ЕРТЕ ЕСЕЙГЕН ҰЛ ЕДI

ЕРТЕ ЕСЕЙГЕН ҰЛ ЕДI

ЕРТЕ ЕСЕЙГЕН ҰЛ ЕДI
ашық дереккөзі
279

Алтынбек туралы толғаныс – маған әрi оңай әрi ауыр. Оңай болатыны– ширек ғасыр бұрын тағдыр бiздi ҚазГУ-дың журфак-iнде тоғыстырды, арасында ол үш жылдай Мәскеуде, атақты МГУ-де оқып қайтты. Өзге уақыттың бәрiнде бiр-бiрiмiзден алыс кетiп, ұзақ көз жазған емеспiз. Бәрi де алақандағыдай айқын.

Ауыр болатыны – Алтынбектiң ауыздықпен алысқан адуын ақбоз аты мәреге жете алмай орта жолда омақаса құлады. Дәлiрек айтқанда құлатты. Анығына барсақ, тасада тұрып оқ ататын Батыраш пен Қотыраштар қолынан мерт болды жасын-тағдыр. Ашындыратыны да, опындыратыны да, өкiндiретiнi де осы.

Ақпанда өткен Алматыдағы қаралы жиында мен Алтынбектiң достары атынан сөз алдым. Оның үлкен жүрегiн, тектiлiгiн, қамқор көңiлiн, мәрттiгiн екi-үш ауыз сөзбен түйiп айту, әрине, қиын едi. Алтынбектiң адами, кiсiлiк, адамгершiлiк келбетiн көрсетуге тырыстым, айттым да, айтуға тиiстi де едiм, мен айтпасам кiм айтады? Тiптi сол жиын үстiнде сөз алған саясат серкелерi Алтынбектiң соңғы екi-үш жылдағы саяси қызметте, билiкке оппозициялық көзқарастағы партия басшылығында жүрген сәттерiне ғана баға берумен шектеле бергенi менiң iшiмдi тырналап, өксiгiмдi ұлғайтқандай едi… Осы сәтте Алтынбектiң билiк буынында он шақты жыл қанаттас, қатар жүрген ағалары, құрдастары, iнi-шәкiрттерi неге бой көрсетпедi, ендi ғана тәуелсiздiк алған, тәй-тәй басқан елдiң керегесiн берiк етуге, шаңырағын биiк етуге Сәрсенбайұлының қаншалық үлес қосқанын өзге бiлмесе де солар анық айтар едi ғой. Бұл – Алтынбектiң рухына ғана емес елдiгiмiзге көрсеткен құрмет болар едi ғой, саяси мәдениетiмiздiң деңгейiн танытар едi ғой. Өкiнiшке орай, олардың кейбiрi ғана жиында бой көрсеткенiмен, ойын, пiкiрiн, сезiмiн жеткiзуге батылдана алмады…

Алтынбек о бастан, сонау бiз алғаш танысып, бiлiскен, достасқан бозбала шағында-ақ өзiндiк пiкiрiн дәлелдей, қорғай бiлетiн, қастерлей бiлетiн азамат едi. Сексенiншi жылдың жазында құрылыс отряды құрамында Қарасазда қора салып жатқан сәтте, айдаладағы Куба боксшылары үшiн екеумiз кәдiмгiдей шекiсiп, бiр-бiрiмiзге қол жұмсап, осы Шәмшiлер әзер татуластырған. Оның осы мiнезi өзгерген жоқ, өзiмен бiрге кеттi.

Бiз – ҚазГУ-градта, 5-жатақханада бiрге тұрған достары, Алтынбек пен Дарханның жағдайын бiлiп әрi әлемнiң жартысына жуығын уысында ұстаған қызыл империя орталығының аужайын байқау ауасымен тыныстау, қызықтау үшiн Мәскеуге жиi баратынбыз. Қонақ үйдiң құнын студенттiң қалтасы қайдан көтерсiн, «туысқан Вьетнам елiнiң өкiлiмiз» деп Аспиранттар мен студенттер үйiнiң «қатал қарауылынан» еркiн өтушi едiк. Содан қайтадан бiр бөлмеде тоғысып, түнiмен сыр ақтаратынбыз. Әңгiме көбiне қазақтың тарихы, қазақтың ертеңгi бұлыңғыр тағдыры туралы өрбушi едi. Мұндайда, әрине, әңгiмеге тамызық тастап, отты әзiлiмен бiздi қаузап, қозғап отыратын Алтынбек. Сол бiр тымырсық кезеңде Кремльдiң жанында мұндай тақырыпқа пiкiрталас өткiзу де қауiптi едi. Бiрақ бiз жаспыз ғой, оның байыбына барып жатпадық.

Кемелденген социализмнiң, яки тоқырау кезеңiнiң соңы мен қайта құру қарсаңында сiлкiнiстердiң ортасына айналған Мәскеуде, студенттiк кезеңде өткiзген 3-4 жыл мерзiм Алтынбектiң болашақ тағдырына өшпес iз қалдырған уақыт болды. Жаңаша ойлау жүйесi, тыйым салынған кiтаптар, тақырыптар, кино және қойылымдар, жаңа басылымдар, жаңа ағымдар, жаңа адамдар, жаңа ойшылдар, жаңаша пайым-көзқарас. Алла әмiрiмен, тағдыр жазуымен көп ұзамай-ақ тәуелсiз өз елiнде үлкен саясатқа белсене араласқан Алтынбек үшiн кең шеңберде, үлкен ауқымда, геосаяси ерекшелiктердi ескере келiп мемлекеттiк, елдiк, ұлттық тұрғыда ойлау, шешiм қабылдау, әрекет етуге алғышарт жасады деп түйер едiм. Қызыл империяның ордасы, тоталитарлық жүйе орталығы деп күстаналағанымызбен, сол кездегi Мәскеу – бiлiм-ғылым, мәдениет ордасы, мемлекеттiк басқару жүйесi ғасырлар бойы қалыптасқан үлкен саясат мектебi болатын. Алтынбек Мәскеу мектебiнен үлкен сабақ, таусылмас тәлiм алды. Ол сүйiктi жары Салтанатты да осы Мәскеуде, МГУ-де жолықтырды. Бiз қарапайымдылықтың, қайсарлықтың үлгiсi деп танитын Салтанат Алтынбектiң ықпалын, үлкен беделiн пайдаланып, биiк лауазым, жоғары атақ қуған емес. Бар ықыласы мен уақытын отағасына, отбасына, қос перзентi – Шолпан мен Бекжанның бiлiмi мен тәрбиесiне арнады.

Отызында-ақ атқа мiнiп, министр лауазымын иеленген Алтынбектiң көзi жетiп, көңiлi құламаған жайды қолпаштағанын, өзiнен лауазымы жоғарылар алдында бас шұлғып, құзырына құлдық ұрғанын, «ләппай тақсыр» дегенiн естiген де, көрген де емеспiз. Бiлiм мен жiгерiне сүйенген Алтынбек көбiне томаға-тұйық түрi, әсiресе билiк дәлiздерiндегi қалтарыстар туралы сыр шаша бермеушi едi. Замандастарымен, бiз сияқты құрдастарымен салыстыра қарағанда ойы да, бойы да кексе көрiнетiн. Үкiмет мүшелерi сапырылысып, бiрi келiп, бiрi кетiп жатқан алғашқы қиын-қыстау аласапыран уақытта, өтпелi кезеңнiң ауыр өткелегi тұсында Алтынбек елiмiздiң ақпарат саласын сегiз жыл басқарды. Бұл қып-қызыл оттың ортасы едi, артық-ауыс бiр ауыз пiкiр бiлдiрсең лап ете қалуы ғажап емес едi сол заманда. Сол сегiз жылда Алтынбек қызыл империя ыдыраған соң қаңқасы ғана қалып денесiн сүйреткен ақпарат, баспасөз, баспа, идеология, руханият саласын өткелектен аман-есен алып шықты, жан бiтiрдi, жаңа сатыға көтердi. Мұны Алтынбектiң тұсында осы салада еңбек еткен мыңдаған отандастарымыз айта алады. Сегiз жыл министрлiк қызметте Алтынбек тәжiрибе, бедел,абырой жинады, ықпалы орасан күшейдi. Жасыратыны жоқ, замандас, пiкiрлес жiгiттердiң үлкен лауазым иеленуiне де тiкелей себепкер болды. Қауiпсiздiк кеңесiнiң тiзгiнiн қолға алды. Одан кейiн елшi, сосын саяси қызмет…

Жастайынан-ақ биiк лауазым иеленiп, ықпалды қызметтер атқарса да бiз, достары – Алтынбектiң асып-тасқан, iсiнiп-кепкен, ызғар шашқан кезiн көрген емеспiз. Үнемi бiрсыдырғы, бiр қалыпты. Рас, ол бiле бермес жандарға томаға-тұйық, түсi суық, қатал көрiнетiн. Нәзiк жүректi, қамқор көңiлдi перзент екенiн жақын бiлiп, шапағат-нұрына шомылғандар ғана аңғарушы едi. Сонау студент шағында Қожакеев шекпенiнiң етегiн ұстап жүргенде-ақ Алтынбек сатира саласын көп зерттедi, өзi де осы жанрда қалам тартатын. Оның құрдас достарымен әзiл-қалжыңының өзi үлкен әңгiмеге арқау болады.

Қазақтың қалың ортасынан шыққан, ауылда қазақ мектебiн бiтiрген Алтынбек үшiн ең басты мәселе – отаншылдық, мемлекетшiлдiк едi. Отанға, мемлекетке опасыздық жасау – тексiздiк, анасын сатқанмен бiрдей деп бағалайтын.

«Отан – отбасынан басталады» деген бiр жақсы сөз бар ғой. Алтынбектiң ата-анасын, аға-апа, бауырларын, сүйген жары мен балаларын қадiрлеп-құрметтеуi, қастерлеуi, үнемi қамқор қолын созып жүретiнi бiзге, замандас достарына әрдайым үлгi болды. Үлкен өсiп-өнген әулеттiң өкiлi болғасын ба, Алтынбек қарапайым әрi көпшiл едi. Мүмкiндiгi, жағдайы келiп тұрса да ол демалысында шетелдiң қымбат курорттарына тартып кетпей, қасына он шақты досын ертiп, Алтай баурайына, Оқжетпес етегiне немесе кiндiк қаны тамған Нарынқолға аттанып, жылқышы, қойшы, аңшының қосында қарапайым ғана өткiзетiн.

Тiптi соңғы кездерi әр жазда Нарынқолдағы Шоғансай, Шалкөдеге аттанушы едiк. Туған жердiң келбетiне, сұлулығына мейiрi, шөлi қанбай жүрдi ме екен, кiм бiлсiн. Бабасы Райымбектi пiр тұтып, үнемi аруағына сыйынып, мазарына құран оқытып жүретiн. Бiр жолы түнде Райымбектiң кесенесiнде құран оқытып, үш-төрт жiгiт қазаға көңiл айту үшiн Шымкентке шұғыл аттандық. Жолда қарсы келген автобусқа соғыспай әупiрiммен аман қалдық. «Бабаның аруағы қорғады-ау» дедi Алтынбек.

Аруақты бабаның кiндiгiнен тараған таудың тектi ұлы тауға, қарлы шыңға, биiктiкке ғашық едi, ешкiмнiң алдында басын иген жоқ, төмендеген жоқ, таудың етегiнде жан тапсырды.

ҚазГУ-дың жатақханасындағы 312-бөлмеде терезеге жақын қойылған жалғыз үстелдi елден ертерек тұрған Алтынбек иеленiп алатын. Үстiнде апасы тiгiп берген қасқыр iшiк-нымша. Көк бөрiнiң аруағынан ба, бiзден бес-алты ай кiшi болса да «орынды босат» деп айта алмаймыз. Елден ертерек тұрған ұл елден ертерек есейдi, елдiң тәуелсiздiгiн нығайтуға елден ертерек ерен үлес қосты және ертерек, тым-тым ертерек аттанды арамыздан…

Қар көбесi сөгiлер, табиғат бусанып, ұйқысынан оянып гүлденер, бәрi өзгерер…

«Ал, жiгiттер, Чалкөдеге аттанайық, жиналыңдар» деген хабар да жетер.

Сонда бiз өзiңмен Кеңсайда қатар жатқан Нұрлан досымыздың, кезiнде өзiң шығарып берген кiтабын қолымызға алып, парақтағаннан басқа не амал табамыз:

Тiрiнiң қамын тiрi жер,

Тiрiлер бiрiн бiрi жер.

Тiрлiкте қашқан қадiрiң

Өлгенде ғана бiлiнер.

Өлiнiң қамын тiрi жер,

Жоқтауын салып жүгiнер.

Жоғалтып алған асылы

Айрылғанда бiлiнер.

Өлiнiң қамын тiрi жер,

Тiрiлер бiрiн бiрi жер.

Бiр күнi бiз де барамыз,

Сен аман болғай, сiрi жер.

Еркiн ҚЫДЫР

Серіктес жаңалықтары