«ЫЗҒЫРЫҚТЫ »ОҚЫҒАННАН КЕЙІНГІ ОЙ

«ЫЗҒЫРЫҚТЫ »ОҚЫҒАННАН КЕЙІНГІ ОЙ

«ЫЗҒЫРЫҚТЫ »ОҚЫҒАННАН  КЕЙІНГІ  ОЙ
ашық дереккөзі
255

Биыл қыс ерте түсті. Сарыала күз демнің арасында қарға малынып, аппақ боп шыға келген. Күзгі жапырақтар әлі де біз бармыз деп сыбдырласқысы келгенімен, төбесін басқан аппақ қар, сыбдырын өзгеге де, өзіне де естірмейді. Онсыз да қысқа күн тез батады. Айналаны басқан қараңғылық пен суық ауа ызғары бет қаратпайтын болған соң, мауығып, пеш түбінде жата бергің келеді. Сосын қолыңа еріксіз кітап алып, жылы пештің жанына жантаясың келіп. Сондай қысқа кештердің бірінде қолыма жазушы Жаңабек Шағатайдың «Ызғырық» атты кітабы ілініпті. Бұрында бірен-саран хикаяттарын, бірлі-екілі әңгімелерін баспасөз беттерінен оқып жүргенмін. Жаңа еңбек, жаңа дүниелер болған соң ба, әйтеуір мені еріксіз өз әлеміне сүйреп әкетті.

«Ызғырық» кітабы «Қазіргі қазақ прозасы» айдарымен «Жазушы» баспасынан жарық көріпті. Кітапқа жазушының «Ақ желкен арман» атты хикаяты мен бірнеше әңгімелері-әпсаналары енген екен. «Ақ желкен арман» әуелден-ақ сізді балалық шаққа жетелейтіні рас. Бала көңіл, балалық қиял, әже мен атаның құшағы, ауыл өмірі, әке мен анаға деген сағыныш, өмірдің ішкі мәнін іздеуге деген құлшыныс, бәрі-бәрі бірге тоғысып, көкірегіңе бір өзгеше сәуле құяры анық. Өткенді іздейсің, қиялыңды шарқ ұрып, балалықтың тәтті елесі кезеді. Суық, қала тіршілігінен безіп, ауылдағы қарапайымдылықты аңсайсың. Сосын еріксіз, кітап бетіне қайта үңілесің. Періште бала көңілінің тазалығын сезіне бастайсың. «Берік, тегінде, кемпір-шалдың баласы. Қызық қой өзі. Құндыздыдағы бұл құралыптас балалардың бәрі осындай: «Ақ» дегенде атасының, не әжесінің аузынан түсе қалғандар. Және бір таңданары, солардың бәрі ылғи төл басы – тұңғыштар. Ара-тұра өзінің қойлы ауылына, туған үйіне осылай қонақ болып қыдырып қайтатыны бар. Ондайда көбіне осылай жолы түскен трактор, машинамен жалғыз келеді, үлкендердің беріп жіберген сәлем-сауқатын арқалап. Ондайда апасы…атасы айтатындай: «Ей, жалған дүние-ай!». Апасы мұны құшағына қысып, бұның өзіне ғана естірте: «Құлыным менің. Ботақаным,» деп емірене бетінен қайта-қайта сүйер-ді»…

Енді бір сәт қаланың қайнаған ортасына тап боласың. Шағын-шағын этюдтер. Шағын ғана. Бірақ, ар жағында зіл батпан мұң жатыр. Кіп-кішкентай көріністерді көз алдыңа келтіріп, өзіңді еріксіз мұңға жетелейді. Тәп-тәтті қиял тебіреністері, шындығында «кәдімгі қала, кәдімгі шањар, кәдімгі көше, кәдімгі гүлзар, кәдімгі кеш. Бәрі де кәдімгідей» Бірақ, сол кәдімгі қалаға асығатынымыз, кәдімгі қаланы қия алмайтынымыз неліктен екен.

«Қар әлі жауып тұр..

Алаңның қақ ортасында үй орнындай жердің сұр қарына адам аяғы тимеген, басқа тұсты ерсілі-қарсылы айдақтап тастаған машина іздері де осы жерден қорыққандай айналып өтіп жатыр. Біреу әдейілеп қойды ма, әлде аңдаусызда түсіп қалған ба, тас төселген алаңда сола бастаған бір тал қызыл қалампыр жатыр қан дағындай болып. Бояуы сүйекті сорған дымқыл суықтан оңып, бозара бастапты. Сағағына қар түйірі зілдей болып тиген сайын өн бойы дір-дір етеді. Қорғансыз, тым нәзік! Енді сәлден соң жылбысқы қар толық жауып, жеркенішті мұздай су сорғалаған қараңғы қапас өз құшағында осынау нәзік бейшараны аяусыз тұншықтырып өлтірер-ау.»

Сұп-суық. Өне-бойыңды тітіркендіріп, суық ауа қармағандай, тұншығып барып ашыласың. Әлдебір елес, әлдебір нәрсе, езіп-жаншып тастағандай болады. Бір қызығы, кітапты қайта жауып, қайта ақтарасың. Зіл-батпан мұңнан еңсеңді тіктеп, қайта кітап беттеріне үңіле бастайсың. «Ботадай көзің мөлдіреп», «Қара қудың қауырсыны», «Қаладан келген қыз» тізбектеліп кете береді. Махаббаттың ешкім түсіне бермейтін тылсым құдіретіне бойлап, өмірдегі, айналадағы қиындықтарға бой алдырасың. Бір қарасаң, кітаптағы дүние. Ал, бір қарасаңыз, айналаңызда күнделікті болып жатқан өмір. Біреудің өмірден алған ащы таяғы, біреудің қиналысы, біреудің жан сыры. Бәрі-бәрі бір арнаға тоғысып, сезім қылын шертеді, жүрекке мұң ұялатады, ойға жетелейді.

Жазушының кітабына енген тағы бір дүние – триптихтары. «Хұсни ғұмыр» деп аталатын триптихтары бір адамға, яғни жазушының қаламдас досы, ақын Нұрлан Мәукенұлына арналған екен.

Сәулелі үміт сөнбесін,

Өмір сүрер жастамын.

Ажал айтпай келмесін,

Онсыз да өмір қас-қағым!, – деп жырлаған ақын досынан қас-қағым сәтте айрылып қалған қаламгердің жан күйзелісі, қиналысы сезіледі. Бірге жүрген сәттер, бірге өткізген қызықты шақтар, суреттемелер, кездесулер сыры, бәрі-бәрі көз алдыңызға тізбектеліп келе береді, келе береді.

«…Әнеукүні от жақтым жотада жалғыз. Қып-қызыл шоқтар тағы да жоғары әуелеп ұшқан. Зайсанның тайтұяқ жарық жұлдыздарына ұқсаттым оларды беймезгіл уақта. Осылай, осылай екен бейопа жалған. «Хұснихатыңды» тағы да қайталап оқыдым езіле. Жалын жарығына тосып оқыдым. Беу, жанған от пен аққан суда жұмбақ бір қасиет бар. Ортасына көп үңілсең беймағлұм жаққа қол бұлғап шақырады, еріксіз жетелейді. Әні… жалын ішінен сенің бейнең көрінгендей болды. Бұлың-бұлың елес. О тәңірім, қол бұлғап, белгісіз қиырға шақырған сияқты. Шынымен шошынып, алауды сөндірдім…Құдай-ау, сол алаудай сағыныш ақырындап сөне ме? Сонда не қалады… Ыза… Торығу…түңілу… бәр-бәрінен баз кешу… Бірақ «Ж.Ж-ға» деген жырыңды несіне, кімге арнап жаздың, ей, Нұрлан?! Дарынды қаламның данышпандық танытар тұсы сол ма еді. Беу, бекерін-ай…

«Жүректен алған тәтті өлім,

Жүзімде қалды қиналыс.

Әліптің артын бақты елім–

Заманасынан жиған іш,

Жүректен алдың,жоқ еттің.

Жарымды қайғы өлтірді.

Айға ұлыған төбеттің,

Аранын аспан толтырды.

Құлыным қалды жетімек,

Құраққа жетіп дауысы.

Біз қашан бақытты етіп ек,–

Кеш сәби күндердің қауысы.

Алыста анам аңырады,

Құдайға жетіп дауысы.

Жазмышын әкем танымады–

Жеткені тірлік қауысы…

Әкелер мен шешелер,

Ойланбап едім кетем деп,

Кешіңдер мені, кеше гөр–

Кеңсайды қалдым мекендеп.

Кеш мені, жарым-жалғызым,

Кеткенім үшін келмеске.

Ажал ауылыңа салды ізін

Шараң жоқ бұған көнбеске,

Шараң жоқ бұған сенбеске.

Жүректен алған тәтті өлім,

Кенеттен алған кер өлім,

Басына қара жапты елім,

Сенделіп қалды сенерім…»

Уай, Кеңсайға келерін білуге көп кемеңгерлік қажет емес еді ғой, қайран Ақын!

Суық жердің қойнына неге асықтың, Дегдар азамат?! Бәрі де бекер…

Алматыда жұлдыздар тым-тым көмескі…Ал жотада жанған от көрінсе қасында кімдер отыр деп үрейленемін».. «Жотада жанған от» триптихін дәл осылай аяқтапты. Жазушының қаламынан туған бұл дүниелерін жай ғана көркем шығарма деуге келмес те еді. Ақын досын іздеген, қас-қағым сәтте досынан айырылған жазушының дерті, сыры, мұңы бұл.

Жазушыға жазушының өзінен асып, бірдеңе деу қиын шығар. Ең бастысы, «Ызғырық» оқырманның көңілінен шыққан, шыға алатын көркем дүние. Онда мұң да бар, онда бұрқасын сезім де бар, онда жазушының жан азабы да бар. Бұл көркем дүниені селт етпей оқу, мүмкін де емес.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары