744
ХУСЕЙНДI ДАРҒА АСУ ЖӘНЕ ҚИЫН ДИЛЕММА
ХУСЕЙНДI ДАРҒА АСУ ЖӘНЕ ҚИЫН ДИЛЕММА
Спортшылар үшiн жарыс аяқталғанда, жекпе-жек бiткен соң «ақиқат сәтi» («Момент истины») келiп соғады әрқашан. Олардың өнерiн әдiл төрешiлер бағалайтын немесе өткен жарыстағы жетiстiктерi мен кемшiлiктерiн жанкүйерлер алдында жайып салатын қиын сәт. Мәңгiлiкке созылатын ұзақ, таусылмайтын ауыр минуттар.
Мiне, дәп осындай «ақиқат сәтi» АҚШ билiгiндегi Дж.Буш өкiметiне де келiп, қауiптi гонг үнi естiлдi. Дұрысы, әлдеқашан бұрын-ақ, 2003 жылдың наурыз айында Иракқа қарсы еш себепсiз соғыс бастағанда ескерту қоңырауы қағылған. Әрине, АҚШ өкiметi ол күндерi Саддам Хусейн режимiне тарпа бас салуын ақтайтын қилы-қилы себептер мен сылтаулар тапты. Бiреулер шын сендi, бiреулер шылғи өтiрiк екенiн бiле тұра жаһандағы жұдырығы ең жуан держава алдында қыңқ етiп үнiн шығармай, бұйдалы тайлақтай жетекке ере бердi, ендi бiреулер Ирак соғысының соңғы ғасырлардағы ең қантөгiстi соғыс боларын айтып, ескерту жасаған. Бiрақ, қазақтың бiртуар ақыны, марқұм Жұматай Жақыпбаев жазғандай: «Ақымақ әлем алған ба, Ақынның тiлiн бiр рет!» Өркөкiрек, тоңмойын, ұрдажық АҚШ билiгi ескертулерге пысқырған да жоқ. Себеп?!. Осы тұрғыдан ХХ ғасыр соңы мен тарих есiгiнен ендi енген ХХI ғасыр басында әлемде қалыптасқан жағдайға қысқаша аялдап өтсек артығы жоқ. Себеп, Ирак билiгiнiң қанқұмар екендiгiнде, оның Израильге үнемi қауiп төндiруi, тiптi, Иракта жасалып жатыр деген ядролық қаруда да емес болатын. Бұл айыптаулардың көбi көп ұзамай-ақ желге ұшып, адамдардың жадынан өшкен. Ұмытылған. Ең басты себеп, өзiнiң ең соңғы жаппай қантөгiс соғысында – Вьетнамда оңбай таяқ жеген, елде «Вьетнам синдромы» қалыптасқан АҚШ әлемге өз күштiлiгiн тағы бiр дәлелдейтiн, құдiреттiлiгiн бар сипатымен көрсететiн ыңғайлы сәттi көп күттi. ХХ ғасырдың соңында мұндай ыңғайлы сәт келiп туған. Бұрынғы бақталас КСРО-ның шаңырағы ортасына түстi, бұрынғы Варшава келiсiм шартындағы социалистiк лагерь елдерi Батыс Еуропаның, айналып келгенде АҚШ-тың қолтығын паналады. ХХ ғасырдың 80-шi жылдары әлем мемлекеттерiнiң бұрынғыдай 70-80 пайызы емес, небары 10 пайызы ғана социалистiк даму бағытын ұстаған болса, аталмыш онжылдықтың соңында «социалистiк даму» деген сөздiң өзi анахронизмге айнала бастады. Ал қанды тирания мәселесiне келсек, әлемде Саддам Хусейннен де қанды тирандардың бiрталайы әлi билiк басында отыр. Атом қаруы… Бұл желеудiң де түбi шикi. Соңғы кездерi ғана атом қаруына ие болып, жиi-жиi сынақтан өткiзiп жатқан Индия, Пәкiстан,тағысын-тағы елдерге ешкiм тыйым салып, соғыс ашқан жоқ қой. Тiптi, кейбiр деректерге қарағанда, адамдарды жаппай қырып-жоятын қаһарлы қару Оңтүстiк Африка республикасында да жасалған-мыс. Яғни, бұл соғыстың түпкi мәнi мүлдем басқа екенi бесенеден белгiлi едi. Гәп, кейбiр сарапшылар айтып жүргендей, Хусейнде емес, егер ол болмағанда АҚШ басқа Хусейндi ойлап табуға тиiс болатын. Тiптi, мұнай да соншалықты маңызды емес. Аса қажет болса Сауд Арабиясы мен Кувейт-ақ АҚШ-ты мұнайға шомылдырып, кеңiрдегiнен келтiрерi сөзсiз. Ең бастысы, әңгiме әлемде қалыптасқан жаңа жағдайға байланысты АҚШ-тың жан-жағынан жау iздегенiнде және ондай жау анау-мынау әлсiз мемлекет болмай, күш-қуаты айтарлықтай, халқының саны да елеуге тұрарлық әрi тарихы мыңдаған жылдарға созылған ел болса құба-құп. Американдықтар өздерiнiң мемлекеттiгiнiң тарихы шолақ қамшыдай қысқа екендiгiнен iштей зардап шегетiнiн, тарих мәселесiне тереңдегенде «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнiм» күй кешетiнiне адамзаттың озық ойлы өкiлдерiнiң бәрi дерлiк назар аударып, қадап айтумен жүргенi тегiн емес. Сондықтан мұсылман елдерiнiң, әсiресе, айтқанға көнiп, айдағанға жүре бермейтiн араб мемлекеттерiнiң бiрi болса тiптен жақсы. Өзiнiң күш-қуатына қапысыз иланған Құрама Штаттар араны ашылған аш қасқырдай қандыкөзденiп, құрбандық iздеген-дi. Мiне, осылардың бәрi, өздерiне тиiмдi көрiнген одан да басқа ондаған себептердi жинақтай келiп, АҚШ жаңа тарихтағы өзiнiң алғашқы құрбандығы ретiнде Иракты таңдады. Ирактың түбi жеңiлетiнi әу бастан-ақ күмән туғызбайтын. Бiрақ, 80-шi жылдары Иранмен соғыста талай ұрыс тәжiрибесiн жинақтаған Хусейн армиясының қысқа уақытта ыдырап кетуi, басқыншы жауларына айта қоярлықтай қарсылық көрсетпеуi бұл елдегi билiктiң де өз халқы үшiн соншалықты беделдi емес екенiн ашып көрсеттi. Дұрысын айтқанда, Басра, тағы бiрдi-екiлi қалалардан басқа аймақтарда айтарлықтай қарсылық көрсетiлген де жоқ. Яғни, осыған дейiн айтылып, насихатталып жүрген Ирак армиясының күш-қуаты, халық пен билiктiң бiртұтастығы жөнiндегi насихаттардың басым бөлiгi жел сөз болып шықты. Әлемде билiк беделi, халықтың бiрауыздылығы жөнiндегi проблемалар қайтадан бой көрсеткен. Бiрақ, Ирак жерiндегi уақытша жеңiс АҚШ-қа да ешқандай артық ұпай әкеле қойған жоқ. Тiптi, алып ел халықаралық аренадағы бұрынғы биiк беделiнен бiрте-бiрте айрылып, қасықтап жиған абыройын шелектеп төгiп, масқараға ұрынғаны сөзсiз. Буш өкiметiнiң беделi төмендiгi соншалық, ел президентiнiң рейтингi соңғы уақытта 40 пайыздан да кемiп кеттi. Өткен 7 қарашада АҚШ-тың өкiлдер палатасының (Конгресс) 435 мүшесiне, сондай-ақ Сенаттың үштен бiрiне дауыс беру бұдан бұрын елде болмаған жағдайға баса мән беруге мәжбүрледi. Сонау Вьетнамнан берi алғаш рет сыртқы саясатқа басты назар аударылды. Өйткенi, 2006 жылдың қазан айы Ирактағы американдық әскерлер үшiн ең қанды, құрбандықтар көп болған айлардың бiрiне айналғаны мәлiм. Қазан айының 31 күнiнде аймақта 101 американдық әскери қызметкер және 4-5 ағылшындық жауынгерлер жер құшты. Осындай, тiптi бұдан да көп құрбандықтар бұрын да болған. 2004 жылдың сәуiр айында 135 мәйiт салынған табыттар туған жерге –– АҚШ-қа аттандырылса, сол жылдың қараша айында 137 табыт жұлдызды жолақ қаралы туларды жамылып жеткiзiлдi. 2005 жылдың қаңтар айында да американдықтардың шығындары 100 адам болғаны рас, бiрақ, басқа уақытта бұндай көп шығын болып көрген емес. Осылайша Иракта жүргiзген әскери операцияларының нәтижелерiнде АҚШ осы елде үш мыңнан астам жауынгерлерiнен айрылды. Кiм бiлсiн, Пентагонның ресми деректерi осылай дейдi. Айтпақшы, 20 мың адам жараланған. Мамандар мен зерттеушiлердiң айтуына қарағанда, бұрынғы соғыстарда жараланғандардың әрбiр үшiншiсi қан көп кетуден, дер кезiнде медициналық көмек көрсетiлмеуiнен көз жұмса, қазiр АҚШ-тың жараланған 7-8 жауынгерлерiнiң бiрi ғана қаза табуда. Бұған осы елдегi АҚШ әскерлерiн құтқаруды тиiмдi ұйымдастыру, қазiргi заманғы медицинаның iлгерiлеп кетуiнiң арқасында ғана қол жеткiзiлген. Бұл – американдықтарды қанағаттандыратын жетiстiктердiң бiрi. Әйтпегенде АҚШ әскерилерiнiң шығындары әлдеқайда көп болуы мүмкiн едi. Ирактықтардың шығындары одан да ауыр. Мұнда күн сайын ондаған адамдар қаза тауып жатыр. Ең сұмдығы сол — көбiне Парсы шығанағындағы соғысқа еш қатысы жоқ бейбiт тұрғындар, балалар мен әйелдер, қарттар көз жұмуда. Ирак бiлiм беру министрлiгiнiң өкiлi Басиль аль-Хабибтың мәлiмдеуiнше, үш жарым жылға созылған қанды ұрыстар нәтижесiнде кем дегенде 154 университет профессорлары көз жұмса керек. Ал американдық және Ирак гуманитарлық ұйымдарының қорытындылары одан да қорқынышты. 2003 жылдың наурыз айынан берi 655 мың бейбiт адам ажал құшқан-мыс. Иә, мың күнгi мәңгiлiктен, бiр күнгi жарық жалғанды артық санайтын адам баласы үшiн еш кiнәсiз, мезгiлiнен бұрын көз жұму қандай ауыр трагедия! Әлемге демократияның озық үлгiсi ретiнде танылғысы келетiн озбыр АҚШ адамдардың өмiр сүру құқығын аяққа таптап отырғанын да еш мойындағысы келмейдi. Қазан айының ортасында сөз сөйлеген Джордж Буш: «Көптеген кiнәсiз адамдардың қаза болғанын мен бiлемiн. Және бұл менi мазалайды әрi қайғыландырады. Бiрақ, 600 мың, болмаса әлгiлер қанша деп ойлаушы едi өзi? Бұған сенуге болмайды», – деп американдық тоңмойындықтың үлгiсiн көрсетiп, халықаралық қауымдастықтың қарсы пiкiрiн елемейтiнiн, ешқандай құрбандықтардан қашпайтынын аңғартты. Тiптi, ол үшiн адам өмiрлерi жарты күреш тиынға татымайтыны анық бiлiндi. Әрине, бұл жағдайда 1945 жылғы Нюрнберг процесi қайталанбайтыны, Ирактағы соғысқа тiкелей кiнәлiлер сотталушылар орындығына отырмайтыны бесенеден белгiлi. Өтiрiк пен жалғандық, озбырлық жайлаған әлемде әдiлеттiлiктiң көзi таңулы, көмейiне тығын тығылған. Ол – су қараңғы соқыр, үнi шықпайтын мылқау! Әйтпесе, бейбiт адамдар арасындағы шығындар жөнiнен Таяу Шығыстағы осы соғыс адамзат тарихындағы ең қанды соғыс болып отырғаны бесенеден белгiлi. АҚШ жеңiске жеттiк деп өзiн алдарқатуда. Таяу жылдарда Ирак жерi үш бөлiкке бөлiнiп кетпекшi: күрдiлер мекендеген солтүстiк аймақ, шииттер өмiр сүретiн шығыс, оңтүстiк-шығыс аймақтар. Сунниттердiң қолындағы орталық. Және елде азамат соғысының басталып кету қауiпi орасан. Көптеген ойшылдар мен дүниенiң шын бағасын бере бiлетiн гуманистер бұл соғыс АҚШ-тың жаңа тарихтағы ең үлкен жеңiлiсi деп бағалауда қалыптасқан күрделi жағдайды. АҚШ Конгресiне сайлау қарсаңында Ирактың Жоғарғы соты Бағдатта Саддам Хусейндi дарға асуға үкiм шығарды. Құрама Штаттардың билiгiндегiлер бұны «кездейсоқтық» деп бағалағанымен,АҚШ-тың ең жақын одақтастары – еуропалықтардың өзi бұған сенiп отырған жоқ. Бұл – Саддам Хуссейнге тағылған көптеген айыптардың бiрi – 1980 жылдарың басында шииттердiң ауылы Эд-Дуджейльде өлтiрiлген 148 тұрғындар жөнiндегi үкiм. Эд-Дуджейль трагедиясы кезiнде бүкiл әлемдi қатыгездiгiмен тiтiрендiрген-дi. Оқиға қалай болып едi? 1982 жылы Саддам Хусейн және оған ергендер мiнген машиналар шииттер мекендейтiн Эд-Дуджейль елдi мекенiнде бораған оқ астында қалды. Бұл осыған дейiн өлтiрiлген, осы жерден шыққан дiни көсем Мұхаммед Бакр ас-Садрдың кегiн алуға ұмтылушылардың әрекетi болатын. Дiни көсемдi жазалауға куә болғандардың айтуынша, Саддам Хусейннiң тiкелей бұйрығымен ас-Садрдың әуелi сақалы өртелiп, сонан соң басына шеге қағып өлтiрiлген. Ирак өкiметiнiң жазалау шаралары да шектен асты: 400-дей адам тұтқындалып, 148 адам өлтiрiлдi. 250 адамның тағдыры әлi күнге белгiсiз. Саддам Хусейннiң бұрынғы көмекшiсi Авад әл-Бандер: «Олар заңды жазаға тартылды. Өз кiнәларын мойындарына алды. Ирак сол кезде соғыс жағдайында болған Иранның тiкелей нұсқауымен әрекет еткендерiн өздерi мәлiмдедi», – деп сүттен ақ, судан таза болуға күш салған. Егер Эд-Дуджейльде өлтiрiлгендер кезiнде диверсанттар, қазiргi тiлмен айтқанда, терроршылар деп бағаланса, онда соғыс жағдайындағы елдiң басшылары мұндай қатаң шара қолданғандары үшiн айыпты бола алмайтыны рас. Соғыс кезiнде диверсанттарды сотсыз, тергеусiз өлтiруге халықаралық заңдар мен ережелер тыйым салмайды. Оның үстiне, өлiм жазасына iзгiлiктi Еуропаның өзi тыйым сала бастауы соңғы жылдарда ғана. Саддам Хусейнге алғашқы үкiм шығарылды. Тiптi, Бағдатта жаман аты шыққан «Абу-Грайб» түрмесiнде дарға асуды жүзеге асыратын арнайы бөлме де бар «Бұл қондырғы кезiнде Саддам Хусейннiң тiкелей бұйрығымен жасалған» дейдi әлемдiк БАҚ-тар. Құранда, дарға асылу — мұсылман үшiн ең әбүйiрсiз өлiм екенi, оның жұмаққа барар жолды жабатыны айтылған. Бiрақ, бұл үкiмнiң таяу арада орындала қоятыны күмәндi. Саддам Хусейндi айыптауға негiз болатын талай жайттар сотта әлi өз кезегiн күтiп жатыр. Бiр iс қана бойынша шығарылған үкiмдi жылдам жүзеге асыру АҚШ-ты қарабет етсе, оның Ирактағы қолшоқпарларының бар бет-бейнесiн әшкерелейдi. Еуропалықтар бұл үкiмге түбегейлi қарсы. Өйткенi, бұл үкiмнiң орындалуы Саддам Хусейндi азапты өлiммен өлген әулиелердiң қатарына қосары сөзсiз. Хусейн адвокаттары оның өлтiрiлуi «тамұқтың есiгiн ашады» деп отыр. Иә, елдегi жағдайдың тамұққа айналарына себеп жеткiлiктi. Осыған дейiн Саддам Хусейн сотына төрағалық еткендердiң бес-алтауы кiсi қолынан қаза тапқаны елдегi жағдайдың қаншалықты күрделi екендiгiн көрсетсе керек. Ең таңданарлығы, ХХ-ғасырдың екiншi жартысында қытыгездiктерiмен аты шыққан басқа диктаторлардың ешбiрi өлтiрiлмеген де. 1954-1989 жылдары Парагвайды ауыр езгiде ұстаған Альфредо Стресснер 2006 жылы, таяуда ғана Бразилияда өз ажалынан өлдi. 1966-1979 жылдары Орталық Африка Республикасында өз отандастарын аямай қырған Жан Бокассо да осылай. 1973-1990 жылдары Чилидi қанға төктiрген Аугусто Пиночет те әлi тiрi. 1975-1979 жылдары бала-шаға, ересек демей Камбоджа халқының жартысын түгелдей қырған Пол Пот та кейiнiрек джунглиде өз ажалынан өлдi. 1967-1979 жылдары Никарагуаны уысында ұстаған Анастасио Сомосоны ғана кейiнiрек сандинистер астыртын өлтiргенi бар. Иә, румындар бұрынғы коммунистiк билеушiлерi Чаушеску мен әйелiн қысқа тергеуден соң атып тастағаны бар 80-шi жылдардың ортасында. Ол тергеу фарс болатын. Бiрақ, кезiнде ашу-ызаға бой алдырған румындар әлi күнге оңала алмай келедi. Еуропадағы экономикалық тұрғыдан ең арттағы ел болып қалып отыр. Сот үкiмiн: «Ұлт (халық) жасасын! Оның жауларына өлiм келсiн! Аллах акбар!» – деп дауыстап қарсы алған Саддам Хусейн жауларының өзiн дарға аспайтынына, офицер ретiнде атып өлтiрiлетiнiне үмiттенедi. Ол өлiмнен қорықпайды. Күн сайын Құдайға құлшылық етiп, қолынан Құран-Кәрiмдi тастамайды. Қолға түскен Хусейндi күзеткендердiң бiрi, АҚШ армиясының капралы Джонатан Риздың мәлiмдеуiнше, Хусейн өзiнiң жасырынған орнын бiр-ақ адам бiлгенiн бұларға айтқан. Және сол адам Саддамды американдықтарға сатып, жасырын орынды көрсеткен. Хусейн өзiн Иса пайғамбармен салыстырып, әлгi сатқынды Иудаға теңейтiн көрiнедi. Саддам Хусейн үкiмдi өр кескiнмен, өз сенiмдерiнен айнымаған қалыпта қарсы алды. Оған өлiм қорқынышты емес, қайта маңайындағы бұрынғы сенген адамдарының көбi дерлiк сатып кетуi жанын мазалайтын сияқты. Әсiлi, ХХ ғасырдың 50-шi жылдарынан берi Ирактың билiгiнде болғандардың өз ажалынан өлгендерi саусақпен санарлық. Тiптi, жоққа тән. Сондықтан да Саддам соншалықты сабырлы, сенiмдi шығар. 1958 жылы Ирак королi II Фейсал мен премьер-министр Нури Саидты монархияға қарсы көтерiлiс жасағандар өлтiрiп, мәйiттерiн сарай қабырғасына аяқтарынан iлiп қойды. Монархияға қарсы революцияны жеңiске жеткiзiп, премьер-министр болған, iле-шала диктаторға айналған Абдель Керим Кассем 1963 жылы билiктен тайдырылып, қысқа соттан кейiн өлiм жазасына кесiлдi. Керим Кассемдi құлатқан, президент болып сайланған Абдель Салем Арефтың өзi де сарай қызметшiлерiмен бiрге 1966 жылы тiкұшақ апатынан ажал құшты. Бұл апатты кiмдер ұйымдастырғаны әлi күнге жұмбақ. Оның орнына билiкке келген генерал Абдель Рахман Аред те сарай төңкерiсiнен соң билiгiнен айрылып, жеңiмпаздар оған өмiрiн сыйға тартқанмен, Түркияға бiржолата қуып жiберiлдi. Тек Саддам Хусейннiң алдында президент болған Ахмед Хасан аль Бакр ғана1982 жылы өз ажалынан өлдi. Бiрақ, оның өзi өмiрiнiң ақырғы сәтiне дейiн үй тұтқынында ғұмыры өттi. Қатал «дәстүр» Ирак елiнде тағы да жалғаспақшы. Бiрақ, Саддам Хусейн көзi тiрiсiнде-ақ Джордж Буштың болашағына қауiп төндiруде. 7 қараша күнгi сайлауда Джордж Буштың жақтастары мен партияластары – республикашылар 12 жылдан берi оңбай сүрiнiп, жеңiлiс тапты. Өкiлдер палатасы мен Сенатта басым дауысқа ие болған демократтар таяу уақытта импичмент өткiзiп, Джордж Бушты билiктен тайдыруы ықтимал. Кiм бiлсiн, кiсiге жасаған қиянат құр кетпейдi, қайтып айналып адамның өзiн табады дейдi ғой. Саддам Хусейн әлден-ақ жауларынан кек ала бастаған шығар?..Жаңабек ШАҒАТАЙ