«БҮЙРЕКТЕН СИРАҚ...»

«БҮЙРЕКТЕН СИРАҚ...»

«БҮЙРЕКТЕН  СИРАҚ...»
ашық дереккөзі
272

«Түрлі ұлт өкілдерін квота арқылы Парламентке өткізу керек». «Бүйректен сирақ шығаруға» құмар бунаковшылар осылайша ұсыныс айтты. Бұл айрандай ұйып отырған Қазақстан халқын іркіттей ірітуді мақсат ететін мүдделі топтардың «әдеттегі» саяси ойыны ма, әлде халқымен санасуды қажет етпейтін қазақстандық биліктің құпия жоспары ма?

Билік өзінің сойылын соғатын партияларды бір тудың астына жинауға құлшына кірісті. Сарапшылар қауымы өзге де үкіметтік партиялардың ендігі «Отанмен» тонның ішкі бауындай астасып кеткен «Асар», Азаматтық, Аграрлық партиялардың кебін киюі мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Ол аз болғандай, «ат төбеліндей» ғана азғантай топ «Қазақстан Парламентінен еліміздегі диаспоралардың барлығына квота арқылы орын бөлуіміз керек» деген ұрандарын желбіретті. Депутаттардың 30 пайызын өзге ұлт өкілдері құраған Қазақ Парламенті кімнің тақиясына тар келді? Ел ішіне іріткі салатын мұндай қыңыр ұсынысты қолдап отырған кімдер? Қазақстандағы орыс-славян ұйымдарының үйлестірушісі Юрий Бунаков: «Парламентте отырғандар — орыстар емес. Олардың аты-жөндері ғана орысша. Олар «орыс» деген сөзден қорқады. Егер тату тұрғымыз келсе, әрбір ұлттың Парламентте өкілдері болуы керек» деп соқты. Сонда дейміз-ау, орыстар мәселесін ғана көтеретіндей, Қазақстандағы орыстар кімнен құқай көріп отыр? Бунаковтың «Егер тату тұрғымыз келсе…» деп міндетситіндей жөні бар ма? Әр түрлі қысылтаяң шақта қазақ жеріне келген бунаковтардың басынан сипап, құшағына басқан, бір үзім нанын бөліп жескен қазаққа сіңген еңбегі қандай? Тілі мен діні, ділі мен дәстүрінің тағдыры қыл үстінде тұрған қазаққа қандай жақсылық жасады? Оның үстіне, қазіргі қазақ қоғамында қазақ проблемасы ғана бар: әлеуметтік ахуалы сын көтермейтін – қазақ, күнкөрісі қиындаған – қазақ, ауылдары азып-тозған – қазақ, балаларына мектеп жетпей қиналған – қазақ, жұмыссыз – қазақ, баспанасыз қаңғыған – қазақ, безбүйрек билігіне сөзі өтпей қапа болған – тағы қазақ… Шын жаны ашыса, бунаковтар осы мәселені неге көтермейді? «Өзге ұлт өкілдеріне Парламентке квота бөлу» мәселесі талқыға түскен пікірсайыста Қазақстандағы «Вайнах» Чешен-ингуш мәдени орталығының төрағасы Ахмед Мурадов: «Қазақстанда ең алдымен қазақтарға қиын. Қалғандарының Путині, Бушы бар. Қазақтарда Назарбаевтан басқа ешкім жоқ. Бірақ сіздерде келісім жоқ. Оған орыс та, чешен де кінәлі емес» деп салды. «Өз обалың өзіңе» деп шындықты бетке ашып айтқан ағайыннан айналасың. Ұлттық намыс пен жалған намыстың аражігін ажырата алмай қалған қандастардың «құлақтарына алтын сырға», атасы басқа отандастың бетімізге салық қылатындай жөні бар. Қазіргі көп қазақтың бойындағы мансапқорлық, билікке құмарлық, жалтақтық, «жалпақшешейлік» пен құлдық психологияның кесірінен Қазақстан мемлекетін құраушы ҚАЗАҚ ұлты екендігін мойындағысы келмейтін, тіпті, ҚАЗАҚТЫ менсінгісі келмейтін біреулерге жиі есе жіберіп аламыз. Айтпақшы, Мурадовтың «төртеуін түгендей алмаған» қазақтарды сынға алған сол отырыста «Желтоқсан жаңғырығы» қозғалысының төрағасы Төлеген Әлжанов: «Бұл — Терещенко бастаған топтың әрекеті. Терещенко, Бунаков, Чесноков секілділерді ұлт араздығын қоздырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Сосын елден аластау қажет» деді. Мұндайды кұтпесе керек, Бунаков шоршып түсті: «Терещенкомен мені шатастырмаңыз». Меніңше, қандасымыз айтқан осы ұсыныс қолдауға тұрады. Егер Қазақстанда тұрғың келсе, ҚР Конституциясын, ҚАЗАҚТЫ сыйла, заңды бұзба, ел арасына іріткі салма, ұлт араздығын қоздыруға әрекет етпе, Қазақстанның иесі де, киесі де — ҚАЗАҚ. Мойындасаң, елімізден ғана емес, төрімізден орын бар (төбемізден емес!). Мойындамайды екенсің, тұрағыңды ойла! Көңілің қалаған жаққа жол ашық. Бұл Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің барлығына бірдей қойылатын талап болуы тиіс. Тек ұлт мәселесі, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне кеп тірелетін осындай мәселелерде қазақстандық билік солқылдақтық танытпаса игі.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары