әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетi «Түркiстанда» қонақта
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетi «Түркiстанда» қонақта
Бүгiнгi жастар қандай? Расымен олар, базбiреулер айтып жүргендей, ештеңеге қызықпайды ма? Қоғамдық, саяси белсендiлiгi көңiл көншiтпейтiн шығар.
Бұдай сауалдар көптеген ересектердi ерiксiз мазалайтыны сөзсiз. Өйткенi, жастар ұлттың болашағы, қазiргi студенттер ертеңгi Қазақстанның абыройын асқақтатар, келешекте келелi iстер атқарар ұрпақ болып қалыптасуға тиiс. Бүгiнгi жас студенттердi толғандырар қандай мәселелер, олардың алға қойған арман- мақсаттарын бiлу үшiн елiмiздiң жоғары оқу орындарының флагманы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң журналистика факультетiне жолымыз түскен. Ең әуелi, студент жастардың максимализмi риза еттi. Жастық романтикадан қол үзбеген жастарымыз дүниенi ақ және қара, әдiлеттi немесе әдiлетсiз деп қана қабылдайтыны қуантты. Олар үшiн аралық бояулар мен ұғымдар жоқ. Сол ұстанымдары мен принциптерi өздерi типографиядан шығаратын түрлi-түстi «Жасын» қабырға газетiнен айқын аңғарылған. ХХ ғасыр басында Уфадағы «Ғалия» медресесiнiң шәкiрттерi шығаратын «Садақ» қолжазба журналының ұмытылмас тарихы ойымызға оралды. Болашақ журналистердiң осы «Жасын» газетiнен алынған бiрнеше мақаланы қаз-қалпында «Түркiстан» газетi оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдiк.Әр адамның жүрегiне ыстық, жанына жақын ортасы болады. Мен үшiн сондай нұрлы да шуақты орда – Қазақ ұлттық университетi. Сол бiлiм ордасының бөлiнбес бiр отауы – журналистика факультетi. Ол – менiң ұшқан ұям да, қонған тұғырым да.
…Журналист болуды ерте армандадым. Алыстағы Шыңғыс пен Дегелең тауларының сағымды белдерiнде жүрiп, Абай жырларына, Мұхтардың асыл сөзiне, Әмiренiң әндерiне елiктеп өстiм. Үшiншi класта оқып жүрiп, «Балдырған» журналына сурет, өлең жолдадым. Бiрте-бiрте жазған-сызғандарым аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда шыға бастады. Сондағы қуанышты сөзбен жеткiзу мүмкiн емес. Менiң есiмде қалғаны – «газет майының өзгеше иiсi». Ауылға газеттiң келуi – мен үшiн ерекше мереке едi. Сол газеттiң бетiнен тасқа басылған өз аты-жөнiңдi көру бақытын тек қолына қалам ұстағандар ғана түсiнедi. Мектеп бiтiргенде, барлығы 200-ге тарта мақала, жарияланымдар тiгiндiсiн арқалап, Алатаудың бөктерiне жеттiм. Сонан кейiнгi өмiрiмнiң бәрi ҚазҰУ-мен, оның журналистика факультетiмен тiкелей байланысты. …Оқытушылық қызметке осыдан 20 жыл бұрын профессор Тауман Амандосов шақырды. –«Бiз базардан қайтып бара жатырмыз, сендер базарға ендi келдiңдер! Iске кiрiс, жақсылардан үйрен, журналист мамандарды даярлауға күш сал!» – дейтiн марқұм үлкен ұстаз. Кейiннен өз iсiне мығым, iскер ұйымдастырушы, профессор Намазалы Омашұлының ақыл-кеңесiн алып, тұтас тәрбие мектебiнен өттiм. Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың ғылыми кеңесшiлiгiмен 2004 жылы докторлық диссертациямды қорғадым. Қазiр факультетте 800-ден астам студенттер оқиды. Олар «050504 – журналистика», «050422 – баспа iсi» мамандықтары бойынша алты кафедрада маманданады. Оқу процесi әлемдiк стандарттарға сай бакалавриат, магистратура жүйесi бойынша жүргiзiле бастады. Шәкiрттерге кредиттiк технология бойынша дәрiс өткiзу жолға қойылды. Журналист маманын тек теориялық бiлiммен дайындау мүмкiн емес. Сол үшiн «Сана» радиостудиясы мен «Сана» телестудиясында студенттердi хабар әзiрлеуге бейiмдеймiз. Аптасына бiр мәрте сенбi күнi студенттердiң өз күшiмен дайындаған хабарлар Қазақ радиосының эфирiнен берiлiп жүр. Баспасөз лабораториясында газет, журнал, кiтап шығаруға қажеттi жаңа технологиялық құрал-жабдықтар бар. Студенттер онда «Журналист», «Баспагер», «Жасын» оқу-тәжiрибе газеттерiн, творчестволық альманах және студенттер шығармашылығын жинақтаған кiтаптар шығарып жүр. Цифрлы технологиямен қаруланған фотостудия да болашақ фотожурналистер әзiрленедi. Әлемдiк Интернат жүйесiне қосылған екi компьютерлiк класс, журналистика әдебиеттерiнiң оқу залы және бар… Өткенiмiздi ұлағаттап отыру мақсатында профессорлар Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темiрбек Қожакеев, Марат Барманқұлов атаулы аудиторияларда қазiргi заманғы технологиямен дәрiс жүргiзуге толық мүмкiндiктер ашылған. Факультет студенттерi тұратын №5 жатақхана күрделi жөндеуден өткiзiлдi. Онда интернет желiсiне қосылған арнайы компьютер бөлмесi бар. Болашақ журналистер өз мақалаларын жазып, басып, оны электронды пошта арқылы газеттерге жiберуiне жағдай жасалған. Оқытушылар құрамы да жыл сайын бiлiктi, тәжiрибелi жандармен толығып келедi. Оқытушылардың iшiнде 11 ғылым докторы, профессорлар, 40 ғылым кандидаты, доценттер дәрiс бередi. Факультетте ғылыми жұмыс жүйелi жүргiзiлiп келедi. Әсiресе, 1997 жылдан берi ашылған К14А.01.19 диссертациялық кеңесiнде республи¬калық түкпiр-түкпiрiнен 52 маман кандидаттық диссертациясын қорғады. Олардың ғылыми жұмыстарында баспасөз тарихы, публицистика теориясы, тележурналистика мен радиожурналистиканың беймәлiм қырлары мен сырлары ашылып, ғылыми айналымға енгiзiлдi. Бұл елiмiзде журналистиканың ғылым ретiнде дамытудың қолға алынғандығының айғағы. «10.01.10 – журналистика» мамандығы бойынша аспирантура мен докторантура бар. Қазiр филологитя факультетiндегi диссертациялық кеңесте журналистика мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғауға мүмкiндiктер ашылды. Факультетте жаңа талапқа сай, шетел ғалымдарын тарта отырып 3Phd докторантын даярлау қолға алынды. Соңғы үш жылда 50-ге тарта оқулық пен оқу құралдары баспадан шықты. Ұжымдағы серпiлiп айтар бiр жайт – кейiнгi жылдар бедерiндегi халықаралық байланыстардың жаңа көкжиектерiнiң ашылуы дер едiк. 1995 жылдан бастап Американың Оклахома Мемлекеттiк университетiнiң журналистика мектебiмен қатынас орнатылған. Сондай-ақ АҚШ-тың Пенсильвания мемлекеттiк университетiмен, Мэриленд университетiмен де байланыстарымыз бар. Италия, Швеция, Франция, Ресей, Қытай, Монғолия, Түркия, Филиппин, Польша, Германия, Кореяның журналистiк бiлiм беру жүйелерiмен қарым-қатынастың соңғы бағыттары қолға алынды. Журналистика және коммуникация жөнiндегi ЮНЕСКО кафедрасының, өткен жылы ашылған медиа және коммуникация орталығының халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған жұмыстары жүргiзiлуде. Биылғы оқу жылында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетi журналистика факультетiмен келiсiм бойынша ақылы түрде маман даярлайтын Ресей-Қазақстан бiрлескен бөлiмiн ашу жоспарланып отыр. Студенттердiң тәрбие жұмысына баса көңiл бөлiнедi. Қазақ бөлiмiндегi М.Сералин атындағы әдеби бiрлестiк пен орыс бөлiмiндегi Ә.Әлiмжанов атындағы әдеби-творчестволық бiрлестiк мүшелерi ұйымдастырған ұлтымыздың дарынды ұл-қыздарымен болған жүздесулер, кездесу кештер көп санаға ой салды, көп жүрекке сезiм ұялатты. «Ақ қауырсын» пiкiрсайыс клубында шыңдалған шәкiрттерiмiз «Хабар» телеарнасындағы «Азамат» пiкiрсайыс бағдарламасын жүргiзiп жүр. Жақында «Дарын» атты драма үйiрмесi өз жұмысын бастады. Университетте өтетiн өнер фестивальдерi мен спорт сайыстарында факультет оқытушылары мен студенттерi жүлделi орындарды иеленiп жүр. Бiр айта кететiн жайт – журналист мамандарын бiр орталықтан даярлаған абзал. Өйткенi, биыл бөлiнген 70 грант 16 жоғары оқу орнына бөлiнiп кеткен. Бiрiншiден, 70 грант республикаға аздық етедi. Екiншiден 1-ден, 2-ден оқуға түскен студенттер аймақтық жоғары оқу орындарында қалай даярланатынына таңымыз бар. Бiзде биыл 129 студент оқуға түстi. Олардың көбi ақылы түрде оқып жатыр. Қалай десек те, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетi – журналистер даярлайтын бiрден-бiр орталық болып қала бермек.– М. Сералин атындағы шығармашылық бiрлестiк қашаннан берi жұмыс iстейдi?
– Осыдан екi жыл бұрын фаультетiмiздiң құрылғанына 70 жыл толуына орай құрастырылған кiтапқа әйгiлi ақын Дихан Әбiлов ақсақалдың жеке архивiнен алынған тарихи суреттi енгiздiк. Онда факультет жанындағы әдеби бiрлестiк мүшелерiнiң кезектi отырысы бейнеленген. Фото 1935 жылы түсiрiлiптi. Соған қарағанда сол жылдары-ақ дарынды студенттердiң басын қосқан бiрлестiк өз жұмысын қызу бастап кеткен секiлдi. Демек, факультетiмiздегi бұл шығармашылық ұйымның құрылғанына жетпiс жылдан астам уақыт өттi деп нық айтуға болады. – Бiрлестiкте сол жетпiс жылдан астам уақыт iшiнде кiмдер шығармашылығын шыңдағанын айтып бере аласыз ба? – Факультет бүгiнге дейiн он мыңға жуық маман дайындады. Солардың iшiндегi қазақ әдебиетi мен журналистикасының тарихында аты қалған әйгiлi қалам иелерiнiң бұл шығармашылық мектептен өтпегенi жоқ. Олардың бәрiн санамалап айтып шығуға уақыт та керек, шағын интервьюге бәрiн сыйғызу мүмкiн де емес. Алғашқы жылдардағы түлектерден бастасам -Дихан Әбiлов, Әбдуали Қарағұлов, Рахметолла Райымқұлов, Хамза Абдуллин, Қайыржан Бекхожин, Кемал Тоқаев, Жекен Жұмаханов, Зәки Ахметов, Бейсембай Кенжебаев, Қалмақан Әбдiқадыров, Тауман Амандосов, Ұзақ Бағаев, Балғабек Қыдырбекұлы,Сапар Байжанов, Шерияздан Елеукенов, Жұмағали Ысмағұлов, Кәкiмжан Қазыбаев, Темiрбек Қожакеев, Әбiлпайыз Ыдырысов, Тұрсынбек Кәкiшев, Камал Смайылов, Әнуар Әлiмжанов,Сейдахмет Бердiқұлов, Тельман Жанұзақов, Зейнолла Серiкқалиев … осылай тiзбектелiп кете бередi… – Өзiңiз студент кезде … – Иә, түсiндiм… бiрлестiк мүшесiнiң бiрi болдым. Жатақхананың екiншi қабатындағы 206 -бөлмеге кiлең дарындылар жиналып алып өлең , көркемсөз оқиды. Ел алдында жасқанбай өлеңiн оқуға құмарлар да, жұрт алдында жалаулатпай-ақ жазып жүре беретiндер де болды. Талқыдан соң жолдама алғандар әуелi қабырға газетiне жариялайтын. Ол кездегi қабырға газетi қолмен жазылады, бiр қабырғаға сыймай тұратын. Оған материалы жарық көргендер өз ортасының жұлдызы саналып, құрметке ие болып жататын. – Қазiр ше?.. – Бiрлестiкке жетекшiлiк еткенiме бiр жылдай болды. Бұрынғы қалыптасқан дәстүрдi одан әрi жалғастырудамыз. Факультетке iлуде бiреу болмаса, негiзiнен дарындылар келiп түседi. Солардың бәрi өнер қуып келгендiктен, бiрлестiк жұмысынан тыс қалмайды. Өздерi сұранып атсалысады. Өйткенi, бiрлестiк – олар үшiн шығармашылық шыңдалу мектебi. Ақындыққа бейiмдерi өлеңдерiн, жазушылықты қалайтындар әңгiмелерiн, журналистикаға құмбылдары мақалаларын өзара талқылап, жарыққа шығаруға жолдама алып жатады. Атақты ақын, жазушы, драматургтермен, әйгiлi өнер қайраткерлерiмен кездесулер ұйымдастырады. Солармен жүздесiп, пiкiрлесiп, жандүниесiне рухани азық алады, көкiрек көзiн ашады. Қай жерде қандай мәдени шара бар, соған жарыса барып жаңалық алып қайтады. Қол ұстасып жаңа спектакльдерге, киноларға, көрмелерге барады. Ең басты бағытымыз – мүмкiндiгiнше студентердi кәсiби шеберлiкке бейiмдеуде, мамандықтың практикалық қырларын үйренуде көмек болатын шаралар ұйымдастыруға күш саламыз. Мысалы, өткен оқу жылында "Фотожурналист болғың келе ме?" деген тақырыпта Қазақстанға белгiлi фототiлшiлермен кездесу-семинар өткiздiк. Олардың шығармашылығын жанжақты таныстыратын фотокөрме жасадық. Қазiр компьютер заманы. Студенттер өз күшiмен бiрлестiктiң "Жасын" деп аталатын қабырға газетiнiң бүгiнге дейiн бес санын шығарды. Өздерi жазады, өздерi тередi, өздерi түзетедi, өздерi құрақтайды, өздерi безендiредi, өздерi баспаханамен келiсiп бастырып әкелiп факультет қабырғасына iледi, өздерi шыққан жарияланымдарды өзара талқылайды. Бiз тек бағыт, қажет кезде жәрдем ғана беремiз. – Болашақта… – Алдағы уақытта "Телеоператорлық кәсiп пе, өнер ме?"деген тақырыпта белгiлi теле-операторлармен, " Газет-журнал безендiрсем деп едiм" деген атпен компьютерде безендiрушi мамандармен, "Егер мен бас редактор болсам…" деген айдармен бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторларымен шеберлiк мектептерiн өткiзсек деген жоспарымыз бар… – Әңгiмеңiзге рахмет!Студенттер сенатының негiзгi құрылымы ретiнде университет пен факультет абыройы үшiн аянбай еңбек етуде, факультеттегi студенттердiң өзiн-өзi басқару жүйесiн дамытуда, факультетте өтетiн iс-шараларды ұйымдастыруда, студенттердiң қоғамдық жұмысқа араласуында журналистика факультетiнiң мәслихаты келелi жұмыстар атқарып келедi. Студенттер мәслихатының негiзгi мiндетi- студенттердi қоғамдық жұмысқа тарту және олардың заңды құқықтарын қорғауға атсалысу.
Журналистика факультетi мәслихатының құрылымы факультет белсендiлерiнен құралған. Құрамында 35 үздiк студент бар мәслихат әр түрлi бөлiмдер мен клубтар бойынша жұмыс iстейдi. Студенттер мәслихаты мәдениет, спорт және қоғаммен байланыс бөлiмдерiнен, сондай-ақ «Ақ қауырсын» пiкiр-сайыс клубы, «Дарын» драма клубы, «Қанағат» жас ақындар клубы, «Парасат» бiлiм отауы және «Салауат» атты спорт клубтарынан тұрады. Сонымен қатар мәслихатта баспасөз хатшысы, мәслихат дизайнерi, мәслихат экономисi секiлдi қазiргi заманға лайық қызметтер де тағайындалды. Аталған бөлiмдер мен клубтардың жетекшiлерi, оның мүшелерi заман талабына сай жұмыс атқарып келедi. Мәслихат мүшелерiнiң мақсаты — факультет абыройын көтеру және мәслихаттың өзiндiк имиджiн қалыптастыру. Сол мақсатта және басқа да мәслихат мәселелерiн шешу үшiн әр апта сайын журналистика факультеттiеiң мәжiлiс залында кең талқыланады. Әрине iс-шараларды атқару барысында мәслихат ұжымы кейбiр кертартпа немесе жалқау студенттердiң жақтырмай қарауларына ұшырап,студенттердi өз айтқанына көндiру барысында бiршама қиыншылықтарға кездесетiнi рас. Алайда, мұндай студенттер журналистика факультетiнде сирек кездеседi. Факультет белсендiлерi университеттiң мәдени-қоғамдық iс шараларына белсене атсалысқаны үшiн Университет ректоры Т.Ә.Қожамқұловтан көптеген мақтау қағаздарымен марапатталды. Факультетте атқарылған және атқарылатын iс-шаралар аз емес. Мәселен, I курс студенттерiн қабылдау кешi, Жаңа жыл, 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесi, Ұлыстың Ұлы күнi 22-Наурыз мерекесiн атау, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, интеллектуалдық бiлiм сайыстары, ақын-жазушыларымыз бен қазақ эстрада жұлдыздарымен кездесу кештерi. Таяуда өткен дәстүрлi «Бала шақтан-болашаққа» атты I курс және IV курс студенттерiнiң кездесу кешi болып өттi. Аталған кешке студенттер өте жақсы дайындықпен келiп, жиылған қауымға тамаша өнерлерiн паш еттi. Факультет деканы Бауыржан Жақып ұстаздар қауымы студенттерге жүрек жарды лебiздерiн бiлдiрдi. Сонымен қатар кездесу кешiне факультет түлектерi, «Хабар» телеарнасында «Азамат» жастар бағдарламасының тележүргiзушiсi Ринат Кертаев, айтыс ақыны Асхат Қылышбек келiп, ақ тiлектерiн аямады. Факультет абыройы үшiн жанын салып жүрген студенттер көп кездеседi. Мәселен, мәслихаттың ұйымдастыруымен факультетiшiлiк өткен «Cуперстудент» байқауынан жеңiмпаз атанған Мұрат Есжан факультетаралық өтетiн «ҚазҰУ суперстудентi – 2006» байқауына жолдама алып, жүлделi орынға ие болды. Факультет абыройын көтерудегi еңбегiмiз М.Есжанның уиниверситет суперстудентi атануымен бағаланды. Бұл өте үлкен жетiстiк. Алда да жоспарланған iс-шаралар көп. Журналистика факультетiнiң студенттер мәслихаты университет пен факультет алдындағы жауапкершiлiгiн жете сезiнедi. Сондықтан да мәслихаттың белсендi студенттерi факультет үшiн озат оқуларымен, саналы ойларымен, зор iстерiмен әлi де талай қуантады деп нық сенiммен айта алады.Көлiкпен немесе жаяу-жалпы көше бойлап Алматыны аралар болсаңыз, қалтарыстан да алдыңыздан «Айбаттың» ұраны шығатыны кәмiл. Жол жиегiндегi қоршаулар мен бағаналарға, тiптi, үй қабырғаларына дейiн түрлi-түстi бояулармен айқыштаған «Айбат»деген жазуды көргенде бiр жыл бұрынғы сайлау ерiксiз еске түседi.
Иә, одан берi де бiр жыл өттi. Сайлау да бiтiп, сапырылысқан сәт те аяқталып, салиқалы тiршiлiк өз арнасын тапты. Тек баспасөз бетiнде «бiздiң мақсатымыз жастар мәселесiмен ғана емес,қолымыздан келгенiнше мемлекеттiк деңгейдегi мәселелермен де айналысу» деп, ұлы мақсаттарға жол тартып, үлкен биiктерден көрiнбек ниетiн бiлдiрген «Айбат» қозғалысының жетекшiсi Ғадiлбек Әкiмовтi де, ол басқарған «Айбат» қозғалысын да көзден бұлбұл ұшырып алдық. Көңiлде қалғаны – уақыттың боданы, саясаттың құрбаны болды ма деген күмәнi күштi, күдiгi басым сұрақ пен өзектi өртер өкiнiш болды. «Әндiжанда апам бар – менен өткен сорақы» демекшi, махаббат күнiн желеу еткен әлгi жастар ұйымының «әулие Валентиндi» әспеттеп, көшеде концерт ұйымдастырғанына куә болған едiк. Онда сөз алған ұйым белсендiлерi жастар өмiрiн «байыту» мақсатында бұндай концерттiк шараны дәстүрлi шаралар қатарында жыл сайын жүзеге асыратындықтарын сүйiншi сұрағандай жар сала жеткiзген. Әрине, бiздегi жастар ұйымы мен жастар қозғалысы тарапынан кездесiп жатқан келеңсiздiктер, ұлт ұпайының кемiп жатқан тұстары тек бұлар ғана емес-ау… Бейресми санақ қазiр Алматының өзiнде 100-ден астам жастар қозғалысы мен ұйымдарының бар екенiн айтады. Әлеуметтiк, қоғамдық, саяси, дiни т.б. түрлi бағыттағы ұйымдардың әрқайсысында аз айтсақ 60, әрiсiнде 1000-нан астам жастар мүше. Бәрiнен маңыздысы, осы 100-ден астам ұйымдардың 100 түрлi жолмен қаржыланатынын ескерсек, жоғарыдағы алаңдауымыздың негiзсiз емес екенiн пайымдай алар едiк. Демократияны, дiндiк еркiндiктi бетперде етiп ұстанған секталардың ақша арқылы жастарды өз дiнiн насихаттауға азғыруы, сойылын соғып, жыртысын жыртар жақтастарын да ең алдымен жастар қауымынан жасақтай бастауы да қауiптендiредi. Әсiресе, батыс миссионерлерiнiң қаржы бөлу немесе грант тағайындау сияқты сан алуан жымысқы тәсiлдерiмен жастар одағы мен ұйымдарын құруы ұлттың тамырына балта шауып, ұлттық бiрлiкке, дiндiк тұтастыққа сызат түсiре бастады.«Жау жеңемiн десе, жетi айласын сайлай бастайды» демекшi, жастардың қызба қандылығын, әсершiлдiгiн мейлiнше пайдаланып қалуға тырысқан, тағы да сол өркениет пен демократияны желеу еткен батыс жiкшiлдерi саяси белсендiлiк дегендi алға тартып, жастарды билiкке қарсы айдап салу арқылы да мемлекеттiң бiрлiгiн сөгу үшiн бар бiлгенiн iстеп бағуда. Жастар ежелден-ақ қоғамның негiзгi дiңгегi саналып келген . Саяси науқанда да , азаттық жолында да ең алдымен бастарын бәйгеге тiгiп, алдыңғы лекте жүргендер сол жастар болған. Елiмiздегi 1986 жылғы қазақ жастарының көтерiлiсi немесе Қытайдағы 1990 жылғы студенттер толқуы да осының айқын дәлелi. Бұл тұрғыдан жастардың үлкен саяси күш екенiн бiле тұрып, олардың саяси белсендiлiгiнiң артуы мемлекеттiң де өркендеген, көркейген бет-бейнесiнiң айқын көрсеткiшi екенi айқын. Сөйте тұра қаптап көбейiп келе жатқан түрлi-түстегi жастар одақтары мен бiрлестiктерiне қарап қорқыныш сезiмi де бойды билемей тұрмайды. Бұл қорқыныштың мәнiсi жастардың саяси белсендiлiгi артқанымен саяси сауаттылығы қай деңгейде, өз мүдделерiн айқын танып, ұлттың намысын қорғай алды ма, әлде басқа пиғылдағылардың шылауында қалып, соның сөзiн сөйлеп, нұсқауын орындайтын саяси құрбандарға айналды ма деген мазасыз ойлар шырмайды.Журналистика факультетiнiң студенттер кеңесi жалғыз жатақхананың жұмысымен ғана емес, факультет пен университетiмiздiң қоғамдық жұмыстарына және басқа да игi iс-шараларға белсене араласып жүр. Студенттер кеңесiнiң құрамы факультетiмiздiң маңдай алды, бiлiм мен бiлiктi қатар алып жүрген талантты да талапты студенттерiнен жасақталған. Студенттер кеңесi жатақханада қабат старостылары, редколлегия, мәдениет, спорт, тәртiп және тазалық сынды бiрнеше секторлармен жұмыс iстейдi. Жыл сайын Студенттер кеңесiнiң құрамы кеңесе отырып жылдық жоспарын құрып,әр секторлардың қызметi мен атқаратын мiндетiн бекiтедi. Бұл секторлардың жатақханада өзiне жүктелген жұмыстары мен атқаратын мiндеттерi бар. Студенттер кеңесi жатақханада студенттердiң жан-жақты жұмыс iстеп, оқу оқып, өзiнiң шығармашылығымен айналасуына толық мүмкiндiк бередi.
Сонымен қатар жатақханада студентерге заман талабына сай барлық жағдай жасалған. Екi оқу залы, бiр компьютер, бiр студенттер кеңесiнiң және көркем сурет шеберхана бөлмесi жұмыс iстейдi. Студенттердiң өзiн өзi басқару ұйымдарының iшiнде жатақханадағы студенттер кеңесiнiң жұмысы жылдан жылға жанданып келедi. Оның бiр айғағы, биылғы оқу жылының басында Студенттер кеңесiнiң ұйымдастырумен жатақханада өткен «Тұсаукесер» 1-курс студенттерiн қабылдау рәсiмi, ақын Ибрагим Иса «Елге сәлем», ақын Исраил Сапарбай «Жүрек сөйлер махаббат тiлiменен» атты кездесу кештерiн атап айтуға болады. Соңғы жылдардағы студенттер кеңесiнiң игi iстерi,жұмыла жасаған жұмыстары өзiн өзi басқаратын басқа ұйымдарға, кейiнгi жылдарға үлгi өнеге бола алады. Студенттер кеңесi былтырдан берi өз жұмысына жаңалық енгiзiп келедi. Былтырғы жылдың жаңалығы – 1-курс студенттерiн жаңа салт- дәстүрiмiзбен жатақханаға «Беташар» атпен қабылдау рәсiмi болды. Бұл игi дәстүр биыл «Тұсаукесер» деген атпен жалғасын тапты. Ал биылғы жылдың басты жаңалығы – Студенттер кеңесi 5-маусымды өзiнiң мерекелiк күнi қылып белгiледi. Бүгiнде жастардың мүддесi үшiн жұмыс iстеп, университетiмiз бен факультет тарапынан қолдау тапқан Студенттер кеңесi студенттер арасында мол сенiмге, зор беделге ие.Қазiр заманымызды аздыратын кеселдi «құрттар» өмiрiмiзге дендеп енгенi соншалық, тiптi, қыр астында тұрған жамандықтың зауалын бiле тұра көзжұмбайлықпен қараймыз. Жұмыр басты пенделер өмiрдiң басқа олқылықтарын қойып, екi сөздiң басын құраса да жамандықтың бел ортасына кiргенiн өздерi де аңғармай жатады. Бұл – жағымсыз әдеттердi желбегей жамылып жүретiн жастарға ғана тән емес, барша қоғамның iндетiне айналған дерт. Боғауыз сөз бен былапыт тiркестердi қазiр бар адамның аузынан естуге болады.
Осыдан ондаған жыл бұрын бұл темiр тордың төрiнде отырғандар, маскүнем, нашақор, жезөкшелердiң «сөздiк қорларында» ғана болса, қазiр жағдай мүлдем басқаша. Кез келген қоғамдық ортадағы әлдебiр адаммен тiл қатыса кетсеңiз, уақыт өте келе ол әңгiмесiне сол «дәмдi» сөздi араластырып жiбергенiн өзi де аңғармай қалады. Мәдениеттi, әдептi деген жанның өзi дос-жаран, тамыр-таныстарының арасында өзiн емiн-еркiн ұстау, еленбей қалмау үшiн сондай сөздердiң оңтайлысын қолданып жiберуден, әңгiмесiн солай тұздықтаудан түк қымсынбайды. Тiптi, қыз балалар да иба, әдептiлiк сөздердiң неше атасын тоғытады кеп. Орыс тiлiнiң бай екенiн осындайда аңғарасың, қыл аяғы боғауыз сөздердiң денi сол тiлде. Керек дейсiз бе, қолданыста ағылшынша нұсқалары да бар. Кей бiлгiштер мұны iштегi кеселдi ой мен ызаны шығарып, жеңiлдеудiң бiр түрi деп түсiндiрсе, ендi бiреулерi қатардан қалмау, сәннен қол үзбеу дейдi. Мұндай сорақы сөздер жиi қолданылатын ортада мәдениетсiздiк пен парықсыздықтың ауаны қалыптастыратыны былай тұрсын, адам түгiлi, оны естiген құлақтың өзi қолайсыздықтан қып-қызыл боп кетедi. Адамның өзi қандай болса, сөзi де сондай. «Жаным десе жан семiредi», орынсыз сөз өзiңе тиетiнi тағы бар. Түптеп келгенде былапыт сөздердiң кесепаты айналып сол сөздiң иесiн табары сөзсiз. Биология ғылымдарының докторы, ресейлiк генетик Горяевтiң «Толқынды генетикалық код» атты кiтабында әркiм-ақ құлақ түрер жаңалық бар екен. Оның жасаған тәжiрибелерi нәтижесiнде әдепсiз сөздер оны тыңдап тұрған адамдарға да зиянын тигiзетiнi дәлелденген. Былапыт сөздердiң күшi 10-40 мың рентген радиациялық сәулеленумен тең. Бұл жағдайда адам денесiндегi ДНК тiзбектерi үзiлiп, хромосомалар ыдырайды екен. Бұл дегенiңiз, адамның мутацияға ұшырауы. Қара ниеттегi ойлар да осындай жаманшылықтарды өзiмен бiрге iлестiре жүретiн көрiнедi. Керiсiнше, өмiрiн жақсы сөздермен сабақтаған адамдардың ғұмырлары да сәулелi болатынына Горяев өз тәжiрибелерi арқылы көз жеткiзген. Балағат сөздермен аузын былғаған адам өзiнiң тұқым-тұяғына да үлкен зауал тигiзетiнiн бiле бермейдi. Адамның генi оның ойы мен сөзiн «естiп» тұрады, қабылдап алып, генетикалық кодына таспа қылып жазып тастайтын боп шықты. Ғайбат сөздердi көп айтатын адамдардың ұрпағына сол сөздер қарғыс болып жазылып қалады екен. Сондай-ақ, геннiң бұзылуына жаман қылықтар, атап айтқанда: қызғаншақтық, қатыгездiк, өтiрiк айту, ұрлық жасау, темекi тарту, арақ iшу, нашақорлық та орасан зор әсерiн тигiзедi. Ең сорақысы, сол балағат сөздердiң арасында бiзге өмiр сыйлаған ата-аналарымыз мiндеттi түрде араласып жүретiнi. Әншейiнде әке-шешемiздi өмiрдiң асылына теңеп, одан қасиеттi адам жоқ деуден аузымыз тынбайды. Кiмнiң ата-анасы болса да өмiрге ұрпақ әкеледi, оның өсiп-өнуiн бiр Алладан жалбарына сұрайды. Ал бауыр етi баласының қайтарымы сол, қастерлi жандардың атын лас сөздермен бiрге қолданып, қас масқараға ұшырайды. «Аяғы жаман төрдi былғар, Аузы жаман елдi былғар» демекшi, кесiрлi ауыздан асыққан кесепатты сөзге тоқтау салып, тiлiн тыйып ұстау – әркiмнiң өз ұяты мен арының еншiсiнде.