ӘЖЕЛЕР КЕРУЕНI

ӘЖЕЛЕР КЕРУЕНI

ӘЖЕЛЕР КЕРУЕНI
ашық дереккөзі
316

Жақында Семей қаласындағы «Айша бибi» мәдени орталығының «Ахау Семей» ансамблiнiң 25 әжесi Желтоқсан құрбандарын дәрiптеу мақсатында Алматыға атбасын тiредi. Ауа-райы мен жолдың ұзақтығына, тiптi жастарының егде тартқандарына қарамастан Семей–Талдықорған– Алматы–Жамбыл бағытында «Желтоқсан – 86» керуенiн ұйымдастырмақ ниеттегi әжелердiң құлшынысында шек жоқ. Сонау Семей қаласынан басталған керуеннiң мақсаты да 20 жыл өткенмен, саяси бағасы әлi күнге дейiн берiлмей келе жатқан Желтоқсан оқиғасын насихаттау.

Талай ауыл мен елдiмекендi аралап Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде қыршынынан қиылған боздақтарды еске алып, құран бағыштаған керуен көшi Алматыдағы тәуелсiздiк монументiнiң жанында 1986 жылы бақи болған азаматтарға тағзым етiп, бiр минут үнсiздiк жариялады. Бұдан соң көтерiлiс кезiнде тәуелсiздiктi армандаған жастар туралы жүрекжарды ойлары мен iшкi күйiнiштерiн әнмен жеткiзе отырып, «Тәуелсiздiк таңы –Желтоқсан 86» монументiне гүл шоқтарын қою рәсiмiмен сабақтады. Олар: «Кейiнгi ұрпақ тарихты бiле бермейдi, бiздiң парызымыз сол Желтоқсан көтерiлiсi кезiндегi ұлт намысын қорғаған ұлтжанды жастардың ерлiгiн суреттеу әрi санаға сiңдiре бiлу», — дейдi. «Айша бибi» қоры әжелерi Желтоқсан куәгерлерiмен кездесу ұйымдастыру туралы осыдан бiр ай бұрын жергiлiктi әкiмшiлiктерге ұсыныс жiберген екен. Бiрақ, ешбiр жауап алмаған олар алға қойған мақсаттарынан тайынбай, осы керуендi өткiзуге бел буып кiрiскен. Семей–Талдықорған–Алматы– Жамбыл бағытында жолға шыққан керуендi кәсiпкерлер қаржыландырыпты. Ал бұл керуен көшiнiң жоспарын алдын-ала қуаттаған бiрнеше қозғалыстар мен ұйымдар да қарап қалмай өз тараптарынан қолдау бiлдiрдi. Мәселен, республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының атқарушы директоры Нүкен Бейсенғазы «Ақ жаулықты әжелер ұйымдастырған керуендi Семейден жол бастап әкелмесек те, жанындағы Шар қаласынан күтiп алып, Алматыға келуiне жәрдем бердiк» дейдi. Бұдан кейiн олар 21 жасында өмiрден озған қаһарман-батыр Қайрат Рысқұлбековтың кiндiк қаны тамған Жамбыл облысына аттанды. Құдай бұйырса, әжелер бастаған керуен көшi қайтар жолда Алматыға соғып, жоғары оқу орындары студенттерiмен кездесiп, «Тарих тағлымы» атты кеш ұйымдастыратындарын да жеткiздi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары