Бауыржан Ибрагимов: БIЗГЕ ШЫДАП ЖҮРГЕН КӨРЕРМЕНГЕ РАХМЕТ АЙТУ КЕРЕК

Бауыржан Ибрагимов: БIЗГЕ ШЫДАП ЖҮРГЕН КӨРЕРМЕНГЕ РАХМЕТ АЙТУ КЕРЕК

Бауыржан Ибрагимов: БIЗГЕ ШЫДАП ЖҮРГЕН КӨРЕРМЕНГЕ РАХМЕТ АЙТУ КЕРЕК
ашық дереккөзі
404

Өзi – өнер адамы, өзi – кәсiпкер. Өзi – театр басшысы да, өзi – соның әртiсi. Ол кiм дейсiз бе? Сол, соның тап өзi! Қазақстанда алғаш рет сатиралық жеке театр ашқан, қазiрде елге танымал “Бауыржан-шоу” ойын-сауық отауының иесi Бауыржан Ибрагимов. Әуелгiде “Тамашаның” сахнасында “Құдағи, бiр партия!” атты монологымен атақты болған, сол уақыттан берi сатирада аттай жиырма жылдан астам уақыт еңбектенiп келе жатқан Бауыржан Ибрагимовтың ұйымдастырушылық қабiлетiне, әртiстiк талантына қанық болсақ та, оның сонымен қатар iске мығым шаруашылық адамы екендiгiн, қазiргi тiлмен айтқанда “фермер” екендiгiнен хабарымыз шамалы болып шықты. Несi бар, “жiгiтке жетi өнер де аз” дейдi ғой.

Сонымен, кемi жетi өнердiң иесiн сөйлетiп көрелiк.

“ЧЕХОВТЫҢ ЮМОРЫНА ПАРА-ПАР ДЕДI…”

– “Бауыржан-шоу” алдағы күндерi тағы думандатқалы жатқан көрiнедi. Театр ашылған алғашқы жылдары “Бауыржан-шоу” дүркiн-дүркiн елдi бiр серпiлтiп қоятын. Бiрақ соңғы жылдары қойлымдардың санын сиретiп алған жоқсыздар ма?

– Бiр жылда үш, тiптi төрт бағдарлама жасаған кездерiмiз болды. Қазiр жылына екi қойылым жасаймыз. Оның бiр себебi – автордың тапшылығы. Бұрынғыдай сатираны кәсiп қылып жазатын қаламгерлер жоқтың қасы. Бiрақ басқа мамандықтың иесi болса да, Құдай берген талантының арқасында сатира жазып жүрген адамдар бар. Әрине, бiзге келген сценарийдiң бәрi бiрдей көңiлден шыға бермейдi. Қойылымдардың азаюының тағы бiр себебi – ойын-сауық отаулары қазiр көбейiп кеттi ғой. Әр театрдың өз көрерменi бар. Бiз Республика сарайының залы лық толып, әр қойылымның аншлаг болғанына үйренiп алғанбыз, төрт реттен жарты залды толтырғанша, жылына екi-ақ рет қойылым жасасақ та, залдың толық болғанын қалаймыз. Жылда Жаңажылдық бағдарламамызды осы қараша айында қойып, көктемде әйелдер мерекесiне қарай, әрi Наурыз мейрамына байланысты наурыз айында екiншi қойылым өткiземiз. Алдағы 18 қарашада болатын бағдарламамыз – Жаңажылдық бағдарлама. Бiр қойылымда жетi миниатюраға дейiн шығарамыз. Бiрақ жетеуiнiң бәрi проблемалық немесе саясат тақырыбында бола бермейдi, Респубика сарайына сергiп, көңiл көтеруге келген көрермен үшiн жеңiл юморға құралған миниатюра да қоямыз.

Кейде сөзбен ойнайтын немесе актердiң ойынын қажет ететiн миниатюралар болады. Мысалы, суық үйiн сату үшiн бала-шағасын шешiндiрiп, “қазiр сатып алушы келгенде ыстықтап жүргендей болыңдар” дейтiн миниатюра бар ғой. Сонда актерлер сахнада өзiн қалай ұстайды, өздерi бiледi. Одан кейiн “Құдағимен соттасу” атты монологты сахнаға шығарғалы отырмыз. Қазiр Парламентте әйел мен еркектi теңестiремiз деп гендерлiк мәселе көтерiп жатыр ғой. Ал шын мәнiнде шығыс әйелiне карьера қуып, бала тууды шектеу – жат. Бүгiнгi күннiң проблемасын айта отырып, көрермендi ойландырсақ деймiз. “Үш бала көп пе, аз ба?” деген миниатюрамыз да осы проблеманы қозғайды.

– Авторларды қайдан тартасыздар? Оларға өзiңiз тапсырыс берiп отырасыз ба?

– Марқұм Марат Сақатов деген авторымыз болды. Ол кiсiге бүгiн тапсырыс берсең, ертеңiне жазып әкелiп беретiн. Ол кiсi дүниеден өткен соң бiраз қиналып қалдық. Асқар Наймантаев тиiп-қашып жазып тұрады. Бiзбен бiраз уақыт жұмыс iстеп келе жатқан Ағыбай Мұқатайұлы деген авторымыз бар. Өзi жазушы болмаса да, бойында таланты бар, бiраз жақсы дүниелер тудырып жүр. Өзi КИМЭП-те физика-математикадан сабақ бередi. Қазiр бiздiң тұрақты авторымызға айналды. Басында бiраз қиналып жүрдi, сценарийдi қысқа-қысқа етiп жазып әкелетiн. Оның жазғандарын бiз өңдеп, сахнаға құлпыртып шығарғаннан кейiн өзi де “былай жазу керек екен ғой” деп түсiне бастады да, сахна тiлiне лайықтап жазып әкелетiн болды. Одан басқа қалалық прокуратурада қызмет iстейтiн Сағадiлдә Әжiбаев деген авторымыз бар. Көпен ағамыз сияқты кәсiби сатириктерiмiз бар ғой, бiрақ ол кiсiлердiң жазғандары өздерiнен артылмай жатады.

– Авторлар сiздердi өздерi iздеп табатын болғаны ғой?

– Иә, хатпен салып немесе бiреулер арқылы берiп жiберетiндер бар. “Аздап қалам тартатыным бар едi, осыны көрiп жiберiңiздершi” деп жатады. Негiзi сатира жазу – кәсiби маманның iсi болуы керек. Бiзге келген дүниелердiң кейде тiлi сахнаға лайық болмай жатады. Кейде тiптi әртiстердiң өздерi жазып әкелiп жатады. Бiрақ оның да көркемдiгi жетiспей тұрады. Бiрақ алдымызға келген сценарийдiң тақырыбы жақсы болса, оқиғасын әрi қарай өрбiтiп, осы жерде труппамызбен кеңес құрып, жөндеп жатамыз. Жазғандары сахнада “күзелiп”, өңделiп шыққаннан кейiн ол авторға одан әрi шабыт бередi.

– Авторларыңызға қаламақы төлейсiз бе?

– Бiр миниатюраны 12 мыңнан 20 мың теңгеге дейiнгi ақыға сатып аламыз. Бiз авторлық құқығын алмай, тек төккен терiнiң еңбекақысын төлеймiз. Қойылым сахнаға шыққанан кейiн олар тағы да Авторлық құқық қорғау ұйымынан тиын-тебiнiн алып тұрады.

– Ара-тұра өзiңiз де қалам ұстайтын боларсыз?

– Әрине! Өзiм орындайтын монологтарды өзiм жазамын.

– “Құдағидың” авторы өзiңiз болдыңыз ғой?

– Иә. Оның тарихы былай болған. Бiздiң ауылда Қанафия деген татар болды. Кiм тамақ берсе, соның жұмысын iстеп жүре беретiн. Бiздiң үйде времянка салатын болып бiраз жүрдi. Мен ол кезде тоғызыншы сыныпта оқимын. Сабақтан кейiн әкем менi Қанафияға көмектес деп қасына жiбередi. Тамағын әкеп берiп, лай тасып, оның қасында жүремiн. Тамағына қосып күнiне екi шыны шарап беремiз. Оны бермесең, iстемейдi. Мен әкемнен тығып тағы бiр шыны берiп қоямын. Өзi менi жақсы көредi. Басынан өткендерiн айтады. Қанафияның әңгiмесiн тыңдап жүрiп, менiң басымда комедиялық образ пайда болды. Бiрақ ол кезде әртiс болам, өнер қуам деген ой да жоқ, дос-жарандардың ортасында әзiл-қалжың ретiнде айтып жүрдiм. Кейiн тойларда айтатын болдым. Жұрт жылы қабылдаған соң, “Тамашаға” алып шығуды ойладым. Бiрақ Лұқпан Есенов: “Бұл национальный вопрос, татарларға тиiп кетедi” деп жаратпай жүрдi. 1989 жылы Арқалыққа Сейiт Кенжеахметовтiң 50 жылдығын тойлауға бардық. Ол кезде Арқалық – Торғай облысының орталығы. Делегацияны Рафаэль Жұмабаев бастап барды. Жер хабар айтпасын, Тоқсын марқұм сол жолы iшiп қойып, сахнаға шыға алмайтын болды да, Рафаэль Жұмабаев не iстерiн бiлмей, қатты састы. Маған ол кезде ешкiм актер екен деп қарамайтын, аяққа оралғы болып жүрген кезiм ғой. Мен жәймен “Менiң бiр монологым бар едi, мен шыға қояйын” деймiн. Сөйтсем, Рафаэль ағам “Қойшы-ей, айналайын” деп қолын бiр сiлтейдi. Бiр кезде Лұқпан Есенов ағам: “Бауыржанның бiр монологы бар, соны қосайық” дедi. Басқа амал қалмады. Сол кеште бiрiншi рет “Құдағи, бiр партияны” сахнаға алып шықтым. Көреременге ұнағаны сондай, қойным тола құшақ-құшақ гүл. Қойылым бiткен соң, Рафаэль Жұмабаев менi құшақтап сүйiп жүр: “Айналайын, мынандай өнерiң бар екенiн ертерек неге айтпадың?” дейдi. Лұқпан ұрсып жүр: “Мынандай монологты сен неге эфирге шығармай жүрсiң?” деп. “Не деген юмор!” дейдi тамсанып. Сол күнi кешке банкет болды. Сонда марқұм Ғафу Қайырбеков ағамыз: “Бұл монологтың юморы Чеховтың юморымен пара-пар” деп баға берген болатын.

Одан кейiн сахнаға “Катюшаны” алып шықтым. Оған дейiн оны Қанат Құдайбергеновтер орындап жүрдi ғой. Бiрақ әр актердiң орындауы әр түрлi. Осы екеуi – менiң “визитная карточкаларым”. Кейiн көрермендi күлдiре отырып жылату деген стилге көштiм. “Итпен сұхбат” солай шықты. Баласы тастап кеткен ақсақал туралы миниатюраны орындап тұрғанда, залдағы адамдардың әуелi күлiп, сосын жылап отырғанын естiп тұрасың.

“ҚУАНДЫҚ, ҰЛАНДАРЫМ МЕЙIРМАН, ТОҚСЫНДАРДАН КЕМ ДЕЙ АЛМАЙМЫН”

– Театрға кездейсоқ келдiм дегендей болдыңыз… Бұл қалай?

– Мен әлдебiреулер сияқты “туа салып, өнер қуатынымды бiлдiм” дей алмаймын. Бiрақ бойымда бiр өнердiң бар екендiгiн бiлетiнмiн. Мектепте КВН болсын, басқа ойын-сауық кештер болсын, үнемi ұйымдастыру шараларының ортасында жүретiнмiн. Сурет салуды да жақсы көрдiм. Соны арқаланып, Архитектуралық институтқа құжат тасырдым. Бiрақ оқуға түсе алмай, подкурсқа қабылдандым. Әлi есiмде, сонда оқып жүргенде, 1981 жылдың 11 наурызында, Алматыда “Студенттер көктемi “ фестивалi өттi. Сонда мен Мәдидiң “Қарқаралысын” айтып, сахнаға шықтым. Қазылар алқасында болған Консерваторияның оқытушылары менiң даусымды ұнатып, “Мына бала адасып жүр екен, Консерваторияда оқығысы келмей ме?” дептi. “Қашайын деген киiк едi, өзiне таяқ тиiп едi” демекшi, өзiм өнерге құмармын, жаңағы сөз қамшы болды да, Консерваторияға барып, даусымды тыңдаттым. Бiрақ менде ешқандай музыкалық бiлiм жоқ. Мұнда подкурспен қоса есептегенде жетi жыл оқуыма тура келетiн болды. “Ендi қайттiм” деп жүргенде, 1981 жылы 20 шiлдеде анам қайтыс болды да, ауылға кеттiм. Сол кеткеннен АСИ-ға қайтып оралмадым. Бiр жыл ауылда жүрiп, қой бақтым.

Содан бiр күнi “совхоз орталығына Шолпан Жандарбекова 60-жылдығын тойлауға келе жатыр екен. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” спектаклiн алып келе жатыр екен” деген хабар жеттi. Қойылымға мен де бардым. Сонда Шолпан апайымыз сахнада тұрып, “Мен осы елге келiн болам, егер осы елде өнер қуам деген қайныларым болса, келесi жылы Алматыға келсiн, оқуға түсуге көмектесемiн” дегенi бар емес пе! Мен сол жолы Шолпан Жандарбековамен танысып, келесi жылы Алматыдан бiр-ақ шықтым. Әкем бұрын өнерге баруыма қарсы болған, маған: “Құрылыста жұмыс iстейсiң, прораб боласың” дейтiн. Бiрақ шешем қайтыс болған соң, аяды ма, қалтама 300 сом салды да: “Осы жолы оқуыңа түсiп кетсең жақсы, түспесең ауылға келiп, қой бағасың” дедi. “Мақұл” дедiм. Оқуға түсiп, студент атанып келгенде әкем айран-асыр болды. Екiншi курста жүрiп “Тамашаға” iлiндiм. Ең бiрiншi рөлiм “Бухгалтер” болатын. “Тамашаға” келiп, бiрден жарқ ете қалдым дей алмаймын. Кiлең мэтрлердiң арасына келiп түскен соң, алғашында қиындау болды.

– Сөйтiп жүрiп “Бауыржан-шоуды” аштыңыз.

– 1991 жылы Мәскеуде эстрада әртiстерiнiң байқауына қатысып, лауреат болып келдiм. Сол сапар маған қатты әсер еттi. ГИТИС-тiң кафедра меңгерушiсi Йоаким Шарович, Константин Райкин сияқты кiсiлер Қазақстанда неге әзiл-сықақ театрын ашпасқа деген ақыл-кеңес қосты. Бiр ғана Мәскеудiң өзiнде сол кезде жиырмадан астам ойын-сауық отауы бар едi. Ал Қазақстанда бiрде-бiр әзiл-сықақ театры жоқ. “Тамаша” – ол кезде телехабар ғана. Содан кейiн бiр жыл ойланып-толғанып, 1992 жылы 16 желтоқсанда әзiл-сықақ театрын ашып, заңды түрде тiркеттiм. Алғашқы бағдарламамыз 1993 жылы шықты.

– Қазiр театрыңызда қанша адам бар?

– 12 адам. Бақыт, Алмат, Ұлан, Әбеке, Қуандық, Нұрбектер – осы театр құрылған алғашқы күннен берi келе жатқан әртiстер. Қарагөз бiр жылдан кейiн келiп қосылды. Самал, Мәлiктер кейiн келдi. Ал негiзгi құрам он төрт жыл бойы бiрге келе жатқан жiгiттер. “Нұр-Мұқасан”, “Орда” топтары бiзден шықты. Осы жерден танылды, батамызды берiп шығарып салдық Одан кейiн Жанатбек пен Сәбит екеуi бөлiнiп кеттi. Ұландар “Терiсқақпайға” өтiп кетсе де, кейде өзi сұранып бiзге қатысады, кейде өзiмiз шақырып аламыз.

– “Тамашадан” басталған керуен ғой: “Бауыржан-шоу”, “Күлкi керуенi”, “Терiсқақпай”, “Шаншар”…

– Соңы мынау кеше ғана ашылған “Аққу-Гәккулер”.

– Бiрақ осы театрлардың репертуарлары көбiне бiр-бiрiне ұқсас сияқты. Әсiресе, тақырып таңдау жағы…

– Ел бiреу, осы елдiң проблемалары бәрiмiзге белгiлi. Сондықтан репертуарлардың бiр-бiрiне ұқсап жататыны шын. Оның үстiне жаңа айтып өткенiмдей, бiз бiр миниатюрадан кейде он миниатюра шығармыз. Ал Мәскеудiң сатириктерiнiң қиналмайтыны – оларға бүкiл ТМД елдерiнен авторлар жазады. Сондай-ақ олардың аудиториясы көп. Мәскеудiң өзiн аралап шығу үшiн бiр жыл уақыт керек. Ал бiз Қарағанды облысына бiр рет гастрольге шықсақ, келесi жылға дейiн қайтып бара алмаймыз. Оның үстiне бiзден кейiн басқа театрлар гасртольге шықса. Қайта бiзге шыдап жүрген қазақ көрермендерiне рахмет айту керек!

– Тақырып мәселесiн айтқанда, көбiне әзiл-сықақ театрларының қойылымдары тұрмыстың түйткiлдерiнен аса алмай жүргендей көрiнедi. Кейде сахнадан тұрпайы қалжың да естiп қаламыз.

– Ондай-ондай болып тұрады. Мен актерлерге қайта-қайта айтамын: “Анайы сөзге құмар болмаңдар” деп. Бiрақ кейде қойылым үстiнде аңдамай айтылып қалып жатады. Шын мәнiнде, өмiрде бар нәрсенi сахнада тек ишарамен айтып жеткiзуге болады ғой.

– Марқұм Мейiрман, Тоқсын сияқты мэтрлерге қазiргi әртiстердiң ойыны жетпей қалып жататыны несi?

– “Келiннiң бетiн кiм ашса, сол ыстық” дейдi. Ол кiсiлер бастаудың басында тұрғандар. Ал қазiр кiм көрiнген әртiс болып кеттi. Бiрақ мен Қуандық, Ұландарым Мейiрман, Тоқсындардан кем дей алмаймын.

“СИЫР ДЕГЕН ПАЙДАЛЫ МАЛ ЕКЕН ҒОЙ ДЕП ОЙЛАДЫМ”

– Театрдан тыс iстерiңiз жеткiлiктi көрiнедi. Сiздi қазiргi заманның фермерi деп естiдiк?

– Мен туралы кейде “дүние қуып кеттi” деп жатады. Егер қолымнан iс келiп тұрса, жұмыс көзiн ашып, адамдарға кәсiп тауып берiп отырсам, оның несi айып? Алматы облысынның Іле ауданынан марқұм Заманбек Нұрқадiлов әкiм болып тұрған кезде жер алып, он шақты жылқы өсiрiп, ферма ашқанмын. Ол кезде заманның қиын кезi, ауыл шарушылығына қажеттi мамандар жетiспейдi, өз ауылымнан адам тарттым. Әуелi жылқымен айналыстық. Бiр күнi шаруашылықты басқарып жүрген жiгiт: “Бәке, маған он сиыр әперсеңiз, айлыққа ақша сұрамас едiм” дедi. Содан “Ақсай” асыл тұқымды шарушылығынан барып швед тұқымды он жетi құнажын сатып алдық. Содан кейiн анда-санда барғанда, ол маған “бензинiңiзге” деп ақша беретiн болды. Сосын ойладым, сиыр деген пайдалы мал екен ғой деп. Үкiметтен асыл тұқымды мал өсiруге дотация бөлiне бастады. Польшадан, Россиядан мал әкелдiм, Шымкенттен, Қостанайдан алдырдым. Қазiр 300 бас сиырымыз бар. Қостанайда бiр фермамыз бар. Іле ауданында екi ферма: бiреуi – мал, екiншiсiнде – сүт өндiрiледi. Өткенде Голландияға барып келдiм, 200 бас қана мал ұстаған жерде сүт, йогурт, сыр шығарып жатыр. Бiз де сүт шығаратын зауыт қойып, оны келесi жылдың көктемiне қарай өндiрiске қосамыз ба деп отырмыз.

Менiң тағы бiр идеям – тауар өндiрушi мен тұтынушыны жолықтыру. Мысалы, мал сатушы мен базарда ет алушының арасында қаншама делдалдар жүр? Олардан құтылу үшiн әр ауданда жәрмеңке ашу керек. Оған әркiм өз тауарын алып келiп сататын болады. Бұл сатушыға да пайдалы, сатып алушыға да пайдалы. Осы жобамыз құптау тапса, келесi жылы оған да кiрiскелi отырмыз.

“ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫҢДЫ ӨЗДЕРIҢ ЖАСАҢДАР” ДЕДIМ”

– Отбасыңыз туралы бiр ауыз сөз. “Бауыржан-шоуды” бiр балаңызға мұраға қалдыру ойыңызда бар ма?

– Екi ұл, бiр қызым бар. Үлкен ұл – Қазақ-Британ университетiнiң 2-курсында оқиды. Қызым – Қазақ-Американ университетiнiң жанындағы мектептiң жетiншi сыныбында оқиды. Ал кенже ұлым – Күләш Байсейiтова атындағы музыка мектебiнде фортепьяно сыныбында. Келiншегiм – Өнер академиясында сабақ бередi. Балаларымның iшiнде кенже ұлым өнерге жақын сияқты. Бiрақ мен олардың бәрiне “өмiрдегi өз таңдауларыңды өздерiң жасаңдар” дедiм.

Әңгiмелескен Гүлбиғаш ОМАРОВА.

Серіктес жаңалықтары