«РАУШАН ҚАУЫЗЫ», «ЛАВР АҒАШЫ» және “ГЕОРГИЙ ӘКЕЙДIҢ ОРДЕНI”

«РАУШАН ҚАУЫЗЫ», «ЛАВР АҒАШЫ» және “ГЕОРГИЙ ӘКЕЙДIҢ ОРДЕНI”

«РАУШАН ҚАУЫЗЫ», «ЛАВР АҒАШЫ» және “ГЕОРГИЙ ӘКЕЙДIҢ ОРДЕНI”
ашық дереккөзі
354
Әлемге әйгiлi Фаберже бұйымдарының тарихы әрiде жатыр
 

Биылғы жылдың 8-қарашасында Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттiк мұражайында басталған Фаберже бұйымдарының көрмесiнiң өтуiне қалалық әкiмшiлiк тiкелей себепкер болыпты. Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов мырзаның тiкелей мұрындық болуымен Фаберже бұйымдарының Оңтүстiк астанамызға келгендiгi туралы жазғанбыз. Ресейдiң iрi меценаттарының бiрi Виктор Вексельберг мырза Ресейдiң көне мұраларын Форбс отбасынан қайта сатып алып, көне де қымбат бұйымдар отанына оралған болатын. Бұл бұйымдар әлемге «Фаберже зергерлiк бұйымдары» атымен әйгiлi. Әлемге танымал бұйымдар ТМД елдерiнiң iшiнде Қазақстанда ғана көрсетiлiп отыр екен. Әлемге «Фаберже: жоғалған және қайта қалпына келтiрiлген» деген атпен белгiлi бұл бағалы бұйымдардың 77 данасы Орталық мұражайға қойылып, алматылықтардың көз қуанышына айналды.

Зергерлiк бұйымдардың әрқайсысының драмалық тағдыры бар. Олар Ресейдiң жүз жылдық тарихын еске түсiредi. Зергерлiк бұйымдардың арасында Фаберженiң пасхалды жұмыртқалары да бар. Олар негiзiнен Ресей императоры отбасы мүшелерiнiң арнайы тапсырмасы бойынша кезiнде жасалған екен. «Егер қымбат бұйымдардың барлық құндылығы, оның жақұт тастармен көмкерiлуiнде ғана болса, онда ол менi қызықтырмас едi» деген екен Карл Фаберже. Шын мәнiнде Карл Фаберже бұйымдарының құндылығы неде? 150 жылға жуық уақыт бойы Фаберже есiмi зергерлiк бұйымдармен қатар аталып келедi. 1870 жылы 24 жастағы Карл әкесiнен, яғни Гюстава Фаберженiң зергерлiк дүкенiн басқаруды қолына алады. Ақылды әрi жiгерлi жас жiгiт айналдырған 3 миллион сомға аз уақыттың iшiнде өз бизнесiн көтерiп алады. 12 жыл бойы Карл iнiсi Агафон екеуi императорлық Эрмитажда өңдеушi болып, жұмыс iстей жүрiп, әрбiр көне бұйымның қасиетi мен құдiретiн сезiнуге тырысады. Әртүрлi көне кiтаптармен танысады. Ежелгi дүниелерге қызығушылығы артады. Қайта өңдеуден өткен көне бұйымдар қайта жаңарып, одан сайын құны арта түседi. 1882 жылы Фаберже үйi алғаш рет байқауға қатысады. Мәскеуде өткен бүкiл ресейлiк көркемөнердiң көрмесiне қатысуы Фаберже есiмiн әлемге әйгiледi және жеңiске жеттi. Алтынмен көмкерiп, жақұт тастармен өрнектелген тамаша бұйымдар алтын медальге жол ашты. III Александр патша мен оның жұбайы Мария Федоровнаға ұнағаны соншалық, 1885 жылдың мамырында Фаберже «Поставщик Высочайшего двора», «Императорлық мәртебедегi зергер» және «Императорлық Эрмитаж зергерi» деген лауазымды иемденедi. 1890 жылы Фаберже тағы бiр лауазымның иесi болады. Императорлық мәртебелi кабинетiнiң бағалаушысы атанады. Сондай-ақ, Құрметтi азамат атағын да иемденедi. Ал 1900 жылы Парижде өткен әлемдiк көрмеде Фаберженiң даңқы әлемге жайылады. Ол даярлап әкелген бұйымдар Карл Фабержеге Гран-Придi табыс етедi. Париждiк құнды бұйымдардың зергерлерi: «Фаберженi алтын тастарды жасаушы зергерлердiң мэтрi» деп атайды. сол уақыттан бастап, «К.Фаберже» бұйымдарын сатып алушылардың саны артып, ендi оған әлемдiк монархиялық династия өкiлдерi тапсырыстар бере бастайды. Англия, Швеция, Норвегия, Германия, Дания, Франция және Сиама мен Балтимор корольдерi тапсырыс бере бастады. «Петушок», «Бутон розы», «Курочка», «Ренессанс», «Коронационное», «Лилия Долины» («Ландыши»), «Лавровое дерево», «Орден святого Георгия», «Шантеклер», «Скандинавские» секiлдi және өзге де бағалы дүниелер Алматыға әкелiндi. Бiрi – сағат бейнесiнде, ендi бiрi –коретаға орналасқан түрлi пасха жұмыртқалары өздерiнiң әртүрлiлiгiмен де көзге бiрден түседi. Және әрқайсысының өзiндiк тарихы бар. Мәселен, «Коронационное» деп аталатын пасха жұмыртқасын II Николай патша өзiнiң жұбайы Александра Федоровнаға 1897 жылы таққа отырған құрметiне сыйлаған екен. Тағы бiр өз әсемдiгiмен көздiң жауын алатын пасха жұмыртқасы – «Лавр ағашы» деп аталады. Оны кейде «Апельсин ағашы» деп те атайды екен. Бұл әсем сұлулықты II Николай патша өзiнiң анасы Мария Федоровнаға 1911 жылы пасха кезiнде сыйға тартыпты. Тағы бiр көрмеде көзге түскен пасха жұмыртқаларының бiрi – «Тауық»(«Курица»). Бұл 1885 жылы III Александр патша патшайым Мария Федоровнаға табыс етiптi. Дәл осы жұмыртқадан бастап, патшайымдарға пасха жұмыртқасын сыйлау дәстүрге айналған екен. «Ренессандық жұмыртқа» 1894 жылы сыйланыпты. Әртүрлi алтын, жақұт тастармен көмкерiлген жұмыртқа III Александр патшаның патшайым Мария Федоровнаға сыйлаған соңғы сыйы көрiнедi. Кейiнiрек бұл сыйлықты, яғни 1930 жылы Кеңестiк үкiмет сатып жiбередi. Сөйтiп, «Ренессандық жұмыртқасы» тұрақты экспозияға шығып отырған. Ал «Раушан қауызын» 1895 жылы Ресейдiң болашақ патшасы II Николай өзiнiң жары Александра Федоровнаға тарту етедi. Жұмыртқа қызыл желектермен көмкерiлген, оның сыртынан әртүрлi алмаз, жақұт тастар өрнектелiп, алтынға оранған. Ал, iшiне сары раушан гүлiнiң қауызы қойылып, оны жылтыратып жасапты. «Георгий әкейдiң орденi» деп аталатын пасха жұмыртқасы Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстың қарсаңында, яғни 1916 жылы дайындалған екен. Кейiнiрек, бұл жұмыртқаны Мария Федоровна 1919 жылы Ресейден алып кетедi. Пасха жұмыртқаларынан басқа, түрлi зергерлiк бұйымдар қойылды. Олардың да әрқайсының өзiндiк тарихы, шежiресi бар. Алтыннан жасалған глобус, үстөлге қойылатын сағаттар, сурет iлiнетiн портреттiк рамканың өзiнiң шежiресi бар. Ең бастысы – Алматыдағы Орталық мұражайда өткiзiлiп отырған бұл көрме ТМД елдерiнiң iшiнде Қазақстанда ғана өтуге мүмкiндiк алыпты. Бұл көрменiң өткiзiлуi Ресей мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастықтың артуына, достық қарым-қатынастың бiрiгуiне себепкер болып отыр. Көрме барысында ресейлiк ұйымдастырушыларға қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов Эрмитажда ғұндарымыздың тарихынан сыр шертетiн көне бұйымдардың да бар екендiгiнен хабардар еттi. Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi II ғасырда ғұндар пайдаланған құнды дүниелер жайында арнайы кiтап та шығарылыпты.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары