«ҰЛАН» ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖӘНЕ ПАВЛОДАРДАҒЫ ҰЛТ САЯСАТЫ

«ҰЛАН» ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖӘНЕ ПАВЛОДАРДАҒЫ ҰЛТ САЯСАТЫ

«ҰЛАН» ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖӘНЕ ПАВЛОДАРДАҒЫ ҰЛТ САЯСАТЫ
ашық дереккөзі
364

Солтүстік өңірде тіл мәселесі қашан шешіледі?

Алматыдан Павлодар қаласына ұлттық басылымдардың үш тілшісі барып-келгелі бері Кереку өңірі шуласып қалғандай. Павлодарда тіл мәселесін көтереміз деп, «оппозиция» атана жаздағанымызды газетіміздің өткен сандарында айтқан едік. Әлбетте, бүгінде қазақ тілшілерінің Павлодарға баруына мұрындық болған «Ұлан» жастар қозғалысына қатысты өңірдегі пікірлер әрқилы. Десек те, отандық саясаттанушылар ұлттық мүддені – тіл мен дін мәселелерін көтеріп жүрген жастар ұйымының басқа-басқа емес, Солтүстік өңірде пайда болуын заңды құбылыс деп бағалап отыр. «Ұлан» да – уақыт талабымен дүниеге келген бірден-бір жастар бірлестігі болса керек.

Бұлай дейтініміз, қазірдің өзінде Павлодар облысындағы қазақтың саны 64 пайызға жетіпті. Яғни, өңірде тіл мен дін мәселелерінің оңтайлы шешімін табатындай кез келді. Әу бастан Павлодар, Баянауыл өңірлері – ұлт патриоттарының мекені еді. Бұл өңір дүниеге қазақтың алғашқы кинорежиссері Шәкен Аймановтай дара тұлғаларды әкелді. Солтүстік өңірдің қазіргі ұлдары да «елім, жерім» деп жүрген азаматтар. «Ұлан» жастар қозғалысының өкілдері көп ұзамай өңірде тіл мәселесінің шешілетініне сенімді. Бұл орайда қазақша сөйлесе, кейбір министр мырзалардан да озып сөйлейтін қозғалыс мүшесі Света Шнайдер: «Жақында Павлодар облысының әкімі Қайрат Айтмұқанбетұлы Нүрпейісов студенттермен кездесуде келесі жылдан бастап орыс мектептерінде оқитын бастауыш сынып оқушыларының қазақ тілінде дәріс алатынын айтты. Менің ойымша, бұл жақсы бастама. Облыс әкімшілігі мемлекеттік тілді дамытуға бетбұрған сияқты. Өздеріңіз білетіндей, 2007 жылдан бастап біздің облыс іс-қағаздарды жүргізуді мемлекеттік тілге көшіруі тиіс. Өңір басшыларының бұндай қадамға баруына үкіметтік емес ұйымдардың да ықпалы болды ма деп ойлаймын» – дейді. Бағадат Кәрібайдың айтуынша, бұл кездесуде облыс әкімі Қ.Нүрпейісов студенттердің өтінішіне байланысты келешекте қалада Желтоқсанның 20 жылдығына орай Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіш орнатуға да сөз беріпті. «Бұл тек сөз емес, нәтижелі іс болады деп сенеміз. Сонымен қатар, қаламыздың жағажайында «бір жылдан кейін осы жерде саяси репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларына арналған ескерткіш орнатылады» деген жазуы бар белгі тұрғалы 10 жылға тақап қалды. Ол әлі сол қалпында тұр. Бұл ескерткіш те облыс басшымыздың назарынан тыс қалмайды деген ойдамыз» – дейді, бірлестік мүшесі.

«Ұлан» қозғалысы облыс әкімшілігіне тіл мәселесіне қатысты бірқатар жобаларды ұсынып үлгеріпті. Осыған байланысты Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Шолпан Әубәкірова: «Ең алдымен, бұл жобалар қоғамдағы жастардың белсенділігін арттыруды, шығармашылық істерге ынталандыруды көздейді. Әлбетте, «ұланым» дейтін мемлекет болмаса, «мемлекетім» дейтін ел азаматтары қайдан шығады?! Біз журналистика номинациясы бойынша Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы сыйлықты, спорт номинациясы бойынша Мұстафа Өзтүрік атындағы арнайы жүлделерді тағайындаймыз» – дейді.

Керекулік жастар өңірде қазақ тілінде шығатын басылымдардың тым аздығына да алаңдаулы. Қуаныш Есқабұловтың айтуынша, аталған басылымдардың көбі қаржы тапшылығына байланысты бірде шығып, бірде шықпай жатады екен. Енді ұландықтардың өздері де «Серпін» атты жастар газетін шығармақшы. Бір өкініштісі, республика бойынша қазақ тілінде шығатын жастар газеттерінің аздығы тағы бар. Бұл да уақыт күттірмей шешілуі тиіс мәселе сияқты.

«Ұлан» жастар қозғалысының жетекшісі Еркебұлан Алдабергенов: «Біз ешкімнің сойылын соқпаймыз және ешкімнің ойыншығы емеспіз» – дей келе, болашақта да өңірдегі тіл мен жастар мәселесінің шешілуіне атсалысып жүретіндерін айтады.

Серіктес жаңалықтары