ЕЛДI ҚАНДАЙ БАСШЫ БИЛЕУI КЕРЕК?

ЕЛДI ҚАНДАЙ БАСШЫ БИЛЕУI КЕРЕК?

ЕЛДI ҚАНДАЙ БАСШЫ БИЛЕУI КЕРЕК?
ашық дереккөзі
385

Шағалалы Шардара қаласында наурыздың 3-күнi Әйтеке биге арнап ас берiлiп, акция өткiзiлдi. Акция атақты бидiң өзiнiң өсиетiмен Сейiтқұл бабасының қасына қойылып, бүгiнде Өзбекстан жерiнде қалған қабырының басына кесене орнату деген ниетке бағытталды. Бұған дейiн бұл игiлiктi iстiң басы-қасында жүрген «Әйтеке би» қайырымдылық қоры аудандық әкiмдiктiң қолдауымен кесене жобасына байқау жариялаған болатын. Ол байқауда бас бәйгенi Түркiстанның қайта түлеуiне ерекше үлес қосқан, елiмiзге белгiлi сәулетшi Еркiн ЖҮСIП жеңiп алған едi. Биыл күн жылына сол iске жұмыла кiрiсiп кету көзделiп отыр дейдi қордың президентi, Шардара аудандық «Өскен өңiр» газетiнiң редакторы Жұмабек Мұқанов.

Ас үстiнде «Кесене неге Өзбекстан жерiнде салынуы тиiс, оның орнына асылдардың сүйегiн елiмiзге, мысалы ежелгi дәстүрiмiзбен Түркiстанға әкелiп қойсақ болмас па едi, осыны ойлансақ қайтедi» деген көптiң көкейiнде жүрген сұрақ та қойылды. Оған әруақтарды қадiрлеу, құрметтеу iсiне барынша қолдау көрсетiп жүрген аудан әкiмi Серiкбай Ибадуллаев жауап бердi. «Бiз де ойланғанбыз, ақылдасқанбыз, сөйтiп барып осы шешiмдi қабылдағанбыз. Мүмкiн әкелсек әкелермiз де. Бiрақ, ол келешек ұрпақтың iсi. Бiз әзiрге Сейiтқұл әулие мен Әйтеке бидiң басын қарайтуымыз қажет. Елден ерек белгi қойылмай тұрғандығы елдiгiмiзге сын».

Орынды сөз. Қазақтың атамекенiндегi әруақтардың бiреуiн қозғасақ, басқасын да әкелу тұралы әңгiме көтерiлерi сөзсiз. Оның үстiне кезiнде күнде жиын болған Күлтөбенi тегiстеп жiберген, Төле би кесенесiндегi жазуды «Қалдырғач би» деген жазуға ауыстырып қойған, қырық жыл билеп тұрған кезiнде Самарқандтың гүлденуiне Әмiр-Темiрден артық болмаса кем үлес қоспаған Жалаңтөс бабамыздың құрметiне арналып осы қаладағы атақты Шер-Дор медресесiндегi «бұл медiресенi салдырған Алшын Жалаңтөс бахадур» деп жазылған жазуды өшiрiп тастаған көршi ел бiз есiл ерлерiмiздiң сүйегiн алып кеткенiмiзге мүдделi де болуы мүмкiн. Бұл тұрғыдан келгенде кесененiң Нұр-атада салынуы өте құптарлық iс. Өткен күннен белгi болып, ол жер қазақтың жерi екенiн бiлдiрiп тұрады. Кесене жобасының да ешқандай ортаазиялық қалыпқа ұқсамайтын, таза қазақи нұсқада жасалғаны да бекер болмаса керек…

Атамекенiмiз күнi кешеге дейiн өз елiмiздiң аумағында едi ғой. Кеңестiк солақай саясаттан ең қатты таяқ жеген қазақ халқы болғаны мәлiм. Оның кең-байтақ жерiн туталақай үлестiру Хрущевке дейiн-ақ, Сталин кезiнде басталып кеткен болатын. 1930-жылы Қазақстанның құрамынан Өзбекстанға Қарақалпақ АССР-i берiлдi. 1934-жылы әлi күнге дейiн халқының басым көпшiлiгi қандастарымыз болып отырған Тамды, Зарафшан, Үшқұдық аудандары кеттi көршiнiң еншiсiнде. Соңғы екi аудан жерiнiң астында әлемде алтын қоры жөнiнен 8-iншi орынды иеленiп отырған Өзбекстанның барлық алтын қоры жатыр.

Әйтеке би «елдi бай да басқармау керек, би де басқармау керек, елдi батыр басқару керек» деген екен. «Себебi бай малдың қамын ойлайды, би елдiң қамын ойлайды, ал, батыр қай iс дұрыс, соны жүзеге асырудың қамын ойлайды». Пайғамбар хадисiнде де «адам iстiң дұрысын iстесiн де, қалғанын Алла-Тағалаға тапсырсын» деп жазылған ғой. Шынында да, iстiң дұрысын ойлап, болашақта кезiнде халықтың ешқандай келiсiмiнсiз, тiзеге салып берiлiп кеткен атақонысты қайтарып алар, кеңестiң қамшысы басына тимеген, құлдық қамыт кимеген батыр ұрпақ та өмiрге келер…

Әзiрге «20 мың сарбаздан болса да тұрақты әскер ұстамасақ жоңғарға, жалпы жан-жағымыздағы жаудың бәрiн жем боламыз» де көрегендiктiң үлгiсiн көрсеткен, ол ұсынысы өтпегенде «ең болмаса бар малымызды сатсақ та мылтық жинайық, бауырлар, мылтық!» деп елi үшiн еңiреп өткен бабамызға қандай сый-құрмет көрсетсек те лайық.

Өмiрзақ АҚЖIГIТ

Серіктес жаңалықтары