаланың өзi де септiгiн тигiзуде. Игеруге тиiстi қаржымыз бар. Көптеген өзiмiздiң жас ұрпақтарымызды ғарыш саласына үлес қосуда әдейiлеп оқытып жатырмыз. Олар ертең бiздiң iсiмiздi жалғастырады. Ғарышты игеру бiзге тек онда ұшу үшiн емес, дамыту үшiн де қажет. Бiзге ертеңгi күнi басқа елдерден келiп, жер серiгiмiздi ұшыруға көмектес деп тұрса, тамаша емес пе?

– «ҚазСат 1» жер серiгi ұшырылып жатқан кезде Серiк Бүркiтбаев (бұрынғы көлiк және коммуникациялар министрi) бұл жобаның тиiмсiздiгiн айтып сұхбаттар бердi. Естiген шығарсыз. Ол «ҚазСат 2» ұшырылмай, «ҚазСат 1-дiң» пайдасы жоқ» деп өзге де қарсылығын бiлдiрдi.

– Бәрiн бiлемiн. Ол сұхбаттарды мен де оқыдым. Серiк менiң жақсы бiлетiн азаматым. Оның мол тәжiрбиесi да бар, дәрежесi де биiк. Бұрынғы министр. Өте ғылыми азамат. Бiрақ, мұнда бiраз саяси жағы бар. Олар саясатқа кiрген кiсiлер. Әрине, бiраз өкiнiштерi де бар. «Мен бастап едiм, бiрақ менi ол кезде ешкiм қолдамады. Менiң тәжiрибем бар, менi шақырмады» дегендей пiкiрде жүрген азамат. Ол кiсiнiң айтқан мәселесiнiң бiразы дұрыс. Бiрақ, оның бәрiн жабу үшiн жалғыз ғана «ҚазСат 1-мен » ғана шектелiп қалуға болмайды. Ол кiсi осы бiрiншi жобаны айтып бәрiмiздi соққылады. Бiздiң бағдарламамыз бойынша ғарышты игеру жағынан орбитаға әлi де үш спутник жiберуiмiз керек. Сол кезде ғана бүкiл мәселенi шештiк деп айта аламыз. Қазiр әрине, «ҚазСат 1» ұшырылғанынан кейiн мынау теле-радио саласындағы мәселелер ғана шешiлдi. Бiрақ басқа салалар қалып барады. Бiз жердi толықтай қамтуымыз керек. Елiмiздiң көптеген аумағына жаздыгүнi су жетiспей қалады. Соның бәрiн қамтамасыз етiп, «Мына жерде жақсы егiн шығады. Мына жерде биыл бидай дұрыс шықпайды» деп жобалау үшiн жер серiгi керек. Ондай спутник қазiр жасалынуда. Жалғыз ғана бiр жер серiгi ештеңе iстей алмайды. Өйткенi, қор деген нәрсе болады. Мына теледидар сынып қалды, оны жөндегенше, сiз ештеңе көре алмай түксiз қаласыз ғой. Сол секiлдi, мына «ҚазСат 1» iстемей қалса, бүкiл Қазақстан түксiз қалайын деп отыр. Қазiр ресейлiктер өз спутнигiмен бiзге жәрдемдесуде. Бiрақ, бiз өз жер серiгiмiздi жiберуiмiз керек. Екi спутнигiмiз болған жағдайда ғана бiз «Қорымыз бар. Ешкiмге тәуелдi емеспiз» деп айта аламыз. Көптеген елдер қазiр бiздiң спутниктiң бөлiмшесiн, ствол дейдi, соны сатып алып жатыр. Бiздiң спутник арқылы Ресейдiң өзiн көрiп отырмыз. Өзбекстан, Пәкiстан соның бәрiн игердiк. Соның бәрiн көрiп отырмыз. Секең: «Ойбай «ҚазСат 1»дiң қамтитын ауқымы Ақтауға да жетпей қалады. Көрiнбейдi» деп едi. Ал қазiр Ақтауға да жетiп жатыр, онан әрi қарай Орынбор, Баку, соның бәрiне жетiп отыр. Бiз ол аумақты бұл спутник қамти алмай қала ма деп қорқып едiк. Бiздiң қуанышымызға қарай, соның бәрiн көрсетiп жатыр. Және менiң өзiмнiң мақтанатыным, «Қазақстан «ҚазСатты» ресейлiктердi араластырмай өзi игерiп жатыр. Басқару орталығы Ақкөлде. Ол тамаша, өте маңызды объект. Қазақстан ғарышты игеру саласында дамып келе жатыр.

