ҰЛТ ПАТРИОТТАРЫНЫҢ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫНДА

ҰЛТ ПАТРИОТТАРЫНЫҢ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫНДА

ҰЛТ ПАТРИОТТАРЫНЫҢ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫНДА
ашық дереккөзі
256

Газетiмiздiң өткен санында Шелек елдiмекенiнде орын алған төтенше оқиға жайлы оқырманды мәлiм еткен едiк. Естерiңiзге сала кетсек, «Свобода слова» газетiнде «Уйгуры Шелека: государство ваше, а земля наше» атты мақала жарияланған едi. Онда Шелектегi қазақ және ұйғыр жастарының арасындағы кикiлжiңнiң ұлтаралық төбелеске ұласа жаздағаны жан-жақты қамтылған. Осы оқиғаға байланысты ұлт патриоттары екi күн бойы баспасөз мәслихаттарын өткiзген едi. Араға бiрнеше күн салып, республикалық қоғамдық ұйымдар мен ұлт патриоттары бiрiккен мәлiмдеме жасады.

Бiрiккен мәлiмдеме Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Мәжiлiс төрағасы О.Мұхамеджанов пен Үкiмет басшысы Д.Ахметовке жолданыпты. Онда былай делiнген: «2006 жылдың қараша айында Алматы облысы, Шелек елдiмекенiнде ұйғыр ұлтының жастары қазақ жастарын соққыға жығып қорлағаны баспасөзден мәлiм болып отыр. Кейiнгi жылдары осындай қақтығыстар жиi қайталануда, оның бiр мысалы ретiнде жақында болған Атырау облысындағы бiрнеше жүздеген адамдар қатысып, түрiк жұмысшылары мен қазақ жұмысшыларының арасында болған қақтығысты айтсақ та жеткiлiктi» – дей келе: «Осындай қақтығыстардың ешқайсысы халыққа ашық та жария түрде жетпей отырғаны бiздi қатты алаңдатады. Осыған байланысты қоғамдық ұйымдар мен ұлт патриоттары өз елiмiзде, жерiмiзде, өз ұлтымызды қорлатып қоя алмайтынымызды ескерте келе, Ата заңымыздың кепiлi ретiнде ұлтараздық наразылықты әрi қарай қоздырмау үшiн мына талаптарды орындауға тиiстi тапсырмалар беруiңiздi сұраймыз:

1. Шелек елдiмекенiнде болған оқиға жөнiнде Қазақстан Республикасы Мәжiлiс депутаттарынан тиiстi комиссия құрылуын, оған қоғамдық ұйымдардың өкiлдерiнiң қатысуын және ол комиссияның жұмысының ашық та жариялы түрде жүргiзiлуiн;

2. Республикалық Қауiпсiздiк Кеңесiне Шелек елдiмекенiнде болған қақтығысты толық зерттеп, шындықтың халыққа жеткiзiлуiн;

3. Қақтығысқа байланысты кiнәлiлердi заң шеңберiнде қатал жазалауды сұраймыз.

Ұлт патриоттары Шелекте орын алған қақтығыстың басты себебiн Қазақ елiнде ұлттық идеологияның жоқтығынан көрiп отыр. Шынымен-ақ, ұлттық идеология жоқ жерде ұлтаралық кикiлжiңнiң бой көтеруi ғажап емес. Бiрақ қазiрше елiмiзде ұлттық идея жоқтың қасы. Мұнда тұратын түрлi диаспоралардың қазақ ұлты мен қазақ тiлiнiң аясында топтасуы үшiн ешқандай саясат жүргiзiлiп жатқан жоқ. Есесiне мұндағы диаспораларды ұлтқа бөлiп, Кеңес заманынан мұраға қалған «көпұлтты саясатты» жүргiзiп, халықтарды бiр-бiрiнен алшақтату байқалады.

Жоғарыдағы мәлiмдемеге оншақты республикалық қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар қол қойыпты. Олардың қатарында «Ел болашағы халық қозғалысы», «Ұлт тағдыры», «Халық дабылы», «Ар-намыс», «Желтоқсан көтерiлiсi», «Халық үйi» қозғалыстары мен «Аллажар» қолдау қоры, «Алаш» партиясы, «Бiлiм беру – денсаулық сақтау», «Ұрпақ тағдыры – бiлiм» мен республикалық ұлт патриоттарының бiрiккен «Ұлт қалқаны» комитетi бар.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары