БАКИЕВ АМАЛСЫЗ КӨНДI...
БАКИЕВ АМАЛСЫЗ КӨНДI...
Көтерiлiс жасау, көшеге шығып, наразылықтарын бiлдiру, Президенттiң ордасын атойлатып қоршап алу көршiлерiмiз үшiн үйреншiктi жағдайға айналып барады. Жо-жоқ, бiз бұл арада қырғыздардың әрекетiн терiске шығарайын деп отырғанымыз жоқ.
…Қырғызстанның Орталық Азиядағы «демократия аралы» атанғаны тегiн емес екен.
Қараша басталысымен Бiшкектiң орталық алаңын лық толтырған демонстранттардың негiзгi сұрағаны Президент Бакиевке өз уәдесiн орындатып, саяси реформалар жасату едi. Болмаған күнде, Бакиевтiң өз орнын босатуын талап еттi. Мұндай талап қоюға демонстранттардың толықтай құқығы болды десек жаңылыспаймыз. Өйткенi, Ақаевты орнынан кетiрген көтерiлiсте сол қырғыз революциясының негiзгi кейiпкерi Бакиев халыққа бiраз уәде берген-дi. Билiкте халық дауысының жиi естiлуiне кепiлдiк болғаны да бар едi. Ал халық дауысы естiлетiн жердiң Парламент қабырғасы екенi белгiлi. Алайда, кез келген жанның көзiн арбайтын тақ Бакиевтi де тыс қалдырмады. Революцияның арқасында президенттiкке қолы жеткен Бакиев сол бетте халық мұңын ұмытып кете барды. Қырғыздың алғашқы Президентi Ақаев тұсында сыбайластыққа шырматылған билiк ол дерттен арыла қоймады. Ақаевтың кезiнде қолданысқа енген «отбасы бизнесi» деген ұғым ендiгi бетте Бакиев отбасына қаратылып айтылатын болды. Бiр сөзбен айтқанда, Бакиев өз қажетiн күйттеудi әдетке айналдырды. Сөйтiп, өзiне оппозиция тiлеп алды. Ал оппозиция дегенiмiз, ойдан-қырдан жиылғандар емес, сол бұрынғы төңкерiстi бiрге жасасқан үзеңгiлес серiктерi едi.
Қырғыз Парламентi — Жогорку Кенештiң депутаттары Бакиевтi жақтайтындар және реформаны қолдайтындар болып екiге айрылды. Тұп-тура сарғылт-қызыл революциясы кезiндегiдей. Ол кезде де қырғыз Парламентiнiң депутаттары Ақаевты жақтайтындар және Ақ үйдiң (Президент резиденциясын қырғыздар осылай деп атайды) маңайында топтасқан халықты қолдайтындар болып екiге бөлiнген едi.
Сонымен, Қырғызстан бұған дейiн Президенттiң билiгi мығым мемлекет болса, Ақ үйдi қоршап алған оппозиция өкiлдерi елдiң парламенттiк сүрлеуге түскенiн қалады. Бакиевтiң Парламентке ұсынған конституция жобасын қабылдамаған оппозиция оған балама конституция жобасын жасап шықты. Алдыңғы жоба Бакиевтiң өкiлеттiгiн күшейтетiн болса, кейiнгi жобада керiсiнше, президенттiң өкiлеттiгi шектеулi едi.
Жиналған халық алдына Президент Әкiмшiлiгiнiң басшысы ауық-ауық шығып, келiссөздер жүрiп жатқанын айтып, жұртты тыныштандыруға барын салды. Ал Бiшкектiң бас алаңы Ала Тооға қырғыздың киiз үйiн тiгiп, арнайы қалашық жасап алған халық президенттiң iс-әрекеттерiне зығырданы қайнап, соңында «Бакиев кетсiн» деп ұрандата бастады. Оларды тыныштандырып, жөн сiлтеушi функциясын тiсқаққан саясаткер Өмiрбек Текебаев, жас депутат Темiр Сариевтер атқарды.
Ақ үйдi қорғап тұрған Iшкi iстер органдары өкiлдерi халық жағына шыққанда тiптi, таңданысымызға шек болмады. Өйткенi, басшылығы қатал елдерде милиционерлер бұйрықты бұлжытпай орындаушы едi. Ал Қырғызстанда, құқық қорғаушылар шолақ бұйрыққа емес, ар-ұятқа көбiрек жүгiнедi екен.
Сонымен, Президент Бакиев түптiң түбiнде халықтың айтқанына тоқтады. Тоқтады деп қысқа қайырғанымыз да жарамас. Ол митинг өткiзушiлердiң талабын қабылдамас бұрын бiраз құйтырқылықтарға да барып үлгiрдi. Бакиев осыдан бiрер жыл бұрын орнынан түсiрген Ақаевтан еш артық еместiгiн де көрсеттi. Мәселен, Бiшкектiң орталығында «реформалар үшiн», «Бакиев кетсiн» деген талаппен митингiлер өтiп жатқан кезде қаланың бiр бұрышында Бакиевтi жақтайтын екiншi бiр митинг басталып кеттi. Бұл әрине, Бакивтiң араласуымен ұйымдастырылған митинг едi. Өзiнiң қызметтен кетуiн талап еткен халыққа күш қолданғысы да келдi. Бiрдi-екiлi қақтығыстардың орын алуынан, көзден жас ағызатын газ атқылаудың кесiрiнен, бiрнеше адам жарақаттанды. Ал Ақаевтың халыққа қарсы оқ немесе көзден жас ағызатын газ атқылауға жүрегi дауаламап едi. Демек, Бакиев өзiнiң шын ниетiнен хабар бердi. Жиналғандар алдына шығып, жай- жапсарын айтуға шамасы келмегенiмен, бiрнеше күн бойы қорғаудағы резиденциясының iшiнде демонстранттарға, оппозиция өкiлдерiне қарсы мәлiмдемелер жасап жатты. Бакиев осыдан бiрер жыл бұрын өзi қаһарманы болған сарғылт түстi революциядан сабақ алмапты. Елдегi маңызды деп есептелiнетiн Шу облысының губернаторы Тұрғынбек Қалмырзаев оппозиция жағына өтетiнiн мәлiмдегенде, Президент тiптi, губернаторды орнынан алу жөнiнде бұйрық та дайындап қойыпты. Қандай көрсоқыр шешiм десеңiзшi, мұндай шешiмнiң көшеде талап-тiлек тiлеп тұрған демонстранттарға керiсiнше әсер ететiнiн бiлмедi ме екен деп ойлайсыз. Бакиев өзiн билiкке алып келген қырғыз революциясын есiнен шығарып жiберген сыңайлы. Егер кезiнде өзi Ақаевты орнынан тез кетiруге ықпал жасаса, өзiнiң де дәл солайша қызметiнен түсiп қалу мүмкiндiгiн болжай алмаған секiлдi. Сонымен не керек, ол демонстранттар тiлегiн мақұл алды.
Парламентте түн жарымында жиналған халық қалаулылары елдi жаңа конституциямен қамтамасыз етiп, Қырғызстанды бiр түннiң iшiнде парламенттiк республикаға айналдырды.
Ал соңғы оқиға Феликс Кулов-Құрманбек Бакиев тандемiн жақындастыра түстi десек қателеспеймiз. Бұған дейiн ұстанымдары да, мiнездерi де екi бөлек ( туылған жерлерi де екi бөлек. Қырғызстанда жершiлдiк факторы үлкен саяси реңкке ие) тұлғаның бiрiгiп, Үкiмет құрғаны сарапшыларға қызықты көрiнген. Олардың көбiсi осы тандемнiң қоян қолтық жұмыс iстей алатындығына шәк келтiрiп, қашан айырылысып кетер екен деп күтiп те жүрушi едi. Кешегi Бiшкек оқиғасының қатысушылары Куловты өз жағына тартып үндеу де жариялады. Бiрақ, Кулов жұртты таңқалдыра отырып, қиын кезде Бакиевтi тастап кетпейтiнiн аңдатты. Әрине, бұған таңданбаса да болар едi. Өйткенi, Кулов өзiнiң бiрбеткейлiгiмен ерекшеленетiн саясаткер. Мiне, қырғыздар қандай! Алайда, оның «демонстранттар қажет кезiнде күшпен тапталуы мүмкiн» дегенi оның қаттылығынан хабар берсе керек.
Қырғыз Iшкi Iстер министрлiгiн елдегi танымал генерал Суваналив басқаратын болды. Демонстранттар бұрынғы министр Османәлi Гуроновтың қызметiнен кетуiн талап еткен. Ол тiлектерi орындалды. Ал Суваналив халық арасында «комиссар Каттани» деген лақап аты бар генерал. Бұл оның әдiлеттiлiкке жақындығын, ашықтығын көрсететiн жайт шығар…
Жасыратын несi бар, Қырғызстандағы осы оқиғаға көршiлерi аса сүйсiне қойған жоқ. Көршiлерiн былай қойғанда, Ресейдiң өзi мұндай өзгерiстерге аса ықылассыздық танытты. Мұны орыс БАҚ өкiлдерiнiң сипаттамасынан-ақ аңдауға болар. Олар қырғыз президентiнiң резиденциясын қоршағандарды «тобыр», «көше адамдары» деп атап жатты. Көтерiлiс синдромының бұлайша жиiлеп кеткенiн кекетiп, мұқатты да.
Ресейлiктер қашанғы әдетiмен, бұл оқиғаның астарынан Батыстың, АҚШ-тың iзiн iздеумен әлек. Бұған тiптi таңданбай-ақ қоюға да болар. Өйткенi, Кремль өз ықпалынан шығуға сәл-пәл қимыл жасаған елдердi «Қолтығынан АҚШ су бүркiп отырған мемлекеттер» деп екшеп алуға әзiр. Кремль стратегтерiнде фантазия қалмаған ба деп ойлайсыз кейде.
Естерiңiзде болса, жақында Қазақстан Президентiнiң мемлекеттiк тiлге үстемдiк беру, латын әлiпбиiне көшу секiлдi бастамаларының iзiнен де орыстар «Қазақстан АҚШ бауырына жақындай түстi» деп болжам жасай қойған. Ал Қазақстан кенiштерiнен Қытайға бағытталған мұнай құбыры жобасы жөнiнде де «Қазақстан бiздiң ықпалымыздан сытылғысы келедi» деп байбалам салған осы орыстар.
Бiшкектегi соңғы оқиғаны да солайша бағалап үлгiрдi. Қырғыздарды қуыршақ кейпiнде көретiн секiлдi.
Орыс сарапшылары немесе Ресей көзқарасымен санасатын қырғыз сарапшылары Бiшкектегi оқиғаны кемсiтiп, «Қырғызстанда үлкендi-кiшiлi наполеончиктер көп» деп жатса, қайсыбiрi «Қырғызстанды тек қана диктатура құтқара алады. Болмаса, ел хаосқа айналып кеттi» деп баға бердi. Бұл бiздiңше, арандатушылардың берер бағасы. Елдегi соңғы дүмпудi хаос деп атауға келмейдi. Бас алаңға ондаған мың адамның шығуының астарынан тек ұйымдастырушылардың iзiн ғана аңдап, шолақ кесуге болмайды. Бұл арада қарапайым қырғыздардың да талап-тiлегiн ескеру керек. Оларды ешкiм зорлап көшеге шығарған жоқ. Не болмаса, алаңда таратылар тегiн тамақ ғана (орыс сарапшылары осы фактiнi, алаңнан қарын тойдыруды көтерiлiстiң негiзгi стимулы ретiнде көрсетiптi) қызықтырған жоқ оларды. Қырғыздарды алаңға шығаруға итермелеген ең басты фактор – Бакивтiң халық сенiмiн алдап жүруi едi. Демонстранттарға қарсы топ бағзы әдетiне салып, «көтерiлiсшiлер iшкерi Қырғызстаннан арнайы тапсырыспен әкелiндi» деп ақпарат таратқанымен, алаңды толтырғандардың жартысының қала тұрғындары екенiн жоққа шығармау керек.
Қырғыздардың бұл әрекетiне қарап, халықтың айтқанына құлақ асатын, қызметке тек өз сайлаушыларының қамын күйттеу үшiн келетiн билiктiң түзiлуi жолында мемлекет осындай кезеңдерден өтуi қажет. Қажет ғана емес, аса қажет деген ойға келесiз. Сайлаған өкiлдерi тура жолдан тайқып бара жатқаннан кейiн ғана шықты олар алаңға. Ал халықты, «әйт дегенге» жүретiн тобыр ретiнде көрiп, оны кемсiтуге болмайды. Халық, тәттiмен алдағанға ғана жүре беретiн тобыр емес. Оның өзiнiң инстинктi бар.
Гүлнәр Мұқанова