«АҒАТАЙ, АНАМДЫ АЛДАП... ӘКЕТIҢIЗШI!..»

«АҒАТАЙ, АНАМДЫ АЛДАП... ӘКЕТIҢIЗШI!..»

«АҒАТАЙ, АНАМДЫ АЛДАП... ӘКЕТIҢIЗШI!..»
ашық дереккөзі
277

(Таксист жiгiттiң әңгiмесi)

Қала әдеттегiндей қарбалас құшағында. Көше толы зырылдаған-шуылдаған мәшине.

Бiр-бiрiмен шаруасы жоқ қыбырлаған пенделер, бiрiнiң жүзiнде сәл-пәл жымиыс байқалса, ендi бiрi күнi бойғы тiрлiк қамы шаршатқандай, алдындағы сыбағасын әлдебiреу тартып әкететiндей күйкi тiрлiкке өкпелi.

Мен де жетiсiп келе жатқан жоқпын. Ауылдағы ауру әкенiң халiн бiлiп, азды-көптi жинаған қаржыны жырымдап, дәрi-дәрмегiне жұмсап, ауызды қу шөппен сүртiп қалатын жағдайлар жиi кездеседi.

«Қызың болса күйеуге тиюге, балаң болса қатын алуға таяу. Сенiң жүрiсiң қай жүрiс, қолға тиын-тебен түссе ауылға зытып отырасың. Тойдым бәрiңнен», – деген келiншегiмнiң де даусы сәт сайын құлағымның түбiнен ызыңдайды да тұрады. Шынында да әбден шаршады-ау. Ол түгiл, өзiм де шаршадым. Бiрақ ол байғұсқа не кiнә бар?! Бұрқылдап-бұрқылдап басылатын әдетi қашанда. Бiреулер отыз жыл бойы әйелiн зар қақсатып келе жатқан бұл неғылған еркек дер. Тап-татумыз. Жастай сүйiп қосылдық. Отыз жылдың әрбiр күнi мен таңы осындай ренiш-өкпеден ғана тұрмайды, талай қуанышты күндер, тәттi ләззатты түндер өттi. Бiр ер азамат табатын табыс кiредi үйге, соның көбi ашты-тоқты жүрген бауырларымның, одан қала берсе әкемнiң жолына шашылып кете барады. Әкенi ауырсынбайсың, жасы да келiп қалды, сырқаулы. Ол кiсiнiң ауыртпалығын көтересiң-ау. Бәле болғанда қол-аяғы балғадай бауырларым, мойыныма мықтап мiнiп алды ғой. Құдай бiреуiне сана берсейшi, «әй, солардан да ұят болды ғой» демейдi-ау, демейдi. Әйтеуiр бiр далбаса тiрлiк. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дегеннiң керi. Аман болайықшы, деннiң саулығына ештеңе де жетпейдi. Бiрақ…

Күн демалыс. Қабағы қатулы келiншегiмнiң үнсiз берген шайын үнсiз отырып iштiм де, ауладан мәшиненi шығарып жүрiп кеттiм. Қайда барарымды өзiм де бiлмеймiн. Есiме ескi дос түстi. Мынандай үнсiздiктен бiр құтқарса сол құтқарар деп ойлағам…

Қашанғы әдетiнше жолдасы көңiлдi-ақ. Ауылдан арқа-жарқа боп әке-шешесi келiп жатыр екен. Әмияннан екi көк қағазды суырып бердi. «Ұмытпай қайтарарсың» деп көзiн қысты. Бiр жаман намыс көкiрегiмде атойлап тұрса да, «қашан қайтармай қойып едiм» деген сөз айтылмай iште қалды. Амал жоқ, кiрiптар болып келiп тұрған соң, оның үстiне кiшкентайынан бiрге өскен жолдастың сол сәттегi көңiл-күйiн де ойлап үнсiз бас изей салдым. Тағы да үнсiздiк… Бұл неғылған үнсiздiк,айналшықтап шықпай жүрген. Үйде де, түзде де үндеуден қалып барамыз. Сөйтiп жүрiп жарылып өлмесек болғаны да. Үнсiз келе жатып жолдың екiншi бетiнде тұрған жас қыз бен әйелге көзiм түстi. Кеш түсiп келедi. Қаланың көлiк аз жүретiн аудандарының бiрi. «Не болса да жеткiзiп салайын, бензин құюға қаржы болсын».

Салонға адам алған соң ептеп музыка қостым. Байқаймын, жолаушылар да үндеместiң нағыз өздерi сияқты. Жо-жоқ, бiр кезде шешесi, бәлкiм, әпкесi шығар, қызға зiрк-зiрк еттi. «Сонда мен тұрамын ба, әкеңнiң жүрiсi анау… қу құлқынның құлы. Пәтер иесi анау, күнде келiп мазамды алып барады. Көзi сенi iшiп-жеп бара жатқан сайын, жүрегiм шаншиды. Одан да басқа жөнi түзу бiреу-мiреу кездесiп қалар, оған қор болғанша…» Ары қарай қыздың солқылы аралас күбiр-күбiр естiлмей кеттi. «Сонда шынымен…» деген ой келгенi сол-ақ екен, төбе шашым тiк тұрды. Күнi бойғы шаршау шаршау ма, рөлге ие бола алмай қалдым.

– Келесi көшенiң басынан тастап кетiңiз – дедi бiр кезде «әлгi әйел». Қаладағы жаман атақты көшеге де келiп қалғанымды сонда бiр-ақ бiлдiм.

– Соңғы ақшам едi, екi жүз-ақ алыңыз, –дедi көзi шатынаған әйел бiр түрлi кiшiрейе сөйлеп.

– Жарайды, – дедiм, – бiрақ менде де қайтаратын ақша болмай тұрғаны…

– Қазiр, – дедi де әйел жол бойындағы азық-түлiк сатып тұрған кiшкентай киоскiге жүгiре жөнелдi. Осы сәтте артқы орындықта отырған қыз:

– Ағатай, менi бiрер сағатқа басқа жаққа алып кете тұрыңызшы, әйтпесе, анам… – дедi де солқылдап жылап жiбердi. Қызға бұрылып ендi қарадым. Жасы он жетi-он сегiздерде, көзi-басы қиылған әп-әдемi-ақ бала екен.

– Құдай-ау, сонда сенi шешең… – деп тағы да артқа бұрыла бергенiмде жүгiрiп келiп қалған қыз анасын көрдiм.

– Ағатай, сосын түсiндiрем… – деген қыз тағы да жанары жалт етiп, есiктi аша бастады. Әрненi ойлап, миым қатып жүрген қайран басым қыздың жағдайын ендi түсiнгендеймiн.

– Жеңгей, ақшаңыз керек емес, тек…

Жүзiмдi жас жауып кете жаздап әйелге қарадым. Көзiм көзiне түскенде әйелдiң манағы ашулы көзiндей емес, жүзi солғын тартып, бейшара бiр қалыпқа түсiп тұрғанын аңғардым. Мен ендi болмаса жүрегiм жарылып кетердей газды басып-басып қалдым да, бағдаршамға да қарамай келесi көшеге асықтым.

– Ағатай, сiзге көп рахмет. Менi анам… – деп әңгiме бастайын деген қызға «ештеңе деме» дегендей қолыммен өзiмнiң аузымды басып көрсеттiм. Ол да зерек қыз екен, үнсiз қалды. Тағы да үнсiздiк бойымды шырмап алған.

– Жүр, – дедiм жол жиегiндегi кафенi нұсқап. Қыз үнсiз соңымнан ердi. Екi кесе шайға тапсырыс бердiм де, қызға иек қақтым. Бейшара қыз сөйлеп отыр. Құлағыма бiрi кiрсе, бiрi кiрмейдi. Құдай сақтасын, жо-жоқ, қара пиғылдан аулақпын. Көз алдым тұманданып, ауылдағы күркiлдеп жүрген әкемдi, үйде қабағынан қар жауып күтiп отырған жарымды да естен шығарып, әлдебiр беймаза күйге түстiм. Көзi боталап, бiрде жылап, бiрде көзiнiң жасын сүртiп қойып отырған қасымдағы қарлығаштай бойжеткенге қандай көмек берсем екен, бұл сорлыны бiр ғана түннен, қап-қараңғы түнектен құтқарғаныммен, ертеңi не болады деген ой санамды шырмап алды. Құлағым тұнып, күңгiрлейдi.

Тұлымшағы желбiреп, гүл-гүл он сегiздiң бұла шағымен бейуақта қоштасып, уыздай аппақ перiште көңiлдiң бiр ғана сәтте қараңғы түнекке жұтылып кете жаздағаны жанымды ауыртты. Көңiлiмнiң төрiнен атой салған әлдебiр бiр қимастық баурап бара жатты. Бұлқына соққан жүрегiмнiң дүрсiлiн қалай тыныштандырсам, қалай ғана қалыпқа түссем деген бiр ой миымды сұққылады. Бiр сәт ойлануға да мұрша бермей төңiрек тып-тыныш, меңiреу күйге түстiм. шарасыздықтың не екенiн түсiнгендеймiн…

Содан орнымнан қалай тұрып кеткенiмдi, қызды анасына қайта табыстап, қалтамда мыж-мыж боп қалған әлгiндегi екi көк қағазды алақанына салып тұрып, әлгi әйелге не айтқанымды да бiлмеймiн. Тағы да үнсiздiктi жолдас қып, үйдiң ауласына қалай келiп, қалай төсекке құлағанымды да бiлмеймiн. Әйтеуiр терiс қарап жатқан әйелiмнiң түтiн иiсi бұрқырап жатқан қысқа шашынан үнсiз иiскеп жатқанымды ғана бiлемiн…

Құдайым-ай, өмiрiмiздiң бәрi ылғи өкiнiш пен өксiктен тұрғаны ма?.. Осылайша өзегiмiздi қуырған шарасыздық уын жұтып өтемiз бе? Жарқын күндер келер ме, ендi қайтып!?

Таңсұлу Алдабергенқызы

Серіктес жаңалықтары