НИЕТI ДҰРЫС ШЫҒАР, БIРАҚ...

НИЕТI ДҰРЫС ШЫҒАР, БIРАҚ...

НИЕТI ДҰРЫС ШЫҒАР, БIРАҚ...
ашық дереккөзі
232

«Түркiстан» газетiнiң өткен санында (51) жарияланған бiр мақалаға орай

«Түркiстан» газетiнiң өткен санында жарияланған «Қазақ үшеу емес, бiреу едi» атты ой-толғауды оқығанда, осы ақиқатқа бұрынғыдан да бетер беки түстiм. Осындағы сөз болған жайларды және автордың оларды қалай түсiндiрмек болғанын ұға алмай тосылдым. Көбiне сабырлы да салиқалы ой қозғап, көтерген мәселелерi бойынша алға тартар аргументтерi тас-түйiн, деректер мен дәйектердi орынды әрi қисынды пайдаланатын қадiрлi басылымның күтпеген тұста «Жер астынан жiк шықты, екi құлағы тiк шықты» дейтiн жеңiл тәсiлге көшкенi несi деймiн. Осының бәрi автордың шыны ма, жоқ, оқырмандарды елең еткiзу үшiн жасаған ойыны ма деп және апалақтаймын. Қалай десем де, қазақ халқын құрайтын үш жүздiң бiртұтас екенi, ешқашан араларынан қара мысық жүгiрмеген тату-тәттi болғанын айтуға деген автордың ой-ниетi түзу көрiнгенмен, орындалуы сын көтермейдi екен. Иә, көңiлiмде өкiнiштiң ащы запыраны қалды. Шама-шарқым жеткенше ойларымның шыжымын тарқатып, газет оқырмандарымен бөлiсудi мен де жөн санадым ақыры…

Бiрiншiден, қазақтың үш жүзге бөлiнiп, бiр-бiрiмен ешқашан қызыл ала қан болып соғыспағанын айта келiп, көп ұзамай-ақ автор басқа қиырға, бүгiнгi күндерге бұра тартады да, айналып келiп ақиық ақын, қазақтың маңдай алды саяси қайраткерi Мұхтар Шахановқа ренiш бiлдiредi. Айтпақшы бұның алдында ол: «Ендi қараңыз: Желтоқсан көтерелiсiнiң 20 жылдығы атап өтiледi дегелi де бұл қазақтың рушыл, тайпашылдығы әр тұстан қылаң берiп қалып жүр», – деп өкiнедi де, содан кейiн Мұхтар Шахановты қырына алуға кiрiседi. Әу баста оқығанымда Мұхаң басқа жүздiң адамы болғаннан соң авторға күн көрсетпей, жарқын күнiн аяз еткен шығар деп ойлағанмын, сөйтсем iстiң мәнiсi мүлдем басқада екен. Мақала авторы: «…Ал,ақын Мұхтар Шахановтың Желтоқсан көтерiлiсi туралы кейiн Мәскеуде, Жоғарғы Кеңестiң сессиясында сөз сөйлеуiне түрткi болып, соны неге айтпайсыз деп сол кезде телеграмма жолдағанбыз» – дейдi және сөзiнiң өтiрiк еместiгiне өлiсi бар, тiрiсi бар бiрнеше ақын-жазушылардың атын куәға келтiредi. Мақұл, қазақтың бiрсыпыра саналы азаматтары кезiнде қол қусырып қалмай, арлы iс атқарған екен. Құп көрдiк, бiрақ автор мұнымен тоқтала қоймай, одан әрi: «Мұхаң бүгiнде оны айтқанын да бiр естiмей-ақ келемiз. Ол бiздiң телеграммадан кейiн сөйлеген болатын», – дегенiне айран-асыр қалмасқа қайран жоқ. Мұхтар Шаханов дәл әлгi айтылған телеграммадан кейiн Мәскеудегi Съездер сарайының мiнберiне жұлқынып шығып, сөйлей жөнелдi деуге қандай негiз бар? Қызыл империя құрсауындағы қаратүнектi қақ жарып, қазақтың намысын, халықтығын жоқтаған әдiл сөз, батыл пiкiрлердi айту үшiн Мұхтар Шаханов талай ұйқысыз түндер, күлкiсiз күндердi бастан өткерген шығар. Iштей арпалысқан болар. Талайлармен бәтуаласып, мәмiл жасауы да мүмкiн ғой. Арқалы ақын сол күндерi осындай мәтiндегi жүздеген, мыңдаған телеграмма алмады деймiсiз. Басқа басқа, өзiмiздiң Павлодар өңiрiнен дәп осындай немесе осыған ұқсас жеделхат жолдаған ондаған адамды бiлемiн (Араларында бiз пақырыңыз да бар). Солардың iшiнде интеллигенция өкiлдерi де, мұғалiмдер де, механизаторлар да, малшылар да бар едi. Осылайша ұлттық позиция, көзқарасымызды таныту, бiлдiру азаматтық борышымыз деп санадық. Ал азаматтық борышты адал атқару да соншалықты ерлiк iс пе?! Арада өткен ұзақ жылдардан соң «кезiнде мен өйткенмiн, мен сөйткенмiн» деп, өздерiн қаһарман санатына жатқызғысы келетiндер мен азаматтық борышын атқарғандардың кей iсi күлкi шақырады. Ендi мақтау-марапат күтетiндер сыпайылық пен қарапайымдылықтан зардап шеге қоймайтындар сияқты. Ең бастысы, осындай телеграмма жолдауда тұрған қандай ерлiк бар және ол туралы айтпайды деп Мұхтар Шахановты айыптаудың не жөнi бар? Ұмытпасам, әнебiр жылдары Мұхтар Шаханов сол кезде өзiн қолдаған, қуат берiп телефон соққан, телеграмма салған азаматтардың бәрiне жаппай алғыс айтқаны бар-ды. Әлi де айтып жүр.

Ендi бiр тұста мақала авторы терең ойлы, тарихи дәлелдерi тап-тұйнақтай мақалаларын БАҚ-тардың бетiнде талай оқып, риза болатын тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтiң атына айып тағады. Тарих ғылымының бiлгiрi, сындарлы ойлары, өткенiнiң ащы шындықтары мен ақтаңдақтарын ашуда талайлардан көп еңбек сiңiрген тарихшының бар кiнәсi «нарықты экономиканың арқасында руға, жүзге бөлiну жойылады» деген сөздерi екен. «…базар экономикасы деген қиқу басталғалы ашылған акционерлiк қоғам, ЖШС, әкiм-қаралар өз маңайына тек рулас, тайпаластарын ашықтан-ашық жинап алатын болды», – дейдi автор. Хош, «әкiм-қаралар» туралы айтпай-ақ қояйын, ал әлгi акционерлiк қоғам, ЖШС, жеке шаруашылық атаулы жеке адам, отбасы, кәсiпкер топтардың еңбек етуi, баюы үшiн, сол арқылы мемлекеттiң қуаттана түсуi үшiн құрылатыны заңды ғой. Барлық мемлекет, елдерде осылай. Бұл нарық заңының әлiпбиi, бiрiншi бабы. Мәселен, Павлодарда құрылған ЖШС үшiн ол серiктестiктiң иесi оңтүстiктiң жiгiттерi мен батыс аймақтың азаматтарын қайдан iздеп таппақ. Немесе керiсiнше. Әңгiме iстiң қалай жүргiзiлуiнде, әлгi серiктестiктер мен жеке шаруашылықтың өркендеуiнде емес пе?! Бүйте берсек, iлгерi басқан қадамымыз керi кетедi-ау деп қорқамын. Шынға көшсек, тарихшы Мәмбет Қойгелдi мырзаның айтқаны рас. Нарықтық экономика — қазақты бiртұтас ұлт ретiнде нығайтатын ең басты тетiктердiң бiрi және бастысы. Бүкiл әлемдiк тарихтың өн бойына мұқият көз жүгiрткен саналы адам ұлттарды мемлекет құруға жетелейтiн аса маңызды факторлардың бiрi жекеменшiк екенiне көз жеткiзерi сөзсiз. Тiл, дiн, жекеменшiк қана мықты мемлекет құруға қажеттi ең басты құралдар болып табылады. Одан қашып құтылу мүмкiн емес. Ал руға, жүзге бөлiну бiр күнде жойыла қоятын нәрсе емес, оның кертартпалығын, зиянды тұстарын iлкiмдi әрекет, оңтайлы саясатпен жеңе бiлу, қатерлi дертке айналуына жол бермеу саналы азаматтардың мойнындағы басты парыз. Ол үшiн ұзақ жылдар, өресi тар байбаламшылдар емес, өресi биiк, ойы заңғар, iштарлық пен тырнақ астынан кiр iздейтiн қаратүнек ойлардың аспанында жұлдыздай жарқырайтын азаматтар қажет екенi аян.

Осы мақаладағы Сартай батыр туралы ойлардың түп мәнi неде жатқанын да түсiне алмадым. «Әлқисса, күндердiң күнi болғанда ол мың бала да, олардың қолбасшысы Сартай батыр да Алматы облысына түк қатысы жоқ, Кiшi жүз Әлiмнiң Жақайым руынан екенi «ашылып қалады». Сөйтiп, Сартай батырдың аты да, «Мың бала» деген қозғалыстың да аты Алатаудың төбесiнде бiраз уақыт жанып тұрды да, кенет көзден ғайып болып жүре бердi», – деп өкiнедi автор ендi бiр тұста. Өкiнiштi-ақ! Бiрақ, мен бiлетiн Алматы — үш жүздiң баласының басы ғана қосылған қала емес, ойдағы орыс, қияндағы қытай да нәпақасын айырып жүрген елiмiздегi ең iрi қала, орталық. Ал әлгi Сартай батыр Жақайым болған соң аты аталмай қалды және онымен бiрге шайқасқан мың баланың бәрi Жақайымнан жанып шыққан деуге қандай негiз бар? Олардың атын тiрiлткен кiм? Қайта жауып тастаған кiмдер?

Сонау 1994-97 жылдардың тұсында адамдардың талайы iшер ас, киер киiм таппай теңселiп кеткен кез ойыма ауыр мұң болып оралады. Тiптi, мемлекет болып қалу, қалмауымыз да таразыға салынған тұс едi. Мiне, осы кезде талай аудан, қала, облыс әкiмдерi қолға алған сансыз игi iстерiнiң жерiне жете атқарылмай, орта жолда аяқсыз қалғаны да жадымда. Оның үстiне қазақтың жалпы науқаншылдығы да бiр кесел. Ендi экономика түзелдi, Тәуелсiздгiмiздiң баяндылығы берiк, ендеше өскелең ұрпаққа үлгi тұтып «Мың бала» қозғалысын қайта тiрiлтуге не кедергi? Кiм қолбайлау?! Автор аты-жөнi белгiсiз әлдекiмдерге өкпелей бергенше, осыған мұрындық болып, көшелiлiгiн көрсетсе құба-құп. Қазақтың ұлттығын, халықтығын сақтап қалуға зор еңбек сiңiрген Төле би жөнiнде де оғаш ой тастап, мұнысын «басқалар айтады» деген жамылғымен жамағатқа ұсынады. «Көшпендiлер» фильмiн тiлге тиек ете отырып, сол фильмде Төле би, Қазбек би, Әйтеке билердiң жоқтығын айтып, өкiнiш бiлдiргендердiң адресiне: «Тiптi, сол билер бiр-бiрiмен жолығысып, ақылдасып, кеңес өткiзгенi туралы бiр ауыз жазба дерек жоқ», дегендi айтады. Олай емес. Бар! Бар болғанда қандай, қазақтың ауызекi жеткен шежiре, тарихнамалары авторға аз көрiнсе, ол өзi жүгiнуге даяр «орыстың тарихшы, этнограф ғалымдарын ғана емес (мақала авторы аттарын көрсетпеген екен), өзiмiздiң қазақтың ұлылары жазған еңбектердi қайта оқысын. Әйтпесе,«Орыс айтса – орындаймын, қытай айтса – мойындаймын» деушiлер құлдық психологиямен ғана күн кешетiн болуы керек. Сондай-ақ, Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң халық аузынан жинаған еңбектерiнде әлгi үш бидiң бас қосып, ел арасындағы дауды шешкендерi, «Алар ма ед осы көлдiң қуын атып» деп басталатын ойлы сөздерiн айтқандары тайға таңба басылғандай жазылған. Төле би, Қазбек би, Әйтеке билер өмiр сүрген заманда ормандағы орыстың тарихшылары болмақ түгiлi Петр I патша боярлардың қауға сақалы мен тырнағын алдыру үшiн күресiп жатқан, Ресейдегi христиан қауымына «ауыздарыңды сылпылдатпай тамақ iшiңдер» деп жарлық шығарған кезi болатын.

«Әрi-берiденсiн, тарихшыларымыз Төле бидi бiресе қалмаққа қарсы ұлтты ұйымдастырушы деп көрсетсе, ендi бiрде сол кездегi Шаш, яғни Ташкент шаһарын басқарып тұрған дейдi». Ал бұдан автор қандай қисынсыздық таппақшы? Қандай жалғандық iздеп отыр? Шаштың бертiнге дейiн қазақтардың қолында болған қала екенi, ол ол ма, Жалаңтөс баһадүрдiң Самарқан шаһарын билегенiн еңкейген кәрi мен еңбектеген балаға дейiн бiлетiнi ақиқат қой. Шаш шаһарын Төле – Қарлығаш би билегенi де тарихи факт. Әлде автор Шаш шаһарын билеген жан қалмаққа қарсы ұлтты ұйымдастырушы бола алмайды демекшi ме?

Бiрақ, одан әрi ол: «Оны Ташкентке билеушi етiп Қалдан-Серен, яғни қалмақ қонтайшысы қойған деушiлер де бар», – деп және бiр қиынсыздықты алға тосады. Япыр-ау, оны айтушылар кiмдер, қашан айтты? Көзi тiрi ме? Бұндай сөздiң ұшығын қандай тарихи құжаттарға иек сүйеп айтып отыр? Түк те түсiнiксiз. Сондай-ақ ол Шапырашты Наурызбай хақында сөз қозғай келiп, ол туралы да ғалымдардың әртүрлi деректердi тiлге тиек ететiнiн айта отырып, жөнсiз ши жүгiртедi екен. Ал батырларымыздың туған-өлген жылдары туралы түрлi деректердiң келтiрiлуi тарих ғалымымыздың қасiретi екенi сөзсiз.

Мұратбек БЕГIШ,

Павлодар облысы

Серіктес жаңалықтары