– Әуе жайындағы сауалымызды жалғастырайық. Жақында Ресейге барған сапарында Премьер- министр Ахметов: «Қазақстанның әуе кеңiстiгiн ресейлiктермен бiрге бақылаймыз» деп айттып кеттi. Осы жерде мынадай бiр сұрақ туындайды. Мәселен, АҚШ Ауғанстанға қарсы операция бастағанда, Қазақстан өз әуе кеңiстiгiн америкалықтардың пайдалануына бердi. Ресей болса, АҚШ-тың әскери әрекетiне қарсы болды. Ендi бұдан былай тағы бiр сондай жайт бола қалса, бiздiң әуе кеңiстiгiмiздi бiреулер пайдаланғысы келсе, мүдделер қайшылығы орын алмай ма? Өз әуе кеңiстiгiн бақылауды Ресейге берiп қою бiздi осы ел алдында тәуелдi етпей ме?

– Мемлекеттер әрқашан да, өзiне лайықты көршiлер iздейдi. Қазақта «Үй салмас бұрын көршiңдi сайла» деген мақал бар. Солай емес пе? Анау ата-бабамыздан келе жатқан көршiлерiмiз бұл. Бiздi жаулап алатын ниет жоқ бұларда. Бiрақ, көмектесуге олардың жағдайы бар. Бiз «Ресейлiктер дамуы жағынан бiзден қалып қойды. Артта қалды» деп айта беремiз. Ал шын мәнiнде Ресейдiң мүмкiндiгi бiздiкiне қарағанда мың есе көп. Сонымен, мына қара қытайдың көңiлiне қараймыз ба, ана жақтағы АҚШ- қа қарайлаймыз ба, жоқ әлде, жолдас боламын деп жүрген орыстармен бiрге жұмыс iстесемiз бе деген сауалдарды ойластырып келгенде көп уақыттан берi Ресеймен бiрге келе жатқанымызға көз жiберу керек. Сыртқы саясаттағы негiзгi серiктес ретiнде Ресейдi таңдап алғанымыз дұрыс болған шығар деп ойлаймын.

«…ОЛАРДЫҢ ТIРI УАҚЫТЫНДА …ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНЫҢ ШЫНДЫҒЫ АШЫЛМАЙДЫ. БIРАҚ, ЕШТЕМЕДЕН ҚОРЫҚПАЙ, ЕШТЕМЕДЕН СЕСКЕНБЕЙ ЗЕРТТЕУ КЕРЕК»

– Сiз ұшқыштығыңыз арқылы Кеңестер Одағының батыры атандыңыз. Ол кезде, қателеспесем, Сiз әлi ғарышқа ұша қойған жоқ едiңiз. Бiрақ, бiздiң бiлуiмiзше, осы атақты уақытында ала алмапсыз. Кешiктiрiлуiне Желтоқсан оқиғасының ызғары тиiптi… Ал Желтоқсан оқиғасы өзiнiң тиiстi бағасын әлi де ала алмай келедi…

– Бiз осы Желтоқсанның бағасын ендi ғана беремiз деп келе жатырмыз, әлi берген жоқпыз, бере де алмаймыз әзiрше. Неге десеңiз, ол оқиғаның азаматтары әлi тiрi. Бiз өлгенде ғана баға бере аламыз. Тiрi кезiнде бiреудi мақтап, көкке көтерiп, басын июге келгенде қазақтың белi сыздамайды екен. Қазiр бiздiң кейбiр азаматтарымыз сол мәселенi сұмдық көтерiп жатыр. Өздерi сол кезде қорыққанынан тығылып, қашып, басын көтермеген. Қазiр болса, өжет. Поэма жазып жүр. «Мен едiм көтерген» деп кеудесiн соққан дұрыс емес. Ал поэма жазып, оның шындығын айту – сол кiсiлердiң мiндетi де. Сондағы жiгiттер, қыздар, жап-жас балалар, баларымыз ғой ендi, қандай болды деп ойлаймын. «Қазақтың арасынан қазақты басқаратын адам табылмады ма, қазақ болмаса да осы жерде орыстар көп едi ғой» — деген оймен шықты алаңға. Сол кезде Қазақстан бұғаудан босасын, тәуелсiз болсын деген ой туды ғой. Бiрақ, сол кездегi басшылар қазiр де басшы болып жүр. Солар осы жастардың бәрiн басып тастаған. Қазiргi уақытта басқа сөздер айтылады. Басқа сөздердi, менiңше, олардың құқысы да жоқ айтуға… Алаңға шыққан қыздар мен жiгiттер айтуға тиiстi бәрiн де… Не себептен, қалай, неге шықты деген сауалдарды солар ғана таратып бере алады. Оның бәрiн зерттеп, ғылыми баға беру керек. Ал бiз «ойбай тәуелсiздiк сол Желтоқсаннан басталды» деуден әрiге бара алмай келе жатырмыз. Ол қалай болды, жас өрiмдей қыз-жiгiттердi кiм ұр деп айтты. Қатты аязда сумен үстiнен атқыла деп сол бұйрықты берген кiм? Соның бәрi әлi жабық. Ешкiм әлi зерттеген жоқ. Зерттеткiзбей жатыр. Қазiр сол мүмкiндiктi табу керек те, шындықты берi қарай шығару керек. Ештемеден сескенбей, ештемеден қорықпау керек. Бiр кезде көтерiлген жiгiттер де, қыздар да әлi бұғып жатыр. Оларға қазiргi басшылар жамандық жасады деп ойлаймын мен.

– Сiз сол кезде қайда едiңiз?

– Мен онда Мәскеуде едiм.

– Естiгенде, қандай сезiмде болдыңыз?

– Естiгенде, екi ой туды. Шынымды айтайын мен мұнда болған жоқпын. Бiрiншi ой: «Менiң қандастарымды неге сабады. Олар неге шықты?» – деген ой болды. Екiншi ой: «Сол сабағандардың арасында өзiмiздiң қазақтар да болды. Бiрiмiздi – бiрiмiз неге сабадық?» – деп ойладым. «Сол алаңға шығу керек болды ма?» – деген ой да келдi. Бiрақ, мен де ол кезде коммунист болған кiсiмiн. Маған сол кезде бұрмаланған хабар жеткiзгенде, мен «Жоқ, оған сенбеймiн. Бiздiң халық жәй шықпайды. Шыдамы таусылды. Аты Қазақстанға аңыз болып кеткен Қонаев бабамызға рахметiн айтпастан орнынан түсiргенде ел – жұрт қалай шыдасын? Шыдамайды, әрине, дұрыс шыққан» дедiм. Мен де айтқам, «Ақыры қазақты жек көредi екенсiңдер, немене Қазақстанда орыс табылмады ма, бiрiншi басшы қылып қоятын. Бiзде, Қазақстанда он алты облыстың он үшiн орыс басқарады. Солардың iшiнен неге тағайындамадыңдар. Олар да қазақ болып кеттi ме?» — дегем. Сол кезде Горбачевтiң көзiне айтқанмын: «Ақымақсың!»деп. Ал сол ақымақты қазiр Қазақстанға кiргiзiп жүргендер ақымақ. Жау қылып кiргiзбеу керек едi, жолатқызбау керек едi ол нақұрысты. Жастардың қанына сол кiнәлi. Ал бiз болсақ…. (Осы тұсқа келгенде Тоқтар аға үнсiз қалды. Оның жаны ауырып, жүрегi сыздап кеткенiн аңғардық. Көкейде осы мәселеге қатысты жайттар болса да, бiз сауалымызды өзгерте қойдық Г.М)

«ҚАЗАҚСТАНДА ҰШАҚ ӨНДIРIСIН ЖОЛҒА ҚОЙҒЫМ КЕЛЕДI»

– Қазақстанның қорғаны болатын қазiргi Қарулы Күштердiң сол мақсаттағы iстерiне көңiлiңiз тола ма? Сiзде мынадай өкiнiш болмай ма, мәселен, осы салаға дұрыс ақша бөлiнбей жатыр, болмаса, ақша игерiлмей жатыр немесе бұл сала сыбайласқан жемқорлыққа шырматылып қалған деген ой туа ма?

– Өте күрделi мәселе бұл. Қазақ жаман десең, өзiм де қазақпын. Генералдар дұрыс iстемей жатыр десең, өзiм де генералмын. Бiрақ, мынау бөлiп жатқан ақша дұрыс игерiлмей жатыр.

– Сiз бұлай десеңiз, онда негiзi болғаны ғой. Сiздiң Қазақстанда ұшақ өндiрiсiн жолға қоямын деген арманыңыз бар екен. Сол ойыңыз қаншалықты дәрежеде iске асып жатыр?

– Шыны керек, осы өндiрiстi көтерейiн деп едiм. Президент те қолдады. Бiрақ, мына жақта соған қарсы шығып жүрген Наталья Коржова. Сол қол қоймай жатыр. Бүкiл министрлiктер «Жарайды, Қазақстанда ұшақ өндiрiсi болсын» деп келiсiмдерiн бердi. Керi кетiп жүрген, тек Коржова. Неге десеңiз, осы экономика жағынан бәрiн бүлдiрiп келе жатқан жалғыз министр осы Коржова. Бүкiл экономикамызды бүлдiрiп жатыр. Бұл жалғыз менiң ғана пiкiрiм емес. Премьер Даниал Ахметов те солай деп жүр. Мен «Неге онымен бiрге жұмыс iстейсiң, неге қуып жiбермейсiң?» десем, ол «Мен тағайындаған жоқпын ғой» дейдi. Шыны керек, бүкiл экономикаға кедергi келтiрiп жүрген сол Коржова. Президент ертеңгi күнi министрлер кабинетiн жасақтағанда, оны алып тастауы керек. Бiздiң қазақ халқына, қазақ мемлекетiне қарсы шығып жүрген де Коржова.

– Орыстар туралы керi пiкiр айтқың келмейдi, бiрақ, көрiп тұрып, жаның ауырады деген осы шығар.

– Иә, мiне, айтқаным айтқан.

– Протондар құлаған кезде Ресейдiң мойнына алар мiндеттемесi жайлы Ресей мен Қазақстан арасындағы келiсiм ратификацияланды ғой, Сiздiң арқаңызда. Дәл қазiргi күнi Ресей өз мiндеттемесiн дұрыстап орындап отыр деп айта аласыз ба?

– Жоқ, айта алмаймын. Оған да кiнәлi бiздiң Үкiмет. Даниал Ахметовке осы жайлы сауал жiберiп едiм, жиырыма күннен берi жауап келмей жатыр. Ендi мiне, үшiншi рет жiберем сол сауалымды. Ал егер жауап келмесе, мен «өз құқысын пайдалана алмай жатыр. Мойнына алған мiндетiн атқара алмайды» деп Президенттiң атына хат жазайын деп отырмын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Гүлнәр МҰҚАНОВА

Серіктес жаңалықтары