ОРЫС, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

ОРЫС, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

ОРЫС, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?
ашық дереккөзі
248

Атам қазақ: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол» – деп, тектен-текке айтпаса керек. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Қазақ мемлекетi құрылғаннан берi елiмiздегi ең iрi диаспора өкiлдерi – орыстардың Ресейге ағылған көшi саябырсыған емес. Қазақстанда орыс тiлiне бар жағдай жасалған соң, өзге елде «сұлтан» боп жүрген диаспора өкiлдерi қалай дегенмен де «өз елiңдей ел болмас» деген ұстанымды бетке ұстап, ата жұртына қайтып жатыр. Бәлкiм, бұл көштi тоқтатудың да керегi жоқ шығар. Түптеп келгенде, бұл – олардың жеке демократиялық шешiмдерi, Конституциялық құқы. Бiрақ «жергiлiктi орыстарсыз дамыған 50 елдiң қатарына қосылуымыз неғайбыл» деп мазасызданып жүрген кейбiр шенеунiктер осы көштi тоқтатуға әзiр-ақ.

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары «Орыс, қайда барасың?» деп жоғары билiк өкiлдерi орыстардың алғашқы көшiн тоқтатуға тырысты. Ақыр аяғында Қазақстанда тұратын ең iрi диаспора өкiлдерiнiң жартысынан астамы елдерiне қайтып кеттi. Компартияның тәрбиесiн көрген соң, империалистiк мемлекеттiң мұрагерлерiне табынбаса отыра алмайтын кейбiр шенеунiктер ерiксiз 3-4 миллион орыстан «айрылды». «Өзгелер кетiп қалар» деп әдейi мемлекеттiк тiлдiң дамуын тежеп отырған аға-көкелерiмiз жоғары мiнберлерден басқа тiлде шүлдiрлейдi. Бiрақ бұған қарап қалған орыс жоқ. «Отан оттан да ыстық». Елге қайту керек. Оның үстiне орыстардың алдында үлкен мақсаттар тұр. Ресейден тыс өмiр сүрiп жатқан 21 миллионға жуық орыс демографиялық тоқырауға ұшыраған федерациялық мемлекеттi құтқаруы керек. Оларды сол үшiн де Путиннiң өзi шақырып жатыр. Басты мақсаттардың тағы бiрi – бұрынғы Кенинзбург, қазiргi Калининград облысын орыстандыру, деревняларды көтеру, тағысын тағылары… Соңғы кездерi Калининградта әрқилы дау-дамайлар бой көтеруде. Батыс пен Ресейдiң, Еуропа мен «Еуразиялық» идеяның, Демократия мен Империалистiк амбициялардың теке-тiресi көбiне осы аймақтан бастау алатын сияқты. Ресей етек-жеңiн жиып, орыстар аз қоныстанған Калининград облысын бастан-аяқ «русификациялап» шықпақ. Бұл да дұрыс шығар. Әлемде жер дауынан асқан дау жоқ, сiрә. Алып мемлекет ел болашағына осындай кепiлдiк бермек.

Ұлт патриоттарының: «Қазақстан да Ресейден үлгi алып, солтүстiк-шығыс бөлiгiн – Павлодар, Петропавл, Өскемен сияқты шалғай аймақтарды «қазақыландыра» бастауы тиiс» – деп, дабыл қаққалы қашан?! Бұл – мемлекет болып қалыптасудың бiрден-бiр шарты. Бар мәселе – территориялық, ұлттық тұтастықта. Бiрақ қазiрше елiмiз солтүстiктегi етек-жеңiн жиюға асықпайды, есесiне аталған аймақтың орыс БАҚ-тарының, диаспора өкiлдерiнiң ықпалында қалуын қалайтын сияқты. Таяуда «Республика» басылымында «Иной» мир. Экология и возжожный выезд русских – вот проблемы Усть-Каменогорска» (№30 (38), 17.11.2006) атты мақала жарияланды. Онда отандық банк бөлiмшелерiнiң бiрiнде қызмет ететiн Қарлығаш атты менеджер: «В общем, есть рекомендации при выдаче ипотечных кредитов отдавать предпочтение русскоязычным гражданам» – деп, үлкен жаңалық ашыпты. Сөйтсек, елiмiзде ипотекалық несие алуға қазақ пен орыс келсе, Қазақстаннан кетпеуi үшiн орысқа несие беруде басымдық берiлетiн көрiнедi. Себебi жоғарыда айтып отырған «орыстiлдi» деген сөз – орыс деген ұлттың өкiлiн көрсетпей ме?! Қарлығаштың сөзiне сенсек, мұндай ұстаным тек шығыста ғана емес, сол сияқты солтүстiк пен Павлодар облысында, тiптi, банк саласынан тыс өзге де салаларда кеңiнен таралған «кеңес» екен. Мұндай кеңестi, рекомендация атаулыны солтүстiк-шығыста орналасқан банк қызметкерлерiне кiм берген?! Бұл қайдан түскен нұсқау?! Кiмнiң «батасы»?! Әлбетте, солтүстiкте көп шоғырланған орыстың елде қалуы – қазаққа емес, тiптен, орысқа да емес, кейбiр шенеунiктерге қажет сияқты. Тiптен, мұндай астыртын саясаттың елiмiзде жүргiзiлуi – қауiптi тенденция. Қазақтың жағдайы онсыз да мәз емес. Үй-күйсiз жүрген – қазақ, несиеге де жарымай жүрген – қазақ… Сонда қазақты Қазақстанда кiм құтқарады?! Қазақтың үйлi-күйлi болудағы соңғы үмiтi – ипотекалық несие едi. Ендi одан да қалыс қалғаны ма?!

Осынау сауалдарды бетке ұстап, бiз отандық саясаттанушылар мен банк қызметкерлерi арасында сауалнама жүргiздiк. Басты мәселе – «Отандық банктердiң несие беру бөлiмшелерiнде орыстiлдiлерге басымдық берiлсiн» деген астыртын нұсқау бар ма?!» дегенге саяды.

Болатхан ТАЙЖАН, саясаттанушы:

– Бұған сену өте қиын. Бiрақ әлгi газет сөйтiп жазса… Негiзiнен ол қай банк екен?! Оны жазған ба?

– Онда банктiң атын келтiрмеген. Бiрақ отандық банктердiң Өскемендегi бөлiмшесi көрiнедi… Онда «несие беруде орыстiлдiлерге басымдылық беру керек» деген астыртын кеңес бар дейдi…

– Мұны түсiну өте қиын. Жалпы, осындай жағдай болса, мен үшiн бұл ғажап нәрсе емес. Мен, Болатхан Тайжан үшiн ғажап нәрсе емес. Өйткенi Қазақстан үкiметiнiң әсiресе орыстарға деген саясаты солқылдақ. Оларға қарағанда, ең әуелi бiз, тiптi, қазақ халқының мүддесiн алға тартпаймыз. Бiз солардың көңiлiне қараймыз. Осы жағынан келгенде, бұл таңданатын нәрсе емес. Оның үстiне құлдық психологияның салдарынан орыстар кетсе, бiз өлiп қалатын сияқтымыз. Ол да ешқандай миға сыймайтын дүние. Мен талай рет айтып келем, орыстарсыз өмiр сүрiп жатқан елдер аштан өлгенi былай тұрсын, керiсiнше, жақсы дамып келедi. Тiптi, алға кеткен дамыған 50 елдiң қатарына Қазақстан қосылам деп жатса, солардың iшiнде сiз орыс тұрып жатқан елдердi таба алмайсыз. Яғни, орыссыз басқа халықтар жап-жақсы дамып келе жатыр. Қазақ халқының ешкiмнен де кемшiлiгi жоқ.

– Путиннiң отандастарын елге қайтару iсiмен айналысып жатқаны тағы белгiлi. Елге қайтқан орыстың өз мақсаттары бар, бiр жағынан, құлап жатқан деревняларды көтеру, екiншi жағынан, орыстар аз шоғырланған жерлерге қайта қоныстану. Бәлкiм, Қазақстанда қалған 3-4 миллион орысты сақтап қалу үшiн кейбiреулер банк қызметкерлерiне жоғарыдағыдай үндеу тастаған болар…

– Мен де сiзге соны айтып тұрмын. Үкiмет «Орыстар кетсе, аштан өлiп қаламыз» деген құлдық психологиядан әлi де арылмаған. Сол ойдан, бәлкiм, «ақылды бiреу» осындай нұсқау беруi мүмкiн. Өзiнше бiр патриоттық сезiмдi көрсеткендей…. Не болмаса, керiсiнше, осы жағдайды пайдаланып, шовинист бiреу «осы себептен» деп бүркенiп, орыстарға жылы көзiн көрсеткiсi келiп отырған шығар. Бұл арада да анығын айту қиын. Оның үстiне банктiң аты белгiсiз. Бiрақ болжамым жоғарыдағыдай.

БАНКТЕР НЕ ДЕЙДI?

«Альянс банктiң» жарнама бойынша Бас маманы Раушан ЖАКУПОВА:

– Бiзде ондай жоқ. Тiл мәселесiн айтсақ, бiз республикалық қазақтiлдi басылымдар «Егемен Қазақстан» мен «Жас Алашқа» жарнама берiп тұрамыз.

Бәлкiм, кейбiр провинциялық қалалар мен түкпiрдегi елдiмекендерде мұндай бар шығар. Өйткенi онда тамыр-таныстық деген бар. Кiмнiң қолы ұзын деген сияқты… Бiрақ бiз жақта мұндай жоқ қой деймiн. Тiптен, Алматының өзiнде тұрып, жарнама маманы ретiнде емес, жай адам ретiнде мұндайды бiрiншi рет естiп тұрмын.

Бiздiң банктiң жарнамалық саясатында мұндай жоқ. Негiзiнен газеттер елiмiзде көп-ақ. Жалпы айтқанда, ең оқылатын, танымал басылым – «Караван». Ол орыс тiлiнде. Егер мәселе осында болса, бұл, әрине бар. Яғни, бiз модульдiк жарнамаларды танымал газет-журналдарға беруге тырысамыз. Олар бiзде көбiне орысша шығады. Жылтыр қағазды, сапалы журналдарды алыңыз. Жылтыр қағазды қазақ тiлiнде шығатын бiрде-бiр журнал жоқ. Менiңше, бiздiң өзге бәсекелестерiмiз, банктер осы бағыт бойынша жұмыс iстейдi. Яғни, бiзге танымал әрi халық көп оқитын қазақ басылымын берiңiз, бiз де қуанышпен жарнаманы соған берер едiк.

– Десек те, жоғарыда айтылған мақалаға қайта оралсақ. Несие алуға қазақтiлдi және орыстiлдi азамат келсе, оларды алалайсыз ба?

– Мұндай бiзде жоқ. Бiздiң банк саясаттан тыс. Яғни, бiз ұлтқа бөлмеймiз. Егер сiз бiздiң жарнамаларымызды көрсеңiз, бiз қазақ тiлiнде жарнама шығарған алғашқы банкпiз. Бұл дегенiңiз – депозит те, несие де. Субтитрлар орысша болды. Дегенмен, бiз қазақтiлдi азаматтарға қарай бағыт ұстадық.

«ТұранӘлемБанк-Ипотека»-ның несие беру жөнiндегi атқарушы төрайымы Виктория САРЖЕВСКАЯ:

– Мұндай тұжырымның негiзi жоқ. Осы мәселеге қатысты банктерде ешқандай да «астыртын кеңес» те жоқ. Және бұлай болмайды да. Бiз – салымшылардың мүддесiне құрылған компаниямыз, яки бiз үшiн салымшы өте маңызды. Банкiмiз Қазақстан Республикасының Ата Заңын бұлжытпай орындайды. Конституцияда жазылғандай, салымшыларды ұлтына, жасы мен дiнiне қарай бөлмейдi, яғни, адамды ұлттық белгiсi бойынша алаламайды. Сол сияқты «Жарнама туралы» Заңды да бұлжытпай орындаймыз. Аталған заңға сәйкес, жарнамалық нысаналар екi тiлде – қазақ және орыс тiлдерiнде басылады. Оның үстiне, ТӘБ-Ипотека компаниясының салымшыларына қызмет көрсетуде орыс және қазақ тiлдерiндегi құжаттардың барын да қаперiңiзге саламыз, әр тiлде жазылған құжатты әрбiр салымшы өз еркiне қарай таңдап алады.

ТҮЙIН. Өзге ұлт өкiлдерiн бөлiп қарамай, алаламай, бiр елдiң халқы ретiнде қалыптастыру дұрыс-ақ. Бiрақ билiк өзге диаспора өкiлдерiнiң қазақ халқына сiңуiне, өсiп-көркеюiне, ортақ тiлде сөйлеп, толыққанды Қазақстан азаматы ретiнде қалыптасуына атсалысып жатқан жоқ. Бұл орайда орысты – «орыс» деп кеудеден қақпай, қазақ халқына тартып, бiр ұлт қалыптастырудың кезi келген сияқты.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары