ҰЛТ БОЛАШАFЫ ӘЙЕЛДЕРДIҢ ТӘРБИЕСIНЕ ТӘУЕЛДI НЕМЕСЕ НАҒЫЗ МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
ҰЛТ БОЛАШАFЫ ӘЙЕЛДЕРДIҢ ТӘРБИЕСIНЕ ТӘУЕЛДI НЕМЕСЕ НАҒЫЗ МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Белгiлi дiнтанушы, мәдениеттанушы ғалым Мұртаза Бұлұтай мен журналист Гүлмәрия Барманбекованың сұхбаты.
Г.Б.: Биылғы Құрбан айт Григорян күнтiзбесi бойынша Жаңа жылмен тұспа-тұс келiп тұр. Қалай ойлайсыз, Қазақстан мұсылмандары қай мерекеге көбiрек басымдылық берер екен?
М.Б.: Мұсылман дәстүрiндегi мерекелер «Ораза айт» пен «Құрбан айт» ай күнтiзбесi бойынша жыл сайын 11 күн алға жылжып тұрады. Биылғы Құрбан айттың жаңа жыл мерекесiмен қатарлас келуiне дiни мән беру, одан дiни астар iздеу дұрыс емес. Жердiң Күн төңiрегiндегi айналымына негiзделген Григорян күнтiзбесi бойынша бiр жылдың аяқталып, басқа бiр жылдың кiруiн мереке етiп жарияламауға да болар едi. Бiрақ, Батыс әлемi мен оның «мүгедек туған өгей баласы» – Кеңес Одағы осы күнтiзбе бойынша Жаңа жылдың басталуын мереке етiп алғандықтан, аталмыш мәдениеттiң ықпалындағы бiздiң елiмiзде де «жаңа жыл» ең «ұлық» мереке ретiнде тойланады. Әйткенмен, «жаңа жыл» және оның қашан басталатыны салыстырмалы ұғымдар, дiннен дiнге, мәдениеттен мәдениетке және қолданыстағы күнтiзбеге (күн, ай т.б.) байланысты өзгерiп тұратын даталар. Ал, Қазақстандағы мұсылмандар қай мерекенi көбiрек атап өтедi деген мәселеге келер болсақ, менiң өз пiкiрiм – жалпы жұрт Құрбан айттан, тiптi Тәуелсiздiк күнiнен гөрi Жаңа жылды жоғары бағалайтын және жоғары дәрежеде атайтын шығар. Оны бәрiмiз бiрге көретiн боламыз. Бұл мерекенiң адамдарды баулығаны соншалық, Жаңа жылдан бiр, бiр жарым ай бұрын дайындық басталады. Ал, ұлттық және дiни мерекелерiмiзге сондай көңiл бөлу әлi жоқ…
Г.Б.: Биылғы Жаңа жыл Құрбан айтпен тұспа-тұс келгендiктен, қасиеттi айт күнi аққайнар атып жатқанымыз қаншалықты орынды болар екен?
М.Б.: Батыс әлемiнiң мерекелерi негiзiнен паган характерге ие. Ондағы карнавалдар, көше мерекелерi, Аяз Ата, жұмыртқа мерекесi, тiптi Рождествоның өзi паганизмнен туындаған, пұтқа табынушылықтың сарқыншақтары. Паганизмдегi мерекелер негiзiнен жеп-iшу, тою, шуылдау, билеу және масайрау түрiнде тойланған. Ертеректе осындай рәсiмдерде адамды құрбандыққа шалатын болған. Бүгiнде күрке тауық кесу, шыршаны әкеп үйге тiгу, көшеде жалаңаш шеру тарту, маскарад жасау сол дәуiрдiң қалдықтары. Бiзде де Батыстың мәдениетi өктем болғандықтан, паган характерлi христианша ойлау үстем болғандықтан, бiздiң елiмiздегi мерекелердi тойлау және атап өту дәстүрi де христиандықтың әсерiмен қалыптасқан. Ал, мұсылман мерекесiнiң олардан айырмашылығы жер мен көктей. Аналарда би, iшiмдiк, көрсетушiлiк көп болады. Мұсылманда ондайлар жоқ, тек қарапайымдықпен ғана көңiл көтерушiлiк бар. Олар неше түрлi карнавал жасап, неше түрлi қымбат заттар жасап, бiр күн ғана немесе бiр сағат қана пайдаланады. От-шашуларға қаншама миллион ақша кетiп жатыр. Аспанға ұшып жатыр сол ақшалар. Мұның бәрi де ысырапшылық. Осы ресурсты уақытша көңiл көтеруге емес, ұзақ уақыт адамдарға пайда беретiн қайырлы iс-амалдарға жұмсаған абзал.
