АУЫЛЫҢЫЗДА ПОШТА БАР МА?

АУЫЛЫҢЫЗДА ПОШТА БАР МА?

АУЫЛЫҢЫЗДА ПОШТА БАР МА?
ашық дереккөзі
846

Естерiңiзде ме, бұрынғы кезде ауылды аймақтарда пошта жүйесi әжептәуiр қызмет көрсететiн-дi. Тiптi, алыс-жақын жерде тұратын туған-туыс пен оқуға жол тартқан аға-әпкелерiмiз соның арқасында хат алысып, хабарын бiлдiрiп жүретiн. Үйдегi ата-ана да бұл хат адаспай келгенше тағаты таусылып, тыным таппайды. Анадай жерден хат тасушы ағай көрiнгеннен-ақ, «Бiздiң үйге хат бар ма?!» деп, амандық-саулық сұраспастан тұра кеп жүгiретiн балалардың қуанышында шек жоқ едi. Әрине «хат келдi, келмесе бұрылмаймын ғой!» деп пошташы жағымды жаңалықтың басын шығарғанша, бiз де дереу қолындағы хатқа жармасып, жапа-тармағай аша бастаймыз. Сөйтiп, отбасы мүшелерi жиналып, бiреуiмiз хатты дауыстап оқыр едiк…

Шынында да, сол заман ақпаратпен қызыққа толы ма дейсiң кейде. Ауыл жастары бiр-бiрiнiң үйiнен газет-журналды кезектесiп алып, таласа оқитын. Одан қала бердi, ауылдың қақ төрiнен орын тепкен кiтапханадан мүлдем қол үзбейтiн де сол кездiң жастары екенi рас. Ара-кiдiк бастары қосыла қалса, оқыған кiтаптарын кәдiмгiдей қызу талқыға салып, жағымды, жағымсыз кейiпкер образының ашылған, ашылмағанын да пiкiр-таласқа айналдырып жiбередi ғой. Содан тәп-тәуiр мағлұмат алып, санаға сiңдiре беретiн едiк. Ал қазiр ше? Дәл бүгiн ауылда мұның бiрi де жоқ. Керек десеңiз, жастар газет-журнал, көркем әдебиет оқудан қалды. Газет-журнал бар болғанның өзiнде, зейнеткерлiкке шыққан отбасының үйiнде ғана. Онда да мемлекет есебiнен шығатын бас газеттердi немесе сол ауданның өзiнен шығатын басылымды жазылсын, жазылмасын зейнетақсымен бiрге алуға мәжбүрлейдi. «Газет – халықтың көзi мен құлағы һәм тiлi» деп өздiгiнен жазылып, оқитын жастар бүгiнде аз. Есесiне «Мұны оқып қайтемiз, а?!» дейтiн ауыл жастары көк сандықтағы неше түрлi атыс-шабыс кинолар мен телесериалдарды ғана қанағат етуде. Кейбiреулерi үй-үйдiң бұрыш-бұрышына жиналып, темекi тартып, «жынды су» iшкендерiне мәз. Ал қала жастары болса, бос уақытын ойын автоматы, ойынхана мен түнгi клуб секiлдi жынойнақ мекендерiнде өткiзуге тырысып бағады. Жаһандану заманы келдi деп, бөркiмiздi аспанға атқанмен, жастардың санасы уланып жатқандығы өкiнiштi-ақ.

Қайсыбiр қаланың маңайындағы шағын ауыл мен ауданды мекендейтiндер – қазақтар. Олар – жер-жерден тiршiлiк жасап, нәпақа табайын деп қалаға ағылған лектiң өкiлi. Келген күннiң өзiнде қаланың қақ ортасынан пәтер жалдап тұруға шамасы жетпейтiндiгi тағы түсiнiктi. Сондықтан да пәтердi қаладан шеткерi орналасқан өздерiне бұрыннан таныс ауыл атты құтты мекеннен iздеуге бел байлайды. Ал байқасаңыз, мұндай жерлерде қарым-қатынас, байланыс құралы, оның iшiнде почта жүйесi жоқ. Қысқасы, айдаладағы ауыл тұрмақ, қала iргесiндегi қазақы отбасы көп шоғырланған елдiмекен мен шағын аудандарда почта дұрыс қызмет көрсетпейдi. Айталық, Алматы қаласының iргесiндегi «Шаңырақ», «Таугүл», «Думан» секiлдi шағын ауданның халқы почтаның атын естiгенмен, затын көрмегендiгiн бұрыннан айтып-ақ келедi. Көбiне оқырмандар газет-журналға жазылғанмен, оны дер кезiнде қолына алып, оқи алмайды. Мәселен, редакцияға хабарласып, мұңын шағатындар да «Бiз газетке жазылсақ та, оны уақытында ала алмаймыз, тiптi, келмейдi де…» деп жатады. Сонда бұл не?! Почта осыны қадаламағанда, не бiтiредi? Әлде бұл қазақ көп тұратын аудандарға почтаның керегi жоқ дей ме? Әдетте почта мекемелерiне бара қалсаң, сөзiңдi алаң-елең қылмайтындарға iштей налисың да, олар халық деген әлеуметтiк топ үшiн қызмет етуi керек емес пе деп күйiнесiң. Ұзын-сонар кезекте қаз-қатар тiзiлген қарт кiсiлерге қарап, жаның ашиды-ақ. 70 жыл бойы еңсесi басылып келген зейнет жасындағы ата-апа да қапа болып: «Шырағым, қазақсың ғой, қазақша сөйлемейсiң бе?» дегенде, беттен алып дiкiңтейтiндерiн қайтесiң…

Қай жерге барсаңыз, қадам аттаған сайын жауыннан кейiнгi саңырауқұлақша қаптаған «Қазтелекомның» сөйлесу пункттерiн көрiп қуанасың. Әрине, бұл халықтың қалаға ағылып, ары-берi сандалмауы үшiн ауадай қажет. Ал аяқ астынан хат немесе телеграмма салуың керек болса, мiндеттi түрде қала немесе аудан орталығына сабылуға мәжбүрсiң. Өйткенi, тағы да почта қызметiнiң жоқтығы қол байлайды. Рас, ауыл жұрты почтаның қызығын баяғыда-ақ көрiптi. Тiптi, хатымызды пойыздың почтасына да именбей салғанда кешiкпей, iле-шала жауабын да оқитынбыз. Бұл шiркiн, ауыл деген кiндiк мекеннiң дүркiреп тұрған кезiндегi қызықты күндер едi. Құдайға шүкiр, қазiр қала тұрғындарының көпшiлiгiнiң қолы ұялы телефонға жеткен. Десек те, ауылдың әлеуметтiк жағдайы қаланiкiмен тең емес. Қысқасы, мұндай жетiк технология байланысына бiреуi жетсе, бiреуi жетпес. Алайда ауыл халқы, одан қала бердi, қала шетiндегi халық баспасөзден қол үзiп қалды десек, оған бiрден-бiр кiнәлi почта желiсiнiң кенеттен «үзiлiп» кеткендiгi. Сондықтан кез келген қазақы жұрт қоныстанған қазақ ауылдарында почта қызметiн жандандыру мәселесi кезек күттiрмеуi керек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары