СӨЗ – АЛАЙ, IС – БЫЛАЙ
СӨЗ – АЛАЙ, IС – БЫЛАЙ
Қазақстан халықтары ассамблеясының соңғы сессиясында жақсы сөздер айтылған едi. Шiркiн, қандай сөздер десеңiзшi?! «15 жылда аюдың да тiл үйренетiн кезi болды», «Жастар мемлекеттiк тiлдi бiлмейiнше, мемлекеттiк органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында және сот саласында жұмыс iстеуi мүмкiн болмайды», тағысын тағылары… Осы сөздерден кейiн қазақ ұлтшылдары мен зиялы қауым өкiлдерi, журналистер бөркiн аспанға атып, шексiз қуанып-ақ қалған едi… Бiрақ көңiлге медеу болған уәделi сөздерге кiрбiң түстi: билiкке жақын топтар баяғы әдетiне басты.
Билiкке жақын «Атамекен Кәсiпкерлер одағының» бастамасымен елiмiзде «Атамекен» партиясы дүниеге келдi. Бағытын оңшылдық һәм центристiк бағытпен айқындаған партия мүшелерi бiрден саяси мәлiмдеме жасады. Бұл мәлiмдемеден көпшiлiктiң төбе шашы тiк тұрды. Атамекендiктер «Қазақстанда қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнiң мемлекеттiк тiл ретiнде танылуына» атсалыспақ. Бұл партияның дүниеге келуiнiң өзi саяси ойындардың бiр парасын айқындап тұрғандай. Құрылып-құрылмастан ұйымның «үш тiлдi бiрдей мемлекеттiк тiл етемiз» деп жар салуында бiр кiлтипан жатқандай. Тiптен, партияның қандай мақсатта пайда болғандығы қазiрше белгiсiз. Бiрақ оның өз мақсаты бары анық. Десек те, партияның бүгiнгi көздегенi – мемлекетке үштiлдiлiктi таңу ғана дегiмiз келмейдi. Бiрақ жоғарыдағыдай мәлiмдемеден кейiн қазақ патриоттарының кейбiрi бұл партияға тiтiркене қарай бастапты…
Әу бастан «Атамекен Кәсiпкерлер одағы» билiктiң қолдауымен дүниеге келген едi. Оның партияға айналуы да, артынша мемлекеттiк тiлдiң деңгейiне нұқсан келтiрерлiктей мәлiмдеменiң жасалуы – сол билiктiң қолдауынан емес пе дейсiз?! Бiр жағынан, Елбасы жоғарыдағыдай әдемi мәлiмдеме жасайды, бiрақ екiншi жағынан, билiкке жақын топтар үштiлдiлiктi қолдайды. Айтпақшы, үштiлдiлiк мәселесi Елбасының халықтар ассамблеясында жасаған мәлiмдемесiнде де қамтылған. Өз сөзiнде Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен бұған дейiн қазақстандықтардың жаңа ұрпағы ең кем дегенде үштiлдi болып, қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiн еркiн бiлуi тиiс дегенмiн. Еуропада көптiлдiлiк қалыптылыққа айналды, бiз де осыған сөзсiз келуге тиiспiз» – дейдi. Бұл ойды Үкiмет мүшелерi де өздерiнше жүзеге асырып жатқанға ұқсайды. Жақында «МК» басылымына сұхбат берiп, орыс журналисiн Қазақстанның Ресейден ешқашан да бойын аулақ ұстамайтынына сендiрген Сыртқы Iстер министрi Қасымжомарт Тоқаев: «…в Казахстане русский язык востребован и в государственных органах, и в общественной жизни. Посредством русского языка мы имеем возможность присутствовать в такой важнейшей сфере, как российская культура и наука. Русский язык – это достояние всех казахов» – дей келе: «Через десять лет выпускники казахстанских школ должны будут владеть казахским, русским и английским языками в равной степени» – дейдi. Бұл мысалдардың бәрiнен де билiктiң Қазақстанды қазақыландыруға емес, «қазақстандыруға» деген ұмтылысын байқауға болады. Яғни, билiк қазақ тiлiн қанша дамытам десе де, iс жүзiнде елiмiзде орыс және ағылшын тiлдерiнiң өсiп-өркендеуi үшiн бар жағдай жасалып жатыр. Әсiресе iс қағаздарының орыс тiлiнен қазақ тiлiне ауысуы үшiн тиiсiлi шаралар өз деңгейiнде атқарылып жатқан жоқ. Қазақ тiлi баяғы қалпы дамымай, бiр орында қақталып тұр. Бизнес тiлi – қазақ тiлi емес, билiк тiлi – қазақ тiлi емес, тiптi, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының басым бөлiгi өзге тiлде шүлдiрлейдi. Мемлекеттiк тiлге өттi деген бiрнеше облыстың өзi етек-жеңiн жия алмай отыр.
Есесiне соңғы кездерi қазақ тiлiн дамытудың орнына тұншықтыру әрекетi байқалады. Мәселен, биылдан бастап мектеп түлектерi Қазақстан тарихынан мемлекеттiк емтихан тапсырмайды екен. Бұл туралы мәселенi Мәжiлiс депутаты Амангелдi Айталы көтерiп, Елбасына үндеу жолдауға мәжбүр болды. Өз сөзiнде Парламент депутаты: «2006-2007 оқу жылынан бастап, Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң «Қазақстан тарихы» пәнiнен мемлекеттiк емтихан мәртебесiнiң алынып тасталғаны қоғамда наразылық тудырып отыр. Жас мамандардың Отан тарихын терең бiлу, оны мемлекеттiк бақылау барлық өркениеттi елдердiң талабы болса, бiздiң елiмiзде тарихымызға менсiнбеушiлiк орын алып отыр» – дедi. Дөп басып айтылған сөздер. Бұл – жас ұрпақты қазақыландырудың орнына, мәңгүрттендiру әрекетi емес пе?! Ресейде орыс тарихын бiлiп қоймай, мақтан ету – мiндет. Оның үстiне көпұлтты Ресейде оқитын оқушылар, студенттер мiндеттi түрде орыс тiлiнен мемлекеттiк емтихан тапсырады. Бiзде керiсiнше оқу саласынан қазаққа қатысты дүниелердiң бәрi де сорақы түрде алынып тасталып жатыр. Бүгiн оқу саласынан Қазақстан тарихы кетсе, ертең, тiптi, Қазақ тiлi мен Қазақ әдебиетi пәндерiнiң де тағдыры бұлыңғыр болмай ма?! Көпұлттылықты желеу етiп, негiзгi ұлттың тарихын қиып тастауға болмайды. Қазақстан тарихын – ұлт мақтаныш ететiн қазақ тарихын елiмiзде мекендейдi-мiс 130 диаспора баласының әрқайсысы да бiлуi керек. Әйтпесе қазақты мойындамайынша, олар мемлекеттiң дамуына да мүдделi болмас…
Осыдан бiрнеше ай бұрын Алматыда Орталық Азия мен Қазақстандағы ресейлiк отандастардың жергiлiктi басқосуы болып өткен едi. Онда Қырғызстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Өзбекстан мен Қазақстан сияқты бауырлас елдердiң орыс-славян ұйымдары бас қосты. Бас қосқанда, көбiсi мұңын шақты. Тәжiкстаннан келген өкiл В.Чигрина, ел аумағы бойынша орыс тiлiнiң экономика, ғылым және мәдениет саласында, тiптi, күнделiктi өмiрде қолданысқа ие болмай отырғанын айта келе, мектеп бағдарламаларында орыс тiлi сағатының кемiгенiн жеткiздi. Ал, Түркiменстаннан келген Н.Горн орыс тiлiнде сабақ беретiн мектептердiң жаппай жабылғанын мәлiмдедi. Өзбекстанда не бары үш орыс театры бар екен. Өзбектенген орыстардың айтуынша, ауылдық мектептерде орыс тiлi пәнi қайта енгiзiлiп жатыр екен, «даже» орыстiлдi мектептер де ашылып жатыр деп кеуде қағады. Десекте, Өзбекстанда орыстың да өзбекше сөйлейтiнi көпшiлiкке жасырын емес. Әйтеуiр, жоғарыдағы жиыннан ұққанымыз – Орта Азия бойынша тек қана Қазақстанда орыс тiлiнiң айдарынан жел ескен, тек қана Қазақстанда – орыс-славян ұйымдары орыс тiлiнiң қазiргi жағдайына шүкiршiлiк етпей, өзге тiлдi – мемлекеттiк тiл деңгейiне жеткiзуге тырысып бағуда. Тiптi, елiмiзде орыс-славян ұйымдарының саны да айтарлықтай. Еркiн пiкiрлерiн бiлдiре алады, еркiн жұмыс iстейдi. Бiрақ олардың бiрқатары Қазақстан билiгi мен БАҚ-тардың басым бөлiгiнiң орысша сайрап жүргенiне де шүкiршiлiк етпейдi. Байбалам салады, кейбiрi, тiптi, Ресейдiң неофашистерiн қолдаған сыңайда «Русский маршқа» үн қосады, орыс тiлiнiң дамуына орай заң жобасына ұқсас бағдарлама жасайды… Бәрiне де шүкiршiлiк ету керек қой. Президент ассамблеяда мәлiмдеген сөзiнде «орыс тiлiнiң қазiргiдей жоғары деңгейде» қалатынын айтты. Қазақстан деген мемлекетте қазақ тiлiнен басқа кенже қалған тiл жоқ. Бiрақ мұны түсiнерлiк адам жоқ.
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА