Биро Андраш: “ҚАЗАҚ КҮРЕСIН ЕУРОПАҒА ТАРАТАМЫН”
Биро Андраш: “ҚАЗАҚ КҮРЕСIН ЕУРОПАҒА ТАРАТАМЫН”
Осыдан екi ай бұрын газетiмiзге сұхбат берген «Кумания» кун-қыпшақ орталығының мәдени бөлiмiн және Еуропадағы қазақ күрес федерациясының вице-президентi қызметiн атқаратын Оңайша Мондоки қараша айында Алматыда әлем бiрiншiлiгiнен өтетiн қазақ күресiне спортшылар әкелемiз деген-дi. Осы айтулы күн жақындағаннан-ақ Оңайша апайға телефон соғып, қазақ күресi тамырының кеңге жайылуына атсалысып жүрген азаматтармен тiлдесудi өтiндiм. Осы орталықтың спорт бөлiмiнде жаттықтырушы сондай-ақ, антрополог, биолог-гуман Биро Андраш мырза спортпен айналысып қана қоймай, қазақтың өмiрiн аса құштарлықпен зерттеп, түкпiр-түкпiрiн тынбай шарлаған ағасы Иштван Қоңыр Мондоки секiлдi қазақ пен мажардың шығу тегiн, туысқандық, ұқсастық белгiлерiн зерттеп жүр екен. Бүгiнгi сұхбатқа осы және қазақ күресiне қатысты жәйттер арқау болды.
– Бала кезiмнен спортқа әуес болып өстiм. Әу баста дзюдомен айналысып, талай жарыстар мен чемпионатта жүлдеге ие болдым. Мәселен, 1988 жылы жастардың Францияда, 1990 жылы Италияда өткен Еуропаның олимпиадаларында да жеңiске жетiп, Мажарстанның 7 рет чемпионы атандым. Негiзi қазақ күресi дзюдоға өте ұқсас. Сондықтан да қазақ күресiнiң әдiс-тәсiлдерiн үйренуге қызығушылығым соңғы бiр-екi жылда арта түстi. Қазiр Мажарстандағы «Кумания» кун-қыпшақ орталығының спорт бөлiмiнде қазақ күресiнен жаттықтырушымын. Бұл орталықты басқаратын Лад Васло Лашын мырза мен мәдени бөлiмiнiң меңгерушiсi, сондай-ақ Еуропадағы қазақ күресiнiң вице-президентi Оңайша Мондокимен танысқалы берi, қазақ күресiн үйренiп, оны Еуропаға таратуға бел буып кiрiстiм.
– Сiз қазақ күресiнен өткен әлем бiрiншiлiгiне қанша спортшы дайындап әкелдiңiз?
– 4 спортшы алып келдiм. Оның төртеуi де бiрнеше рет Мажарстанда чемпион атанған. Бiреуi жастардың Еуропалық чемпионатында үшiншi орын алды, ал қалғандары осы сынды ұлтаралық жарыстардан құралақан оралған жоқ. Әрқайсысы да ұлттық спортымыздың бетке ұстарлары. Алайда, бiз осы кезге дейiн тек дзюдомен ғана шұғылданып келгендiктен де, тәжiрибемiз әлi жеткiлiксiз. Бiздiң спортшылардың белдесу бойынша Қазақстанға жолы бiрiншi рет түсiп отыр. Бұдан былай қазақ күресiнiң небiр айла, әдiс-тәсiлдерiн меңгерiп, талай жүлделi орынға қол жеткiземiз деп сенiмдi түрде айта аламын. Соңғы екi жылдың iшiнде бәрiн көзбен көрiп, талай үйренетiн жәйттi ескердiк.
– Сонда бұл жолы жәй үйрену мақсатында қатысып отырсыздар ма?
– Жоқ. Тек үйрену ғана емес, белгiлi нәтижеге де қол жеткiземiз деген үмiтiмiз болды. Тәжiрибенiң аздығынан ба, осы жолы бiздiң спортшылар тек үшiншi орынды ғана мiсе тұтты. Бұған да тәуба. Бiз ендi жоғары қарай биiктей беремiз. Өзiм Қазақстанға келе қалсам, қазақ күресiн жаттықтыратын орынға барып, әдiс-тәсiлiн үйренiп, спорт бөлiмiндегi жастармен бiрге жатпай-тұрмай шұғылданамын.
– Өзiңiз қазақ күресiне қатысып, бағыңызды сынағыңыз келмей ме?
