ТӘУЕЛСIЗДIК ҰҒЫМЫ ҰЛТ ҰҒЫМЫНАН АЖЫРАТЫЛМАУЫ ТИIС

ТӘУЕЛСIЗДIК ҰҒЫМЫ ҰЛТ ҰҒЫМЫНАН АЖЫРАТЫЛМАУЫ ТИIС

ТӘУЕЛСIЗДIК ҰҒЫМЫ ҰЛТ ҰҒЫМЫНАН АЖЫРАТЫЛМАУЫ ТИIС
ашық дереккөзі
424

Кәрi тарлан тарих үшiн тым аз, қас-қағым сәт болып есептелетiн 15 жыл – бiз үшiн әрi ұзақ, әрi тарихи кезең болғаны рас. Өйткенi, бұл жылдарда мемлекеттiгiн нығайтып, жер шарында дербестiгiн сақтап қалу – Қазақстан және Кеңес Одағы ыдырағаннан кейiн оның субъектiлерi болған жаңа мемлекеттердiң бәрi үшiн үлкен сын болғаны ақиқат. Әркiм сынақтан әрқалай өттi, бiрақ, қай-қайсысы да мемлекеттiк дербестiгiн сақтай бiлдi. Бiрақ, қалай? Әңгiме осында.

Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанның жеткен жетiстiктерi орасан. Тәуелсiздiгiмiздiң он жылдығын сарапшылар ғасырға баласа, 15 жылдығын да әспеттеп жатқаны белгiлi. Ең алдымен Қазақстан – етек-жеңiн қымтап, көршiлерiмен шекарасын бекiткен тұңғыш ТМД-лық мемлекет. Шекара мәселесiнде Қазақстанның есесi кеткен шетiн жағдайлар болғанымен, ешкiм жаға жыртып, қол тыға алмайтындай болып, тас түйiн бекiдiк. Қазақстаннан өзге ТМД елдерiнiң көбiнде шекара мәселесi аса күрделi болып тұр. Айталық, Әзiрбайжан мен Армения Таулы Қарабах үшiн қырғиқабақ болса, Грузияның Оңтүстiк Осетиясы мен Абхазиясы бар, Приднестревье Молдованың бас ауруы болғалы қашан. Ал, Украина Қырым үшiн қиналады. Демек, Қазақстанның ешкiммен алакөзденбей, көршiлердiң ыңғайына жығыла отырып, шекара мәселесiн бiржақты етiп алуының өзi – 15 жылдағы iрi табысы. Солженицын мен Жириновский Солтүстiк бес облысқа қанша ашкөзденсе де, Ресей ендi оған ауыз сала алмайды. Қытайдың тарих оқулықтарында оқушыларға «Балқашқа дейiнгi өңiр – қытайдыкi» деп қанша үйретсе де, Қытай жұмған аузын аша алмайды.

15 жыл қас-қағым сәт десек те, Қазақстанның қол жеткiзген екiншi табысы – экономикалық өрлеу. Алдағы уақытта өркениеттi 50 елдiң қатарынан ойып орын алуды басты мақсаты етiп отырған елiмiздiң экономикадағы табысын Батыс та, Шығыс та мойындап отыр. Тiптi, кейбiр экономикалық көрсеткiштерi бойынша, Қазақстан мемлекеттiк тәжiрибесi бiрнеше ғасырға созылатын, халқының саны 250 миллионнан асатын Ресейдiң өзiн орап кеткен. Құдай берген қазба байлығымыз бен шетсiз-шексiз астығымыздың арқасында аузымыз аққа жарыды. Елбасының «Алдымен – экономикалық, сосын – саяси реформа» деген саясаты экономикада өз жемiсiн бермей қойған жоқ. 15 жылда күйреген қазақ ауылы әлi есiн жия алмай отырса да, халқының 40%-дан астамы кедейшiлiк деңгейiнде өмiр сүрiп отырғанына қарамастан, бiздiң ел алдыңғы қатарлы экономикалық өрлеу үстiндегi елдiң бiрiнен саналады. Кей ауылдардағы ауызсудың, электр тогының жоқтығын еске алмағанда, Қазақстанның әл-ауқаты әлемдi тамсандырып отыр.

Тәуелсiздiк атты ұлы арманның жетегiнде қаншама бабаларымыз, қаншама ұлыларымыз от кешiп, оққа ұшты. Биылғы желтоқсанның 17-сiнде 20 жыл толғалы отырған «Желтоқсан» көтерiлiсi қаһармандарының бұлқынысы да тәуелсiздiктi аңсаудан туған едi. Бүгiнде әркiм әр саққа жүгiртiп жүрген Желтоқсан көтерiлiсi – Тәуелсiздiкке бастаған баспалдақ болатын. Бұдан кейiн КСРО елдерiнiң көбiнде бүлiк шықты. Олар ашықтан-ашық тәуелсiздiкке ұмтылды. Бұның ақыры КСРО-ның құлауына әкеп соқты. Iшiнен iрiген iрi империяның iргесiнiң сөгiлуiне қазақ жастарының наразылық шеруi мұрындық болды. Демек, бұл тәуелсiздiк бiзге көктен түскен жоқ. Алланың берген ырыздығы. Құдайдың көзiнiң түзулiгi. Iргемiздi бекiтiп, Батыстың да, Шығыстың да, аюдың да, аждаһаның да тiлiн тауып, көп векторлық саясат ұстанып отырмыз. Демек, сыртқы саясатта қол жеткiзген табысымыз орасан. Қазақстан деген Орта Азиялық iрi мемлекеттiң қалыптасып келе жатқанын әлем бүгiн түсiндi. «Күлшелi бала сүйкiмдi» дегендей, қара алтын мен ақ алтыны бiрдей көз тартқан, уран өндiруден әлемдегi үш елдiң бiрiнен саналатын, көмiрi мен газы атқақтап аққан Қазақстанға мұхиттың арғы бетi мен бергi бетi бiрдей назар салуда.

Бiрақ, тәуелсiз елдiң осы уақытқа дейiн айналып өтiп келген бiр мәселесi – ұлт мәселесi. Тәуелсiздiк ұғымы ұлт ұғымынан ажыратылмауы керек едi. Мемлекеттiк идеология ұлттық идеологияның ажырамас бөлшегi болуға тиiс-тұғын. Алайда, бiз әлi күнге дейiн ұлт саясатына келгенде солқылдақтық танытамыз. Сол себептi де, «16 желтоқсан – Тәуелсiздiк күнi» мен «17 желтоқсан – қазақ жастарының ұлт-азаттық көтерiлiсi» күндерiн Жаңа жыл мейрамының көлеңкесiнде қалдырып келдiк. Жылда заты өзгенiкi, дiнi басқа Жаңа жыл мейрамын насихаттау, оған дайындық бiр ай бұрын басталады да, Тәуелсiздiк күнi тасада қалып қояды. Бiрақ, оған бас ауыртып, балтыр сыздатып жатқан ешкiм тағы жоқ. Биыл «Қазақстан», «Хабар» секiлдi елiмiздегi басты телеарналар Тәуелсiздiктiң 15 жылдығын тынбай насихаттап келедi. Дәл мұндай үрдiс бұдан бұрын болмаған едi. Алайда, қала көшелерiнде, жекелеген мекемелердiң алдында тағы да жылдағы көрiнiс, Тәуелсiздiк мейрамының емес, Жаңа жылдың жарнамасы «менмұндалап» тұр. Жұрттың көбiнде Тәуелсiздiк мейрамына емес, Жаңа жыл мейрамына деген әуестiк басым. Бұл ненiң салдары? Әрине, Тәуелсiздiктi жерiне жете насихаттап, жас буынның санасына оның мәнi мен маңызын жеткiзе алмағандығымыздан. Елдегi 15 миллион халықтың санасын бiр мақсатқа, бiр мүддеге жұмылдыра бiлмегендiгiмiзден. Яғни, бiртұтас ұлттық саясатты жүзеге асыра алмай отырғандығымыздан. Бунаков, Терещенко сияқтылардың «Қазақстан Парламентiнде ұлттардың үлес салмағы квотамен бөлiнсiн, билiк эшелонында өзге ұлт өкiлдерi көптеп тартылсын» деп алаулатуына жол беруiмiз, төл теңгемiздi мемлекеттiк тiлмен қоса ресми тiлде басып шығаруымыз, сондай-ақ, мемлекеттiк тiлдегiсiнде қате жiберуiмiз, ақпараттық майданда мемлекеттiк тiлдегi басылымдардың шетке ысырылуы, т.б. толып жатқан ұлтқа қатысты әттеген-айларымыздың барлығы ұлттық саясаттың бiрiншi орынға шықпауынан.

Посткеңестiк мемлекеттердiң барлығы дерлiк тәуелсiздiк жылнамасын әуелi – отарсызданудан бастады. Ол үшiн орыстың экспансиясына тиым салуды жөн деп тапты. Орыс ұлтшылдары Балтық жағалауы елдерi жүргiзiп отырған ұлттық саясатты кiналап, халықаралық қауымдастықтарға шағынғанымен, Еуропа елдерi оларды толығымен қолдады. Сөйтiп, Еуроодаққа мүшелiкке қабылдады. Өзбекстан мен Украина, Әзiрбайжан мен Армения, Молдова мен Грузия барлығы да дамудың алғашқы сатысына ұлттық мәселелердi шығарды. Олардың алға қойған мақсаты – талай жыл бодан болған елдiң санасын бостан етпей, шынайы патриотты тәрбиелемей – шын мәнiсiндегi тәуелсiздiкке қол жеткiзе алмайсың. Бұл саясат өз жемiсiн бермей қойған жоқ. Тiптi, Ресейшiл елдердiң бiрiнен саналатын – Беларусьтiң өзi соңғы кездерi мемлекеттiк, ұлттық мүдде үшiн Ресеймен бет жыртысуға барып отыр. Ал, мемлекеттiк тiлiнiң мүшкiл халi жағынан Қазақстанмен пара-пар болып келген Қырғызстанның соңғы Конституциясы орыс тiлiнiң ресми статусын алып тастады. Демек, Қазақстаннан басқа мемлекеттердiң барлығы – экономикалық жағынан артта қалып қойса да, шекарасын қымтай алмаса да, ұлттық мемлекет құру жолында оқ бойы озып кеттi. 15 жылдық тарихында мемлекеттiк тiлдiң мерейiн қалай үстем ету қажеттiгi биiк мiнберден ендi ғана айтылған, оған орыс тiлi мен ағылшын тiлiн жамап, үш тiлдiлiкке бағыт бұрған Қазақстан ұлт мүддесiн қашан еске алар екен?

Мiне, тәуелсiздiк таңы алаулап атқанымен, оның жылуы ұлтқа шуағын шаша қоймай отыр. Тәуелсiздiктi баянды етудiң шарттары көп. Соның ең бастысы – ұлт мүддесi. Ұлттық мүдденi аяқасты етiп, өзгесiн аспандатсақ, көп ұзамай шаңға көмiлiп қаламыз. Сондықтан, тәуелсiз елдiң ертеңiн шуақты ету үшiн ұлттық мемлекеттiң концепциясын жасау жолына бет бұруымыз керек. Бұл – ата-бабамыз арман еткен, Алаш арыстары осы жолда басын тiккен, кешегi қылышынан қан тамған тоталитаризм кезiнде жанын шүберекке түйген желтоқсандықтардың мұраты, мақсат-мүддесi. Сонда ғана бiздiң ел, бiздiң ұлт өмiршең болмақ. Лайым, Алла сол күнге жеткiзсiн!

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары