ТМД САММИТI: ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУДЫҢ ЖОЛЫН IЗДЕГЕН ЖОҚ
ТМД САММИТI: ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУДЫҢ ЖОЛЫН IЗДЕГЕН ЖОҚ
28-қарашада Белоруссия астанасы Минскiде ТМД-ның құрылғанының 15 жылдығына орай, ТМД мемлекеттерi басшыларының саммитi болып өттi. Саммитке Түркiменстаннан басқа барлық ТМД мемлекеттерiнiң басшылары қатысты. Осы бiр тарихи кезеңде ТМД-ның басшысы қызметiн бiздiң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атқарып отыр.
Минскiдегi ТМД мемлекеттерi басшыларының саммитiнде ТМД елдерi – үш мәселенiң шешiмiн күткен. Олар еркiн сауда айналымы, ТМД мемлекеттерi арасындағы шекара келiсiмiне қол жеткiзу және энергоресурстарды тасымалдауда монополияға ие Ресейдiң газ мәселесiн шешуiнен үмiттi едi. Алайда, бұл мәселелердiң iшiнде ең өзектiсi шекара келiсiмi күн тәртiбiне енген жоқ.
ТМД-ның атқарушы хатшысы Владимир Рушайло ТМД мемлекеттерiнiң мемлекеттiк шекараларын құқықтық-келiсiмi жайындағы проблема саммиттiң күн тәртiбiне енгiзiлмегендiгiн консенсустың болмауымен түсiндiрдi. Рушайло: «Мемлекеттiк шекаралар мәселесiн Украина жағы осы жылдың 16-қазанында ТМД мемлекеттерiнiң Сыртқы iстер министрлерiнiң кездесуiнде бастама ретiнде көтерген болатын. Үш ел бұған қарсы болды. Кейiн жарғы бойынша бұл елдердiң бiрi өзiнiң табанды қарсылығын танытты. Сол себептi де бұл мәселе күн тәртiбiнен алынды» дейдi. Мемлекеттiк шекаралардың ТМД саммитiнде қаралмауының сыры мұнда емес, әзiрге шекараға байланысты өзара қақтығыстардың тоқтамай отыруында болса керек. Жалпы, Минск саммитi ТМД елдерi арасындағы қарым-қатынастың аса бiр ушыққан кезiнде өткiзiлдi. Мәселенiң көбi осы шекара проблемасынан туындап отыр. Грузия мен Ресей Оңтүстiк Осетия мен Абхазия үшiн дүрдараз болып, тiптi, соғыс өртi тұтануға бiр қадам қалса, Молдова Приднестровьеден айрылғандығы үшiн пұшайман. Ал, Украинада Қырым мәселесi бар. Әзiрбайжан мен Армения Таулы Қарабах үшiн алакөз. Украинаның шекара мәселесiн күн тәртiбiне қоюды ұсынуы осындай қат-қабат мәселелердiң шешiмiн күткендiктен болар. Ресей жағы бұған мүдделi емес. Өйткенi, ол өзiнiң өктемдiгiн және КСРО-ның бiрден-бiр мұрагерi ретiнде танылмаған республикаларға иелiк етуге ұмтылуын өзге мемлекеттердiң мойындамасын бiледi. Сол себептi де Минск саммитi күтпеген жерден басқа бағыт алып кетуi мүмкiн болғандықтан шекара мәселесiн жылы жауып қойған тиiмдi. Саммит барысында Грузия мен Ресей президенттерi арасындағы пiкiр алмасулардың өз деңгейiнде, түсiнiстiкпен өткендiгiн саммиттiң қорытынды баспасөз-мәслихатында Нұрсұлтан Назарбаев мәлiм еттi. Алайда, журналистердi Грузия президентi Михаил Саакашвили мен Ресей президентi Владимир Путиннiң жеке кездесiп, келiссөз өткiзбегендiгi алаңдатты. Бұл сауалға Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен өз әрiптестерiм туралы сыртынан әңгiме айтып, түсiнiктеме бере алмаймын. Бұл олардың iсi. Бұл кездесу – ТМД-дан тыс» деп жауап қатты.
Саммит басталардың алдында Грузия парламентiнiң спикерi Нино Бурджанадзе «ТМД құрылымы Грузия үшiн пайдасыз» дей отырып, Грузияның ТМД-дан шығатындығын мәлiмдеген. Дәл осы мәселенi күн тәртiбiне қойған Грузия Парламентiнiң мүшелерi ТМД-дан шығу идеясын қолдағанмен, бұл мәселенi жылы жауып қоя тұрған жөн деп шешкен. Грузияның ТМД-да болу-болмау мәселесi Минск саммитiнен кейiн айқындалады деген ойда. Қалай дегенмен де, Грузия тарапынан ТМД құрамынан шығу туралы ұсыныс түспегендiктен, журналистердiң Грузияның бұдан кейiнгi ТМД-дағы тағдыры туралы сұрағына Владимир Рушайло: «Соңғы 8-9 жыл iшiнде грузиялықтар өз iшiнде ТМД-дан шығатындығын әлденеше рет мәлiмдеп отыр. Алайда, ресми ұсыныстың болмауы себептi бiз бұған ешқандай түсiнiк бере алмаймыз» деген жауап қайтарды. Дегенмен Нино Бурджанадзе бұл пiкiрiн 16-қарашада Санкт-Петербургте өткен ТМД елдерiнiң парламентаралық Ассамблеясында мәлiм еткен болатын. Нино Бурджанадзенiң пiкiрi бойынша, «ТМД құрылымы өмiр сүрiп отырған жоқ. Ол тек тиiмсiз ғана емес, халықаралық құрылым ретiнде өмiр сүруiн тоқтатты. Мен ТМД-дан ештеңе дәметпеймiн. Ал, бұл құрылым қазiргi өлi кезеңнен қалай шығу қажеттiгiн де айтып бере алмай отыр. ТМД мемлекеттерiнiң бiрi екiншiсiне басымдық көрсетiп жатқанда ТМД құрылымы неге үндемей отыр? ТМД-ның қос мемлекетi арасында соғыс өртi тұтануы мүмкiн. Бiрақ, ТМД мемлекеттерi арасындағы кездесулердiң бiрде-бiрiнiң күн тәртiбiнде бұл мәселе туралы жоқ. Ресей экономикалық блокада жасап, газға саяси баға берiп отыр. Сонда ТМД-ның құрылымын сынап отырған Грузия кiнәлi ме, жоқ Ресей ме?» деген сауал қойған болатын. Сондай-ақ, Нино Буржанадзе ТМД-ға мүшелiк жарнасын төлеуден бас тартатындығын бiлдiрдi.
Таулы Қарабах мәселесi ушығып тұрған Армения мен Әзiрбайжан мемлекеттерi саммит аясында Ресей Сыртқы iстер министрi Лавровтың араағайындық жасауымен өзара кездесу өткiзiп, мәселенi ушықтырмай шешу жолдарын қарастырды. Дәл осы кездесудi Миниск саммитiнiң қол жеткiзген табысы деуге болатын сынды.
Ал, еркiн сауда аймағы мәселесiне келгенде, Нұрсұлтан Назарбаев бұл жайттың тым күрделi бағыт алғандығын айтады. Қазақстан мемлекет басшысының сөзiне қарағанда еркiн сауда аймағы мәселесiне бәрiнен бұрын Украина мүдделi болып келген. «Украина үшiн еркiн сауда аймағы шекараның ашық болуы ғана. Бiрақ бұл үшiн бiрыңғай тариф, бiрыңғай салық саясаты жүзеге асуы керек. Бұл үшiн бұған қажеттi барлық құжаттарға қол қойылып, ратификацияланып, заң жүзiнде iске асуы тиiс» дей отырып, Нұрсұлтан Назарбаев саммитте еркiн сауда айналымын қалыптастыратын 92 түрлi шешiмнiң 39-ына ғана қол жеткiзiлгендiгiн айтты. Қалған мәселелер екi жақты келiсiм бойынша жүзеге аспақ. ТМД-мен салыстырғанда, ЕурАзЭҚ аясында еркiн сауда айналымын жасау туралы келiсiмнiң 70%-ына қол жеткiзiлген. Сарапшылар еркiн сауда аймағы ТМД-ының жекелеген мемлекеттерi арасында ғана емес, бүкiл мүшелерiнiң келiсiмi бойынша ғана жүзеге асатындығын айтады.
Ал, Беларусь тарапынан газ мәселесiн шешу туралы идеяның қолдау тапқанымен, Ресей мен Беларусь бұл мәселенi өзара талқылап, ортақ келiсiмге келу туралы уағдаласты. Дегенмен, «Белтрансгазды» Ресейдегi монополиялық компанияға 1 миллиард долларға сатпаса, Белоруссияға газдың мың текше метрi бұрынғыдай 46 доллармен емес, 200 доллармен тасымалдануы мүмкiн екендiгi айтылды. Бұл өз кезегiнде Лукашенконың «Белтрансгазды» 5 миллиард долларға сату идеясынан бас тартуына әкелуi мүмкiн. Өйткенi, газды 200 доллармен тасымалдағанша, 46 доллармен тасымалдау Лукашенко үшiн тиiмдi болары хақ.
Демек, әр мемлекеттiң өз мүддесi, өз ұлттық проблемалары бар. Саммит барысында осы проблемалардың шешiлуiне әрқайсысы өзiндiк мүдде тұрғысынан ат салысты. Дегенмен, мемлекетаралық қақтығыстардан гөрi саммитте «даму перспективалары, ТМД-ының тиiмдiлiгiн арттыру, гуманитарлық бiрлескен iс-қимылдар, заңсыз миграциямен бiрлесе күресу, антитеррорлық iс-қимылдар» мәселелерiне көбiрек көңiл бөлiнген сияқты. ТМД құрылған 15 жылдың соңғы он жылы оны қалай тиiмдi құрылымға айналдыру мәселесiне арналғаны белгiлi. ТМД-ның әрбiр саммитiнде ТМД-ыны қайта жасақтау, оның тиiмдiлiгiн арттыру мәселесi сөз болады. Бiрақ, сөзден iске көшу жағы кейiн қалып бара жатқандай. Жыл өткен сайын бас қосқан ТМД мемлекеттерi басшылары ТМД-ының қажеттiгiн, оны тоқтатпау керектiгiн сөз етiседi, алайда, бұл құрылымды қайта құру үшiн не қажеттiгiн түсiне алмай дал. Қазақстанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы саммитте ТМД-ыны ЕуроОдақ үлгiсiмен қайта реформалау идеясын ұсынды. Сарапшылар бұл ұсыныстың кездесудiң ең маңызды интригасы болатындығын айтқанымен, қорытынды құжатта бұл туралы сөз аз айтылды. ТМД-ны қайта жасақтау мәселесi келесi жылдың 10 маусымында Санкт-Перетбургте өтетiн саммитте қайта қаралмақ. Осы саммитке ТМД құрылымын қайта жасақтаудың бағдарламаларын жасау туралы ұсыныс айтылды. Менiңше, ТМД мемлекеттерi арасындағы интеграциялық процесс алға қарай емес, кейiн кетiп бара жатқан сынды. Әсiресе, достастық елдерi арасындағы қарым-қатынас бiр iзге түскеннен гөрi, алшақтап барады. Бұған себеп ТМД-ға Ресейдiң монополия жасап отырғандығы болса керек.
Ресейдiң ең жақын досы, сондай-ақ, онымен бiр одаққа бiрiгуге келiскен Белоруссияның президентi Лукашенко өз тарапына айтылған сындарды ауыр қабылдайды екен. Оның дәлелi Минск саммитiне Ресейдiң «Московский комсомолец», «Коммерсант» басылымдарының өкiлдерiн саммитке жiбермей қоюы. Белорусь президентi баспасөз-қызметiнiң басшысы Павел Легкий бұны аталған басылымдарда Беларусь басшысының ар-намысына тиетiн материалдар мен фотосуреттер жарияланғандығынан деп түсiндiрдi.
Лукашенконың баспасөз-қызметiнiң басшысы: «Саммит өткен Ұлттық кiтапханаға кiруге рұқсат алған БАҚ өкiлдерiнiң тiзiмiнде жоқ болды. Кейiн Ұлттық кiтапханада өткiзiлген баспасөз-конференциясына Ресей президентi Путиннiң келмейтiндiгiн естiгенде, залдан шығып жүре бердi. Сөйтiп, ресейлiк журналистер саммиттiң жұмысына деген немқұрайлылықтарын танытып алды. Олар мұнда саммит үшiн келген жоқ па?» дейдi.
Ал, аталған басылымдардың басшылары саммитке журналистерiнiң қатыстырылмағандығы «Белоруссияда Лукашенконың абсолюттiк билiгi салтанат құратындығын» танытты деген пiкiрде.
Сондай-ақ, Ресейдiң Журналистер одағының бас хатшысы Игорь Яковенко Беларусь басшыларының бұл қылығын сынап отыр. Бұл тығырықтан шығу жолын Ресей президентi Путин көрсетiп бердi. Минскiден ұшар алдында ол журналистердiң осы мәселеге байланысты сауалына: «Бiз Белоруссиядамыз. Бiз мұнда қонақпыз, сондықтан бұл мәселеге мен түсiнiк бермей-ақ қояйын. Белоруссия президентiмен бұл мәселе жөнiнде пiкiрлестiк. Ол мұны техникалық қате шығар дейдi. Бiз мұны анықтаймыз» деген жауап бердi. Дегенмен, Ресей журналистерiнiң бұл қылығын кейбiр сарапшылар Лукашенкоға жасалып отырған қысым деп түсiндiруде. Өйткенi, аталған басылым журналистерi бұған дейiн де талай iс-шараға қатыстырылмаған екен.
Есенгүл Кәпқызы