ТҰҢҒЫШ ДИПЛОМАТ

ТҰҢҒЫШ ДИПЛОМАТ

ТҰҢҒЫШ ДИПЛОМАТ
ашық дереккөзі
546

Ұлт рухын ардақтаған Нәзiр Төреқұлов

Қазақ ұлтын сүйген, ұлтын ардақ тұтқан азаматтардан кенде болған жоқ. Өткен тарихты қазбаламай-ақ, күнi кеше ел автономиясын алып, Түркiстан Республикасын құрамыз деп жанталасқан алаш ардақтыларының әрқайсысының орны бiр бөлек. Солардың қатарында 37-шi жылғы зұлматтың құрбаны болған азамат Нәзiр Төреқұлов та бар. «Сегiз ұлым бiр төбе, Ертөстiгiм бiр төбе» демекшi, қазаққа Нәзiр Төреқұлов та жеке, дара. Дара дейтiнiмiз, ол қазақ дипломатиясының басында тұрған азамат. Қазақ, өзбек, тәжiк тiлдерiн – туған тiлiм деп бiлген жан — тамырлас, туыс үш тiлде бiрдей сөйлептi, үш тiлде бiрдей жазыпты. Одан бөлек, ағылшын, француз, немiс тiлдерiн бiлу, елшiлiк қызметiне қарай араб тiлiн меңгеруi де оның қазақ үшiн қандай тұлға болғандығын аңғартады.

«Бiздiң елде заманында ғалам назар аударған,

өзге түгiл, өз ұлтынан шеттетiлген

Таулар бар.

Ол тау – сенсiң, Нәзiр аға!

Қазағымның нар тауы,

Дәуiрiнiң қасиетi,

Өр рухы, арқауы!» – деп көрнектi ақын Мұхтар Шаханов тегiн жырламаса керек.

Тұңғыш дипломат атқа мiнiп, қызмет атқарған киелi мекенде, яғни Түркiстанда Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң ұйымдастыруымен өткен алқалы жиын екi күнге созылды. «Қазақстан Республикасының дипломатиялық және саяси өмiрiндегi Нәзiр Төреқұловтың рөлi» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның өтуiне Қазақстан Республикасы Премьер-министрлiгi, Сыртқы iстер министрлiгi, Оңтүстiк Қазақстан облыстық әкiмдiгi себеп болыпты. Конференцияға Сауд Арабиясы, Түркия, Египет, Ливия, Ресей, Әзiрбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан сияқты шет мемлекеттерден және елiмiздiң мемлекет және қоғам қайраткерлерi, елшiлерiмiз, нәзiртанушы ғалымдарымыз, дипломаттарымыз қатысты. Кештi ҚР Премьер-Министрi Кеңсе басшысының орынбасары Бердiбек Сапарбаев жүргiздi.

Екi күнге созылған жиында Нәзiр Төреқұлов рухына арналған жылы-жылы лебiздер, тарихи дүниелер сөз болды. «Тоқсаныншы жылдары Қызылорда облысының әкiмi қызметiнде жүрдiм. Ел экономикасын қайтсек еселей толтырамыз дейтiн әкiмдердiң әдетi ғой. Сондай бiр сапар үстiнде бұрын «Түркiстан» совхозы аталған «Қандөз» елдi мекенiне соқтым. Жергiлiктi тұрғындар сөз арасында Қандөзде Нәзiр Төреқұловтың кiндiк қаны тамғаны жөнiнде айтып қалды. Алаш ардақтылары жаңадан ақталып жатқан сәт! Нәзiр Төреқұлов есiмiн, iшiме түйiп аттандым!»–дедi конференция барысында сөз алған Бердiбек Сапарбаев. Одан әрi: «Қызылордадан басталған әуестiк Оңтүстiк Қазақстан облысына әкiм болып келген соң да жалғасын тапты. Қызылорда облысында Нәзiр Төреқұлов атына көше, мектеп берген болсақ осы iстi Оңтүстiкте жалғадық. «Саяси қуғын-сүргiн құрбандары музейiн» ашып, онда Алаш ардақтылары қатарында Нәзiр тұлғасын экспозицияладық, көше, мектеп Нәзiр есiмiмен аталды, еңбектерi кiтап болып басылды» деп сөзiн жалғады.

Нәзiртанушы ғалымдардың арасында Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Тайыр Мансұров та бар. Атқа мiнiп, шенеунiк болып жүргенiне қарамастан, көп уақытын, нәзiртануға арнаған екен. Әсiресе, дипломат жайында деректердi жинастыруды Ресейде елшi болып жүрген кезiнен бастапты. «Ведь в дипломатическом словаре было всего лишь сказано, что в 20-30-е годы прошлого столетия полпредство СССР в Саудовский Аравии возглавлял казах Назир Тюрекулов. На этом все сведения о нем исчерпывались. Между тем, с 1928 по 1936 год – рекордный по тем временам срок – Н.Тюрекулов был не просто полпредом СССР в этом королевстве, но сумел радикальным образом изменить характер двусторонних советско-саудовских отношений, доведя их до уровня, выражаясь современным языком, стратегического сотрудничества».

Тайыр Мансұров дипломатты зерттей жүрiп, оның еңбектерiн жарыққа шығарумен де айналысыпты. Ол кiсiнiң арқасында дипломаттың бiр томдығы Мәскеуде басылды. «Елшi Нәзiр Төреқұловтың Арабия дастаны» түрiк, қазақ, орыс, ағылшын, араб тiлдерiнде бiр мұқабаға жинақталып Мәскеуден жарық көрiптi. Сонымен қатар, «Жизнь замечательных людей» секiлдi баспадан Тайыр Мансұровтың азаматтық ғұмырнамалық кiтабы жарық көрiп, тiптi қуанышқа кенелтiптi. Кейiннен, оны «Қазақстан» баспасы қазақ тiлiне аударып, қайта жариялаған екен.

Конференцияға қатысушылар Нәзiр Төреқұловтың қайраткерлiк және елшiлiк қызметiне, түркi елдерiнiң тарихын, мәдениетiн, экономикасын, өнерiн түпнұсқадан таныған шығармашылық қызметiне, Орта Азияны мекендеген халықтардың тарихы мен мәдениетiне қатысты жазған зерттеулерi мен еңбектерiне, түрiк халықтарының араб алфавитiнен латын алфавитiне көшу мәселесiне арналған жазбаларына да тоқталып, өз бағаларын бердi.

Сауд Арабиясы Корольдiгiнен арнайы келген нәзiртанушы өкiл Абдель Маджит ат-Түрки өз сөзiнде: «Бұл елге келген сайын қуанам. Өйткенi, бұл елде Нәзiр Төреқұловты зерттеуге көп мүмкiндiк берiлген», – дедi.

Екi күнге созылған Халықаралық конференцияға қатысушылар ғылыми пiкiрталасудың нәтижесiнде бiрнеше ұсыныстарды бекiттi. Оның қатарында:

Бiрiншiден, нәзiртану iлiмiн тек саясаттану және халықаралық қатынастар пәндерiнiң аясында ғана зерттемей, филология, педагогика, этнография, тарих, журналистика, әлеуметтану ғылымдарымен бiрлiкте қарастырған жөн. Нәзiртануды зерттеу – кешендi ғылым саласының объектiсi екендiгiн орнықтыру;

Екiншiден, дипломат еңбектерiн насихаттау үшiн оның теориялық және практикалық сипаттамасын жасап, ерекшелiктерiн ғылыми тұрғыда нақтылау;

Үшiншiден, Нәзiр Төреқұловпен тұстас зұлмат жылдарын бастан кешкен мемлекет және қоғам қайраткерлерiнiң бiрқатары тарихтан лайықты бағасын алды. Олардың атында мектептердiң, көшелердiң, оқу орындарының аттары бар. Нәзiртану саласын әрi қарай тереңдете зерттеу үшiн Қазақстандағы бiр жоғары оқу орнын (Дипломатиялық академияның) оның атымен атап, сол базада лайықты методологиялық негiз қалап, саясаттану және халықаралық қатынастар ғылымдарының әрi қарай дамуына кең өрiс ашқан жөн.

Төртiншiден, келесi 2007 жылы –Нәзiр Төреқұловтың туғанына 115 жыл толуына орай, Тәжiкстан, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Түркiменстан, Әзiрбайжан, Иран республикаларында халықаралық деңгейде семинарлар мен конференциялар өткiзу;

Бесiншiден, Сыртқы iстер министрлiгi ғимаратының алдынан елшi Нәзiр Төреқұлов ескерткiшiн орнату министрлiктен ойластыру және дипломаттың 115 жылдығына орай деректi фильм түсiру iсiнiң қолға алыну қажеттiгiн атап көрсеттi. Аталмыш қарарлардың iшiнде дипломатиялық академияның екi студентiне Нәзiр Төреқұлов атындағы стипендияның тағайындау қажеттiгi де сұралып, интернеттен Нәзiр Төреқұлов атына сайт ашу мәселесi де қозғалды.

Конференцияның университет қабырғасында өткiзiлуiне мұрындық болған Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң президентi Серiк Пiрәлиев өз кезегiнде, Түркiстан қаласында Нәзiр Төреқұлов мешiтi мен музейiнiң ашылғандығын да тiлге тиек еттi. Сондай-ақ, университет өздерiнiң екi үздiк студенттерiне Нәзiр Төреқұлов атындағы стипендияны тағайындағанын да айта кеттi.

«Туған халқын жанындай жақсы көрiп, табиғат молынан берген қабiлет-дарынын, ақыл-бiлiмiн, күш-жiгерiн соған адал қызмет етудiң iзгi мұраттарына арнаған қазақтың сайыпқыран перзенттерiнiң бiрi, бiрi емес, бiрегейi Нәзiр Төреқұлұлы болып табылады»,–деп жазған екен Халық жазушысы Қалтай Мұхаметжанов. Сол айтқандай қазақтың дара туған ұлы, тұңғыш дипломанты Нәзiр Төреқұлов туралы айтылар әңгiменiң бұл басы ғана. Нәзiртану iсi өз жалғасын таба бермек.

Осы орайда, конференцияға арнайы келген Сауд Арабиясы корольдiгiндегi елшiмiз Қайрат Лама Шарифке жолығып, тұңғыш дипломат төңiрегiнде бiрнеше сауал тастаған едiк.

– Бүгiнгi конференция Қазақстан дипломатиясындағы Нәзiр Төреқұловтың ролi қандай деген сауалға бiр ауыздан жауап берiлгендiгi көрiнiп тұр. Бүгiнгi таңда қазақ дипломатиясы атасы деп түсiнуiмiз керек. Шын мәнiнде ХХ ғасырдың басында елшi дәрежесiне жеткен ұлтымыздан шыққан перзенттердiң бiрi – Нәзiр Төреқұлов. Екiншi жағынан, Нәзiр Төреқұлов қызмет еткен Сауд Арабиясында жұмыс iстеп жатқан елшi ретiнде айтарым, Сауд Арабиясы басшылығы ол кiсiнiң ерен еңбегiн жоғары бағалап отыр. Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан кейiн ғана он бес жылдың iшiнде, екi ел арасындағы ынтымақтастық қайта жандана бастады. Оның басты бастауы Елбасымыздың 1994 жылы Сауд Арабиясына жасаған алғашқы ресми сапарынан басталады. Соңғы ресми сапары кезiнде Елбасымызды Батыр орденiмен марапаттауы Нәзiр Төреқұловтың ұрпақтарына, Нәзiр Төреқұловтың елiне деген құрметi деп бағалауымыз керек.

– Екi ел арасындағы ынтымақтастығының өршуiне тiкелей себепкер болып отырған Нәзiр Төреқұловтың елшiлiк қызметте болуы деп ойлайсыз ба?

– Ең бiрiншi айта кетерлiгi, Нәзiр Төреқұловты Кеңес заманында ату жазасына кескен кезде, Совет Одағы мен Сауд Арабиясы мен арадағы қарым-қатынас үзiлiп қалған болатын. Ендi сол қарым-қатынастың қайта жаңғыруы, тәуелсiздiк алғаннан кейiн ғана басталды. Бүгiнгi конференцияға бүкiл мұсылман әлемiне Нәзiр Төреқұлов iсiн кеңiнен тарату үшiн араб елiнен арнайы өкiлдердiң қатысуы да осының дәлелi болып саналады.

–Аға, қазақ дипломатиясының атасынан, яғни Нәзiр Төреқұловтан бүгiнгi жас дипломаттарымыз ненi үйрене алады, ненi үлгi тұтады?

– Елбасымыз соңғы рет Қазақстан халықтары ассамблеясында сөйлеген сөзiнде қазақ халқына бiр-ақ талап қойды. Әрбiр азамат ең алдымен қазақ, орыс, ағылшын тiлiн бiлу қажеттiгi. Нәзiр Төреқұлов қазақ даласында жүрсе де, жетi тiлдi еркiн меңгерген азамат. Елшiлерiмiз болсын, дипломаттарымыз болсын, қызметкерлер болсын, барша қазақтар осы Нәзiр Төреқұловтан үлгi алып, қазақ тiлiн, содан кейiн басқа тiлдердi меңгерiп, қазiргi халықаралық деңгейдегi бiлiктi азаматтар болса екен деген ой бар.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары