ЕЛДI ОЙЛАҒАН ЕР КӘНЕ!

ЕЛДI ОЙЛАҒАН ЕР КӘНЕ!

ЕЛДI ОЙЛАҒАН ЕР КӘНЕ!
ашық дереккөзі
380

МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДIҢ КӨБIСIН ЕЛ МҮДДЕСI ТОЛҒАНДЫРМАЙДЫ

Әлемнiң дамыған, өркениеттi елдерiнiң бәрiнде дерлiк мемлекеттiк қызметкерлердiң статусы нақтыланып, олар атқарар мiндеттердiң ауқымы белгiленiп қойылғанына жүздеген жылдардың жүзi өткен. Оларға қойылатын талаптар, қызметiнде жолбасшы ететiн этикалық нормалар да тайға таңба басқандай.

Өкiнiшке қарай, Қазақстандағы мемлекеттiк қызметкерлер, жалпақ тiлмен айтқанда, шенеунiктер жөнiнде ондай дәстүр әлi қалыптасқан жоқ. Олар қандай әлеуметтiк топты құрайды? Сан мыңдаған мемлекеттiк қызметкерлерiмiздi не ойландырып, не толғандырады? Шенеунiктер қандай этикалық ережелердi ұстанады? Ең бастысы, бүгiнгi шенеунiк дегенiмiз кiм және ол қандай талаптарға сай болуы керек? Мiне, осындай аса маңызды сан-сапат сұрақтарға әлi күнге нақты жауап берiле қоймаған. Ең таңданарлығы, елiмiздегi жүздеген мыңдық шенеунiктер армиясының өкiлдерiн де осындай сұрақтар онша толғанта бермейтiндей көрiнедi. Сондықтан да араларындағы бiрлi-жарым қайраткер, қазақтың намысын жыртып, ұлт үшiн қадари-хал еңбек етуге даяр тұлғалар болмаса, көпшiлiгiнiң шынайы мақсат-мүддесi, азаматтық позициясы айқындалмаған, ұстанымдары күңгiрт, кiлегей тектес қоймалжың, нәрсiз масса. Данышпан Абай айтатын:«Көкiректе сәуле жоқ, көңiлде сенiм жоқ. Құр көзбенен көрген бiздiң хайуан малдан немiз артық?»

Қазақстан шенеунiктерiнiң белсендi, таңдаулы бөлiгi шоғырланған Астанадағы мемлекеттiк қызметкерлердiң елiмiздегi жаңғыру мен өзгерiстер, ел өмiрiнен, ең бастысы, ұлттық ұстанымдардан бейтарап қалғаны соншалықты, олар түрлi анекдоттар мен сықақ әңгiмелердiң кейiпкерлерiне айналып үлгердi. Осындайда ойға оралады, осыдан он бес-жиырма жыл бұрын алыс ауылдардағы жұртшылық сол кездегi астана – Алматыдан келген шенеунiктердi жаңалық, iзгiлiк, мәдениеттiлiк пен бiлiм-бiлiк ала келушiлер ретiнде әжептеуiр құрметтейтiн. Жасырары жоқ, көбiнесе солай болғаны да шындық. Ал бүгiнде қазiргi Астанадан келген мемлекеттiк қызметкерлерге марсиандықтарды көргендей үдiрейе әрi таңдана қарайды жұрт. Өйткенi, әлгiлер қарапайым ауыл тiршiлiгiнен мүлдем бейхабар, бүгiнгi өмiрден қол үзгендерiмен қоймай, басым бөлiгi қазақ әдебиетi мен тарихынан, өнерi мен мәдениетiнен де мүлдем мақұрым. Мемлекетiмiздегi қоғамдық процестерден бойларын аулақ ұстайды, iшкi саяси ахуалға көзқарастарын бiлдiруге қызмет бабы мүмкiндiк бермейдi. Бiлiм-бiлiктерi төмен, дүниетаным ауқымдары аядай болғандықтан көбiне тiлге тиек ететiндерi жалпы жұртқа онсыз да мәлiм жайттар, үстiрт ойлар мен тайыз пайымдаулар. Тiптi, жайдақ жарнамалар мен мәнсiз хабарламалардың тақтасы деуге лайық. Ең таңданарлығы, ондайлар бiр ғана тақырып төңiрегiнде әңгiме өрбiтуге машықтанған… иә, iм-м… әлгi…

Кейiнгi жылдары теледидар мен кинотеатрларда үнемi көрсетiлетiн эротикалық фильмдер мен көрiнiстер, сондай-ақ, жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптаған «саржағал» газет-журналдарда жарияланатын жартылай жалаңаш әйелдердiң суреттерi әлгi шенеунiктерiмiзге мейлiнше әсер еткендерi соншалық, нәпсi тоятынан өзгеге өздерi де икемсiз.

Қоңыр күзде автобуста көрген болған ерекше бiр оқиға өмiр бойы ұмытылмайтын шығар. Әрi соншалық күлкiлi екендiгiмен, әрi соншалық мәнсiздiгiмен. Бәлкiм бүгiнгi күннiң ащы шындығына сай жағдай сол ма едi?!

Сол күнi түске таман автобусқа бiрiншi, не екiншi сыныпта оқитын кiшкентай балақанды ерткен уыздай жас қыз келiп кiрдi. Қазақ қыздары қашанда көркем, таңдай қақтырар келбеттi ғой, бұл бойжеткен де айрықша әдемi, бейкүнә сұлулықпен уылжып тұр. Алма жүзi албырап, ұялшақтығы соншалық, қарақат көздерiн көмкерген қалың, ұзын кiрпiгiн жерден көтермейдi. Iнiсi болар, әлгi балақайды бос орындыққа жайғастырып, титiмдей iнiшегiн белгiсiз қауiп-қатерден сақтағандай қорғаштап тұр. Екеуi өзара әлденелердi ақырын әңгiмелеп, ара-тұра тiл қатысады. Балақай әйбәт әпкесiн мақтан ететiн, оны сөйлете түскiсi келетiн сияқты сұрақтарды жаудырады үстi-үстiне. Қамсыз-мұңсыз баланың таусылмайтын бейкүнә сұрақтары. Бозша бойжеткен көбiн жауапсыз қалдырып, үнсiз ғана жымияды. О, тоба, ғажайып бақытты сәттерi-ау! Әлгi балақай өрбiмей қойған әңгiмеден жалықты ма, әлде ән айтқысы келдi ме (несi бар, баланың жүрегi қашанда ән сап тұрады ғой), кенеттен дауыстап ән сала бастасын. Бұрын ешкiм, ешқашан естiмеген ән!Астанадағы шенеунiктер туралы әбестеу дүние.

– Қой, Диас,– деп зекiдi апалақтап қалған сұлу қыз жүзiнде қан ойнап. Қабағын шытына әрi төменшiктеп, бұғына түскен қалпы iнiшегiнiң иығынан ақырын түрттi. – Доғар деймiн! Әдепсiз өлеңдi қайдан үйренгенсiң?

– Неменеге ұрсасың? – дедi әлi де әнiн доғарғысы келмеген Диас әпке ашуының мәнiсiн ұқпай. – Сонда қалай, шенеунiк деген жаман сөз бе?

– Қойшы, ылғи ұялтасың да жүресiң,– деп сыбырлады тағы да жас қыз жан-жағына жалтақтап. – Ендi сенiмен бiрге автобусқа мiнбеймiн. Мектебiңе де бармаймын.

– Кешiршi, Астана туралы ән ғой. Мейлi, ендi айтпаймын бұл өлеңдi. Тек екеумiз бiрге жүрейiкшi, мақұл ма? – Сүйкiмдi балақайдың жайнаған көздерiнде өтiнiш тұнып тұрған.

Кiшкентай Диастың сол сұрағы әлi күнге құлағымда жаңғырады: расымен «шенеунiк деген жаман сөз бе?»

Ол қызға бәрi оп-оңай, қаламаса бұдан былай iнiсiн мектепке ертiп апармауына да болады, ән айтқызбай да қоя алады. Ал ересек бiздер ше?! Сол шенеунiктермен бiр мемлекетте, бiр қоғамда өмiр бойы қатар тiрлiк кешемiз. Өмiрдiң автобусынан оларды лақтырып кете алмайсың, өзiң де жол-жөнекей түсiп қала алмайсың.

Жеке тұлға ретiнде көптеген шенеунiктер жақсы, адал адам, мақтаулы азамат болуы ықтимал, бiрақ жалпы алғанда шенеунiктердi мақтай алмайсыз.Олар қоғамдық жаңғыру, Отанымыздың дамуы сияқты мәселелерге онша жан ауырта қоймайтындай. Шынына келсек, қазiргi кезде Қазақстан шенеунiктерiнiң басты проблемасы құмар қандыру, қалта қалыңдату сияқты. Бiр өкiнiштiсi, бұған қоғам да саусақ арасынан қарайтыны рас! Кезiнде некесiз туған баланы «шата» деп, ондай балаға адамдар, туған-туыстары қырын қараса, қазiр ондайға онша елең етпейдi жұрт. Ең бастысы, әлгi баланың анасы қамсыз-мұңсыз, қиындықсыз өмiр сүрсе болды дейдi жас тоқалдың да әке-шешесi.

Тарих доңғалағының кезектi бiр айналасында алаш арыстары кезiнде мейлiнше айыптап, ағарту, адамдардың ой-санасын көтеру арқылы жеңуге, түбiрiмен балта шабуға тырысқан жас тоқал алу проблемасы қайта туындады. Баяғы:

«Шайтан алсын, шал алсын,

Итбай байғұс мал алсын», – дейтiн феодалдық кезеңдегi әлеуметтiк қатынастар қайта оралуда. Әрине, әзiрге тоқал алуға заң рұқсат ете қойған жоқ, бiрақ орта, төменгi деңгейдегi шенеунiктердiң көбiнiң көңiлдестерi барлығы соншалықты құпия да емес.

Орыстар мен орыстiлдiлер қазiр Лениннiң әйгiлi сөзiн түбiрiмен өзгертiп, «Казахстан – это нефть и токализация всей страны»,– деп қалжыңдайтын болып жүр. Тiптi, осыған дейiн тоқал алу тек қазақтарға тән ұлттық ерекшелiк ретiнде саналып келсе, ендi бұл әдет ұлтына, дiни сенiмiне қарамастан жалпы қазақстандық шенеунiктердiң арасында да кең қанат жая бастапты.

Таяуда «Аргументы и факты – Казахстан» газетiнде психолог Светлана Белова:

«Не так давно ко мне обратилась весьма состоятельная дама, муж которой живет в Астане. Он крупный чиновник, завел там любовницу, или токал, то есть вторую жену. А моя посетительница живет в Алматы. Этот случай весьма типичный. И что примечательно: новое поветрие коснулось не только казахов. Русские коллеги с удовольствием придерживаются мусульманских традиций когда им это выгодно», – деп («Аиф Казахстан»,№11, 2007г.) елiмiздегi шенеунiктердiң ортасында қалыптасқан өрескел жағдайдың астарына назар аударуға тырысқан екен.

Мiне, мәселе осында! Бiздегi шенеунiктер ежелгi шығыстың ләззат құмарлығы, нәпсiнiң ырқына берiлудi бүгiнгi бетiмен кетумен ұштастыруда ерекше жетiстiктерге жеткен iспеттi.

Орта деңгейдегi шенеунiктердiң арасында екiншi әйел – тоқалдың болуы мәртебе саналады. Бұл – еркектiк мақтан, қаржылық жетiстiк, қызметтегi дәреже сынды. Олар көңiлдестерiне жеке пәтер сатып әперiп, қымбат машинамен қамтамасыз етудi тұрақты жолға қоя бастағаны байқалады. Кейбiр машина маркаларын жұрт «тоқалдардың көлiгi» деп ат қойып, айдар таққан.

Иә, шенеунiктер баяғы бай-манаптарша өмiр сүргiсi келедi, олардан асып түсуге ұмтылуда. Мұның бiр жағында өз заңсыз табыстарын жасырып қалу айла-шарғалары жатса, екiншi жағынан оларға ешқандай жауапкершiлiк жүктелмеуiнен. Нақты назар аударар болсақ, елiмiздегi саяси, әлеуметтiк-экономикалық реформалар мен демократиялық жаңарулар шенеунiктердiң орта буындарының қатысынсыз өткiзiлуде. Билiктiң жоғары сатысындағылар, министрлер мен агенттiк төрағалары, әкiмдер, сондай-ақ төменгi iс атқарушы шенеунiктер әлденелердi iске асырып, белгiлi бiр тапсырмаларды орындап, сөгiс алып, сөз естiп жатады, тым құрғанда iс атқарғансиды, ал орта деңгейдегi шенеунiктердiң немен айналысатынын бiр Құдайым бiлсiн. Содан соң қызық қуаламағанда қайтсiн?!

Елiмiзде мемлекеттiк қызметкерлердiң кодексi қабылданғалы бiрнеше жыл болды, бiрақ онда ақ некеге адалдық, отбасына берiк болу туралы ештеңе айтыла қоймаған сияқты. Отан – отбасынан басталатынын ескерсек, өз отбасына, әу баста сүйген жарына адал бола алмаған шенеунiктерден Отанға деген адалдықты талап ету, әй, қиын-ау. Жағдайдың асқынғаны сонша, елiмiздегi некеге тұрғандардың әрбiр үшiншi жұбы қайта ажырасып кетуде.

Кейiнгi жылдары қазақстандық шенеунiктердiң арасында Түркияға барып демалу кең дәстүрге айналғанын жұрттың бәрi дерлiк аңғаруда. Дегенмен, нақ осы елге деген бұндай қызығушылықтың нелiктен күрт өрiстегендiгiнiң астарын аңғару оңай шаруа емес. Әрине, шенеунiктер тынымсыз, аса «ауыр» еңбектерiнен соң демалуға қақылы, сондықтан теңiз асып, өмiрдiң бар рахатын татуға, қамшының сабындай қысқа ғұмырда қызық көруге тиiс. Дегенмен, ұзынқұлаққа сенсек, бұл моданың кең жайылуының басты себебi, бiздiң шенеунiктердiң нәпсiқұмарлығы болса керек. Өйткенi, Түркия үкiметiнiң мәлiмдеулерiнше, бұл мұсылман елiнде 56 қызойнақ үйi (бордель), ресми тiркелген 2376 жезөкше бар.

Ресми тiркелген қызойнақ үйлерi әрбiр iрi қалалардан табылады және «қызыл шамдар көшесi» Стамбулдың Зюрафа ауданында орналасқан. Стамбул қаласы бюджетiнiң қомақты бiр бөлiгi осындай үйлерден түскен табыстар қамтамасыз етедi. Жергiлiктi газеттердiң жазуынша, 2004 жылы 84 жасында қайтыс болған Матильда Манукян осындай жезөкшелердiң 32 үйiне иелiк етiп, елдегi аса iрi байлардың бiрi болып келген. Тiптi, оны Стамбул қаласының әкiмшiлiгi арнайы дипломмен марапаттаған. Басты назар аударарлық жайт, Матильда Манукянның байлығы өмiрiнiң соңғы жылдарында еселеп өскен көрiнедi және бұл қазақ шенеунiктерiнiң Түркияға демалуға баруы жиiлеген кезге тұспа-тұс келген. Кiм бiлсiн, Түркияға жиi баратын бiздiң шенеунiктер әлгi кәрi ханымның баюына тiкелей септiгiн тигiзген шығар?!

Қаңтар айында Ресей шенеунiктерi мен олигархтарының Франциядағы биiк таудағы Куршавельде жасаған қызойнақтары, өздерi жылма-жыл ұйымдастыратын кештерiне кәмелетке толмаған жезөкшелерде әкелетiнi биыл еларалық жанжалға ұласа жаздағаны мәлiм. Полиция табан астында мейрамханаларда тiнту жүргiзiп, жиырмадан астам адам тұтқындалған. Мәдениеттi, мемлекеттiк қызметкерлерге биiк адамгершiлiк талаптар қойылатын Батыс елдерiнде орыстардың бассыздығы, өз елдерiндегiдей жазасыздығы қоғамның ашу-ызасын туғызған-ды. РФ IIМ ресми деректерi бойынша, Ресейде 150 мың жезөкше бар делiнедi. Бiрақ, сараптаулар Мәскеуде 80-130 мың, Санкт-Петербургте 20-30 мың жезөкше барлығын анықтады. Яғни, жоғарыдағы цифр азайтылып көрсетiлген. Қазақстанда жезөкшелер қаншау екенiн ешкiм бiлмейдi. Айтпақшы, жас тоқалдар жезөкшелерге жата ма, жоқ па? Ал 2005 жылы осы аты шулы елдi мекенде қазақ шенеунiктерi мен олигархтары да өздерiнiң жынойнақтарын жасап, Куршавельдi күнәға батырған болатын. Бiр өкiнiштiсi, бұл қызойнақтың көркi болған кiмдер екенi жұртшылыққа беймәлiм, құпия күйде қалды. Француз полициясы сол жылы тұтқындау шараларын жүргiзгенде ғой, мемлекеттiк қызметкерлерiмiздiң бiрқатарының моральдық бейнесiнен хабардар болып жүрер едiк ендiгi.

Бiздегi адамгершiлiк, имандылық талаптардың төмендегенi соншалықты, тiптi осыдан 2500-3000 жыл бұрынғы адамдар дiнсiз кезеңнiң өзiне қызығушылықпен қарауға тура келедi. Мәселен, бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ежелгi Грекияда 640-559 жылдары ғұмыр кешкен, осы елдегi заң реформаторы атанған атақты Солон өз кезiнде Афиныда жезөкшелiктiң жойылуына қол жеткiзiптi. «…Әйелдер мен қыздарды ұрласа немесе зорласа 100 драхм, жеңгетайлық жасағанға 20 драхм айып салынсын. Қызын, қарындасын ақшаға сатқандар қоғамнан аласталсын!» деген үкiмi елдегi жағдайдың оңалуына септiгiн тигiзген. Ал ол кезде 20 драхм айып төлегеннен гөрi өмiр бойы құлдықта өткен жеңiлiрек болғанға ұқсайды.

Қазақстан шенеунiктерi жауапкершiлiктен тысқары болғандығына қарамай, оларға қойылар моральдық талаптар да қалыптаспай отыруы елдегi ахуалды одан әрмен адам төзгiсiз етуде. Тiптi, қазiргi қоғамда жезөкшелiктiң өршiп бара жатуына лауазымды шенеунiктер ықпал ететiн болса ешкiм таңқалмайды.

Кейбiр оптимистер қалыптасқан жағдайды елiмiздегi саяси мәдениеттiң деңгейi жоғарылауы, демократияның дамуы ғана жөндей алады деп сенедi. Мұндай жағдайда отбасылық құндылықтар, тәлiм-тәрбие, адамгершiлiк пен iзгiлiк, адалдық бiрiншi орынға шығады дейдi.

Ол да мүмкiн. Мәселен, болашақта әкiмдер сайланып қойылмақ. Және оның отбасылық жағдайы, рухани кiршiксiздiгi басым мәнге ие болады. Сайлаушылар саясаткерлерге қойылар талапты қатайта түседi. Iзiнше бiздiң елiмiзде шенеунiктердiң төсек қатынастары туралы жиi жазылып, оның көңiлдестерi анықталады. Әнебiр жылдарда Ресейде осылай болғаны әлi жұрттың есiнде. Сонда ғана шенеунiктер жас тоқал емес, елiмiздегi жаңару, даму туралы көбiрек толғанатын шығар.

Нәбижан НҰРЛЫ

Серіктес жаңалықтары