ЖАҢА МИНИСТР ҰЛТТЫҚ БIЛIМДI КӨГЕРТЕ АЛА МА?

ЖАҢА МИНИСТР ҰЛТТЫҚ БIЛIМДI КӨГЕРТЕ АЛА МА?

ЖАҢА МИНИСТР ҰЛТТЫҚ БIЛIМДI КӨГЕРТЕ АЛА МА?
ашық дереккөзі
249

Реформалау мен министрлерiнiң ауысуынан көз ашпаған Бiлiм және ғылым министрлiгiне тағы да жаңа министр келдi. Бұл шамамен Қазақстан жеке мемлекет болғаннан бергi осы саланың 12-шi министрi болуы керек.

Ұлттың ұлт болып қалыптасуында ұлттық бiлiм мен ғылымның рөлi аса маңызды дейтiн болсақ, ондағы реформалар мен өзгерiстердiң барлығы ұлттық мүдде тұрғысынан туындауы керек. Осы тұрғыдан алғанда, бұған дейiнгi министрлердiң iшiнде ұлттық бiлiм көкжиегiн дамыту үшiн бас қатырғандары саусақпен санарлық. Көбiнiң алға қойған мақсаты бiлiм берудiң ұлттық стандартынан гөрi еуропалық жүйе болды. Бiзден өзге посткеңестiк мемлекеттер ұлттық мемлекет құру жолында бiлiм беру саласында түбегейлi өзгерiстер жасап жатқанда, бiз Батысқа елеңдегеннен танбадық. Әр министр өз реформасын ала келдi. Десек те, бiлiм берудiң кешендi бағдарламасын жасап, 2004-2015 жылдарға арналған ұлттық тұжырымдамасын бекiткен министр – Жақсыбек Құлекеев едi. Бұл тұжырымдама да ұлттық бiлiм беру стандарттарынан гөрi батыстық жүйеге құрылғанымен, өзге бағдарламаларға қарағанда салмағы анағұрлым басым болатын. Атышулы ұлттық бiрыңғай тестiлеу (ҰБТ) осы тұжырымдама аясында бекiтiлдi. Басында бүкiл қоғам үрiккен бұл сынақ бүгiнде тәжiрибеден өттi десе де болғандай.

Жыл сайынғы мемлекеттiк бiлiм грантының қазақ-орыс мектеп түлектерiне теңдей бөлiнетiн 50*50% үлес салмағын өзгертiп, қазақ мектептерiн барлық түлектердiң 60%-ы бiтiретiнiн ескерiп, мемлекеттiк бiлiм грантының үлес салмағын 60*40 пайызға өзгерткен де осы Құлекеев едi. Құлекеевтiң тағы бiр қолға алған бастамасы өзгетiлдi мектептерде мемлекеттiк тiлде оқытылатын пәндердiң санын көбейту болды. Бiрақ, өкiнiшке қарай, ол бұл бастамасын аяқсыз қалдырды. Бiлiм министрлерiнiң iшiндегi реформаторы деген атаққа ие болған ол қоғамдық пiкiрдiң құрбаны болды десе де болғандай. Жаңаға үрке қарайтын әдетiмiзбен оның тұжырымдамасын бәрiмiз жабылып сынадық, сөйтiп оның ойға алған iсiн аяқтауға мүмкiндiк бермедiк.

Құлекеевтен өзге қазақтiлдi мектептерге жаны ашыған министрдiң бiрi – Шәмша Беркiмбаева едi. Ол кiсi ауыл мектептерiнiң жайына алаңдаушылық бiлдiрiп, олардың дәрежесiн көтеруге ат салысты, сөйтiп, «Ауыл мектебi» деген бағдарлама жасады. Дегенмен, оның да қолға алған iсiн аяқтауға мүмкiндiк берiлмедi.

Ал, министр тағын жаңа министр, бұған дейiн Ресей Федерациясында Қазақстанның төтенше және өкiлеттi елшiсi қызметiн атқарып келген Жансейiт Түймебаевқа босатып берген Бiрғаным Әйтiмованың бiлiм-ғылым саласында iстеген iстерiн санамаласақ, анау айтарлық есте қалар ештеңе жоқ секiлдi. Бiрғаным Әйтiмова Бiлiм және ғылым министрi болған кезiнде шетелге көп шыққанымен ерекшелендi. Бәлкiм бұл Елбасының сайлау алды науқаны кезiндегi бағдарламасы бойынша, «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде 3000 талапкердiң оқуына мүмкiндiк беруiне байланысты болса керек. Бiлiм саласында қолға алған ең басты реформасы Жақсыбек Құлекеев енгiзген ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң жаңа әдiсiн ойлап табуы. Ең бiрiншi экс-министр ҰБТ-дағы «Қазақстан тарихы» пәнiне шүйлiктi, сондай-ақ, келесi жылдан бiлiм деңгейiн анықтайтын пән саны 4-еу емес, 6-ау болатындығын жария еттi. Соңында, талапкерлердiң бiлiмiн анықтау үшiн қазiргi ҰБТ-ның жүйесiн өзгертетiндiгiн мәлiмдедi. Демек, еуропалық бiлiм стандарттары бойынша дүниеге келген ұлттық бiрыңғай тестiлеу Әйтiмоваға ұнамады. Алайда, Әйтiмованың жаңа бастамасын енгiзуiне мүмкiндiк болмады. Үкiметтiң ауысуына орай, министр ханым да орнынан босады. Көптеген министрлер өз орын тағын сақтап қалғанымен, Әйтiмова орнын босатуға мәжбүр болды.

Әйтiмова да өзге министрлер секiлдi ұлттық бiлiм берудi енгiзуге, соның iшiнде өзгетiлдi мектептерде мемлекеттiк тiлдi үйретуге құлықсыздық танытты. Мұхтар Шаханов, Амангелдi Айталы секiлдi мәжiлiс депутаттары ұсынған Бiлiм туралы заң жобасын Әйтiмова басқарған министрлiктiң қолдамауы осының айғағы. Ол заң жобасы бойынша – мектеп түлектерi Ұлттық бiрыңғай тестiлеуде (қай мектептi бiтiргенiне қарамастан) мемлекеттiк тiлде емтихан тапсырсын деген бап болды. Бiлiм саласы басшыларының бұған айтқан уәжi – «бұл елiмiздегi басқа ұлт өкiлдерiн тiлдiк тұрғыдан дискриминацияға ұшырату». Сөйтiп, Қазақ елiнде қазақ тiлiнiң мүддесi аяқасты етiлдi. Сондай-ақ, Әйтiмова министр болып тұрған кезiнде Қазақстандағы орыстiлдi мектептердегi қазақ тiлi пәнiнiң апталық жүгi көбеймедi. Яғни, орыстiлдi мектептерде мемлекеттiк тiл пән ретiнде аптасына 3 сағат қана жүргiзiлдi. Бұның барлығы мемлекеттiк тiлге деген енжарлықтың көрiнiсi емей немене. Журналистердiң қырына көп iлiккеннен болар Әйтiмова ханым министрлiкте баспасөз-хатшысы қызметiн қысқартуға дейiн барды.

Сөйтiп, Бiлiм және ғылым министрлiгiне жаңа басшы келдi. Филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң түлегi, 49 жасар Жансейiт Түймебаев. Ең бастысы, Жансейiт Қансейiтұлы өзi ұстаз, Қазақ ұлттық университетiнде дәрiс оқыған, ғылыми еңбекпен айналысқан, яғни, ғылым-бiлiм саласында тәжiрибесi бар маман. Ең қуантарлығы, Құлекеев, Беркiмбаева секiлдi Жансейiт Түймебаевтың да қазақша бiлiм алуы. Демек, оның экс-министрден айырмашылығы, ұлттық құндылықтарымызды әспеттеп, қазақ мектептерiнiң материалдық-техникалық базасын көтеруге ат салысуына қазақша бiлiм алғаны қамшы болар деген ойдамыз. Үкiметтiң алғашқы отырысында журналистермен тiлдесiп үлгерген Жансейiт Қансейiтұлы жұмысты ең алдымен мұғалiмдердiң жалақысын көтеруден бастайтындығын мәлiм еттi. Демек, қоғамымыздағы шешуiн таппай келе жатқан басты проблема, ұстаздардың дәрежесi мен әлеуметтiк деңгейi және материалдық жағдайы оның да шымбайына батады екен. Сондай-ақ, Түймебаев 12 жылдық бiлiм беру үрдiсiн дамыта беретiндiгiн, ғылыми атақ алудың тәртiбiн күрделендiрiп, ғылыми дәреже беруге аса ыждағаттылықпен қарайтындығын атап өттi.

Бiлiм және ғылым саласына мемлекет жыл өткен сайын аса маңыз берiп, бөлiнетiн қаржыны үстемелеп келедi. Дегенмен, тұралап қалмаса да, бiлiм саласы әлi де күрделi реформаны талап етедi. Бiлiм берудiң еуропалық болсын, ұлттық негiзде болсын жаңа жолын әлi таба алған жоқпыз. Күнi бүгiнге дейiн ескi сүрлеумен келемiз. Оның үстiне оқулықтарда әлi бiрiздiлiк жоқ. Алдыңғы шыққан оқулықтарды соңғысы жоққа шығарады. Демек, бiлiм беру саласында қайшылық әлi көп. Сондай-ақ, 2008 жылдан бастап мектептерiмiз 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне көшпек. Бұл, әсiресе, ауылдық мектептердiң бiлiм беру жүйесiн түбегейлi өзгертудi талап етедi. Бiздiң мектептердiң материалдық-техникалық базасы 12 жылдық бiлiм беруге сай еместiгi былай тұрсын, тiптi, қазiргi талаптың да үдесiнен шыға бермейдi. Кейбiр мектептерде әлi күнге дейiн үш ауысыммен оқимыз. Мұғалiмдерiмiздiң бiлiктiлiгi де күн өткен сайын төмендеп барады. Ал, 12 жылдық бiлiмге ойысқаннан кейiн елiмiзде колледждер мен кәсiптiк бiлiм беретiн мектептердiң санын да, сапасын да арттыру қажеттiгi туады. Белгiлi бiр кәсiпке баулу үшiн оның материалдық-техникалық базасы мығым болуы қажет. Демек, жаңа басшының алдында тұрған мiндет те, жауапкершiлiк те ауыр.

Ұлт болашағы, ел ертеңi – жастар десек, бiлiм беру саласы сол жастардың рухани қорегiнiң негiзi. Яғни, бiлiм және ғылым саласы қашан да өзектiлiгiмен ерекшеленiп келген. Қазiр оның өзектiлiгi тiптi арта түстi. Бiлiм саласын жандандыруда, әсiресе, ұлттық бiлiм берудiң көсегесiн көгертуде ендiгi үмiт жаңа министрде.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары