Ғалым Байназаров: БIЗДЕГI БАНКТЕР БАС-АЯҒЫ 5-6 АДАМНЫҢ ҒАНА ИЕЛIГIНДЕ

Ғалым Байназаров: БIЗДЕГI БАНКТЕР БАС-АЯҒЫ 5-6 АДАМНЫҢ ҒАНА ИЕЛIГIНДЕ

Ғалым Байназаров: БIЗДЕГI БАНКТЕР БАС-АЯҒЫ 5-6 АДАМНЫҢ ҒАНА ИЕЛIГIНДЕ
ашық дереккөзі
325

Ұлттық банктiң ең алғашқы төрағасы Ғалым Байназаровты Қазақстандағы тәжiрбиесi мол, қазақы қаржыгерлердiң бiрегейi десе де болады. Теңгенiң тұсауын ең алғашқы болып кескен банкир Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты ретiнде де қызмет атқарды.

Ғалым Байназаровтың қазiргi қаржы рыногi жайлы ойлары өте құнды. Банктердiң жағдайын, Ұлттық банктiң қазiргi күнi жүргiзiп отырған қаржы саясатын сырт көз ретiнде объективтi бағалайды.

Белгiлi қаржыгермен экономикамыздағы негiзгi түйiткiлдер мен қаржы саясатының қауырт тұстарын қаузаған әңгiмелерi бүгiнгi сұхбатымызға арқау болған едi!

"ЭКС-БАС БАНКИР РЕТIНДЕ МЕН ТЕҢГЕДЕГI ҚАТЕГЕ ҚАТТЫ ҚЫНЖЫЛДЫМ"

– Ғалым аға, Сiз бұған дейiн Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты болдыңыз ғой. Ал қазiр өзге қызметте жүрiп, депутаттық кезiңiзге сағыныш сезiмi туындап тұрмай ма?

– Халық қалаулысы болу оңай шаруа емес. Мен Парламентте шақырылымның толық кезеңiнде емес, Б.Әбiлов кеткеннен кейiн ғана соның орнына үш жылдай iстедiм. Депутат болып жүрген кезiмде ойда жүрген мәселелердi көтерiп, соның көбiсi заң жүзiнде қабылданды. Ол кездегi жұмыстарымды қанағаттандырарлық сезiммен еске аламын. Сондықтан, депутаттық кезең жақсы қорытындыланды деп ойлаймын. Ойға алған нәрселерiмнiң бәрiн орындап шықтым деп айта алмаймын. Алайда, сол кездегi Парламенттiң мүмкiндiгiн ескерсек, қолымыздан келгенiнше бiрталай шаруалар тындырылған секiлдi.

– Сауалымызды сiздiң кәсiби салаңызға бұрайық. Өткенде, жаңа теңгеде қате кеттi. Одан өрбiген шуды бiлесiз. Ұлттық Банктiң алғашқы басшысы болдыңыз. Теңгенiң тұсауын да ең бiрiншi болып кескен адамсыз. Экс – бас банкир ретiнде теңгедегi қатенi қалай қабылдадыңыз? "Ұлттық банктiң негiзгi мiндетi ақша шығару емес" деп құтылғысы келгендердiң әрекетi дұрыс па?

– Жаңадан басылған теңгеде қатенiң кеткенi өте қынжылтарлық нәрсе. Осы банктiң бұрынғы басшысы ретiнде бұған мен де қиналамын. Ұлттық банк шындығында да ең алдымен ақша саясатына жауап бередi. Өйткенi, бiздiң Конституцияда солай деп көрсетiлген. Бiрақ, ақша, банкнот шығару да Ұлттық банктiң мiндетi. Сондықтан, ол мiндеттен жалтаруы тиiс емес едi. Бұл жауапкершiлiгi үлкен мәселе. Банк басшыларының жауапкершiлiктен қашқанын қолдай алмаймын.

– Егер дәл осындай қате банктi Сiз басқарып отырған кезде орын алса, не iстер едiңiз?

– Бiз мұндай өрескел қателiктi жiбермес едiк. Өйткенi, мен қазақ мектебiн бiтiрген адаммын. Қазақ тiлiн бiр адамдай бiлемiн. Мұндай қателiк, құдайға шүкiр, менiң қызмет iстеп тұрған кезiмде кеткен жоқ. Олай болуы тиiс емес те едi. Ал қазiргi басшыларға айтар ағалық ақылым: "Ақша шығару мiндетiмiз емес" деп сөзбұйдаға салмай-ақ, халықтың алдында кешiрiм сұрау керек едi. Ең болмаса, депутаттар алдында кешiрiм сұрасын. Егер де, "Азаматтар қателiк кеттi. Кателеспейтiн адам жоқ. Бiз ол қателiктi жойдық" деп айтатын болса, әлi де кеш емес.

– Теңге Сiздiң кезiңiзде қазақ тiлiнде ғана шықты. Қазiр екi тiлде басылуда. Бiзде мемлекекеттiк тiл қазақ тiлi бола тұра, осылайша екi тiлде ақша басу ақылға сыйымсыздау болып көрiнбей ме?

– Бiздiң кезiмiзде де осы мәселе көтерiлген. Бiрақ, бұл алғашқы теңге болғандықтан бiз қазақша ғана шығару керек деген пiкiрiмiздi айттық. Әрине, теңгенiң ауысып, оның дизайнының өзгеретiнiн бiлдiк. Басқа валюталарға баламасының ауысатынын да сездiк. Өйткенi, бiз теңгенi құнсызданудың, инфляцияның қайнап тұрған кезiнде енгiздiк қой. Ең алдымен инфляцияны жеңу алға қойылған. Ол кезде тұтыну тауарлары елу есеге қымбаттап кеттi. 1991-1993 жылдары инфляцияның жиынтық қоспасы 5 мыңнан асып кетiп, 6 мыңға жеттi. Жағдай қиын едi. Соған қарамастан, бiрiншi теңге болғандықтан, өз ана тiлiмiзде шығуына күш салдық. Елбасы да бiздi қолдады. Бiз қазiр дүние жүзiнiң елдерiмен жұмыс iстесiп, сауда қатынастарын түзiп жатқан елмiз. Талай елдерде де болып жүрмiз. Ол елдерде тiлдерiн бiлмей-ақ, төл валюталарын тұтына беремiз. Өйткенi, сандық тұрғыдан көрсетiлген номинал¬дары бар. Бiрақ, қазiргi жаңа валютаның қос тiлде шығуының өзi заңдастырылған мәселе. Жалпы, қазақ мемлекетi екендiгiмiздi ескерiп, қазақ ұлтының тұрғысынан қарасақ, әрине, екi тiлде бәлкiм ақша шығарудың қажетi де жоқ шығар. Қазiр қазақ тiлiн бiлмейтiн өзге ұлт азаматтары да қазақша үйренiп, сөйлей бастады. Бұл да бiраз жайттан хабар берсе керек.

– Бiздiң қаржы, банк саласында қазақтiлдi, ұлтжанды азаматтар аз болып көрiнедi. Жоқ әлде, мен қателесем бе?

– Шынымды айтсам, мен бұл пiкiрге қосыла алмаймын. Мысалды өз балаларымнан айтсам. Балаларымның бәрi қалада туылды. Көшенiң тiлi болса, орысша. Ал бiз ауылда өскен, қазақ мектебiн бiтiрген адамдармыз. Алайда, бүкiл саналы өмiрiм банк саласында өттi. Банктiң тiлi орысша болды. КСРО-ның Мемлекеттiк банкiнiң бүкiл республикадағы, облыс, аудандағы бөлiмшелерiнiң тiлi орысша едi. Мен Қостанай облысының Жангелдин ауданында жетi жыл қызмет атқарып, соның бес жылында банк басшысы болдым. Жангелдин ауданы ескi Торғай өңiрi ғой. Онда қазақ тiлiнiң мерейi патша өкiметiнiң тұсында да, Кеңес кезеңiнде де жоғары болатын. Бiздiң аудандағы бүкiл мекемелердiң iс-қағаздары қазақ тiлiнде жүргiзiлсе, жалғыз банктiң iс- қағаздарының тiлi ғана орысша едi. Өйткенi, заман солай болды.

Ал қазiр басқаша. Жұмыс iстейтiн орным – Парламент Мәжiлiсiндегi Төрағаның атына келетiн iс-қағаздарының елу пайыздан көбiсi қазақ тiлiнде болады.

Негiзi, тек банк жүйесiнде ғана емес, билiктiң басқа да тармақтарында қазақша еркiн жазып, таза сөйлейтiн адамдар аз. Бiрақ, соған қарап, бұлар патриот емес, қазақ исi шықпайды деп айтуға болмайды. Мәселен, Арқалықта қазақ бақшасының да, мектебiнiң де болмауының салдарынан менiң балаларым орыс мектебiнде оқыды. Бiрақ, үйде өз тiлiмiзде сөйлеймiз. Үш баламның үшеуi де қазақ тiлiн жақсы бiледi. Тiптi, кейбiр мәселелерде менiмен ұлттық мәселе, мемлекеттiк намыс жөнiнде пiкiр таластырады.

Тiлдi өте жетiк бiлмегенiмен, жастарымыздың қазақы санасы қалыптасқан. Қазақы намысы бар. Банк саласында жұмыс iстеп жүрген 20-30 жас аралығындағы жастардың бойында да осы қасиет бар деп айта алар едiм.

Түбiнде тiл өз үстемдiгiн құрады. Барлық мәселе iс-қағаздарынан басталады. Осы билiктегiлер тiлдi бiлсе, сонда ғана тiл өз орнына көтерiледi. Ертең латын әлiпбиiне көшсек, қазақ тiлiнiң өз рөлiн иеленуiне жақсы жағдай туады. Өкiнiшке орай, тiптi бiздiң жасымыздағы адамдардың өзiнен осы орыс тiлiнен айрылғысы келмейтiн көңiл -күй ауанын байқап жүремiн…

Мен тағы бiр мәселенi айтайын. Осы уақытқа дейiн жария еткен жоқ едiм. 1992 жылы Ұлттық банкке басшы болып келгенiмде, онда қазақ ұлтының өкiлдерi аса қат едi. Маған дейiн ешбiр қазақ банк басқармаған. Бiр адам ғана болған. Алайда, ол да кетiп қалыпты. Содан, қызметке кiрiскен бойда қазақтың қыз-жiгiттерiн банк iсiне тарта бастадық. Оның алдында қаржы iсiмiз орталықтан басқарылды емес пе? Есеп айырысу құралымыз да сол жақтың өлшемiмен өлшенген. Бұл үлкен қауiп төндiретiн нәрсе едi. Мысалы, өзге ұлттың мамандары елден кетiп жатты. Ол адамдар кетiп қана қоймай, бiраз мәселенi шешiп кеткiсi де келедi. Ал мәселелерi бiздiң елiмiзге керi әсер ететiндей сипатта едi. Осыған байланысты, банк жүйесiне қазақтарды көптеп тарту мәселесi алға шықты. Облыстардағы бөлiмдердiң барлығының дерлiк басшылығына қазақ ұлтының өкiлдерiн тағайындадық. Соның арқасында бiраз нәрсенi сақтап қалдым деп те ойлаймын.

"ҰЛТТЫҚ БАНК ИНФЛЯЦИЯ ДЕҢГЕЙIН ЖАСАНДЫ ТҮРДЕ АЗАЙТЫП КӨРСЕТЕДI"

– Ұлттық банк қаржы- несие саясатын тиiстi дәрежеде жүргiзуге шамасы келмей жатыр деп айтуға бола ма? Теңгенiң курсын дұрыс ұстай алмай отыр. Инфляция белгiленген дәрежеден асып кетуде…

– Ұлтық банк өзiнiң мiндетiн дұрыстап орындамай отыр дей алмаймын. Жаңа айтқанымдай, бiз теңгенi ендi енгiзген жылдары инфляция деңгейi өте жоғары едi, ал қазiр болса, оның деңгейiн бiр-ақ санмен көрсетедi. Ұлттық банкте жақсы мамандар пайда бола бастады. Шетелдiң банктерiмен тәжiрбие алмасып жатыр. Оның сыртында ұлттық банк әр елдiң орталық, ұлттық банктерiмен тұрақты түрде байланыс орнатты. Мен банктi басқарып тұрған кезде АҚШ- тың федералды резерв жүйесi мен Англияның, Бельгия, Францияның орталық банктерiмен корреспонденттiк қарым- қатынастар орнатылған едi. Олар өз мамандарын жiберiп, бiзге көмектестi. Қазiр де Ұлттық банк, халықарлық тәжiрбиенi пайданып, жұмыс iстеуде. Жалғыз ғана Сәйденов емес, оның ту сыртында шетелде оқып қайтқан жастар бар. Әрине, кейде ауытқушылықтар болып тұрады. Бұл өтпелi кезеңнiң экономикасына қатысты дүниелер. Кейде, саясат үшiн өз көрсеткiштерiн азайтып та көрсетiп жатады. Менiң Астана қаласында тұрып жатқаныма бiраз жыл болды. Үйде жұмсай қоятын кiшкентай бала болмағандықтан, ас-су әкелуге жұбайым екеумiз шығамыз. Сонда құнсыздану фактiлерi көзге көрiнiп тұрады. Мәселен, Астанада бiр келi еттiң бағасы 600-700 теңге. Бұдан екi жыл бұрын қандай едi? Яғни, арадағы ара-қатынас бiрнеше есемен есептеледi.

– Кейбiр елдер инфляцияның құнын өз өндiрiстерiн сүйемелдеу үшiн қажеттi стимул ретiнде пайдаланады екен. Мәселен, Израиль…

– Бiздiң елде экономика, қаржыға сараптама жасайтын үлкен қаржы орталықтары бар. Қазiр мiне, 2007 жылға арналған республикалық бюджеттiң жобасын алып отырмыз. Онда келесi жылы инфляция 5-8 пайыз аралығын құрайды деп көрсетiлген. Бұл жеке тауарлардың ғана бағасына байланысты емес, бiздiң мемлекетiмiздiң көлемiндегi ортақ көрсеткiш. Ендi осы көрсеткiштi Ұлттық банк пен Үкiмет ұстап тұра алса, өте жақсы болар едi…

– Бiрақ бiзде Ұлттық банк пен Үкiметтiң экономикалық көрсеткiштердi бағалауында бiраз айырмашылықтар байқалып қалады. Екi түрлi сандар, болжамдар жүредi. Ауызбiршiлiк жоқ. Әрқайсысы көрпенi өз жағына тартатын секiлдi…

– Өйткенi, бұлардың табиғаты әртүрлi. Солай жаралған. Үкiметке қашанда қаражат жетiспей жатса, Ұлттық банк қаражатты өзi межелеген мерзiмнен көп шығарғысы келмейдi. Себебi, валюта құнсызданып кетуi мүмкiн. Бұлардың арасында үлкен ортақ ұстаным, мүдде болуы керек. Бiздегi валюта құнсыздануының екi себебi бар: Бiрiншiсi, монетарлық жағдай – тiкелей Ұлттық банктiң жұмысына байланысты. Екiншi жағы: монетарлық емес жағдай – Үкiметке қатысты. Осы екi мәселеге келгенде екi орган екi жаққа айырылады. Ұлттық банк: "Мен өз жағымнан бәрiн жасадым. Бiрақ, Үкiмет дұрыс жұмыс iстемей отыр" деуi мүмкiн, не болмаса, Үкiмет "Мен өз мiндетiмдi орындадым. Ұлттық банк айналымға шығып жатқан қаржыға тоқтау сала алмай жатыр" деген мәселенi қаузайды. Менiңше, екi органның үстiнен қарайтын бiр жүйе құру керек. АҚШ-та сондай федералды резерв жүйесi бар. Бiздiң Ұлттық банк Президенттен басқа ешкiмге бағынбайды. Ал Елбасының жұмыс тәртiбi белгiлi. Күнде – күнде банктi қадағалап отыруға ол кiсiнiң уақыты жетпейдi. Құнсыздану болса, сағат, минут сайын жүрiп жатқан процесс. Сондықтан, ай сайын немесе әр тоқсан сайын Ұлттық банк пен Үкiметтiң есебiн тыңдайтын комиссия керек. Сiздiң айтқаныңыз дұрыс. Кейбiр мәселелерде Ұлттық банк пен Үкiмет арасында көп қайшылықтар көрiнiп қалады.

– Бiздiң банктерге деген шетелдiк қаржы ұйымдарының сенiмiн қалай бағалар едiңiз? Мәселен, банктер қарыз алғанда, оларға тек жиынтық несиесiн (синдицированный кредит) бередi. Бiздiң банктер шетелдiк банктердiң сенiмiн толық иелене қойған жоқ деп айтуға бола ма?

– Жоқ, олай айта алмаймын. Елдегi отыз шақты банкке қазiр халықаралық төрт аудиторлық компания сараптама жасайды. Сараптама жасамас бұрын рейтинг түзетiн халықаралық агенттiктердiң мәлiметтерiне сүйенедi. Елдегi 34 банктiң онының рейтингiсi өте үлкен. Күнi кеше ғана, АТФ банк 550 млн. АҚШ долларына сай қарыз алды. Бұл сенiмнiң көрсеткiшi. 550 млн.доллар аз ақша емес қой. Ал жиынтық несиесiн беруi саяси қауiп туындай ма деген қорқыныштың әсерiнен болуы мүмкiн. Өйткенi, несиенi бермес бұрын сол елдiң рейтингiсiне қарайды. Банктiң өзiнiң рейтингiсi де мiндеттi түрде есепке алынады. Бұл банктер елдiң импорт -экспорт операцияларына қызмет iстейтiн банктер. Үлкен-үлкен шетелдiк банктермен корреспонденттiк байланыста болады. Бiздiң банктер мен олардың арасында ақпарат алмасу, баланс, аудиторлық сараптамалар жүредi. Яғни, iс жүзiнде бұлардың арасында сенiм бар. Қазiр шетелден келiп жатқан жиынтық несиенi қысқарту деген мәселе шықты бiздiң алдымыздан. Қаржы ұйымдарын бақылайтын агенттiк осы мәселенi көтерiп, тиiстi жұмыстар жүргiзуде.

– Бұл сауалды қойып отырған себебiм: жақында "Валют Транзит Банкке" келген инвестор Стивен Джонсон, iске кiрiспес бұрын банктiң шотын жауып тастады. "Банктiң бұрынғы акционерлерi ақшаны жымқырмас үшiн сөйттiм" дедi ол. Ешбiр елде мұндай мысал кездеспейтiн секiлдi едi…

– Дұрыс. Мен ол инвесторды түсiнемiн. "Валют Транзит Банктiң" жағдайын бiз жақсы бiлемiз. Несиелiк жағдайы нашарлаған. Алайда, бұл арадағы мысалдан инвестор бүкiл Қазақстанның банк жүйесiне сенбейдi деп айтуға болмайды. Келген инвестор ол жеке инвестор. Кiм өзi қалтасынан шығарған ақшасын шашып жiбередi. Сондықтан, оның солай айтуға толық құқысы бар. Мыңдаған адамдардың ақшасы жатыр сол банкте. Оның iшiнде өзiмiздiң қазақтар да бар. Жаңадан келген инвестордың дәл солай әрекетке барғаны дұрыс.

– Бiздiң банктерге деген сенiмсiздiктi мына жағынан да көруге болатын сияқты. Қазақстанда он бес жылдан берi жұмыс iстейтiн iрi инвесторлар бiздiң банктердiң қызметiн пайдаланбайды. Мәселен, "Теңiзшевройлдағы" Қазкоммерцбанктiң бөлiмшесi күнi кеше ғана ашылды. "Қазақмыс" кенiштерiндегi Тұран Әлем Банкiнiң бөлiмшесi де екi ай ғана бұрын ашылды. Ал кәсiпорындар болса, бiздiң елде қаншама жылдардан берi iстеп келедi…

Ендi банктiң қарыз алуына келейiк. Банктердiң қарыздары күннен күнге артып жатыр. Бiрақ, қарызға алған ақшаларын өзге елдердiң рыногiне салады. Мәселен, БТА ақшаны Абхазияға салды. Ендi Абхазияның ахуалының қандай екенiн бiлесiз ғой. Ыстық нүктеге айналғалы тұр. Ол ақшаны неге өзiмiздiң елге салмасқа?

– Бұл ендi қаржылық тұрғыдан қарағанда дұрыс нәрсе. Қаржы деген шекараны бiлмейтiн дүние ғой. Қай жерден пайда келсе, сол жаққа қарай, шекараны аттап өтiп, жүре бередi. Себебi, ақша иелерi жеке тұлғалар, әрi олар өте ауқатты. Қазақстанда қалтасына түсетiн ақшаны жоғалтатындай жағдай туса, бiрден шетке шығарып жiбередi. Ал қазiргi нақты жағдайға келсек, әрине, қаржы салатын сала Қазақстанда да баршылық. Бiр ғана ауыл мәселесiнiң өзi неге тұрады? Әрине, Үкiмет тарапынан, бюджеттен бiрнеше еселенiп, миллиардтаған ақша ауыл шаруашылығының қажеттiлiгiне жұмсалып жатады.

Бұрынғы түгесi кеткен шаруашылықтарды, инфрақұрылымды қалпына келтiруге ақша бағытталады. Ақша ауыз су, мектептер салу, ауруханалар салумен-ақ кетедi. Бiрақ, қазiр бюджетке қарап, алақан жайып отыруға болмайды. Ауылдың тiршiлiгiн дұрыстау үшiн өнеркәсiп, кiшiгiрiм объектiлер құру керек. Егер жаңадан келген банк инвесторы осының бәрiн ескере отырып, банктiң жұмысын жақсартуға күш салып жатса, онда бiз оны қолдауымыз керек. Шаруашылықтарға, халыққа қызмет көрсететiн мекемелер болуы тиiс. Бiрақ, оның саны қазiр аз. Соларды салуға болады ма? Болады. Алайда, үлкен банк иелерiмен сөйлесесеңiз, ол жерге ақша салатын болсам, жоғалтуым мүмкiн дейдi.

"БАНКТЕР АҚШАНЫ АУЫЛҒА БАҒЫТТАУЫ КЕРЕК"

– Бiздiң банктер қарапайым адамдардан гөрi, корпоративтi клиенттермен жұмыс iстегендi тәуiр көредi…

– Бiзде халық шаруашылығы банкiн неге құрмаймыз? Үкiмет соның акционерi болса тәуiр болар едi. Кооперативтi банк ашу керек. Бiз көп жылдар бойы нарық бәрiн өзi реттейдi деп келдiк. Бiрақ, нарық бәрiн реттемейдi. Реттей алмайды. Үкiмет нарықтың әлсiз тұстарын өз қолына алып реттеуi тиiс. Қазiр елдегi негiзгi халық қазақтар. Олардың тұрғылықты жерi ауылдар. Бiз соларға жанашыр болып, үлкен -үлкен банктер ашуымыз керек. Билiктiң күшiмен сол банктердi ауылға апару қажет. Барғысы келе ме, жоқ па, оған қарамау керек. Мүмкiн, ол банк алғашқы жылдары аса үлкен пайда таппас. Бiрақ, негiзгi пайда кейiннен келедi. Ертеңгi күнi мұнай да, газ да таусылады. Сосын, бiз түк iстей алмай отыра бермеймiз ғой. Халықты асырау керек. Сол мәселенiң шешiмiн тапқанда ғана, елде жоспарланған миграция болады. Қалада ешкiм қаңғырып жүрмейдi. Өзiнiң тұрақты жұмысы, iшер асы, киер киiмi болады. Қазiргi бiздiң мемлекеттiк статистика бойынша айтылып жүрген сандарға күмәнданамын. Ауылдағы адамдардың жартысы баяғыда-ақ қалаларға кетiп қалған. Жұмыссыздық мәселесi де сондай. Ауылды да, қаланы да бiр-ақ көрсетiшпен жылы жауып қоя салады. Бұл дұрыс емес. Бiз мәселеге дұрыс көңiл салып, көзiмiздi ашып қарасақ, өзге жайттарды көремiз. Осындай жағдайда, Үкiмет, билiк өзi күштеп, күшiн пайдаланып, халыққа ақша ағысын бағыттау керек. Ауылға қарай. Оны күшпен iстемесе болмайды. Мәселен, Ресейде, сондай банк тұр. Халықтың соған рахметiнен басқа айтары жоқ. Ресейдiң ауылдық мекендерi бiздiң ауылдық мекендерден әлдеқайда iлгерiлеп кеткен. Осының бәрi тегiннен тегiн емес, сол Үкiметтiң әсерiнен болып отырған дүние.

– Қазақстандағы банктердiң жабықтығын қалай бағалайсыз? Ашықтық жайлы меморандумға бар-жоғы 16 банк қосылды. Банк құрылымына келетiн шетелдiк инвесторлар, дәлiрегiнде жақында ғана Қазақстанның белгiлi бiр банкiн тастап шықан австриялық "Раффейзен" банкiнiң өкiлдерi: "Қазақстанда жұмыс iстеу қиын. Тура жолдан айналып өтуге тура келедi. Ашық жұмыс iстеуге мүмкiндiк жоқ" дейдi.

– Бұл ендi экономикаға тән кемшiлiк. Әрi тек банк жүйесiнде ғана емес, өзге де мекемелерде орын алып отыр. Өйткенi, корпоративтi басқару әдiстерi қалыптаспаған. Неге бiздiң қор биржасы дұрыс iстемейдi? Себебi, бұл жерде де сол өзiң айтқандай, ашықтық жоқ. Корпоративтi әдiстiң қолданылмайтыны – бiздегi банктердiң иелерi санаулы, бiрнеше ғана адам. Бәлкiм, 5,6,7, көп болса, 10 адамдай. Солар билiктi өз қолдарынан шығарғысы келмейдi. Олар онсыз да бай. Бүкiл ғұмырына, бала- шағасына, үрiм- бүтағына жететiн капиталды жинап алған. Бұл бiздiң нарықты жаңа бастап жатқан мемлекет ретiндегi балалық аурудың салдары. Бiздiң өсуiмiзге, қаржы нарығының ырықтанып тұруына керi әсерiн тигiзiп отырған жайт бұл. Президент, Үкiмет, Қаржы ұйымдарын қадағалау Агенттiгi қарап отырған жоқ. Жұмыс iстеуде. Бiрақ, әлi қолдарынан келмей жатыр. Неге десеңiз, мүлкi иесiнiң құқығымен бұл тығыз байланысты нәрсе. Мүлiктiң иелерi бiзде Конституциямен қорғалған.

Дегенмен, банк жүйесiндегi корпоративтi басқару өзге салалармен салыстырғанда бiршама алда келедi. Өйткенi, банк жүйесi дүние жүзiнiң банк жүйесiмен тығыз байланыста. Ол жүйеге кiру үшiн, осы мiндеттер, осы талап-тiлектер қатты сақталады. Әйтпесе, оларға несие берiлмейдi ғой. Мәселен, АТФ банкке несие бергенде, ресми түрде жүргiзiлетiн тексерудiң сыртында бейресми тексерулер болады. Банкте тазалық болмаса, несие босатылмайды. Осы мәселенiң бәрi де банктi алға қарай жүруге, ашық болуға итермелейдi.

Қазiргi шетелдiк кәсiпорындардың бiздiң банктерiмен емес, өз банктерiмен жұмыс iстейтiнiн де түсiнуге болар. Өйткенi, олар жағдайды жақсырақ бiледi ғой. Бәлкiм, бұл бiртiндеп кейiннен түзiлер. Бiзге бiртiндеп, шетелдiң iрi банктерi акционер ретiнде қосылып жатыр. Алманияның банкi бар. Франция банкiнiң осында келуге ойы кетiп жүр. Олар келiп, бiздiң төл акционерлермен қосылып, банктердiң құрамына кiрсе, ашықтық, мөлдiрлiк содан басталатын шығар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлнәр МҰҚАНОВА

Серіктес жаңалықтары