Дос КӨШIМ: ТӨЗIМДIЛIКТIҢ ДЕ ШЕГI БАР
Дос КӨШIМ: ТӨЗIМДIЛIКТIҢ ДЕ ШЕГI БАР
Елiмiзде «ұлтаралық төзiмдiлiк пен дiнаралық үндестiк» жайлы дөңгелек үстөлдер мен әрқилы жиындар жиi өтедi. Бұл да өзi жарнамалық акцияға айналғандай. Қазақстанның басты мақтанышы – 130 ұлт өкiлi мен 46 дiни конфессиясы. Кеңестiк заман тұсында «ұлттар лабораториясы» атанған Қазақстан күнi бүгiнге дейiн осынау «мұрағатпен» мақтан етiп келедi. «Бiз – бiр ұлтпыз. Бiз – қазақпыз» деген ұлттық идеологияның орнына бiр-бiрiмiздi бөлiп, бiр елдiң iшiнде 130 шаңырақ құрып отырмыз. Таяуда Алматыда ұлтаралық төзiмдiлiкке байланысты тағы бiр жиын өттi. Сол баяғы – ауызға шайнап салынған ұлттар мен ұлыстардың достығы жайлы әңгiме. Құлақты әбден сарсылтқан «ақпыз, қара, сарымыз» ұраны… Халық та жаттанды сөздерден әбден шаршаған сияқты. Бiрақ iс жүзiнде жағдай осындай ма?
Елiмiздiң ұлтаралық жағдайында өзiндiк проблемалар бар. Теңiз кенiшiндегi қазақ пен түрiк жұмысшыларының төбелесi, Шелектегi қазақ пен ұйғыр жастарының қақтығысы ұлтаралық жағдайдың қиындап бара жатқанын аңғартпай ма?! Бiрақ тәуелсiздiк жылдарының басынан бастап елiмiздiң түкпiр-түкпiрiн дүбiрлетiп келе жатқан осы тектес жанжалдар жылы жабылып келедi. Себебi «көпұлтты елмiз» деген имидж билiктiң кейбiр өкiлдерiне аса қымбат. Бұндай кикiлжiңдердi халыққа БАҚ арқылы жеткiзбей, жасырын ұстағандықтан елдегi ұлтаралық жағдай ушығып барады. Есесiне елiмiздiң қандай да бiр өлкесiнде ұлтаралық кикiлжiң туындаса, оны талқылап, көпшiлiкке хабарлап, шешу жолдарын iздестiргенде, жағдай бұлай ушықпас па едi?! Бiрақ амал нешiк?!
Әйтеуiр, «Ұлттық журналистiк зерттеу орталығы» қоғамдық қорының бастамасымен «Қазақстандық төзiмдiлiк пен сенiм берiктiгi мәселелерiн таратудағы БАҚ-тың рөлi» атты дөңгелек үстөл ұйымдастырылды. Дөңгелек үстөлге шақырылған меймандардың көбi келмептi. Кiм бiледi, бәлкiм олар да жыл сайын сан мәрте өткiзiлiп, Қазақстанның көпұлттылығы мен көпдiндiлiгiн дәрiптейтiн жиындардан шаршаған шығар… Әйтеуiр, жиынға келгендердiң қатарында белгiлi тұлғалар Дос Көшiм, Асылы Осман, Евгений Жовтис, т.б. болды. «Ұлт тағдыры» қоғалысының төрағасы Дос Көшiмнiң айтуынша, елiмiзде ұлтаралық жағдай орын алса, оны жауып қоймай, ашық айту керек. Оны айтпай жасырып қою – қоғам үшiн одан да қауiптi. Осы орайда белгiлi саясаттанушы: «Өткенде Шелекте ұлтаралық жағдай орын алды. Сол оқиғаға байланысты бiз арнайы комитет құрған едiк. Өткен жолы сол комитетке Шелектегi әкiмдер, мәслихаттың басшылары, ұйғыр орталықтарының өкiлдерi келдi. Жай келген жоқ. Қастарына құлағы кесiлдi деген баланың шешесiн алып келдi. Тағы басқаларын алып келгендей болды… Осыларды алып келгеннен-ақ мен шоши бастадым. Демек – онда бiрдеңе болғаны ғой» – дейдi. Бұл да Шелектегi ұлтаралық кикiлжiңдi билiк өкiлдерi мен ұйғыр диаспорасы өкiлдерiнiң жауып қоюға тырысып бағуы шығар. Әдеттегiдей болғанды «болмаған» деп көрсету… Iштей қайнап, бұрқыраған қазанның қақпағын жауып қоя берсек, Құдайдың бiр күнi ол жарылмай ма?! Дос Көшiм де: «Бiз ұлтаралық төзiмдiлiктi қолдан жасап отырмыз. Бiрақ оның асты шiрiп бара жатыр» – дейдi. Саясаттанушының айтуынша, ең қиыны – қазақтiлдi ақпарат құралдары мен орыстiлдi БАҚ-тар екi дүние сияқты. Әркiм өз қотырын өзi қасиды, бiрақ бiр мүдде тұрғысынан басының қосылып жатқаны екiталай. Асылы Осман да Шелектегi оқиғаға байланысты: «Жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдамайды. Бұл мәселенi жауып қоюға болмайды» – деген пiкiрде. Оның үстiне тiл жанашыры: «Елбасының Ассамблеяда мемлекеттiк тiлге қатысты айтқан қадау-қадау ойларын тек қазақ БАҚ-тары насихаттайды. Ал, орыстiлдi ақпарат құралдары бұл туралы неге жазбайды?» – деп қынжылады. Ұлтаралық төзiмдiлiк бөлiнуден емес, бiрiгуден туындайды. Бiрақ Қазақстан халқы тiлi бойынша екiге, ұлты бойынша – 130-ға, дiнi бойынша – 46-ға бөлiнедi. Мемлекеттiң саясаты осылай болып тұрған соң, мұндағы диаспора өкiлдерi мемлекеттiк тiлдiң аясында, қазақ ұлтының төңiрегiнде бiрiгудiң орнына, жеке-дара үй тiгiп келедi. Бiр тiлдi өзге тiлдiң басынуы, бiр ұлтты өзге диаспораның мойындамауы тағы бар. Қазақстандағы қазақ халқының саны 61 пайыздан, мұсылмандардың саны 70 пайыздан асып тұрғанда, азшылық көпшiлiкке қосылып, елде ортақ тiл мен бiртұтас ұлт қашан қалыптасады?!
ТҮЙIН. «Көп ұлттылық саясаттың» шапаны ескiрдi. Елiмiзге жаңа саясат керек — ұлтты бiрiктiрiп, тiлдiң көсегесiн көгертетiн… Нағыз, шынайы да шыншыл ұлтаралық төзiмдiлiк сонда ғана орнайды. Әйтпесе қазақтың тiлi мен ұлттық мүддесiн артқа шегере берсе, Шелектегi оқиғаның қайталанбасына кiм кепiл?
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА