«ҚАРАСАЙ БАТЫР» – СПОРТ КЕШЕНI

«ҚАРАСАЙ БАТЫР» – СПОРТ КЕШЕНI

«ҚАРАСАЙ БАТЫР» – СПОРТ КЕШЕНI
ашық дереккөзі
561

Тәуелсiздiктiң 15 жылдығы қарсаңында Алматы облысы, Қарасай ауданы жұртшылығы игi бастамаға куә болды. Қаскелең қаласында 16 желтоқсан күнi көлемi 3,5 мың шаршы метр аумақтан қоныс тепкен «Қарасай батыр» атындағы спорт кешенi есiгiн айқара ашты. Осы уақытқа дейiн ауданның атын шығарып жүрген жас спортшылар арнайы жаттығу орны болмағандықтан әбiгерге түсетiн-дi. Бұдан былай алысқа сабылмай-ақ барлық спорт түрiне қажеттi құрал-жабдықпен жасақталған жаңа әрi жақын спорт кешенiнде жаттығатын болды.

Күнi бүгiнге дейiн арнайы спорт түрiнiң жаттықтырушылары аудан орталығынан бiр спорт кешенiн салу керектiгiн әркез айтып қалатын. Алайда, бұл iстi iлiп әкетерлiк қалталы азаматтар төбе көрсетпептi. Салауатты ұрпақтың қамын бүгiн ойлаған германиялық қандасымыз Нұратдин Әбдiрахманұлы Тағабергеновтiң демеушiлiк етуiмен әп-сәтте бой көтерген спорт кешенi де елдiң игiлiгiне айналды. Құдайға шүкiр, дәл осындай спорт кешенiн салуға сол ауданнан немесе облыстан шыққан кәсiпкердiң күшi жетпейдi емес, жетедi. Десек те, өзi сонау Германияда тұратын қандасымыздың мұндай iске мұрындық болуы қуантарлық жәйт. Алматы облысының таеквондо бойынша аға жаттықтырушысы Қайрат Тағабергенов: «Өзiм сол Қаскелең қаласында тұрамын әрi жаттықтырушымын. Әр жаттықтырушының арманы – спортшыларды жаттықтыратын орнының болуы. Мiне, бiздi осы жағы қинағаннан кейiн ағам Нұратдинмен ақылдасуыма мәжбүр болдым. Кәсiпкер ағам бұған бей-жай қарамай, сөзiмдi екi етпедi. Содан дереу құрылыс жұмыстарын бастап кеп жiбердi. Ендi, қараңыз қаншама жас спортшылардың, спорт сүйер қауымның көзайымы мен ықыласына бөлендi дегендi айтады.

Спортшылар «Қарасай батыр» спорт кешенiнде спорттың 10 түрi бойынша жаттығады. Айталық, күрестiң 3-4 түрiнен, бокс, волейбол, баскетбол, таеквондо, аэробикадан, т.б. жаттығатын ұл-қыздар талай белдесу мен сайыста оқ бойы озық шығатынына күмән жоқ. Сондай-ақ, спорт кешенiнде 62 адамға арналған жатақхана мен асхана қызмет көрсетедi. Келешекте мұнда әр түрлi спорт түрiнен жарыстар өтiледi деп күтiлуде.

«Қарасай батыр» спорт кешенiн салтанатты түрде ашуға Қаскелең қаласы әкiмi Сағындық Жылқыбаев, демеушi Нұратдин Тағабергенов, Германия кәсiпкерi Вильфрид Пост қатысты. Ал Қаскелең Орталық мешiтiнiң имамы Бақтияр мырза бата берiп, тек қана халықтың игiлiгiне айналып, жақсылыққа бастар жол болсын дегендi бiлдiрдi. Ендеше қасиеттi баба Қарасай батырдың атын иемденген спорт кешенi әрқашан да жас спортшыларды қолдап жүрсiн дегiмiз келедi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары