ҰЛЫЛАРДЫҢ ҰЛЫСЫ — ӘЗ НАУРЫЗ

ҰЛЫЛАРДЫҢ ҰЛЫСЫ — ӘЗ НАУРЫЗ

ҰЛЫЛАРДЫҢ ҰЛЫСЫ — ӘЗ НАУРЫЗ
ашық дереккөзі
287

Жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлер шағында малдың аузы – көкке, адам аузы – аққа тиедi. Қытымыр қыстың қаһары қайтып, тiршiлiк бiткен құлпырады. Күн мен түн теңесiп, жаңа бiр жыл басталады. Жаңа жыл – күллi мерекелердiң ұлығы Наурыз мерекесi. Осыдан бiрнеше жыл бұрын этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы әз Наурызды тойлау Қазақ жерiнде басталғаны туралы деректер айтты. 2006 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысына қарасты Қазығұрт ауданының әкiмi Н.Әжiметов Жағда ағаның «Жер бетiнде Наурыз мерекесiн тойлауды алғаш рет Қазығұрттың басында кемесi қалған Нұх пайғамбар бастады» деген пiкiрiн негiзге ала отырып, осы ауданда үлкен той өткiздi. Үлкен-кiшiге үлгi боларлықтай өнегелi той. Жағда ағамен болған бүгiнгi сұхбатта Наурыздың шығу тарихы мен оның тәрбиелiк мәнi тағы да бiр рет сөз болған.

«ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ БАСЫНДА КЕМЕ ҚАЛҒАН…»

– Жағда аға, бiлуiмiзше, қасиетiне күмән келтiрiлмейтiн әз Наурыздың тойлану тарихы да қызық.

– «Наурыз» сөзi парсының «нау» – «жаңа», «руз» – «күн» деген екi сөзiнен құралған. Яғни, «Жаңа күн». Парсылардың «наурыз» атауына қатысы қаншалықты екенiн және бұл мерекенi олардың тойлайтынын не тойламайтынын мен бiлмеймiн. Ал түркiтiлдес халықтардың барлығы да Наурызды тойлайды. 1970 жылдары Мәскеудегi Ленин атындағы кiтапхананың архивiнен ескi бiр жырды кездейсоқ қолға түсiрдiм. Араб әрiптерiмен жазылған өте ұзақ жыр екен. Ерiнбей оқып шықтым. Авторының аты-жөнiн ұмытып қалдым. Бiрақ жұмыр Жердi топан су қаптағанда Нұх пайғамбардың кемесi кеп Қазығұрттың басына тоқтағаны, дәл сол күнi күн мен түннiң теңескенi суреттелген сол жырда жыршы Нұх пайғамбардың кемеден түскен барша тiршiлiк иелерiне ең ұлық мереке – күн мен түннiң теңелуiн, яғни, жаңа бiр өмiрдiң басталуын тойлауға әмiр бергенi айтылыпты. Күн мен түннiң теңелуi – табиғаттың мерекесi. Демек, Наурыз – ешқандай саяси, әлеуметтiк немесе тарихи бiр оқиғаларға бағынбайтын мереке. Бұл мейрамды аса қасиеттi деп ұлықтаудың астарында осы себеп жатыр. Алайда Наурызды тойлау рәсiмi Нұх пайғамбар қайтыс болғаннан кейiн бiрте-бiрте ұмытылып, адамдардың жадынан мүлде шыққан. Тек арада 300 жыл өткенде ғана Наурыз есiмдi алып тұлғалы, өте күштi әрi жiгерлi бiр адам пайғамбар бастамасын жалғастырып, жыл басы – Наурызды тойлауды қайта қолға алыпты, бүкiл түркi халықтарының мерекенi жыл сайын үзбей атап өтуiне осы Наурыз ықпал етiптi делiнген сол көне жырда.

– Сонда Наурыздың шығу тарихын абыздардың аңызы ретiнде қарастырамыз ба?

– Аңыз әңгiмелердегi Нұх пайғамбардың кемесi тоқтаған жер деп Арарат пен Қазығұрт таулары көрсетiледi. Ендеше ұлыстың ұлы күнiн тойлау қашан басталды деген сауалға жауап табу үшiн алдымен «Орталық Азияны топан су қаптады ма?» деген сұраққа жауап iздеп көрелiк. 1970 жылдары Нұх пайғамбар кезеңiндегi топан су басқан жерлердi зерттеген орыс ғалымдары Тәжiкстандағы Памир тауының 3 мың метр биiктiгiнен акуланың сүйектерiн тауып алған. Демек, биiктiгi 3 мың метрге жететiн әлгi құз ертеде жыртқыш акула тiршiлiк еткен теңiздiң түбi болған. Сол кезеңдерде мұқабасы жасыл, қалыңдығы 20 беттен аспайтын жұп-жұқа кiтапшадан Жер бетiн топан су қаптағанына 12 664 жыл болғаны көрсетiлгенi туралы деректi оқыған едiм. Өкiнiшке қарай, кiтапшаны жоғалтып алдым. Егер сол кiтапша табылса, Наурыздың тарихына қатысты және бiр маңызды әрi тың дерек қосылар едi. Өйткенi, сол кезден бастап есептесек, Наурызға 12 700 жыл толды деуге негiз бар. Яғни, «Наурызды жұрт қай уақыттан берi тойлап келе жатыр?» дегенге берiлетiн жауап: Нұх пайғамбардан кейiн жалғасын таппай үзiлiп қалған 300 жылды керi шегеремiз. Сонда бүкiл адамзат наурызды 12 400 жыл бойы тойлап келедi деуге болады.

«АТ ШАПТЫРЫП, ҚЫЗ ҚУҒАН, ҚАЙНАЙДЫ ЕКЕН ҚЫЗ-ҚЫЗ ДУМАН»

– Бұған қосымша деректер бар ма?

– Өте көп. Қазақ халқының салт-дәстүрi де өте күрделi. Бiздiң ата-бабамызды Батыста еуропалықтар «гүндер» десе, қытайлар «хұндар», «чүндер» деп атайды. Шын мәнiсiнде «чүн» де емес, «гүн» де емес, Күн! Бiз – Күннен туғандармыз. Арғы ата-бабамыз «күн» боп аталған. Қытайлардың ескi тарихи жазбаларында сол күндердiң уақытындағы салт-дәстүрге қатысты мынадай бiр дерек бар. Хұндардың патшасы (Тәңiр құтылары) Наурыз болған күнi, яғни, күн мен түн теңелген күнi ертеменен Күн шығып келе жатқанда таудың басына көтерiлiп, Күнге бетiн бұрып, екi қолын жайып тұрып өзiне, елiне Тәңiрден тiлек тiлейдi екен. Патша тiлегiн аяқтай бере үн-түнсiз артына бұрылып қарайды. Сол сәтте қобызымен дайын отырған абыз 9 қоңыр күй тартады. Күйiн аяқтап болғасын абыз да артына қарайды. Абыздың ишарасын үнсiз қабыл алатын 365 жiгiт қолдарындағы қобызбен 365 күй тартады. Әр күнге бiр күйден арнайды ғой. Осы маңызды үш әрекет бiткенен кейiн ғана ел Наурызды тойлауға кiрiседi екен.

– Бұл қай кезеңде болған?

– Бiздiң жыл санауымыздан 1000 жылдай уақыт бұрын. Демек, Наурызды бiз қолдан жасап тұрған жоқпыз. Наурыз – тарихи мазмұнға ие мереке. Тарихта бабаларымыз ұлыстың ұлы күнiн ұлықтаған. Мен – Қытайдан келген қазақпын. Атажұртқа көшiп келмей тұрғанда қытайлар жерiнде аталып өтiлетiн Наурызды көргенмiн. Күн мен түн теңесетiн шақта адамдар тек жақсылыққа негiзделген әрекеттер жасауға ұмтылады. Егер ренжiсiп алған ағайын болса, бiр-бiрiнен кешiрiм сұрасып, татуласып жатады. Мойындарында қарыздары барлар берешегiн қайтаруға тырысады. Бұл да бiр қызық дәстүр. Одан кейiн наурыз айында бала-шағасына, отбасы мүшелерiне, туған-туысқанына, елiне жақсы тiлек тiлеу де – дәстүрлi үрдiстердiң бiрi. Сан ғасырдан берi қазақтар Наурызды салт-дәстүрмен, әдет-ғұрыппен, этнографиямен астасқан саяси, әлеуметтiк, экономикалық мәнi бар шара ретiнде қарастырған. Жылдар бойы шешiмiн таппаған рулар арасындағы жер мен жесiр дауы наурыз көже құйылған дастарқан басына жиылған елағаларының басқосуларында ымырашылдықпен шешiлiп отырған. Бұл күнi ел басқарған ағалар бiр-бiрiне нар, тұлпар сыйлаған. Ауқатты байлар бiрнеше күн бұрын ауыл-ауылға хабаршы жiберiп, Наурыз күнi өзiнiң ауылында той болатыны туралы хабар таратады. Сол күнi әлгi байдың ауылына жиылған жұрт көженi тоя iшiп, қымыз-қымыранға қызара бөртедi. Қыз қуылады, көкпар тартылады, ат шаптырылады, балуандар күш сынасады. Тойдың неше күнге созылатыны байдың дайындығына, оның мырзалығына байланысты.

– Ұлыстың ұлы күнi ең маңыздысы – наурыз көжеден дәм тату…

– Әрине. Мереке күнi Наурыз көже байдың да, кедейдiң де үйiнен табылады. Үйдi-үйге кiрiп, бiрiн-бiрi құттықтап, мәре-сәре болысқан жұрт наурыз көжеден дәм татысады. Мерекелiк тағамға қатылатын сүт-сүзбемен бiрге салынатын қоспалар саны ет-май, арпа, бидай, күрiш… әйтеуiр жетеуден кем болмауы тиiс. Жалпы «жетi» қазақы ұғымда қасиеттi сан ғой.

«ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ – ӘЗ НАУРЫЗ»

– Кеңестiк кезеңдегi Қазақстанда тойланған наурыз туралы атасаңыз?

– 1987 жылы «Жерұйық» этнографиялық қоғамы құрылды. Сол кезде бiрқатар азаматтар, әсiресе, Алматы облысы әкiмiнiң орынбасары Жiбек Әмiрханова деген азаматша бiзге көп көмек көрсеттi, көп көңiл бөлдi. Қоғам төрағасының орынбасары етiп тағайындалған маған тiптi, 150 сом көлемiнде жалақы да берiлген. Ол кезде 150 сом – кәдiмгiдей қомақты ақша. Сырт қарағанда, ұлттық құндылықтарды жаңғырту жолында жасалған қамқорлық секiлдi көрiнгенмен, әдейi көзалдаушылықпен, саяси мақсатта берiлген төлем екенi анық. Әйтпесе, бiз жетпiс жылдан астам уақыт қазақы салт-дәстүрге шөлiркеп қалған қандастарға ақысыз, пұлсыз-ақ еңбек етуден қашпас едiк. Менiңше, 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiнде қазақтың жiгiттерi мен қыздарының төгiлген қаны текке кетпедi. Халқымыздың бабадан балаға мирас болған ұлттық құндылықтарымен қайта қауышуына мүмкiндiк бердi. Желтоқсанда ұлттың рухын асқақтатқан қыршындардан қаймығып, тәубесiне келуге мәжбүр болған ұр да жық кремльдiк саясат пен Колбиннiң билiк басына келуi нәтижесiнде Наурыз сияқты төл мерекелерiмiздi халық ешқандай қорқу-үркусiз ашық тойлай бастады. «Жерұйықтың» мұрындық болуымен «Қыз сыны», «Жiгiттiң сұлтаны», Ең ұзақ жасаған қарттар күнi сияқты шараларды ұйымдастырдық. Сәл кейiнiрек Жалайыр Шора атындағы құсбегiлер мектебiн құрып, Алматыдағы Орталық стадионда қасқыр мен түлкiге бүркiт салдық. Жетпiс жыл бойы кеңестiк империяның бұғауында езiлген ұлттық рухтың жаңаруы, жаңғыруы осындай шаралардан басталған болатын. Ал, жыл басы – Наурызды Қазақстанда алғаш рет 1988 жылы тойладық. «Жерұйық» этнографиялық қоғамы Қазақстан тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн өз жұмысын тоқтатты.

– Жыл басы саналатын қасиеттi Наурызды тойлау Қазақстан тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары ерекше бiр ынтамен тойланатын. Өкiнiшке қарай, уақыт өткен сайын әп дегендегi қарқын бәсең тартып, тiптi, кейiнгi кездерi мереке ұлттық нақышынан айырылып бара жатқандай. Сiздiңше, бұған себеп не?

– Себебi. Үкiметтiң ұлттық мерекенi тойлауды қолдауы ойдағыдай емес. Егер билiк аса қасиеттi мерекенi ұлықтап, елге үгiт-насихат шараларын кеңiнен жүргiзсе, дайындық жұмыстарын алдын ала бастаса, онда, әрине, мерекенi дүрiлдетiп өткiзуге болар едi. Жаңа жылды жұрт естерiнен танғанша атап өтедi ғой. Жаңа жыл – бiздiң төл мереке емес. Бiрақ ел жылдар бойы әдеттенiп қалғандықтан, тойлауға келгенде барын салады. Ал Наурызға әлi әдеттене алмай жатыр. Үкiмет Наурызды назардан тыс қалдырмаған кейiп танытқанмен, оны аса қасиеттi төл мерекемiз деп қабылдаған жоқ. Нұх пайғамбардың кемесi кеп тоқтаған жер Қазығұртта, анығында, Оңтүстiк Қазақстан облысына қарасты Қазығұрт ауданында дедiк қой. Сондықтан осы жерден кейiнгi ұрпаққа естелiк боп қалатын кешендер салынса деген менiң ұсынысым бар. Сол кешендердiң бiрi жыл сайын Наурызда бүкiл түркi халықтары ұлттық спорт түрлерiн ұйымдастыратын үлкен спорт кешенi болса. Егер ұсынысымды бiздiң Үкiмет қабыл алса, ұлық мерекелердiң ұлысы – Наурызды дүркiретiп өткiзуге болар едi.

– Бұл ұсынысыңызды билiктiң құлағына жеткiздiңiз бе?

– Жеткiзiлген, әлi де жеткiзiлiп жатыр.

– Демек, шыққан нәтиже шамалы ғой?

– Нәтиже жоқ. Әйтпесе, осы пiкiрдi айтқаныма көп болды.

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары