САЯСИ НАУҚАН ЖӘНЕ САЙЛАУ

САЯСИ НАУҚАН ЖӘНЕ САЙЛАУ

САЯСИ НАУҚАН ЖӘНЕ САЙЛАУ
ашық дереккөзі
581

Сарапшылар пiкiрiнше, кенеттен көз жұмған Түркiменбашының қазасы Каспий жағалауы елдерi мен Орталық Азиядағы саяси ахуалды түбегейлi өзгертiп жiберуi мүмкiн. Әрине, елде ендiгi басталып кеткен саяси науқанның тiзгiнiн «ниязовшылар» өз қолдарына алып үлгермесе. АҚШ пен Батыстың, Ресей мен Қытайдың, Иран мен Пәкстанның ұлттық мүдделерi тоғысқан орталықазиялық аймақтағы саяси ойында Қазақстанның да атқаратын рөлi ерекше.

ОППОЗИЦИЯНЫҢ ҚАУҚАРЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ?

Ашхабадта былтыр жыл соңында басталып кеткен саяси науқан үстiмiздегi жылдың 11 ақпанына белгiленген президенттiк сайлаудан соң аяқталмақ. Әзiрге елдегi «сайлау» атты додадан дәмелiлер оппозиция өкiлдерi «өлiспей берiспеске бекiнген сыңайлы. Олардың алды былтыр билiк тарапынан тұтқынға да алынды. Президенттiк сайлаудан үмiткер оппозициялық бағыттағы «Агзыбирлик» («Ауызы бiрлiк») Халықтық-демократиялық қозғалыс төрағасы Нұрбердi Нұрмамедов Түркiменбашы қайтыс болғанан кейiн iз-түзсiз жоғалып кеткен едi. Оппозиция өкiлдерi жақтастарының жоғалуына түркiмендiк билiк кiнәлi деп дабыл қаққан. Жоғалардан сәл уақыт бұрын «Азаттық» радиосына сұхбат берген Нұрмамедов Түркiменбашының қазасынан кейiн халық көптен күткен демократиялық процестер басталатынына үмiт артқан екен. Үмiтi ақталмай жатып, тұтқынға алыныпты… Есесiне, Түркiменстанның Халықтық Кеңесi 2007 жыл басталмай жатып-ақ, президенттiктен дәмесi бар 6 үмiткердi тiркеп қойғаны белгiлi. Олардың арасында елбасының мiндетiн уақытша атқарушы Гурбангулы Бердiмұхаммедов, Мұнай-газ өндiрiсi мен минералды ресурстар министрiнiң орынбасары Ишангулы Нұриев, депутат Аманяз Атажықов сияқты басқа да шенеунiктер бар. «Бiр қызығы», үмiткерлердiң барлығы да — мемлекеттiк қызметтегiлер. Оппозицияны сайлау додасының маңайынан да жүргiзбейтiнi ә дегеннен белгiлi болған. Тiптi, Түркменияның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мұрат Қариев былтыр 26 желтоқсанда уақытша ел басқару мiндетi жүктелген Бердiмұхаммедовтiң де президенттiктен үмiткер екендiгiн мәлiмдей отырып, «Елдегi президенттiк сайлауды өттi деп есептесе де болады. Бiрақ Заңға сәйкес, дауыс беру процесiн 2007 жылдың 11 ақпанында өткiзу керек» деп салған. Айтпақшы, түркiмендердiң сайлау туралы заңдарына сүйенсек, президенттiк лауазымды уақытша атқарған адам дауыс беру барысында үмiткер ретiнде сайысқа түсе алмайтын. Бiрақ Түркiменбашының қазасынан кейiн Бердiмұхаммедов президент қайтыс болған жағдайда оның орнын вице-премьер басатыны туралы ел Конституциясына өзгерiстер енгiзген. Бұған дейiн вице-премьер мiндетiн оның өзi атқарған едi. Саяси науқаннан оппозиция өкiлдерi де шет қалмақ емес. «Ватан» («Отан») қоғамдық-саяси қозғалысы мен Түркiменстанның Республикалық партиясы Бердiмұхаммедовке дейiн экс-вице-премьер болған және бұрын Түркiменияның Орталық Банкiн басқарған Құдайбердi Оразовты оппозициялық күштер атынан ұсынылған бiртұтас үмiткер ретiнде атады. Түркiменбашының кезiнде Швецияда тұрған Оразов Ниязовтың режимiне қарсы жасырын күрескен «Ватан» қозғалысының көсемi едi. «Түркiменстанның бiрiккен демократиялық оппозициясы» ұйымының жетекшiсi Авды Кұлиев Ниязовтың өлiмiнен кейiн тұтқынға алынған Нұрмамедовты өз ұйымдарының атынан ұсынылатын бiртұтас үмiткер екендiгiн мәлiмдедi. Халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, Түркiменстандағы оппозиция өкiлдерiнiң билiк басына жақын арада келе қоюы неғайбiл.

АУҒАНДЫҚ ТӘЛIБТЕР ДЕ ДӘМЕЛI

Сарапшылар пiкiрiнше, Түркiменстандағы билiк үшiн күрес ұжымдасқан «ниязовшылар» тобының жеңiсiмен аяқталуы тиiс. Кезiнде Түркiменбашының маңайында жүргендердiң барлығын да шенi мен шекпенiне, атағы мен лауазымына қарай билiк тармақтарын бөлiп беруге және Ниязовтың заманында ерiксiз иммиграцияланып кеткен түркiмен оппозициясының өкiлдерiн билiк басына жолатпауда бұл таптырмайтын тәсiл болмақ. Экс-президент көз жұмған алғашқы кезде-ақ жаңа түркiмендiк билiкке қойылған басты талап елдiң барлық территориясын бақылауға алу едi. Керiсiнше болған жағдайда, билiкке таласқан аса iрi ауқымдағы туысаралық қырқыстың соңы азаматтық соғысқа ұласу қаупi төнген. Оның үстiне, Түркiменстандағы тiптi уақытша саяси тұрақсыздықтың өзi радикалдық бағыттағы дiни қозғалыстардың беделiн арттырып, елдiң iшiне iрiткi салуы әбден мүмкiн болатын. «Ниязовшыл» бюрократия мен эмиграциядағы түркiмен оппозициясының жаппай халықтық деңгейге көтерiлген мұндай аса қуатты радикалды бағыттағы дiни күшке қарсы тұруға дәрменсiз. Бейресми деректерге сүйенсек, ауғандық «Талибан» қозғалысымен бағыттас ұйымды құруға атсалысатын елдегi радикалдық ислам қозғалыстары мен ауғандық «Талибан» қозғалысының мүшелерi үстiмiздегi жылдың көктем-жаз айларында Кабулда үлкен төңкерiске бастау болатын қадамдар жасауға дайындалып жатқан көрiнедi. Себебi, тәлiбтер Ауғанстанның солтүстiк-батыс бөлiгiнен НАТО-ның бiрiккен күшiне төтеп беру мақсатында «екiншi майдан шебiн» құруға мүдделi. Әп дегеннен-ақ етек-жеңiн қымтап алуға кiрiскен түркiмен билiгi елдегi радикалдық дiни ұйымдарды құруға атсалысатын ауғандық тәлiбтердiң пайда болуынан қауiптенген едi. Әрине, наша мен есiрткiден түскен пайдаға шаш-етектен кенелiп отырған ауғандық тәлiбтердiң қаржылық тұрғыда қиналмасы анық. «Аяқ астынан» пайда болған «жарылқаушылардың» қаржылай демеушiлiгiне әлеуметтiк ахуалы төмен түркiмен халқы қуанбаса, ренжiмесi белгiлi. Ал саяси науқан қарқынымен тез дамыған түркiмендiк «Талибан» елдегi ықпалды саяси күшке айналады. «Жығылған үстiне жұдырық», Қандағар мен Гелмендтегi Солтүстiкатлантикалық альянс әскерилерiнiң санын көбейтуге еуропалық елдер құштар емес. Сондықтан егер ресми Ашхабад ауғандық тәлiбтердiң мемлекетке дендей енуiне осы бастан қарсы тұрар шараларды қабылдамаса, оларға төтеп беруге НАТО-ның өзi дәрменсiздiк танытпақ. Бiр жағынан, түркiмендiк билiк елдегi iшкi саяси тұрақсыздықты тудыруға әсер ететiн күштердi ауыздықтау барысында АҚШ пен НАТО-ға мүше елдердiң көмегiне сүйенер болса, онда Солтүстiкатлантикалық альянс Орталық Азиядағы аса iрi кен орындары мен Каспий жағалауына жол ашуға мүмкiндiгi бар. Алайда еуропалықтардың табиғи байлыққа қол сұғуы посткеңестiк елдердi әлi де уысында ұстағысы келетiн Ресейге, сонымен бiрге оның Қазақстан, Өзбекстан, Тәжiкстан секiлдi одақтас елдерiне ұнай қоймасы анық. Әрi бұл мемлекеттердiң түркiмендiк билiкке қауiп төндiретiн тәлiбтерге қарсы тұру шараларына өз әскерилерiн қатыстыруға да мүмкiндiгi бар. Мұндай жағдайда батыстық одақтастар Түркiменстанның газ кенiштерi аймақтары мен Каспий жағалауына толық тұрақтана алмайды. Есесiне, радикалдық бағыттағы дiни ұйымдардың екiншi шебiнiң пайда болуына мүмкiндiк бермейдi.

ҚЫТАЙЛАР ҚАЗАҚТАРДЫҢ КӨМЕГIНЕ ЗӘРУ

Ашхабадтағы саяси ахуал шиеленiскен жағдайда көмек қолын созуға АҚШ және Ресеймен бiрге Иран да мүдделi. Сарапшылар пiкiрiнше, Түркiменстандағы дiни қақтығыстардың болу-болмауы Тегеренның тегеурiнiне де байланысты. Олар Палестина мен Иракты әбiгерге салған ХАМАС-тың «тұрақсыздық стратегиясы» iске асырылар болса, Таяу Шығыстағы радикалдардың түркiмендер елiне ауа көшуi бек мүмкiндiгiн жоққа шығармайды. Әрине, Тегеран жасанды саяси тұрақсыздықты ядролық бағдарламасына көз алартып отырған Вашингтон мен Еуроодаққа қарсы құрал ретiнде пайдалануға тырысады. Орталықазиялық аймақтағы табиғи кен орындарына қызыққан еуроатлантикалық бәсекелестерiнiң алдын орап кетуге жанталасатыны да сөзсiз. Сонымен бiрге Каспий жағалауын өзгелерден қызғыштай қорыған Ресейге де қосымша мүмкiндiктер тумақ. Түркiмендiк дағдарысқа ықпал етуге Пекин ғана дәрменсiз. Мұнай мен газға бай аймаққа дендей енуден дәмелi қытайлар Түркiменстандағы iшкi ахуалға әскери-саяси тұрғыда тiкелей ықпал ете алмайды. Аспан асты елiнiң «шашбауын көтеруге» Иран мен Пәкстан да мүдделi емес. Өйткенi, «өзiм дегенде өгiз қара күшi бар» Тегеран мен Исламабад қытайлардың емес, өздерiнiң ұлттық мүдделерiн жүзеге асырумен бас қатырары анық. Сондықтан Ашхабадтағы ахуалдың реттелуi емес, шиеленiсе түсуi Пекинге өте тиiмдi. Түркiменстандағы ғана емес, бүкiл Орталық Азиядағы саяси тұрақсыздықтың орын алуын, АҚШ пен Солтүстiкатлантикалық альянстың осы аймақтағы саяси-әскери ықпалының әлсiреуiн қалайтын қытайлардың мүддесi ауғандық тәлiбтердiң мүддесiмен тоғысады. Халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, табиғи ресурстарға бай аймақтан өзiндiк үлесiн алуға Қазақстан мен аспан асты елiмен екiжақты қарым-қатынас орнатуға мүдделi басқа да посткеңестiк мемлекеттердiң септiгi тимек. Қазақтардың қара алтынының басым бөлiгiн қанжығасына байлап алуға жанталасып жатқан қытайлар әсiресе, қазақтардың көмегiне көп сүйенбек. Ал Түркiменстандағы саяси тұрақсыздықтың туындауы геосаяси ойындар көрiгiн қыздыруға мүдделi тараптардың «аймақтағы шиеленiскен жағдайды реттеу мақсатын» желеу ете отырып, әскери күш қолдануға жол ашпақ. Бұл орталықазиялық аймақ пен ауғандық кеңiстiктегi саяси ықпалды арттыруға мүмкiндiк бередi. Мұның соңы халықаралық газ нарығындағы энергоқорды тасымалдау жүйесiне айтарлықтай керi әсерiн тигiзерi сөзсiз. Осы себептен, энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн түбегейлi шешiп алуға қауқары жетпей отырған еуропалық тұтынушылар елдегi билiк үшiн күрестiң шиеленiссiз аяқталғанын қалайды. Ал 11 ақпан күнi сайланған жаңа президенттiң алғашқы ресми сапарын Мәскеуден не Вашингтоннан бастауы азиялық және еуропалық энергетикалық ойында кiмнiң басымдыққа ие болатынын аңғартпақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары