ТОҚАЕВ СЕНАТТА МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ КОМИССИЯСЫН ҚҰРДЫ

ТОҚАЕВ СЕНАТТА МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ КОМИССИЯСЫН ҚҰРДЫ

ТОҚАЕВ СЕНАТТА МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ КОМИССИЯСЫН ҚҰРДЫ
ашық дереккөзі
389

Спикер болып тағайындалған бойда Сенатта Мемлекеттiк тiл комиссиясын құрған Тоқаевтың бұл қадамына бас изегендер көп. Бұрын-соңды Сенатта мұндай шараның қолға алынбағандығын ескере кету керек.

Бұл Сенаттың қазiргi спикерiнiң Мемлекеттiк тiлге алғаш көңiл бөлуi емес. Сыртқы Iстер министрлiгiн басқарып тұрған сәтте де Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қызметке тағайындалатын үмiткерлердiң мемлекеттiк тiл бiлiмiн тексеру үшiн министрлiкте аттестациялық комиссия құрылған едi. Бүгiнгi министр Тәжин төрт жыл бойы жұмыс iстеген сол комиссияның туын түсiрмейдi деп сенемiз. Ал Тоқаев спикер болып тағайындалғанына бiр ай өтер-өтпестен Сенаттағы Мемлекеттiк тiл комиссиясының тұсауын кестi. Негiзi, кәсiби дипломат, жоғарғы деңгейдегi саясаткер Тоқаевтың Сенатқа келуiмен, жоғарғы палатадағы «түссiз» өмiр жанданатын секiлдi. Парламент Сенаты Мәжiлiспен салыстырғанда, бiраз ерекшеленедi. Мәжiлiс депутаттары арасында «сен тұр, мен атайындар» жиiрек ұшырасса, Сенаттағы жағдай сәл өзгеше. Сенатты Президент пен Мәжiлiс арасындағы көпiр деседi көрегендер. Мұндай пiкiрдiң тууына Президенттiң 7 сенаторды өзi тағайындайтыны әсер ететiн болар. Әйтеуiр сенаторлардың жоғарыға қарайлайтыны көзге көрiнiп-ақ тұрады. Бiздiңше, бұл Сенаттың басшысына да қатысты дүние. Бұған дейiн жоғарғы палатаны Ө.Байгелдi, О.Әбдiкәрiмов, Н.Әбiқаев секiлдi «көлеңкедегi» саясаткерлердiң басқарып келгендiгi де Сенат құрамының түзiлуiне, отырыстарының өтуiне өз таңбасын қалдырған секiлдi. Ал Сенат спикерлiгiне Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындалғаннан кейiн депутаттар арасындағы белсендiлiк те байқалғандай. «Көршiңе қарай түзел» дегендi, ендi депутаттар «басшыңа қарай түзел» деп ауыстырып айтуға мүдделiрек болатын шығар. Айтпақшы, Тоқаев Сенат отырысын толықтай мемлекеттiк тiлде өткiзедi. Бұған өзiмiз де куә болдық. Бұрын ресми тiлде шүлдiрлейтiн Р.Ахметов секiлдi сенаторлардың депутаттық сауалдарын мемлекеттiк тiлде жасағанын көрiп таң қалғанымыз рас. «Басшыңа қарай түзел» деуiмiздiң себебi де осында. Тоқаевтың спикер болып тағайындалуының өзi Сенаттың ахуалын жақсартуға арналған қадам секiлдi болып көрiнедi. Қазақстанның өзге шенеунiктерiмен салыстырғанда, Тоқаевтың шоқтығы биiк екенi белгiлi. Тiптi мына қарапайым мысал оның қандайлықты дәрежеде жұмыс iстейтiнiн аңдатса керек. Креслосын ауыстырған сайын шенеунiктердiң командасын ертiп жүруi бiзде үрдiске айналып кеткен. Ал Тоқаев соңынан команда ертпейдi екен. Бұл жолы да солай болды. Өз-өзiне сенiмдi, кез келген асуды бағындыра алатын тұлғалардың қасиетi бұл. Өзге шенеунiктер үлгi алатын-ақ жайт. Мәжiлiс жиылыстарында депутаттардың спикермен жиi тәжiкелесетiнiне немесе спикердiң депутаттардың сөзiн елең етпеуiне үйренiп қалғандықтан ба, әйтеуiр бiз Сенат отырысына қатысқанымызда мүлде өзгеше жайтты байқадық. Ол Тоқаевтың өзiне тән дипломаттығы. Алайда, бұрын халықаралық саясаттың майын iшкен Тоқаевқа ендi iшкi ахуалды сүзгiден өткiзуге тура келетiн шығар. Өйткенi, ол халық өкiлдерiнiң қатарына қосылды ғой. Тоқаевтың алдағы қолға алар шаруаларын сенаторлар былайша болжайды: Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, сенатор: — Тоқаев, менiңше, Парламенттiң, Сенаттың халықаралық қатынастарын нығайтып, басқа ел Парламенттерiмен қарым-қатынасты онан бетер жандандырады. Екiншiден, бұл кiсi аймақтармен тығыз байланыста жұмыс iстеуiмiз керек деп отыр. Өткенде қабылдауында болғанымда, аймақтарға шығып, халықпен кездесiп, олардың пiкiрлерiне, көзқарасына көбiрек назар аудару керек дегендi айтты. Оның осы пiкiрi көңiлiмнен шықты. Өйткенi, бiздiң Сенат депутаттарының Мәжiлiспен салыстырғанда, жергiлiктi мәслихаттар атынан сайланатын ерекшелiгiмiз бар ғой. Жергiлiктi мәслихаттармен байланысымыздың өте тығыз болатын да жөнi бар. Тоқаевтың келуiмен бiздiң жұмыс басқа жағынан, жаңаша қырынан өзгерiп дамиды деп ойлаймын. Бақберген ДОСМАНБЕТОВ, сенатор: — Тоқаев келгелi үш-төрт елшiмен кездесiп, Елбасының «Қазақстан жолы» атты кiтабының тұсаукесерiн өткiзiп үлгiрдi. Қазiр сенаторлармен кездесiп, сұхбаттасып, танысу жұмыстарын жүргiзуде. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы өте сауатты, үлкен масштабтағы мемлекеттiк қызметкер ғой. Оны ел бiледi. Сол қасиет-қабiлеттерiн ескерсек, қолға алған шаруалары да ауқымды болады деп ойлаймын.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары