ПӘТЕР САТЫП АЛУ ҚИЯЛҒА АЙНАЛДЫ

ПӘТЕР САТЫП АЛУ ҚИЯЛҒА АЙНАЛДЫ

ПӘТЕР САТЫП АЛУ ҚИЯЛҒА АЙНАЛДЫ
ашық дереккөзі
229

Қазақстанда кез-келген мәселе Елбасының араласуынсыз жүзеге аспайды. Тiптi, оң рульдi машинадан тартып, тұрғын үй бағасына дейiн Елбасы қадағалап отыруы керек. Әйтпесе, ауа жайылған Үкiмет мұның бәрiн қадағалауға дәрменсiз. Қазақстанның тұрғын үй нарығының бүгiнде құрық тимеген асаудай ырық бермей кеткенi баршаға аян. Алайда, оның бағасына Үкiмет емес, Президент алаңдайды. Астанада өткен Қауiпсiздiк кеңесiнiң соңғы жиылысы осының дәлелi. Елбасын тұрғын үй бағасының күн өткен сайын шарықтап өсiп бара жатқаны алаңдатады екен.

МЕМЛЕКЕТТIК ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫ IСКЕ АСПАДЫ

Баспана мәселесi қашан да қазақстандықтар үшiн аса өзектi болып келген. Қасым Аманжоловтың «Берсең бер, бермесең ғой баспанаңды…» деп күңiренгенiнiң өзi баспананың қай дәуiрде де дiлгiр болғандығынан хабар бередi. Тiптi, Кеңестер Одағы құлдырар алдында да Қазақстанның Компартиясы «Тұрғын үй бағдарламасын» қабылдап, соның iске асуына басты назар аударып келген екен. Ол кезде тұрғындар тегiн пәтерге қол жеткiзетiн мүмкiндiкке ие болып келген болса, бүгiнде пәтердi тегiн алатындар қатары күрт азайған. Сол себептi де баспанасыз сабылған жұрттың проблемасын шешу мақсатында «Мемлекеттiк тұрғын үй» бағдарламасы қабылданған едi. Бұл бағдарлама бойынша әлеуметтiк салада қызмет ететiн жас отбасылар бiр шаршы метрi 350 АҚШ доллары тұратын пәтерлерге қол жеткiзуге тиiс едi. Үш жылдық мерзiмге қабылданған бұл бағдарламаның бiрiншi жылы былтыр өткен. Биыл екiншi жыл. Былтыр дәл осы бағдарламамен баспана алуға үмiттенген жастардың көбiн елiмiздегi екiншi дәрежелi банктер қалтасы таяз деп танып, олардың 350 долларлық пәтерлердiң құнын төлеу мүмкiндiктерiн жоққа шығарған. Бiзге жеткен мәлiметтер бойынша, үмiткерлердiң үштен бiрi бүгiнде бiздiң елiмiз үшiн ең арзан делiнетiн осы пәтердiң ипотекасын төлеп тұруға дәрменсiз.

Алайда, Астана мен Алматыда құжат қабылдаудың екiншi сатысы басталысымен, одан үмiткерлердiң тасқыны былтырғыдан он есеге артып жүре бердi. Әсiресе, Астанада баспанадан үмiткер жастар тек «арызын» өткiзу үшiн қаншама уақыты мен энергиясын сарп етiп жүр. Өткен аптаның аяғында Астанадағы «Жастар» сарайында тұрғындардан құжат қабылдау барысында күзет қызметкерлерi мен кезекте тұрған астаналықтар арасында қақтығыс орын алған. Қыстың көзi қырауда күнi бойы сарылып кезекте тұрғанымен, тек арызын өткiзуге қолы жетпей жүргендер ашу-ызасын есiк алдындағы күзет қызметкерлерiне шығарған көрiнедi.

Астаналық Тұрғын үй департаментi қызметкерлерiнiң айтуына қарағанда биылғы құжат қабылдау уақыты былтырғымен салыстырғанда екi есеге артқан көрiнедi. Ал, мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасы бойынша тұрғызылған үйлердiң саны үш есе артық. Сондай-ақ, бұл пәтерлердiң құны да былтырғыдай әр шаршы метрiне 350 доллар емес, 442 долларға жеткен. Құжат қабылдау мерзiмi екi айға жалғасады. Қарашаның 20-сынан қаңтардың 20-сына дейiн. Бұдан кейiн қабылданған құжаттар елiмiздегi 2-шi дәрежелi банкiлерге жiберiлiп, олардың несие алу мүмкiндiгi яғни жалақы мөлшерi тексерiледi. Осыдан соң ғана құжаттарды арнайы құрылған комиссия сұрыптайтын болады. Негiзiнен бұл бағдарлама бойынша, жасы 29-дан аспаған, үйленген, баласы бар және мемлекеттiк, әлеуметтiк сала қызметкерлерi пәтерлi бола алуға тиiс. Астана қалалық Тұрғын үй департаментi бастығының орынбасары Абдулла Ибадуллаевтың есебi бойынша, бiр пәтерге 15 адам үмiткер. Биылдың өзiнде 1700 отбасылық үй пайдалануға берiлмек, ал қалалық департаментте 25 мыңнан астам адамның арызы жатыр. Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасы бойынша, 13 миллион шаршы метрдiң баспанасын тұрғызу жоспарланған екен. Баспана тұрғызу жағынан Үкiмет үш жылдық жоспарды екi жылдың iшiнде 92 пайызға орындаған. Бiрақ бұл үйлердiң жартысынан көбi жекеменшiктiң қолында. Парламент Мәжiлiсiндегi «Отан» партиясы фракциясы мүшелерiнiң талқысына түскен Қаржы министрi Наталья Коржованың мәлiметiне сүйенсек, мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтерден үмiткерлердiң көбiнiң қалтасы шаршы метрi 442 долларлық үйлердi көтере алмайды. Сол себептен де бұл үйлер тағы да алпауыттардың қалтасына кетiп жатқанға ұқсайды. Қаржы министрiнiң бұл пiкiрiн Сауда және индустрия вице-министрi Баталов та растайды. Шенеунiктердiң сөзiне құлақ ассақ мердiгерлер бағдарламаны iске асырудың екiншi жылында мұндай баспананы тұрғызу үшiн өткiзiлген тендерден бас тартқан, ал кейбiр құрылыс компаниялары мойындарына алған үйлерiн аяғына дейiн тұрғызбай, тастап кеткендiктерiн айтады. Наталья Коржова Астана мен Алматы және Атырау қалаларында тұрғын үйге деген сұраныстың күн өткен сайын өсiп бара жатқандығын айтады. Ал, керiсiнше, кейбiр аудандық жерлерде салынған мұндай үйлерге ешкiмнiң барғысы келмейдi. Мысал ретiнде Наталья Коржова Оңтүстiк Қазақстан облысында тұрғындар үшiн шаршы метрi 350 доллар тұратын пәтерлер қымбат көрiнедi. Олар керiсiнше, өз қолдарымен арзан үй салып ала алады.

Сонымен, құрылыс компаниялары мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасынан неге бас тартып отыр? Олардың беретiн жауабы бiреу – мұндай баспаналар құрылыс компанияларын шығынға ұшыратпаса, пайда әкелмейтiн көрiнедi. Өйткенi, құрылыс материалдары удай қымбат. Демек, көп қабатты тұрғын үйлердiң өзiндiк құны мемлекет бекiткен бағадан анағұрлым артық. Яғни, бұл үйлерге қаржыны мемлекеттiң өзi салмайынша, мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасы аяқасты болмақ.

ПӘТЕР БАҒАСЫ НЕГЕ ШАРЫҚТАП БАРАДЫ?

Алматы мен Астанадағы пәтер құнының күн өткен сайын аспандап бара жатқандығын әркiм әр қалай түсiндiредi. Бүгiнде Қазақстандағы орта шаруа адамы үшiн Алматы мен Астанадан пәтер сатып алу тек қиялға айналды. Пәтер бағасы әрбiр шаршы метрiне өсiп отыр. Демек, пәтер – даладан ағылып келiп жатқан iшкi миграция тасқыны бар, бұған дейiн баспанасыз отырғандар бар, миллиондаған баспанасыз жұрттың мәңгiлiк мәселесiне айналды. Бiр кездерi мұндай проблеманы Еуропа мен Жапония да бастан кешiрген. Алайда олар дер кезiнде шара қолданған. Ал, бiзде пәтер құнын реттеуге келгенде Үкiмет дәрменсiз. Өйткенi, құрылыс саласындағы мыңдаған инвесторлар Үкiметтiң пәтер құнының өсуiн ауыздықтауына мүмкiндiк бермейдi.

Сонымен, пәтер бағасы соңғы кездерi неге шарықтап өсiп кеттi? Көптеген сарапшылар мұны елдiң сатып алу мүмкiндiгiнiң артқандығымен және ипотекалық несиенiң күрт өскендiгiмен байланыстырып келген. Елiмiздегi алғашқы және iрi риэлтор компаниялардың бiрi – «Абсолют» компаниясының маркетинг жөнiндегi директоры О. Алферов пәтер құнының өсуiне әсер етiп отырған факторлар ретiнде мыналарды атайды:

1. Шикiзат ресурстарын сатудан түскен пайда шаш етектен. Елiмiзге келiп жатқан мұнай долларларының өсу қарқыны ерекше. Құнды қағаздар рыногы ендi қалыптасып келедi. Сондықтан еркiн капиталды салатын жалғыз сенiмдi көз, бұл – жылжымайтын мүлiк. Бұл өз кезегiнде пәтер рыногында бағаның өсуiне әсер етiп отыр.

2. Iшкi миграция есебiнен қала тұрғындарының көбеюi де пәтер құнына әсер етуде.

3. Ипотекалық кредит маңызды рөл атқарды. Қазiр сатылып жатқан пәтерлердiң 80%-ы ипотеканың еншiсiнде. Бұл ипотекаға алған пәтерлер шетел азаматтарына iрi көлемде жалға беру мүмкiндiгiне ие.

Көптеген мамандардың пiкiрiне сүйенсек, пәтер бағасының өсуiне сұраныс пен ұсыныс арасындағы айырмашылық та өз септiгiн тигiзiп отырған көрiнедi. Былайғы жұртқа Алматы мен Астанада құрылыс қарқынды жүрiп жатқан сыңайлы көрiнедi. Бұл солай да. Сарапшылар ұсыныстың да күн өткен сайын өсiп келе жатқандығын тiлге тиек етедi. Алайда, бұл елдегi сұранысты өз дәрежесiнде қанағаттандыра алмай отыр. Демек, ұсыныстың сұранысты қамтамасыз ете алмауы да пәтер құнының өсуiне алып келуде. Сондай-ақ, құрылыс мамандары пәтер құнының өсуiне әсер етiп отырған ең маңызды фактордың бiрi ретiнде құрылыс материалдарының шектен тыс қымбаттығын атайды. Құрылыс материалдары тек импорттық тауарлар болғандықтан, оның бағасын iшкi рынокта қадағалау мүмкiн емес. Өйткенi, Қазақстанның өзiнде құрылыс материалдарын өндiретiн зауыт-фабрика атымен жоқ. Бұдан 3-4 жыл бұрынғымен салыстырғанда құрылыс материалдарының бағасы әлденеше есеге өскен. Демек, бұл пәтердiң өзiндiк құнының жоғары болуына септiгiн тигiзедi. Сонымен қатар, пәтер бағасының өсуiне риэлтор компаниялардың да қатысы бар. Екi құрылыс компаниясы мен сатып алушы арасындағы делдалдық қызметi үшiн қыруар қаржы жасап отырған риэлтор компаниялар Қазақстанда тым көп деуге де болмайды. Ендi ғана қалыптасып келе жатқан осы бiр саланың қызметкерлерi де пәтер құнына өз бағаларын қосады. Сөйтiп, пәтер бағасы өскен үстiне өсе түседi.

Демек, Қазақстанда пәтер сатып алатын мүмкiндiгi барлардың саны саусақпен санарлық қана. Ал, елдегi ендi қалыптасып келе жатқан орта – тап өкiлi де, қалтасы таяз әлеуметтiк сала қызметкерлерi де баспанаға қол жеткiзе алмай өтуi мүмкiн. Баспана тұрғызып алуға Алматы мен Астанадан жер тағы жетпейдi. Ең өкiнiштiсi – баспанасыз сабылған жұрттың көбi қазақтар. Демек, бұл елдегi байырғы ұлттың ұлттық проблемаларымен қоса, әлеуметтiк ашу-ызасына үстеме болып қосылмаса неғылсын.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары