БIТПЕЙТIН АУЫЛ ДЕЙТIН ЖЫРЫМ БҰЛ...
БIТПЕЙТIН АУЫЛ ДЕЙТIН ЖЫРЫМ БҰЛ...
Ауылға жиi бармасам да, жылына бiр-екi рет жолым түседi. Ауылдағы әкемдi, бауырларымды, ағайын-туманы сағынсам, елге тартып кетем. Араға айлар салып, кейде тiптi жылдар салып келсем де, сол бiр ешқашан өзгермейтiн, бұйығып жатқан ауылымды көрем. Жаңа құрылыс салынып, жаңа үйлер қатар көбейтудiң орнына мыжырайған тоқал тамдар көзге бiрден көрiнедi. Жаңадан қосқан ешнәрсе жоқ. Бiрен-саран отбасы ауласын, есiгiнiң алдын жөндегенi болмаса, көбi сол қалпында жатқаны. Әрине, үйдi кеңейту, үлкен-үлкен үйлер салу қалтаңа байланысты ғой. Бұрынғыдай совхозда жұмыс iстемеген соң, жалғыз зейнетақы неге жетсiн?! Тек, көңiл жұбатарлығы, қорасындағы бес-он малы аз-маз зейнетақыға қосымша сорпа-суға жарап тұр.
Ауыл адамдары баяғыдай емес, өзгерген. Нарық заңына бейiмделiп келе ме, әлде базардың нарқы бұзды ма, барлықтарының ойы сату мен сатып алуға айналып кетiптi. Бұрынғыдай мамыражай тiрлiк жоқ. Ежелгiнiң әңгiмесiн айтып отыратын қарияны да көрмейсiң. Ауылдың ортасындағы кеңсе маңына жиналып, күнұзаққа әңгiме соғады. Бiрi – шын, бiрi – өтiрiк, естiген жаңалықтарын ортаға салады. Билiк, қоғамдағы болып жатқан өзгерiстер туралы таңдай қаққанда, сiздi сөзден сүрiндiредi. Олай емес, бұлай ғой деп оларды сендiру мүмкiн емес. Қайдан оқып алатыны немесе естiп алатынын кiм бiлсiн, әйтеуiр, бiлмейтiндерi жоқ. Ертелi-кеш уақыт өткергенше, тиiмдi жұмыспен айналыспай ма деп кiнә артайын десеңiз, дайын тұрған жұмыс тағы жоқ. Қайта ауыл жастарының көбi ауыл iшiнде салынып жатқан емхананың ғимаратының құрылысында жүр екен. Одан қалғаны үлкен қалаларда жан бағудың қамымен, құрылыс жұмыстарында жүрген көрiнедi. Қалғанын әлгi поштаның жанынан табасыз.
Сiздердiң ауылдарыңызды қайдам, бiздiң ауылға жету мұң. Ауыл арасына тiкелей пойыз, немесе автобус жүрмегендiктен, бiрiнен-бiрiне ауысып, елге жеткенше көлiк iздеп жүргенiң. Түркiстаннан бiр мезгiл, Шәуiлдiрден бiр-екi-ақ рет қатынайтын автобустың уақытын күтуiңiз керек. Түркiстанға келсеңiз, сағат 1-дегi автобустан қалсаңыз, бiр күнгi уақытыңыз өлдi дей берiңiз. Кеш батқанша автовокзалда аяғыңыздан сарсылып жүрсеңiз де, ауылға қатынайтын көлiк таба алмайсыз. Сiздiң ауылыңыздың атын естiгеннен-ақ, шоши бастайды немесе автобусқа төлейтiн құнның бiрнеше есе бағасын сұрайды. Автобусқа бар-жоғы екi жүз теңге төлесеңiз, жолдан ұстаған көлiгiңiзге үш-төрт мың теңге төлеуге тура келедi. Сосын ерiксiз, ертеңiне түске дейiн, осы қалада түнейсiз. Асығып тұрған жан ерiксiз көлiк иесiнiң сұраған бағасына келiсiп, ертерек елге жетiп алайын деген мақсатпен ауылға кете бередi. Түркiстаннан шыға салысымен-ақ, жолдың азабы басталады. Атақты Жiбек жолының бойымен әйгiлi Арыстанбаб кесенесiне қарай басталатын жолда айып жоқ деп тағы айта алмайсыз. Бiр жерi шұңқыр, бiр жерi ойық, бiр жерi төбе болып кеткен жолды амал-жоқ теруге тура келедi. Қатты жүруге тағы болмайды. Жол бiлмейтiн кейбiреулер үшiн, тiптi қауiптi. Қатерге басыңыз iлiгiп, жол апатына iлiгiп қалуыңыз ғажап емес.
Ал, Шәуiлдiр жақтан келетiн жолды айтпасақ та болады. Өзгесiн қайдам, Темiр мен Отырардың арасында не жүретiнiн бiлмеймiн, «гармошка-гармошка» болып жиырылып қалған жолда тәжiрибелi шопыр болмаса, екiнiң бiрiне жүруге болмас. Әйтеуiр, Отырар ауданына келген әкiмдердiң көбi осы жолды жөндеу жұмыстарына мойын бұрмай қойды. Әлгi жер ауылдықтар үшiн қасiретке айналған. Дәл осы жерде талайлар жол апатына ұшырап, қаза тапқандары да бар. Ауылдықтардың бәрi әлгi жер десе, төбе шаштары тiк тұрады. Тас жолдың бетiндегi тастардың бәрi шашырап, айналасынан жол жасап алғандар да көп. Аудан орталығына қатынамаса тағы болмайды, сондықтан, ерiксiз, әлгi аңызға айналған жолды басып өтуге тура келедi. Ауылға барсаңыз, сол жолды айтып, мұңын шаққандардан аяқ аттап жүре алмайсың. «Ауыл жылында» мойын бұратын шығар деп ойлап едi, ол үш жылыңыз да, қас пен көздiң арасында өте шықты. «Пәленбай миллион доллар жол жөндеу жұмыстарына жұмсалды» деп есеп берiп жатқандар ауыл -ауылдың арасындағы ойдым-ойдым жерлердi барып бiр көрсе ғой деп армандайсыз… Сонда пәленбай миллондар қай жердiң жыртығын жамап жатыр екен, а?…
Ғаламдастыру, өркениеттер тоғысы деп жатамыз. Сол өркениеттер тоғысы, бiздiң ауылдан айналып өтiп кетiп жатқан сияқты. Оның сыры, өркениетке жетелейтiн кiтапхананың жабылып қалғаны бiр басқа, ауылдағы жалғыз мектептiң күйi де жүрек шошытарлық. Осы бiр мектептiң тарихы тым әрiде жатыр. Қай жылдары салынғаны дәл есiмде жоқ, әйтеуiр бiлетiнiм, мектеп қабырғасына iлiнген тақтайша. Ол тақтайшада бiздiң мектепте Кеңес Одағының батыры Темiрбек Ибрагимов оқыған деп жазылып қойған. Фашизммен қарсы күресте жан аямай ерлiк көрсетiп, жау қолынан қаза таптқан батыр ұлан сол мектептiң түлегi болса, онда ол мектепке кемi 70-80 жыл болғаны ғой. Мәселе, ол мектептiң көнелiгiнде емес, қабырғасы құлайын деп, едендерi шұрық тесiк болған мектептiң бүгiнгi әл-ахуалы жайында. Мектеп расында да жаман мектеп емес. Ол мектептен жылына қаншама түлек бiтiрiп шығып жатыр. Алған бiлiмдерi де жаман емес. Қала балаларының бiлiмiмен салыстыруға келмесе де, бiреуден – iлгерi, бiреуден – кеш. Жаман емес дейтiнiмiз, мектеп қабырғасынан шыққандардың арасында соңғы кездерi грантқа iлiнгендердiң саны жыл сайын артып келедi екен. Бұл да болса, көңiл жұбатарлық жағдай. Тек, жанымызды ауыртатыны, әлгi мектептiң қабырғалары құлаудың аз-ақ алдында. Жыл сайын облыстық бюджеттен ақша бөлiнiп, жаңа мектеп салынады дегенмен, баяғы жартас бiр жартас күйiнде қалып жатқаны. Жаңа мектепке барамыз деген балалардың үмiтi де сөне бастағандай… Бұрын «келер жылы салынады екен» дегенмен алданып келсе, бүгiнде ол сандыраққа сенуден де қалыпты. «2007 жылы бiрнәрсе болмаса, бiлмеймiз, ескi мектепте оқи беретiн шығармыз» дейдi ауыл адамдары. Жыл сайын мектептiң бiлiмiн, мұғалiмдердiң деңгейiн тексеруге келетiн комиссиядағылар мектептiң хал-ахуалын байқамайтыны таңғалдырады. Сонда, қабырғаларының сылағы әр жерiнен түсiп жатқан, еденi ойдым-ойдым, қырық жамау мектептi көрсе де, көрмегенсiгендерi ғой. Қырық жамау еден демекшi, мектепке келген комиссияның бiреуiнiң аяқ киiмiнiң өкшесi едендi тесiп кетiп, масқара бола жаздапты. Байғұс еден, жамала-жамала, әбден ескiрген болуы керек. 1994 жылы мектеп бiтiрiп кеткен бiздiң кезiмiзде осылай шұрық тесiк болып жатушы едi, одан берi де он екi жылдай уақыт өтiптi.. Жыл бойы тесiктi iлдалдалап жамап келедi, жаңа мектеп салынбаса, оны қашанғы жамай бермек. Баяғы байлардың заманындай, бiр қорасын босатып бере қоятын ешкiм де жоқ. Бiр күнi еденi тесiлiп, iшiне түсiп кетсе, ауыл балалары қайда барып, бiлiм алмақ, ауыл тұрғындарын осы ғана мазалайды. Мектебiнiң түрi анау, ондағы бiлiм алып жатқан баладан ненi талап етпекпiз. Тiптi, ауылдағы бес-алты жасар балаға дейiн, ескi мектепке барғысы келмейтiндiгiн айтып, мұңын шағады. Мектеп директоры құжаттарын даярлап, өткiзiп қойыпты. Әзiрге облыстық бюджет қалай бөледi, солай мектеп салынатын шығар деген дәмемен күн көрiп жүр. Ал, ол мәселе қашан қолға алынады, бюджеттен қашан ақша бөлiнедi, ол жағы тағы беймәлiм. Еден туралы әңгiме бiр бөлек, ол мектепке парта, тақта керек емес пе? Құлайын деп тұрған мектепке жаңа парта мен тақта қайбiр сән берер дейсiң. Компьютер туралы мүлдем ауыз ашпай-ақ қояйық. Ендiгi бар үмiт– облысқа келген жаңа әкiм Өмiрзақ Шүкеевке барып тiрелiп отыр. Басқаның қамын ойламаса да, ауыл-ауылдардағы мектептiң халiне жаны ашитын шығар…
P.S. Мұнайы көп, миллиардерлер шығып жатқан мемлекетте дәл осындай жағдайлар бар десе, өзге мемлекеттер сенбейтiн де шығар. Мұнан да сорақы ауылдар бар болар, бiз тек өзiмiз куә болған жайттарды ғана тiлге тиек еттiк. Ауыл өркениетi дамымай, елдiң болашағы да болмайтынын ескеруiмiз керек. Абай мен Мұхтарлар шыққан ауылдан әлi талай дарындылар шығатыны айдан-анық. Сол дарынды жастардың қамын бүгiн ойламасақ, ертең кешiгiп қалуымыз ғажап емес. Сондықтан, бiз тағы да, «Ауылға! Ауылға!» деп ұрандатуымыз қажет-ақ…
Гүлзина Бектасова