КУЛИКОВО ШАЙҚАСЫ ТУРАЛЫ АСҚАН ӨТІРІК

КУЛИКОВО ШАЙҚАСЫ ТУРАЛЫ АСҚАН ӨТІРІК

КУЛИКОВО ШАЙҚАСЫ ТУРАЛЫ АСҚАН ӨТІРІК
ашық дереккөзі
1007

Білім министрлігі білім жүйесін басқармайды

Кеңес педагогикасы бір халықты (ұлтты) әлеуметтік топтар мен таптарға бөліп ажыратты. Қоғамдық айырмашылықтарды таптық қайшылықтарға әкеліп шиеленістірді. Мектептерде басты мәселені білімге емес, ұлтсыздандыру идеологиясы үшін пайдаланды. Бұл ретте қаржыны аяған жоқ. Әлгі ұлтсыздандыру идеологиясы мен саяси террордан сақтандырған алаш азаматтарын 1928-1929 жылдары Голощекин бастаған, Е.Елтаев пен О.Исаев қостаған «құдайсыздар» қуғынға салып, қазақ ұлтының жанына жақын Ж.Аймауытовтың «Психология», М.Жұмабаевтің «Педагогика», Ә.Бөкейхановтың «География», А.Байтұрсыновтың «Қазақ тілі», Қ.Сәтпаевтің «Алгебра», М.Дулатовтың «Есеп кітабы» т.б. оқу құралдарын жойды. Орнына Кеңестің «сойылын соққан» «қызыл сұңқарлар» мен «Кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың» оқулықтарын енгізді. Яғни Кеңестік кезеңде таптық жікшілдікке, шет жұрттық өктемдікке, мәңгүрттік соқыр санаға жол бердік.

Кеңес педагогикасының негізі; басыбайлы бағыну, ата-баба дәстүрін, тілін, дінін, тарихын тәрк ету, т.с.с. Әсіресе байларды, оқығандарды құртты, олардың балаларын интернаттарға әкеліп мәңгүрттендірді. Ұлтты рухсыздандыруда, «құдайға қарсы күресте» мұғалімдердің «еңбегі» ұшан-теңіз. Қазақтың тектілігін жойды. Ал байлар мен оқығандар қазақ мемлекетінің тірегі, діңгегі болатын.

1918 жылы Ленин, Крупская, Дзержинский, Троцкий т.б. революция көсемдері адам баласы пайда болғалы әбден сұрыпталып, сынақтан өткен ұлттық педагогиканы «ескішіл, қараңғылықтың сарқыншақтары, буржуазия педагогикасы» деп жоққа шығарып, «кеңестік педагогика» дегенді ойлап тапты. Бұл «кеңестік педагогиканың» мұрагері мектеп болып, осы күнге дейін сары майдай сақтап отырмыз. Біздің педагогика, физиология, социология, психология ғылымдары таза ғылыми ой-санамен жазылмаған, «коммунистік идеяға» бұрмаланған. Ол Лениннің өсиетімен, Макаренконың мектепті түрмемен «шатастырып» алған тәрбиесімен, демократиялық централизм қағидасымен қаруланып, балаларды толыққанды, ой-өрісі жетілген, жеке тұлға емес, өз ой-еркі жоқ, ұлттық асыл мұрасынан безген, салт-дәстүрін тәрк еткен, тілі мен дінін менсінбейтін етіп, коммунизм «елесіне» есі кеткен, социализм жүйесіне бағынғандарды тәрбиеледі. Кеңестік жаңа адам жасау үшін адам бойындағы асыл қасиеттерін де жоққа шығарды. Бәріміз осы «улы қазаннан» қайнап шықтық. Сондықтан білім жүйесіндегі педагогика, дидактика, тәрбие теориясы, баланың даму процесі, қалыптасуы жөніндегі іс-шаралар қазіргі заман талабына сай келмейді. Ұлттық педагогиканы қалпына келтіреді дейтін педагог ғалымдар, оқулық авторлары салт-дәстүрді ұстамайды, кейбіреулері жек көреді, «Кеңес педагогикасының» қазанында қайнағандар «теорияларының» жалғандығын мойындай алмай, жаңаша оқыту жүйесін шетелдерден іздеп әлек болуда. Бірі орыс, бірі ағылшын, бірі америкалық оқыту тәсілдерін тықпалауда. Ол орыс мектептеріне жарап қалар, ал қазақ мектебіне қажеті шамалы. Өйткені, ол алаш көсемдері айтпақшы, қазақтың жанына «қабыспайтын» нәрсе.

Құлдық психология сүйегіне сіңгендігі соншалық, әлі күнге тәуелсіз елдің азат қазақтары екенін сезіне алмай жүрген ғалымдарымыздың әрбір сызған-жазғандарынан айқын көрініп тұрады.

Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін, тарих пәніне бір мысал келтірейін; 7 сынып. Орта ғасыр тарихы. Куликово шайқасы. 1380 жыл. Оқып отырсаңыз біздің тарихшылар осы оқиғаға өздері қатысқандай жазады. Ал мен кері мысал келтірейін. 1980 жылы осы оқиғаның 600 жылдығын тойламақшы болған Ресей бір топ ғалымдарын Куликово даласына археологиялық қазба жұмыстарымен жібереді. Ондағы ой жаңа деректердің көзін ашып, тарихты байыту болатын. Бірақ, ғалымдар сарбаздар жерленген обаларды, шайқас болды деген жерлерді қанша аударып-төңкерсе де шайқасқа қатысты бірде-бір дәлел таба алмайды. Куликово даласынан құр қайтқан ғалымдар бұл оқиғаның тарихта болғанына шүбә келтіреді. «Куликово шайқасы» туралы жазылған деректерді де зерттеп, оның шыққан «тегіне» жете алмайды. «Истина» журналы. Москва -1990 ж. Орыстардың; «Моңғол-татарларды ойсырата жеңдік» деп отырғандары біздің ата-бабаларымыз. Өйткені, Алтын Орда мемлекеті де қазақ жерінде, ал ол кезде бұл мемлекетте моңғол деген ұлт жоқ болатын. Бұрынғы моңғолдар жергілікті халыққа біржола сіңген-ді. Ешкімге жалтақтамай, шындықты жазатын уақыт келді. Ал біздің ғалымдар «мектепте не оқытып жатыр» екен деп ақ-қарасын ажыратып беруге де жарамайды. Географиялық картаны ашып қараңыз, «Қытай», «Пекин», «Солтүстік мұзды мұхит» т.б. атаулар әлемдік карталарда мүлдем басқаша аталады. Ал біз орыс қалай атаса соны қайталап отырмыз. Интернетпен оқып жүрген оқушылар әлден-ақ «Мыналарды қашан өз атымен атаймыз?» деп сұрай бастады.

Екінші мысал; 9 сыныпта Кенесарыны қазақ халқының хас батыры деп Астанадағы ескерткішіне оқушыларды тағзым еткізіп, мақтанышпен айтып жүрсем, бір күні бір оқушы Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» романын әкеліп: «біз әдебиеттен оны «жағымсыз кейіпкер» ретінде өтеміз, сенбесеңіз міне, қараңыз», – деп оқулықты ашып көрсетті. Қалай түсіндіруді білмеймін. Әрине, ол романда әдеби кейіпкер, дегенмен кейіпкер арқылы бала ұғымы қалыптасады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «…Міне, сондықтан да кезінде Әлихан Бөкейханов атап көрсеткендей халықтың аңыздарында Кенесары ханның даңқы тіпті аса танымал атасы Абылай ханның даңқынан да асып түсті», – деген еді Кенесарының екі жүз жылдық тойында. Тарих сабағы оны батыр дейді, әдебиет сабағы қарақшы дейді, сонда оқушы оны кім деу керек? Болашақ ұрпақты ұлтына, оның ұрпақтарына күдікпен қарауға тәрбиелейтін «классикалық романдарды» несіне оқулықтарға тықпалай беретініне түсінбеймін. Біз балаларды патриоттыққа емес, екі жүзділікке тәрбиелеп жатырмыз.

Қазақ тілі оқулығы тек ереже, анықтама мен іркес-тіркес жаттығуларға толы болса, әдебиет оқулығы атақтысы бар, атақсызы бар ақын-жазушылардың анықтамалығы. Ұлттық тәлім-тәрбие бермейтін оқулықтардың кесірінен қаншама ұл-қыздарымыз рухани мүгедектікке ұшырап жатыр.

Ал тәрбиеде педагог-ғалымдар сабақ беретін, болашақ педагогтар дайындайтын кез-келген академия, университет, институт, колледждерде академик, профессор, ғылым докторлары, кандидаттар жетерлік. Осы оқу орындарына барып көріңізші, 17 мен 22 жас аралығындағы өрімдей жас қыздар «жартылай жалаңаш» жүр. Киген киімдерінің жұқалығынан іш киімі, оның түр-түсі, тіпті денесінің қай жерінде тыртығы, меңі бар екендігі көрініп тұр. Ертең бұлардан қандай мұғалім, педагогтар шығады? Еліміздің ертеңгі «зиялыларын» осылайша оқытып, тәрбиелеп отырмыз. Мәдениет, өркениет деген «жалаңаш» жүру ме екен? Не ұлттық педагогикадан нәр алмаған, педагогика, психология ғылымдарын меңгермеген жас мамандар мектепке келгенде не оқытады? Ұлттық педагогиканы мектепте біз оқытпаймыз, ЖО орындары болсада оқытпайды, оқытатын «ғылымдарды» батыстық ғалымдардың жазған-сызғандары, соны қазақшаға көшіріп алып, не дінінен, не ұлттық асыл қасиеттерінен мақұрым, рухсыз, елін, Отанын сүюдің не екенін білмейтін, салт-дәстүрден жиренген, технократ, өзге ұлттардың салт-дәстүрін «мәдениетсымағын», «өркениет» деп қабылдайтын мамандар даярлап шығарады.

Ең қасіреттісі, ертең мектепке барғанда «пән мұғалімі» атанатын пәнін 3-ке немесе 4-ке әрең бітіргендер көпшілік. Өзі беретін пәнді өзі 3-ке немесе 4-ке әрең бітірген болса, ол мұғалім мектептен сол пәннен 5-ке білетін оқушыларды қалай дайындайды? Қанша ойлансам да осыған басым жетпеді. Не деген сұмдық?

Қазіргі таңда 100 мектептің 80-інінде кеңестік педагогиканы, социалистік тәлім-тәрбие жүйесін, түсініксіз, қорытындысыз білім беру әдістемесін осы күнге дейін сақтап отыр десем қателеспеймін.

Қоғамдағы бүкіл жаманшылыққа тікелей біздің қатысымыз бар. Өйткені сіз бен бізді, бәрін мұғалімдер тәрбиелеген. Мемлекетті талан-таражға салып жатқан парақор, мансапқор шенеуніктерді де, қарақшы, нашақор, жезөкшелерді де, ұры-қарыларды да – бәрін де мұғалім оқытып тәрбиелеген. Кеңес педагогикасы «мұғалімнің міндеті – білім беру, мемлекеттік стандарт бойынша жазылған мәтіннен шықпау, басқасында шаруалары болмасын» деген. Қазір мұндай талап қойылмайды, бірақ мұғалімдер бұрынғы қатып-семіп қалған қағидададан шыға да алар емес. Қалай шығудың жолын да таба алмауда. Қазіргі заман талабы – баланың жеке басын қалыптастыру, оның көкірек көзін оятып, ата-бабадан қалған асыл мұраны, әдет-ғұрып, дәстүрді жеткіншектің санасына сіңіру. Ол үшін тәрбиеші педагогтың өзі жан-жақты білімді, өз бетінше ізденгіш, ұлттық педагогиканы бойына сіңірген, баланың ішкі жан дүниесін түсінетін болуы тиіс. Теория жүзінде де осындай талап қойылады. Бірақ бұл іс жүзіне аспай отыр. Өйткені, мұғалім көп, ұстаз аз.

Мектептердің жақсы жағын мақтап, газет-журнал жазып, теледидарлар көрсетіп, бізді ренжітпеуге тырысады. Ал мен тек көлеңкелі жағына, кемшіліктеріне тоқталайын. Менің ойымша, мектептердегі мардымсыз білім, бағдарсыз тәрбиеге біріншіден, білім министрлігі кінәлі. Олар осы күнге дейін қазақ мектептеріне арнап ұлттық тәрбиенің үлгісін ұсына алмай келеді. Білім министрлігі бола тұра, білім жүйесін басқарудан шеттетілген. Ең сорақысы, олар тәжірибелі де білікті, білімді де беделді ұстаздарды мектеп директорлығына ұсына алмайды. Мектеп директорлығына, білім бөлімінің басшылары аудан, облыс әкімінің орынбасарлары тамыр-таныстарын тықпалап, жең ұшынан жалғасу арқылы шешеді. Басшы тағайындауда Білім министрлігінің еш қатысы жоқ. Менің ойымша, мектепті Ауылшаруашылық министрлігіне берсе әділетті болар еді. Өйткені, қазақ мектептері ауылдарда басым. Ал ол министрлікте қаржы бар. Әрине, конкурстан тыс, сынақсыз, таныс арқылы қойылған басшы әрқашан жоғарыға қарап жалтақтайды. Өз бетінше ештеңе шешпейді. Қарсы пікір білдірсе сол минутта орнынан айырылады. Таныспен болған басшы да қасына сондайларды жинайды. Олар білім, ғылым, өнегелі тәрбие жолдарын іздемейді. Керісінше, тамыр-таныстықпен жұмысқа алу, бір-бірінің көңілін табу және өз ой-пікір, көзқарасы барлардың басқан ізін аңдып, тырнақ астынан кір іздейді. Мұндай білім ұжымынан шындықты таба алмайсыз. Біреуі шашау шықса, отырса опақ, тұрса сопақ болады. Шындықты айтқысы келсе де айта алмайды. Бұл – «кеңестік педагогиканың» жемісі.

ЖО орындарында өз пәнінен 3-ке, 4-ке әрең бітіріп келген мұғалімдердің сапасы мен кемшілігі мынадай:

ЖО орындарда ұлттық педагогика сабағы жүргізілмейді, ұлттық психология оқытылмайды, ешқандай этика үйретілмейді. Соңғы кездері жас мұғалім қыздар оқушылардың алдында барын көрсетіп жүрсе, жігіттер оқушылармен темекі шегіп, сыра ішіп мәз болады. Білім тереңдігі жоқ, оқулық мәтінімен шектеледі. Басқа айтары жоқ. Одан оқыған оқушы да сондай болып шығады. Өз беттерінше ізденіп, газет-журнал, кітап оқу дегенді білмейді, білімдері төмен болғандықтан білім бөлімінің басшылары, мектеп әкімшілігінің қисық-қате шешімдерін қолдап бас изей береді; оқушының әке-шешесіне қарап білімін бағалайды, жалғандыққа барады; мұғалімдікті ақша табу көзіне айналдырған; дарындылар мен дарынсыздарды бірдей етіп тұқыртып ұстайды (бұл нағыз кеңестік педагогика); балалардың болашағын қаперіне де алмайды; кейбіреуінің оған тіпті өресі де жетпейді; кейбір сынып жетекшілері ата-анамен тығыз байланыс орнатып, бала тәрбиесі мен білімі жөнінде кеңеспейді; 45минуттық сабағын өткізіп, қағазбастылықпен «қатырып» қояды; өздеріне ұнамаған оқушыларды жәбірлеп, бағасын төмендетуге арланбайды; өзіне айтылған сынды «жаулық» деп қабылдайды; мемлекеттік заңдардан хабарсыз әрі оқушыға қандай тәрбие беру керек екенін де білмейді; білім туралы заңның бар екенін білмейтіндер де бар, не ЖО орындарында, не мектепте бұл заң жөнінде ешкім ауыз ашпайды. Тәуелсіз қазақ халқының болашағын тәрбиелеп отырғандығымызды әлі түсінбей келеміз.

2007 жылы «Білім туралы» Заңды қайта қарайды.Бірақ, «Баяғы жартас сол жартас» күйінде қала ма деп қорқамын. Заң қабылдайтын депутаттарды да, жазатын министрлерді де біз оқытып, тәрбиеледік. Қазіргі заң қазақ ұлты үшін жазылмаған. Жалтақ. Жаңа заңда қазақ мектептеріне арнайы баптар қажет. Онсыз ұрпақ тәрбиесі – нәтижесіз.

Балаға білім нұрын құю, рухани азық нәрін ішкізу–көп еңбекті қажет етеді. Кез-келген баланың жүрегіне жол табу–жүздің бірінің қолынан ғана келеді. Кез-келген мұғалім оқушыға білім бере алмайды. Диплом алғанның бәрі білімді ұстаз емес. Білгенін оқушыға сіңіре білу нағыз талантты талап етеді.

Иә, мұғалім түзелмей, оқушы түзелмейді. Оқушы түзелмей, қоғам түзелмейтіндігін дәләлдеудің қажеті жоқ.

Тоғайбай Нұрмұратұлы,

Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Софиевка ауылы

Серіктес жаңалықтары