Құрбан айт туралы айтатын болсақ, құрбан «бөлiсу, үлестiру, тарату» арқылы Жаратқанға жақын болу дегендi бiлдiредi. Яғни, Құрбан айтта сiз мүмкiндiгiңiзше байлығыңыздан, қолыңыздағы дүниеңiзден бөлiсу арқылы, үлестiру арқылы, мұқтаж адамдарға тарату арқылы, олардың ризашылығын алу арқылы, Аллаһ Тағалаға жақындайсыз. Жаратушының разылығына ие боласыз. Аллаһқа құрбандықтың етi мен қаны жетпейдi және Ол оған мұқтаж емес делiнген Құран аятында. Тек тақуалық ғана Аллаһқа мәлiм болады делiнген. «Тақуа» – жаман нәрселерден сақтанып, iзгi амалдарға ынтық болу, Аллаһтың бұйрықтарын орындап, тыйымдарын сақтау деген сөз. Жаман нәрселерден неғұрлым аулақ болып, iзгiлiкке жақын болсаңыз, онда Аллаһқа да жақын боласыз. Дiни мәдениетiмiзге тән мерекелердi атап өтудi жоғары дәрежеге көтеруiмiз керек. Ал, Құрбан айт кезiнде аққайнар ату жарасымды қылық емес. Оны әркiмнiң өз санасына қалдырайық. Өйткенi, адам баласы не iстесе де қызығын да шыжығын да өзi көредi… Ислами мереке азғындыққа ұрыну мен ысырапшылық жағында емес, жаратылғандарды разы ету арқылы Жаратқанның ризашылығына ие болу мағынасында болады.
Г.Б.: Құрбан айттың тарихына тоқталып өтiңiзшi: ол қайдан шыққан, неге құрбандыққа мал сояды? Зекет беру мен құрбан шалудың айырмасы қандай?
М.Б.: Ең әуелi, ислами ұғымдарды дұрыс түсiну керек. Орыс тiлiндегi «жертва» деген сөз бiр нәрсенi жою, шығындау деген мағынаны бередi. Ал, бiздегi «құрбан» деген сөз араб тiлiндегi «кариба» деген сөзден шыққан, «жақындау» деген мағынаны бередi. Яғни құрбандық ету арқылы бiз еш нәрсенi жоймаймыз, құрытпаймыз. Қайта – жақындаймыз, жақындасамыз. Қазақтың «құрбы» сөзi де осы түбiрден, жақын адамды бiлдiредi. Батыс елдерiндегi жою (ысырап) арқылы жасалатын мереке рәсiмдерi мен бiздiң мерекелердегi дiни жоралғылар бөлек, көбiне үйлеспейдi. Ислам мәдениетiндегi дәстүрлi құрбан шалу жоралғысы сонау тәухид нанымының ең бiр көрнектi уәкiлi болған Хазiретi Ибраһим пайғамбардың кезiнен бастау алады. Риуаяттар бойынша Ибраһим пайғамбар Аллаһ алдындағы уәдесiн орындамақ болып, баласы Исмаилды құрбандыққа шалмақ болғанда, бала пайғамбар да, әке пайғамбар да бұл сыннан өтiп, Аллаһ Тағала оларға халал төрт түлiк малдан құрбандық шалуға рұқсат еткен делiнедi.
Г.Б.: Мал сою, құрбан шалу дәстүр ме, мұсылмандық шарт па?
М.Б.: Шарт деп айту мұны мiндеттi бiр құлшылыққа апарып қояр едi. Ислам дiнiнде олай мiндеттемейдi. Мүмкiндiгi бар, әл-ауқаты жеткiлiктi адамдар ондай құлшылық жасайтын болса, ол сауапты амал. Адамды Аллаһқа жақындататын құлшылықты тек құрбан шалумен шектеуге болмайды. Құрбан шалу оның бiр формасы. Iзгiлiк атаулының бәрi Аллаһқа жақындататынын ескерелiк. Оның ең бастысы – ғылыммен шұғылдану және адамзатқа пайдалы iс, амал, ой өндiру дер едiм. Өйткенi, оның жемiсiн күллi адамзат көредi.
Зекет болса Құранда парыз етiлген құлшылық. Құранның аятымен, үкiмiмен бекiтiлген, орындалуға тиiстi, маңызды құлшылық. Орыс тiлiндегi «налог» деген сөз «ойып алу, қиып алу» деген мағынаны берсе, «зекет» деген сөз араб тiлiнде «тазалану» деген мағынада. Аллаһ Тағала мал-мүлiктерiңнiң белгiлi бiр мөлшерiн мұқтаж адамдарға, жолаушылап келе жатқандарға, жақын көршiлерге, жақын туыстарға, адамдарды азат етуге және жүрегi исламға жылындырылатын адамдарға берiңiздер дейдi Құранның аятында.
Құрбан шалу парыз емес, ол хал-қадары келетiн адамдарға абзал, сауабы мол ғибадат. Құрбандық өзiңнiң үзеңгiлес адамдарыңды шақырып алып, соларды тойдырып жiберу деген сөз емес. Олар онсыз да мұқтаж емес. Шын мұқтажды iздеп, кедейлердi тауып, тексерiп көрiп, берген абзал. Зекет және құрбан секiлдi ғибадаттар Ислам дiнiнде ғана бар. Ешбiр дiн әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қамтамасыз ету жағынан Исламға жете алар емес.
Г.Б.: Кейбiр дiндер мен ағымдар мұсылмандардың құрбан шалуын, қан ағызуын қатыгездiк деп түсiндiредi де оны айыптайды. Бұл жөнiндегi пiкiрiңiз.
М.Б.: Бұл бұрыннан белгiлi жағдай. Адам баласы Аллаһ Тағаланың берген ризықтарын пайдалануы керек. Аллаһ Тағала Құранда «жердегi ризықтардың бәрiн сендер үшiн жараттым» дейдi. Оларды шектен шықпай, әдiлетсiздiк жасамай пайдаланыңдар дейдi. Сондықтан, қоректену үшiн малдың етiн жеймiз, балық һәм өсiмдiктерден тазаларын жеймiз. Аяттармен тыйым салынғанғар шошқа, қан, өлексе, жемтiк және Аллаһтың аты аталмай сойылған кез-келген малдың етiн жеуге болмайды. Еуропада құрбан шалуға тыйым салынған. Бауыздауды олар қатыгездiк деп санайды. Сөйте тұрып, Испанияда бұқаны ондаған жерiнен шаншып өлтiрудi үлкен спорт деп, оны он мыңдаған адамдар жиналып алып тамашалайды.
Г.Б.: Құрбан айт кезiнде кейбiр мал базарларында сойылған малдың қаны судай шашылғанын көргенде бiр түрлi ойда боласыз…
М.Б.: Ол дiнiмiздiң бұйрығы емес, керiсiнше дiнге қарсы әрекет. Сондай жағдай туғызған адамдарды сынауымыз керек. Мысалы, қазiр бiреу қалтаңыздан ақшаңызды ұрлап алып, артынша ұялмастан «Аллаһ Акбар!» десе, бұған Ислам кiнәлi ме? Жоқ, күнәнi жасаған адам кiнәлi ғой! Қателiк осы жерде. Кейбiреулер теледидардан көредi де: «мұсылмандар сөйтiп жатыр, бүйтiп жатыр!» дейдi. Ол Исламның емес, күнәкар пенденiң iсi. Адамның кемшiлiгi. Дiнiмiз оған қарсы. Әркiм жасаған iсiне жауап бередi. Ислам дiнiнде қатыгездiкке шақыратын, аяусыздыққа, қантөгiске, зорлыққа бастайтын бiр де бiр бұйрық жоқ.
Г.Б.: Исламдағы еркек пен оның екiншi жартысы әйелдiң рөлi, қоғамдағы алатын орны туралы айта кетсеңiз артық болмас деп ойлаймын.
М.Б.: Ислам дiнiн жете бiлмегендiктен, арабтардың кейбiр салттарын, кейбiр елдердiң мәдениетiнде қалыптасқан жайларды Исламның талаптары деп түсiнушiлiк бар. Бұны «исраилият», яғни «семитизм» десек болғаны. Бұл дұрыс емес. Пайғамбарымыз дүниеге келген араб коғамы, оның алдындағы йаһұди (еврей) коғамы, әсiлi Таяу Шығыстағы мәдениеттер – еркектiң үстемдiгiне негiзделген. Бұл қоғамдарда патриархаттыққа қоса әйелдердi қорлау орын алған. Мәселен, ортодоксты сенiмдегi еркек йаһұди (еврей) әйел болып жаратылмағаны үшiн күнiне үш мәрте өз құдайына рахмет айтуы керек. Бұл олардың дiни заңында бар. Еуропада орта ғасырларда христиан мен йаһұдилердiң әйелдердi қорлағаны соншалық, ешқандай жазығы жоқ жүз мыңдаған әйелдердi қаланың ортасына шығарып, тiрiдей өртеп өлтiрген. Мұның да дiни негiзi бар. Христиандар мен йаһұдилер Адам Атаны жұмақтан қуғызған әйел деп сенедi. Тыйым салынған жемiстi жегiзген әйел, Адам Атамыз жұмақта керемет өмiр сүрiп жатқан жерiнен шайтанмен бiрлесiп, тұңғыш күнәнi жасатқан әйел деп, олардың мәдениетiнде әйелдердi төменшiктету, тiптi қорлау орын алған. Ал, Құранда Адам мен оның жұбайы бiрге қателестi, бiрге кешiрiм сұрады, Аллаһ Тағала екеуiн бiрге кешiрдi дейдi. Құран оларды бөлмейдi.
Таяу Шығыс халықтарының ежелгi мәдениетiнде де әйелдi қорлау, кемсiту бар. Ертеректе әйелдi адам деп санамаған. Әйел деген бiр тауар сияқты. Анда да лақтырады, мұнда да лақтырады. Анаған да бередi, мынаған да бередi. Кез-келген адам әйелдiң құқықтарын таптауға құқықты. Ал, Ислам дiнi сондай ортада, VII-ғасырда әйелге дауыс беру, жеке меншiкке ие болу құқығын, өз табысын өзi пайдалану құқығын бердi, әйелге ерекше жоғары мәртебе мен абырой бердi. Оған дейiн әйелдiң табысы еркектiкi, оған әкеден қалған мирас үйленген кезде күйеуiнiкi болған. Айтайын дегенiм, Ислам дiнiнiң өзгермейтiн қағидаларын үнемi өзгерiске ұшырап тұратын мәдениетпен, әсiресе Таяу Шығыс халықтарының мәдениетiмен шатыстырмау керек. Ол үшiн Құран Кәрiмдi оқып, танысу абзал. Сонда мұндай сұрақтар туындамайды, сұрақтарға тегеурiндi, дәлелдi жауап қайтаруға сауатыңыз жететiн болады.
Кеңес Одағы 75 жыл iшiнде әйел мен еркектiң арасындағы тепе-тендiктi мүлде өзгертiп жiбердi. Әйелдiң құқықтарын көтеремiз деп, көбiнесе әйелге бейберекет ырық пен өзiмшiлдiк мiнез бердi. Қазақстанға келгенде мен трактор айдаған, құрылыста ауыр жұмыста жүрген, шахтер әйелдердi көрiп таң қалғаным бар. Осы күнге дейiн бiзде көшенi әйелдер сыпырады. Мұсылман елдерiнде, тiптi Батыста тек еркектер сыпырады. Кеңес елiне келiп, көше сыпырған әйелдердi көргенде, бiреу төбемнен қайнап тұрған су құйып жiбергендей болғам. Кеңес Одағы әйелдер мен еркектердi теңестiремiз деп, әйелдiң әйелдiк қасиеттерiн айтарлықтай жойып жiберiптi, табиғи балансты бұзып жiберiптi. Қазiр әйелилiк пен әйелдiк нәзiктiк, әйелге тән инабаттылық сирек кездеседi. Себебi, атеизм мен материализм, колониализм мен мәңгүртизм тәрбиесi әйелдердi сана және психология жағынан еркекке айналдыруға тырысқан. Оның есесiне еркектерде әйелдiк қылық көбейген. Қазiргi қоғамның астан-кестеңi шығып жатқаны сондықтан. Әйел мен еркектi үстемдiкке таластырудың кажетi жоқ. Ислам дiнiнде әйелдiң өз орны, еркектiң өз орны бар. Еркек жасай алатын нәрсенi әйел жасай алмайды. Әйел жасай алатын нәрсенi еркек жасай алмайды. Бұл екеуi бiздiң дiнiмiзде бiрiн-бiрi толықтырып тұрады. Екеуi де маңызды. Қоғамдағы әйелдiң орны қандай болу керек дегендi бiздегi кейбiр феминистер депутаттардың iшiндегi әйелдердiң санымен өлшейдi. Мәселе онда емес.
Г.Б.: Ендi неде?
М.Б.: Қазақстандағы ерлi-зайыптылар ажырасуының ресми көрсеткiшi 36% шамасында. «Гражданский брак» дейтiн тағы бар, оның iшiнде де ажырасу көп. Осының бәрiн есептесек, Қазақстандағы шынайы ажырасудың денгейi, менiмше, 50%-дан кем емес. Сонда әр екi некенiң немесе ортақ өмiрдiң бiрi сәтсiз болып жатқан жайы бар. Бұл нағыз дабыл қағарлық жағдай. Мұсылман елдерiнде ажырасу 1-2 %-дан аспайды. Бұл ұлттың, қоғамның түп тамырының шiрiп бара жатқанының белгiсi. Ажырасу деген талқандалу, күйреу деген сөз. Кезiнде Кеңес Одағын билеген саяси стратегтер осы одаққа кiретiн бұратана халықтардың әрқайсысы үшiн арнайы жоспар жасаған сияқты. Ең алдымен мұсылман халықтардың әйелдерiн «өзгерту» керек болды. Әйелдiң дәстүрлi көнбiстiгiн жою керек, әйелден ар-ұят кетуi керек, әйелдi тек эмоция билеуi керек және ол көпшiлiк жағдайларда еркекпен теке-тiресте болуы керек. Мiне, мақсат осындай болған. Кеңестер сол мақсатына жеттi.
Ислам дегенiмiз «баланс». Яғни тәсiлiм болу, берiлу, бүкiл космосты билеп тұрған Құдiретке берiлу. Онда ешқандай тепе-теңсiздiк болмайды. Исламда барлық карым-катынас: адам мен адамның, адамның жанұядағы қатынасы, азаматтық қатынастар, адамның табиғатпен қатынастары, барлығы белгiлi бiр хак өлшем бойынша реттелген. Бiз осы реттеудi орнына келтiрмей, не Батыстың адасқан жолына түсiп кетемiз, не жоғарыдағы семитизмге салынамыз, не өзiмiздiң кейбiр надандыққа, қараңғылыққа негiзделген дәстүрлерiмiздi қайта жаңғыртып аламыз. Әйел мен еркек, екеуi де қоғамды құрайды, екеуi жанұяны бiрге жасайды, екеуi де құрметтеуге тұрарлық. Бiз егер ұлттың болашағын ойлайтын болсақ, ең бiрiншi кезекте қыз баланың тәрбиесiне терең мән беруiмiз шарт. Дәл бүгiнгi күнi Қазақстандағы ең көкейтестi мәселелердiң бiрi осы. Ұлт ретiнде сақталып қалуымыз әйелдердiң тәрбиесiне тығыз байланысты. Әйелдерiмiз мұсылмандық тәрбие алған, көзi ашық, патриоттық тәрбиемен тәрбиеленсе ғана ол мықты ұрпақ өсiре алады. Ал, олар дұрыс тәрбиеленбеген болса, онда ол ертең баласы шоқынып жатса да үндемейдi. Қызы көше бойын жағалап жүрсе де үндемейдi. Қызы американдыққа тұрмысқа шықса, оны мақтан тұтатындар да бар. Сондықтан, бiзге соққы қайдан берiлсе, бiз сол жаққа қарай соққы беруiмiз керек. Сонда ғана әйелдер болмашы нәрсе үшiн жанұя деген алып мемлекеттi құлатпайды. Төңiрегiндегiлердiң дiнiн, ұлтын, тiлiн, дiлiн сатуына көз жұмбайды.
Г. Б: Маңызды сұхбатыңыз үшiн үлкен рахмет!