ҒҰЛАМАНЫҢ ШАРАПАТЫ
ҒҰЛАМАНЫҢ ШАРАПАТЫ
Тал бесiктен жер бесiкке дейiнгi аралықтағы саналы ғұмырын қазақ халқының бiлiм-ғылымына арнаған фарабитанушы, кен инженерi, геология салаларынан алғаш қазақ тiлiнде оқулықтар жазған, қазақ ғылыми-фантастикалық шығармалардың негiзiн салушы, әл-Фараби мұрасынан Абай болмысының рухани сабақтастығын тапқан Машанов Ақжан Жақсыбекұлының орны ерекше.
Машановтың тәрбиесiнде болып, ақ батасын алғандардың бiрiмiн. Ұлы ғұламаның өмiрiнiң кейбiр сәттерiнен үзiк ойлар жиi мазалайды. Жинақтап, қағаз бетiне түсiрудi жөн деп топшыладым.
1966 жылы немере ағайым Қаппасов Зарлық политехникалық институттың маркшейдрлiк бөлiмiне оқуға түстi. Ақкөңiл, кеңпейiл, үлкенге таптырмас iнi, кiшiге қамқор аға едi. Бiрде: «Дәкен, нағашымның үйiне барып келейiк, жүр!»–деп қолқа салды. Қалалықтардың елдегiдей қонаққа арқа-жарқа қуанып, жатсынбайтынын, пейiлi кең, ашық жарқын жандарды кездестiрмеген сияқтымын.
Машанов Ақжанның апасы ұлы атамызға Қарқаралыдан ұзатылып, Ақтоғайға келiн болып түскендiгiн, бiздердiң әжемiз екендiгiн естiгенмiн. Ақжан ағаны нағашы дейтiндiгiмiз сондықтан…
Қ.И.Сәтпаев атындағы көшеде тұратын ағаның үйiне келдiк. Есiктi аға ашты. Таңырқап қарап тұрды да, Зарлық ағамды бiрден таныды. Шын қуанғаны жүзiнен аңғарылып тұр. Маған бұрылды да: «Тамақты ысытып, шәй жасай бер, мен намазымды оқып алайын»,– деп iлтипат бiлдiрдi. Қуана-қуана iске кiрiстiм. Бiрақ «намазы несi, ғалым-ұстаз» – деушi едi ғой деген ой басыма сарт ете түстi. Түкке түсiне алмаймын.
Дастархан басында отырмыз. Ертеректе жұмыс сапарымен елге келгенде бiр рет көрген болатынмын. Ол кезде ненi аңғарып, көңiлге түйгендей едiк…
Иманжүздi, ақ жарқын қонақжайлық пiшiнмен бiздiң ұялмай тамақтан алып отыруымызды ескерте отырып, әңгiмеге кiрiстi.
Бұл отбасының бiр ерекшелiгi бейсенбi күнi түстен кейiн, не жұма күнi таңертең көк базардан қымыз, түрлi жемiс-жидектер алдыратын-ды. Ақжан аға жұма күнi мешiтке барып, жұма намазын оқып, көк базарды аралайды екен. Бiрде: «Аға, көк базардан не аласыз?»– деп сұрадық.
– Базар көпшiлiктiң жүретiн орны, халықпен етене жақындасудың жолы ғой. Кәрiптерге садақа беремiн, сауабы тиедi,– дейтiн.
Жұма күнi шелпек пiсiрiлiп, тәттi тағамдар дастарханға жайылып, аға құран оқып, ислам ғылымы жайында әңгiмелер айтатын, бiздерге ақ батасын беретiн-дi. Осындай бiр жайлы отырыста:
– Сендердiң әл-Фараби деген бабаларың бар. Бiлiп жүрiңдер, – дедi. Бiздер таңдана әңгiменiң жалғасын күттiк. Одан әрi:
«Абу Насыр Мұхаммед,
Мұхаммед Тархан баласы.
Туған жерi Сыр бойы,
Түркiстан – Арыс арасы.
Арабша Фараб аталған,
Отырардың қаласы.
Фараби есiм алыпты,
Даналардың данасы…
Отырар мен Түркiстан,
Бағдат пен Мысыр, Шам,
Аралаған арасын», – деп айтқанда өзi қуаттанып, толассыз шабытпен түйдек-түйдек ой тастады.
– Фараби ғылымның, өнердiң барлық саласында өшпес iз қалдырған, ғылыми мирастарын iздеу, Отанына оралту бiзге парыз… әл-Фарабидi Қазақстанда тұңғыш таныған Мағжан:
«Тұранның кiм кемiткен музыкасын,
Фараби тоғыз шектi домбырасын.
Күңiрентiп тоқсан тоғыз күй тартқанда,
Тебiренiп, кiм төкпеген көздiң жасын?!» – деп жазған.
Ұқтыңдар ма?! Қазақтың тарихы мен мәдениетiн бiзге жеткiзген Фарабидiң тоғыз шектi домбырасы. әл-Фарабидiң аруағына сыйынып жүрiңдер. Ол сендердiң бабаларың. Бiрақ кейбiреулер түсiнбей, мойындамай жүр, фарабитануды Өзбекстанға, Қырғызстанға бұруды көздеген қызылкөз пәлелердiң әрекетiне қиналамын…
«Ия Алла, өзiңе аян ниетiм анық,
Мақсатым ақиқатқа жақпақ шырақ.
Қолдан келе бермейдi ойлаған iс,
Ия, рабым, кешiре гөр кетсем жырақ.
Кiрiстiм Фарабиге сол ниетпен,
Баба деп үлгi аларлық әулие өткен.
«Қыдырған iзiн басар» деген сөз бар,
Ғылымды дамытарлық зор ниетпен…
Саудаға Фарабидi салғандар көп,
Ойлары бастан аяқ айла мен еп.
Өмiрде мән бермейдi мәңгiлiкке,
Өтсеңдер бұл жалғанның жемтiгiн жеп».
Аға Фарабиге деген жан сезiмiн, толғаныс иiрiмдерiн осылай түйiндедi.
1968 жылы күзде аға Таяу Шығыстан туристiк сапардан оралды. Келсек ортаңғы үйде отырарға жер жоқ, туған-туыс, Арарат, Әлiшерлер ағаны қоршап алыпты. Анталап бiз де тұра қалдық. Үлкен бiр шабытпен қайда болғанын, не көргенiн баяндап отыр.
– Әл-Фарабидiң бiрiншi Отаны– Отырар, Түркiстан. Екiншi Отаны– Араб елi, Таяу Шығыс. Өмiрiнiң соңғы күндерiн Сирияда өткiзген. Сирияның астанасы Дамаскiдегi Баб ас-Сағыр зиратында жерленген екен… Сол жерде көңiлiм босап, iздегенiм табылған соң, назымды қойын дәптерiме түсiрдiм:
«Түркiстан мен Шам арасын
жақындатқан бабамыз,
Басыңа келдi ұрпағың, ақылды дария данамыз.
Араб, парсы, түрiкте сiздi бiлмес жан бар ма?
Басқалар да таниды, тарихқа көзiн салғанда.
Зиарат ойлап басында,
Елден iздеп келген ем.
Тәбәрiк етiп бiр уыс,
Топырақ алдым мен сенен…»
Мына фотоаппаратта әл-Фарабидiң зираты басында түсiрiлген пленка бар. Ұлы бабамыз туған елiне оралды, Алла жазса алдағы күндерi суреттi де көресiздер. Өздерiңе деген тәбәрiктi бөлiсiңдер,– деп ортаға салды. Үлкендер жағы ағаның зират басынан әкелген топырағынан таласа отырып, тұмарлық алды. Жастар жағы бiлезiктi қанағат тұттық.
Кейiн Дамаскiде әл-Фараби зиратының басында түскен сурет ескерткiштi сыйға тартты. Ағаны сағынғанда осы суретке қарап, аруағына сыйынамын. Бойыма қуат берiп, жiгерлендiредi…
Ағаның бойындағы асыл қасиет – қарапайымдылық. Кiсiнi ғылымына, бiлiмiне, үлкендiгiне, жас ерекшелiгiне дараламай өзiнiң зерттеп жатқан iстерiнiң сырын айтып отыратын. Қашан көрсеңiз жазу үстелiнiң үстiнде сызғыш, өшiргiш, қарындаш, қаламсап, бәкi және әртүрлi геометриялық фигуралар тұратын-ды. Сол фигуралармен сөйлесiп, түрлi шеңберлер сызып, дәлелдеп, сандарды қосып, көбейтiп, ғылымның басқа бiр түрiн табады. Сөздi құраушы әрiптердiң сандық мәндерiн сөз түсiнiгiнiң сандық өлшемiне келтiру қажет деп, әрнәрсенiң өлшеуiн бiлмек ғылымның асыл тегi, ол әл-Фараби еңбегiнде талданған деп, үшкүл, төрткүл, бескүлдердiң ғаламат сырын баяндайды. Үйге кiм келсе де, жаңа ғылыми ойларынан мағлұмат беретiн. Ағаның айтып отырған ғылыми зерттеулерiне түсiне қоймасақ та, терең сырдың барлығын мойындайтынбыз. «Аға, осы дәлелдердi қайдан аласыз?» деген сауалымызға: «Алла аян бередi», – деп ақырын күбiрлейтiн. Бiз де құдiреттi бiр күштiң барлығын сезiнiп, шуақтанып қалатынбыз.
Әл-Фараби Отанына оралып, елiмiз тәуелсiздiгiн алып, фарабитанушылардың тамыры тереңге бойлаған кезде (1993 ж. 15 қараша) төл теңгемiз айналымға ендi. Әл-Фарабидiң бейнесiнiң бiр теңгеде бедерленгенiне көңiлiм толмай, неге олай болғандығын сұрадым. Сонда аға:
«Теңге — тебен ежелден қазақ заты,
Тереңде мағынасы бар оның аты.
Теңге басы болғаны әл-Фараби,
Бабаның болсын деген фазилаты».
Ағадан «фазилаты» дегеннiң мағынасын сұрадым. «Жақсылығы болсын» дегенi екенiн түсiндiрдi. «Төл теңгемiз қайырлы болсын. Ғасырлар бойы армандаған тiлегiмiз орындалды. Егемендiк бiзге оңай келген жоқ, сан боздағымыз осы жолда құрбан болды. Елдiң жағдайы түзелiп келедi, тек ниет түзу болсын»,– дедi…
Ия, теңгемiздiң беттерiнде халқымыздың аса көрнектi тарихи қайраткерлерiнiң бейнелерi берiлдi. Дүниенiң төрт бұрышындағы елдер бiздiң айбынды азаматтарымызды ақшамыз арқылы таныды.
«Теңге басы болғаны әл-Фараби,
Бабаның болсын деген фазилаты»,
деген тiлегi қабыл болып, ұлттық валютамыз тұрақталды. Жақсылығын халқы көруде. Ендi айналымнан шығарылып тасталған екi жүз, бес жүз, бiр мың, бес мың теңгелердi қолыма ұстағанда ағаның қуанышты жүзiн көремiн, кеудеме басамын. Ұйқысыз түндер, күлкiсiз күндер өткiзiп, он жылдам астам жоғарыдан қолдау таппай, ұлы бабамызды кiндiк кескен қасиеттi топырағына оралту жолындағы қиналыстарын ойлаймын… «Басында сәлдесi бар бiреудi ғалым деп басқа көтерiп жүр. Ол дiншiл молда болу керек. Бұл қауiптi», – деп ағаның iзiн аңдығандарды да естiдiк. Тiптi, компартияның Орталық комитетiне шақырып: «Намазыңды қой, не қызыл билетiңдi тапсыр»,– дегендер болғаны шындық.
Ақжан аға басшылардың қылығына мойымай әрi таңданып, сол бiр жайттары жөнiнде: «Алам десең қызыл билет мiне, ала ғой. Бес уақыт намазымды тастамаймын. Қаныш Сәтпаев берген ҚазақССР Ғылым академиясының мүше-корреспондентi деген атақтан басқа ғылыми дәреже керегi де жоқ. Аллауһакпар!»,– деп шығып жүре бердiм… Өмiр бұлай тұрмайды. Жаратқан ием жар болсын!» – дейтiн.
Бодандықтың құрсауында тұрып, қызыл империяның сойылын соққандармен әрқашан айқаса жүрiп, Аристотельден кейiнгi дүниежүзiнiң озық ғұламасы әл-Фарабидi елiне оралту ересен ерлiк.
Ағаның бойындағы асыл қасиеттердiң бiрi– кiсi сөзiн жерге қалдырмайтындығы. Бiрде қазақ тiлi мен әдебиет бөлiмiнде оқығым келетiнiн айттым. Жазып отырғанын доғарып, анықтап сұрады. Үш күннен кейiн аға шақырады деген хабар естiдiм. Келдiм. «Қарағым, филолог болам десең оқу министрi Аймановқа бар, ол кiсiге түсiндiрiп айттым, қарсы емес», – деп қалай баратынымды нақтылап түсiндiрдi. Ағаның бiрауыз сөзiнiң арқасында шет тiлдер институтынан С.М.Киров атындағы Қазақтың Мемлекеттiк университетiне бiр курсым шегерiлiп, филология факультетiне ауыстым.
«Елiңнiң өткендегiсi мен бүгiнгi кейпiн таныта бiлетiн шебер ұстаз бол. Әдебиеттiң адам баласына, оның тiршiлiгiне тигiзер ықпалынан қуат ал. Әдебиет – өмiртану ғылымы. Ұлылардың өнегелi өмiрi, асыл мұралары бойыңа қуат берсiн. Өмiр оқып алатын кiтап емес,оның өз заңдылықтары бар. Абайдың iлiмiн түсiн, ғибрат ал, тереңiне бойла. Адам баласының қас жауы – имансыздықтан, ерiншектiктен, қиянатшылдықтан аулақ бол»,–деген едi ол кiсi Көкшетауға кетерiмде.
Халқымыз: «Адам сәнi – даналық, даналық сәнi – сабырлық, ең қымбаттысы – ар, сыншысы – халық», деген ғой. Ағаның бойындағы осы қасиеттер ұрпағына жұғысты болса екен.
1983 жылы қазан айында iс тәжiрбием Қазақ ССР Оқу министрлiгiнiң коллегиясында қаралатын болды. Ақжан аға батасын берiп, толқып тұрып шығарып салды. Iс-тәжiрибем мақұлданғанда жас баладай қуанып, балаларыма бақыт, шаңырағыма шаттық тiледi. Әдебиет майданындағы қым-қиғаш жағдайларды сараптап, ой қозғады. «Әдедиетшiлер шындықты көрсете алмай жүр. Мысалы, С.Мұқанов Шоқан Уәлихановтың балалық шағын жазды, жастық шағын жазды, өмiрiнiң соңғы тұсын аша алмады. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында саясатқа бой ұрды, баласын әкесiне қарсы қойды. Құнанбай – аруақты адам. Шәкәрiм қажының аты да аталмайды?! Сәкен Жүнiсов «Ақан серi» романында Ақан серi мен Науан хазiреттi халыққа тiптi басқаша танытты. Қарауыл Науан хазiрет бiлiмдi адам, шет елдерде оқыған, Көкшетауда медресе ашып, мешiт салдырған. Араб, парсы, орыс тiлдерiн жақсы меңгерген – жақсы имам. Көкшетаулықтардың сауатын ашып, бiлiмге үндеген Ыбырай Алтынсаринмен теңдес ұлттық рәсiмдердi уағыздаған, хазiреттiң өмiрiн бұрмалау аруағына қиянат, обал- сауабын өздерi көтерер», – дейтiн.
Ағаның осы сөздерiне кейде таң-тамаша болушы едiм. Жауап iздеу қайда?! Егемендi ел болғаннан берi неше түрлi құпиялардың бетi ашылғанында аға соның бәрiн қалай бiлген, ғұламалығы осы екен ғой деп таңданамын.
1987 жылы 25 ақпанда чемоданымды сүйретiп, ағаның үйiне келдiм, есiктi аға ашты. Өңi солғын, қарақошқылданған, қабағында кiрбiң бар. «Төрлет, қарағым, ел-жұртың аман ба?» – деп амандық сұрасқанмен, бұрынғы ақжарқын аға емес. Белгiсiз кiрбiңдi: «Сағыныш тәте!» – деп құшақтаған Қабдөштiң қылығы жадыратып жiбердi.
Аяулы жеңгем Жамал да келдi. Ол кiсi де өзгерген тәрiздi. Бет-әлпетi солғын. Бұл– желтоқсанның ызғары екен. Амандық-саулықтан кейiн Орталық Комитетке, Колбинмен кездесуге келгенiмдi айттым. Ағаның бет-бейнесi күреңденiп, өзгерiп кеттi. «Зымиян, халықты алдап, мойнындағы қанды жумақ. Жазықсыз жастар қыршынынан қиылды, қантөгiс, қырғын болды. Марксизм-ленинизм шайтанның жолы, солардың идеясын ұстағандар халықты арандатты. Жас ұрпағына қиянат көрсеткен қандай жауыз мемлекет!» десеңшi.
Бiр әмiршi әл-Фарабиден: «Менiң мемлекетiмнiң ертеңi туралы не айтар едiң?»– деп сұрапты. Сонда әл-Фараби: «Сен маған өзiңнiң жастарыңды көрсет, сонда мемлекетiңнiң болашағын барлау қиынға соқпайды»–деген екен.
Жастардың еркiндiктi аңсап, сөз бостандығын көксеп, бейбiтшiлiк жолмен шеруге шығарулары алдағы күнге сенгендiгi. Алаш азаматтары Әлихан, Ахмет, Шәкәрiмдердiң бостандықты аңсаған күшiнiң қуаты. Жастарды нақақтан нақақ хайуандықпен қорлады. Соның бәрiн көз көрдi. Ақыры оңбас. Алланың қаһарына ұшырары хақ», – дедi де, орнынан шапшаң тұрып кеттi. Жамал жеңгем болса етжүрегi елжiреп, еңiреп отырып, сол оқиғаны баяндады. «Ағаң екеуiмiз институт пен жатақхананың арасында кезекшiлiкте болдық. Арасында қан төгiстi Қабдөш көрмесе екен деп (11 жаста болатын), не iстеп жатыр деп үйге де жүгiремiз. Оны қамап қойдық. Мына терезеден бәрiн көрдiк. Есiмiзден адастық. Текпiлеп, ұрып соғып, машинаға тиеп жатқандарын көрiп, шыдамай үш рет алаңға барыппын… Кинокамераға түсiп қалғандарды ұстап әкетiп жатыр. Мен де түсiп қалсам, әкететiн шығар. Шалым мен баламды ойлап отырмын, бұлардың күндерi не болады? Iшкен тағамымыз әлi қан татып тұр», – деп қамықты.
Ертеңiнде Орталық Комитетке бiздердi Абаева мен Қ.Балахметов бастап апарды. Бiрнеше тексерiстерден өтiп, Колбинге жеттiк. Құр сүлдерiм қалған, iшкi дүнием алай-дүлей. Екi көзiм Колбинде, бетi бұжыр, қара сұр, төмен қарап сөйлейдi екен. Кездесуге келгендер оқу-ағарту мәселесiне орай көп сұрақтар қойып, ой бөлiстi. Пiкiрiмiздi жазбаша да бердiк.
Кездесу аяқталысымен алты адамның фамилиясы аталды, бiрi – менмiн. Орталық телестудияға барып, осы кездесуге арналған, дөңгелек үстелге қатысатындығымызды хабарлады. Мақтау керектiгiн түсiндiм. Келдiк. Бетiмiздi бояп, өздерiнше дұрыстайды екен, гримдей бастағанда көз алдыма ағаның бейнесi елес бердi. Ток соққандай орнымнан атып тұрдым. Бастап барған басшымыз iшке кiрудi меңзедi. «Ауырып тұрмын» деп сылтауратып, айнаның жанында тұрып қалдым. Қалғандары iшке кiрiп кеттi. Бiрге келген Архимед Ысқақов (көкшетаулық) екi рет студияға кiруiмдi өтiндi. Бiрақ хабарға қатыспай, үйге келдiм. Ешкiм ештеңе сұрамады.
Ертеңiнде дастархан басында аға Эйнштейннiң мына қағидасын баяндады: «Мен қалай өмiр сүру керек екенiн таптым, ол Х=A+В+С теңдеуiмен өрнектеледi. Мұндағы Х-табыс, А-еңбек, В-демалыс, С-тiлiңе берiк болу– деген екен. Дұрыс теңдеу. Бiрақ осы теңдеудiң шешiмiн әркiм пендешiлiкпен өзiнше өрнектеп алмаса болды…»
Күндер өтiп, жылдар жылжып, бәрi орнына келiп жаңарғанда сол дөңгелек үстелге қатыспағаныма ризамын. Х=A+В+С теңдеуi бойынша өмiр сүрiп келемiн.
Ағаның үйiндегi көп қазынаның бiрi – Лидия елiнiң патшасы Крез бен грек-рим елiнiң атақты философы Солонның суретi. Бұл суреттiң сыры да терең. Сәлем беруге келген Солонға Крез: «Ей, Солон, мына менiң алтын тағыма, байлығыма, батырлығыма не жетедi? Қалай бағалайсың?» дегенде:
– Ей, патша Крез, адамның бақыты, бақытсыздығы өлер шағында белгiлi болады. Есiңде болсын! – деген ғой. Кейiн Крез Кирмен жауласып, мойнына қыл арқан iлiнгенде, «Солон, Солон!» – деп айғайлайды. Аузынан бiр сөз шықса маған алып келiңдер деген уәде бойынша жендеттер Кирге алып келедi:
– Сенiң Солоның не, өлер шағыңда елiңе, бала-шағаңа бiрдiңе айтып, құдайыңа сыйынбайсың ба? – дейдi Кир. Крез Солонның айтқан сөзiн айтады. Оның данышпандығы есiне түскендiгiн ескерте келе: «Солонның айтқаны сенiң де басыңа түспесiн қайдан бiлесiң?!» – деген екен.
Кир Крездi өлтiрмей босатады, кейiн жаугершiлiкте Кирдiң басы кесiлiптi…
Осындай мағлұматтарды баяндап, көкiрегiмiзге ой салатын. Мына өмiрдiң жалғандығына көз жеткiзетiн.
Рухының өрлiгi, дiнiнiң тазалығы, парасат пайымының ерекшелiгi – адам баласын жатсынбайтындығы. Iшкi әлемiндегi жан сырымен де бөлiсетiн. Кейде әңгiмемiз әр түрлi атаулардың баламасына ойысатын-ды. Бiрде Жамалдың есiмi қандай мағына беретiндiгiн бiлгiм келдi. Жәмкең таң-тамаша.
– «Жамал» арабша сүйкiмдi, шырайлы деген мағына бередi, – деген жауап алдым жүзi шырайланып жымиған ағадан.
Шiркiн, уақыт зымырап өтiп жатыр. Ағаның өмiрiнiң жалғасы – балалары Әлiшер, Қабдөштер бiр төбе. Сол шаңырақтың адалбақаны – Жамал. Асыл ағаның «Мәңгi разы мен саған, Ойыңда болсын осы сөз», – деген жүрекжарды сенiмiн ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келедi.
Көкшетау педагогикалық
университетiнiң доцентi, филолог.