– Кезiнде дзюдодан талай мәрте чемпион атандым. Жалпы, спорт алаңында жасарымды жасап, асарымды асадым десем де болады. Оның үстiне жасым да 30-дан асып барады. Ендiгi мақсатым – келешек жастарды осы қазақ күресiне баулып, бәйгеге қосу. Бiр қуанышты нәтиже, жетiстiк болып жатса, ол менiң ғана емес, бүкiл Мажарстанның қуанышы. Құдай қаласа, «Кумания» кун-қыпшақ орталығының жанынан күрес клубын ашсақ деген ниет бар.
– «Кумания» кун-кыпшақ орталығында спорт бөлiмiн басқарасыз. Жалпы, қазақ күресiне жергiлiктi халықтың көзқарасы қалай?
– Өте жақсы. Осы орталыққа келiп, қатысамын, жаттығамын деген жастардың санында шек жоқ. Бiз мына күрестен болған әлем чемпионатындағы әрбiр палуанның қарсыласын жығудағы әдiс-тәсiлiн бейнетаспаға жазып алдық, ертең барған соң елдегi спортшыларға көрсетемiз. Сөйтiп, келешекте қазақ күресiнен болатын жарыстардың бiрiнде тасада қалдырмай, бақ сынауға сенiмдi дайындықпен келемiз.
– Сiз дзюдо мен қазақ күресiн ғылыми жұмыспен қатар алып жүр екенсiз. Жақында Торғай өңiрiне барып, антропологиялық зерттеу жүргiзiпсiз. Мұны зерттеуге не итермеледi?
– Иә, жақында Торғай облысында ғылыми iссапармен болдым. Қазақстанға белгiлi антрополог-ғалым Оразақ Исмағұлов деген азамат Будапештке келгенде осы ғылыми жұмыстың тақырыбы жайлы ұзақ сөйлесiп, мәселенiң мән-жайына қанықтық. Мiне, осы азаматтың арнайы шақыруымен Қазақстанға екi рет жолым түстi. Сондай-ақ ғылыми жұмысымды бастағанда Алматыдағы Орталық мемлекеттiк музейiнiң директоры Нұрсұлтан Әлiмбаев көп көмек бердi. Екi ел арасында бiрiгiп жұмыс iстеуге келiсiм-шарт жасадық. Бұл ғылыми жұмысты таңдап алған себебiм, Торғай облысында бұрын да, қазiр де мадияр (мажар) деген ру болған екен. Мiне, менiң алға қойған мақсатым – осы мадияр руының Мажарстандағы мажар ұлтымен туыстық белгiлерiн салыстырып, тексеру жүргiзу. Мажарларға антропологиялық зерттеу жүргiзгенiме 10 жылдан астам уақыт болыпты. Негiзгi мамандығым – биолог-гуман. Осы ғылыми жұмыстың арқасында мажар мен қазақтың арасындағы туыстық байланыстың барын бiле бастадым. Ең басты ауызға iлiнетiн дәлелiм – олардың Орта Азиядан шыққандығы. Оның үстiне әр түрлi дерек көзiнен «Қазақстанда мажар деген бiр ру бар» дегендi бiрнеше рет көзiм шалды. Бәлкiм жәй аты ұқсас шығар, кiм бiлсiн. Бiрақ осыны бүге-шiгесiне дейiн зерттегiм келдi. Бiздiң ұлтымыз да мажар, неге Қазақстанда да мұндай ру бар деп жатсам да, тұрсам да ойладым. Бұл тегiннен тегiн дүние емес шығар деп, дереу зерттеу жүргiзудi қолға алдым. Демек, өзiмдi-өзiм әбден сендiрiп алған соң, бастаған iсiмдi соңына дейiн жеткiзейiн дедiм де, екiншi мәрте Торғай облысына бардым. Сөйтiп сол жердегi жергiлiктi тұрғындарға антропологиялық зерттеу жасап, генетикалық талдау негiзiнде адамдардың тiлiнен сiлекейiн алып, Мажарстандағы арнайы зерттеу орталығына өткiзiп қойдық. Мұның бәрi қыруар қаржыны талап етедi. Осы ғылыми iссапарымда Америка мен Мажарстаннан ақша алып барып қайттым.
– Нәтижесi қашан белгiлi болады?
– Жүргiзген зерттеу жұмыстарымды арнайы орталыққа тапсырдым. Осы генетикалық ұқсастықты салыстыру немесе туыстық белгiлерiн дәлелдеп берудiң қорытындысы желтоқсан айында белгiлi болмақ.
– Сiз алдын-ала оң нәтиженi сезесiз бе?
– Неге екенi түсiнiксiз, Мажарстандағы ежелгi, тұрғылықты мажардың қазақ халқына ұқсастығы көп. Оған зерттеу нәтижесi жарияланбай жатып-ақ сенгiм келедi. Мынаны қараңызшы. Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнде әр түрлi адам тұрады. Солардың тура осы типтiк түрi Мажарстанда да кездеседi. Сенбейiн десем, Торғай облысына барған сапарымда жергiлiктi халықтан бiр-екi аңыз естiдiм. Аңыз бойынша, кезiнде төрт мажар болыпты. Олар бiр бұғының артынан ерiп, Батысқа өтiп кеткен екен. Ал, Мажарстандағы жергiлiктi мажарлардың да аңызы тура осыған сәйкес келедi. Баяғыда ағайынды екi жiгiт аң аулап жүрiп, бұғының соңынан қуып кетiптi. Атса садақ өтпейдi, лақтырса тас батпайды. Жүгiрiп келе жатып қараса, бiр керемет жерге келiп құлапты. Қандай сұлу, керемет жер деп жан-жағын шола бастаса, жаңағы бұғы кенеттен жоқ болып кетiптi. Сонда бұғы әлгi ағайындыларды өз Отанына әкелген екен деген де бар. Торғайдағы айтылып жүрген аңыз да осы сынды. Қандай ұқсастық!
Мажарлардың арғы тегi өте қызық. Олар әр жерде тұрып аралас-құралас болып кеткен. Айталық, Торғайдан Оралға жетiп, одан Батысқа өтiп, Кавказ және Қара теңiз жағалауында тұрып, содан кейiн ғана қазiргi Мажарстан жерiне ат басын тiреген. Демек, өз Отанына жеткенше әр түрлi ру, тайпамен бiрiгiп кетiптi.
– Егер ғылыми жұмысыңыз ойыңыздағыдай нәтиже берiп, екi ел арасындағы туыстықты растаса, Қазақстанға әдейi келiп, паш ету ойыңызда бар ма?
– Қуана-қуана жариялайтын едiм. Әуелi не болса да, анықталсын. Менiң ойымдағы дөп келсе, мiндеттi түрде Қазақстанға келiп сүйiншi сұраймын. Алдын-ала кесiп-пiшiп ештеңе айта алмаймын. Әлi Мажарстандағы мажар халқының бет-пiшiнiн, онда да Еуропамен араласпаған таза мажарды тауып, оны мына Торғай облысынан апарған антропологиялық зерттеумен салыстыру тағы жұмыс. Әрине, айтар ауызға қазақ пен мажардың ұқсастық және туыстық жағы бар деу оңай, ал оны дәлелдеу тiптен қиын. Бiздiң ұққанымыз бойынша, Торғайдағы мажар деген ру шамамен 400 жылдан берi өмiр сүрiп келедi. Ендi бiз соларды қай жақтан келдi, Шығыстан ба, Батыстан ба, соны анықтауымыз керек. Ал тағы да аңызды еске түсiрсек, Жамбыл облысынан келген деген болжам бар. Мұның бәрiн анықтау уақыт пен мол қаражатты талап етедi.
– Сонда бұл ғылыми жұмысты осыған ғана сүйенiп алдыңыз ба?
– Менi кiшкентайымнан ата-бабамның тарихы қызықтырды. Өзiм мажар болсам да, оның қазақпен туыстығын жiтi анықтағым келдi. Оның үстiне тақырыбыма Торғайда мадияр деген рудың бар екендiгi де себепшi болды. Бiр қызығы, бала кезiмнен-ақ Қазақстанды өзiме өте жақын тарттым, тiптi, екiншi Отаным осында сияқты күй кештiм. Кез келген мажар арғы ата-тегi осы жерде деп бiледi. Қазақ елiнiң тек сұлу табиғаты ғана емес, тарихы мен мәдениетi де бiзге ұқсас болғандықтан менi бiрден өзiне баурап алды. Тарихтан белгiлi болғандай Ғұн (кун) тайпасы да қазiргi Мажарстан жерiне барып, сол жерде тұрақтап, халықпен араласып кеттi. Демек, ғұн да, қыпшақ та, яғни, ата-бабамыздың арғы тегi осы Қазақстанды жерсiнiп, қалып қалған. Ал қазiр бұлардың бәрi Мажарстан аумағында өмiр сүрiп жатыр. Ғұндардың әйгiлi патшасы — Отилланың мүрдесi де Мажарстанда екен.
– Ғылыми жұмыс пен спортты алып жүру қиын емес пе?
– Спорт – менiң серiгiм. Сондықтан да спортты ғылым кеңiстiгiндегi алға қойған мақсаттарыма жетудiң бiрден-бiр жолы деп түсiнемiн. Кейде шаршап-шалдыға бастағанда бiр сәт дзюдомен, күреспен шұғылдансам, дереу көңiлiм нұрланып шыға келедi. 24 жыл дзюдомен айналыстым, ендi тастай да алмайтын шығармын.
– Жергiлiктi мажарлар қай дiндi ұстанады?
– Мажарлар алғаш келгенде 7 ру болып қоныс теуiптi. Олар басында Тәңiрге, отқа, суға табынды. Сосын бiрте-бiрте Еуропаға сiңiсiп кеткен соң, амалсыз католик дiнiне мойынсұнды. Уақыт оза келе әлгi 7 ру бiрiгiп кетiп, бiр ғана мажар руы қалған. 1300 жылы Еуропа Мажарстанның бәрiн католик дiнiне кiргiзу саясатын жүргiздi. Соның өзiнде iшiнара Тәңiрге табынуын тастамай, өмiр сүрiп жатқандары жоқ емес.
– Өзiңiздi қазаққа жақынмын деп есептейсiз. Ислам дiнiне бет бұрғыңыз келмей ме?
– Өзiм католикпiн. Сонда да бiз мұсылмандарға жақынбыз. Мажарстанда бұрыннан тұрып келетiн таза мажарлар осы дiндi ұстанады. Айтар болсақ, 60-65 пайызы – католик, 30-40 пайызы – протестант, 2 пайызы ғана Ислам дiнiн, қалғандары басқа ағымдардың дiнiн ұстанады. Мажарстанда мұсылмандар мiнәжат ететiн үлкен Ислам орталығы бар. Үнемi адам үзiлмейдi, құранын бағыштап кiрiп-шығып жатады. Шыны керек, Мажарстан – Еуропаның орталығы болғандықтан дiнге аса көңiл бөлiнбейдi. Кезiнде Осман империясы үстемдiк орнатқан тұста мұсылмандарды Еуропаға Мажарстан арқылы қуғанда, мұндағы мұсылмандарды да ығыстырып жiберiптi. Содан ба екен, қазiр бiзде тек Ислам дiнiнiң ескерткiштерi, ғимараттары ғана қалған.
– Биро мырза, қазақ тiлiн үйренуге қалай қарайсыз?
– Құдайға шүкiр, кез келген елдiң тiлiн меңгеруге тырысамын. Атап айтсам, немiс, түрiк, итальян, испан тiлiнде сөйлей беремiн, ал қазақша бiраз ғана бiлемiн. Өткенде Алматыға келiп қазақша-мажарша, қазақша-испанша сөздiгiн iздеп еш жерден таба алмадым. Кiтап дүкенiнiң бәрiнде тек ағылшынша-орысша сөздiк көп екен.
– Ертеңгi ұрпағыңызға осы ғылыми жұмысыңызды аманат етiп табыстар ма едiңiз?
– Әзiрге бойдақпын. Құдай қаласа, үйленiп, балам болса, ғылыми жұмысымды таныстырамын, ретi келсе қазақша тәрбие де беремiн. Сосын Қазақстанға қонаққа жиi келетiн боламын. Менi қазақтың қонақжайлылығы, кiшiпейiлдiлiгi, бауырмалдығы жақындастырады әрi таңқалдырады.
– Қазақстанға келiп тұрмайсыз ба, мына ғылыми жұмысыңызға да тиiмдiрек болар едi…
– Үнемi аяғым Қазақстанға тартып, келгiм келiп тұрады. Бiрақ бiржола келу мүмкiн емес. Әке-шешем, туған туысқандарым, достарым бәрi Мажарстанда ғой. Ал Қазақстанға рұқсатын алмай тартып кетсем, бәрiн ренжiтiп аламын. Кейде көп уақытқа келiп тұрғым келсе де, ағайындарымды қимаймын, не көрсем де солармен көруiм керек. Дегенмен, екi ел арасындағы байланысымыздың арқасында жұмысымды жалғастыра беремiн.
Қазақстан өзiнше бiр дербес мемлекет. Екi мемлекет арасындағы мәдени-ғылыми байланыс орнатуға, зерттеуге ешкiм кедергi бола алмайды. Кез келген тақырыпта зерттеу жасаймын десең де мүмкiншiлiк көп. Сондықтан екi ел бiрiге отырып, ары қарай туыстығымызды жақындастыру үшiн әлi атқаратын шаруа көп.
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы