ҚАЗАҚ ҚАЙТСЕ БАЙ БОЛАДЫ?

ҚАЗАҚ ҚАЙТСЕ БАЙ БОЛАДЫ?

ҚАЗАҚ ҚАЙТСЕ БАЙ БОЛАДЫ?
ашық дереккөзі
287

ӨРКЕНИЕТТI ЕЛУ ЕЛДIҢ ҚАТАРЫНА ЕНУ ЖОЛДАРЫ…

Қазақстан жыл сайын бiр ұранның, бiр науқанның аясында өмiр сүредi. Бұл арқылы алдағы саяси даму жолын айқындауға талпынатын сыңайлы. Соңғы жылдары сөзiмiздiң бiсмiлдасын «өркениеттi 50 елдiң қатарынан орын алсақ» деп бастайтын болдық. Бұны, тiптi, мемлекеттiң негiзгi идеологиясы деп қабылдайтындар да бар.

Елу елдiң қатарынан орын алу, әрине, асқақ мәртебе. Бiрақ қалай? Бұған келгенде күмiлжiп қалатынымыз анық.

Елу елдiң қатарына қосылу үшiн бiздегi қазiргi жағдай мүмкiндiк бермейтiндiгiн көп ретте ескере бермеймiз. Неге? Ең алдымен, Қазақстанда өндiрушi сектор дамымаған, ауыл шаруашылығы бәсекелестiкке төтеп бере алмайды. Ауыр өнеркәсiп те, жеңiл өнеркәсiп те, зауыт-фабрикалар да аз. Тiптi, сонау Кеңес одағы заманынан қалған зауыт-фабрикаларымыздың көбi жабылып қалды. Есесiне, қайтадан ашылғаны тым аз. Дүниежүзi сауда ұйымына мүше болуымызға да осы шикiзаттық және тұтынушы мемлекет ретiнде қалып отырғанымыз басты кедергi. Қазақстанда қай өнеркәсiптi дамытамыз десеңiз де мүмкiндiк бар. Бiрақ, тәуелсiздiк жылдарында бiз отандық тауардан гөрi импортқа иек арттық. Бар байлығымызды шетке шығаруға асықтық. Бүгiнде бiздiң екi ұртымыз осы қазба байлығымыз бен астығымыздың арқасында майланып отыр. Сондай-ақ, қолымызда бар өндiрiс, кен орындарын шетелдiктерге мейлiнше сатып жiбердiк. Қазiр бiздiң байлыққа шетел инвесторлары ие. Аса дамыған елдер қатарынан орын алу үшiн, елiмiзде орта шаруа, яғни ұлттық буржуазия қалыптасуы керек едi. Өкiнiшке орай, бiзде әлi күнге дейiн орта буын қалыптасқан жоқ. Қазақстандағы халықтың өте аз бөлiгi аса байып, тiптi, әлемдiк миллиардерлердiң қатарын толықтырып жатса, көбi тақыр кедейге айналып барады.

Қазақстан Республикасының Конституциясында бiздiң ел әлеуметтiк мемлекет құруды басты мақсаты етiп таңдап алғаны жөнiнде айтылады. Бiрақ, сөйте тұра қазiргi даму бағытымызға көз салсақ, бiз әлеуметтiк мемлекеттен гөрi либеральдық бағытқа бет алған сияқтымыз. Қазiргi мемлекеттердiң барлығы дерлiк: әлеуметтiк және либеральдық болып екiге бөлiнедi. АҚШ осы либеральдық жолды таңдаған мемлекет. Ондай мемлекеттер азаматтардың экономикалық өмiрiне қол сұқпауды басты мiндетi санайды. Яғни, кез-келген тұрғынның табысты қандай жолмен табатындығы және оның қанша көлемде болатындығына мемлекет көз алартпайды. Ондай либеральдық мемлекеттерде тұрғындар шаруашылық саласында мемлекеттен тәуелсiз өмiр сүредi. Ал, мемлекет тұрғындарға қандай да бiр әлеуметтiк көмек көрсетуге мiндеттi емес. Әлеуметтiк мемлекеттерде керiсiнше, әрбiр тұрғын мемлекеттiң назарында, оның қолдауы мен көмегiне иек артуға құқылы. Бұған айырбас ретiнде ол белгiлi бiр экономикалық еркiндiктерден бас тартуы керек. Яғни, «прогресивтi салық» төлеуге, бәсекелiк күрестi шектеуге, рыноктық стихияда табысты қысқартуға дайын болуы қажет. Бұндай жағдайда мемлекет адамдардың шаруашылығына араласып, материальдық байлықты теңдей бөлуге мүмкiндiк ала алады. Яғни, аса байлардың қаржысын кедейлерге бөлiп беруге құқылы. Демек, бұл мемлекеттерде аса байлар мен аса кедейлер болмауы тиiс. Оны мемлекет байларға салық салу арқылы реттеп отырады. Дәл осындай мемлекеттiң моделiн Еуроодақ жасап отыр. Бiздiң де, халықаралық қауымдастықтың да алға тарта беретiн идеал мемлекеттер осы – Еуропа елдерi. Ал, бiз Конституциямызға жазып қойған осы қарапайым қағиданы орындап отырған жоқпыз. Қазiр Қазақстанда әлемдегi саусақпен санарлық миллиардерлер өсiп шықты. Кейбiр ақпарат көздерiне сүйенсек, олардың қарасы онға жетiп жығылатын сыңайлы. Тiптi, миллиардерлердi былай қойғанда, кәдiмгi Ұлттық компаниялар мен қаржылық топтардың басшыларының жалақысы АҚШ президентiнiң алатын айлық пұлынан асып кеткен. Бiз айтқандай әлеуметтiк елдердегi алпауыттар мен кедейлердiң табысының арасындағы алшақтық 3-4 пайыздан аспауға тиiс екен. Бiрақ, өкiнiшке қарай, бiзде бұл алшақтық 30-40%-дан асады. Былтырғы жылдың соңғы ширегiнде белгiлi болғанындай «Қазпочта» акционерлiк қоғамының басшысы Кәрiбжановтың алатын жалақысы – 365 мың долларды құраған. Елiмiздегi ең төменгi жалақы — 70 (9 мың 200 теңге) доллар. Бұл екеуiнiң арасындағы айырмашылық 5000 еседен асады екен.

Бiз жыл сайынғы бюджеттi жоспарлағанда, әлеуметтiк мәселелерге көбiрек мән беруге тырысамыз. Елбасының жыл сайынғы дәстүрлi Жолдауы да әлеуметтiк төлемақыларды көбейтуден басталады. Бiрақ, бұның барлығын тасада тұрып атып шығатын инфляция жеп қояды. Жолдауда айтылған қосымша төлемдердiң барлығы алдағы жылда, 2008 жылы жүзеге асатын шаралар. Бiрақ, баға бiр жыл бұрын көтерiледi. Яғни, әлеуметтiк төлемдер мен бюджеттiк қызметкерлердiң жалақысы көбейедi деген сөз ауыздан шығысымен, алыпсатарлар тауарларын 30%-ға қымбаттата қояды. Ал, қосылғаннан кейiн заттың бағасына тағы 30-40% қосылады. Сөйтiп, 30%-ға өскен жалақыңды 60-70%-ға қымбаттаған тұтыну тауарлары жеп қояды. Қазiр тұрғындар бүйтiп жасырынбақ ойнағанша, жалақымызды өсiрмегенi жақсы болар едi дегендi жиi айтады.

Тағы бiр айта кететiнi, әлеуметтiк мемлекетте өмiр сүретiндердiң жалақысы баспана тұрғызып алуға, жер сатып алуға немесе ипотекамен пәтер алуға жететiн деңгейде болуы керек. Қазiр бiздегi жалақымен тұрғын үйлi болу тек қиялға айналды. Сарапшылардың сөзiне сүйенсек, елдегi тұрғын үйдiң бағасы ең қымбат деп саналатын Еуропа елдерiнен де шарықтап кеткен. Бiр айырмашылығы Еуропа елдерiндегi жалақы – сол тұрғын үйге қол жеткiзуiне мүмкiндiк берсе, бiздегi жалақы Еуропа елдерiмен салыстыруға да келмейдi. Ондағы жалпы iшкi өнiм (ЖIӨ) бiздегiмен салыстырғанда жүздеген есе артық. Қазiр Алматыда тұрғын үйдiң бiр шаршы метрi 3 мың долларға жеттi. Ал, алматылықтардың орташа жалақысы 60 мың теңгеге жуықтаған. Бұл өте жоғары жалақылы банкирлер мен ұлттық компания басшыларының жалақысының есебiнен осылай болып отыр. Шын мәнiсiнде күнi бүгiнге дейiн 20-30 мың теңгенi қанағат тұтып жүргендердiң үлес салмағы 60 мың теңге жалақы алатындардан анағұрлым көп. Баспана салу ниетiнде бiр шаршы жер сатып алу үшiн 5 мың АҚШ долларын төлеуiң қажет. Демек, 20-30 теңгелiк жалақысы барды былай қойып, 60 мың теңге жалақы алатындардың өзi Алматыдан пәтер мен жер сатып алу мүмкiндiгiне ие емес.

Бұл тек Алматы тұрғындарына ғана қатысты дүние емес, жалпы Қазақстанның қай түкпiрiн алсаңыз да, жағдайдың осылайша сипат алып тұрғанының куәсi боласыз. БҰҰ-ның келтiрген деректерiне көз жiберсеңiз, Қазақстан халқының 40%-ға жуығы кедейшiлiк шегiнде өмiр сүредi. Оның iшiнде ауыл халқының 70-80%-ы кедей. Ал, әлеуметтiк мемлекет үшiн кедейлердiң үлес салмағы 12-15%-дан аспауы керек. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi бiзде кедейлер жоқ деген ақпарат таратты. Осы саланың министрi Гүлжан Қарақұсова бiр сиыры барлардың барлығын орташаға жатқызыпты. Бiз осыдан бiраз уақыт бұрын Алматы облысының Ескелдi би ауданы Қарабұлақ ауылында болғанымда 10 балалы отбасының бiр сиырға қарап отырғанының куәсi болып едiм. Оларға жергiлiктi халықты әлеуметтiк қорғау бөлiмшелерiнiң қызметкерлерi бiр сиыры үшiн атаулы көмек беруден бас тартыпты. Алайда, бұл отбасы кедейлiктен балаларын мектепте оқыта алмай отыр. Бiз бұл туралы бұған дейiн де талай айтқан болатынбыз. Бұндай мысалды тек бұл емес, мыңдап табуға болады.

Сонымен бiздiң ел әлеуметтiк мемлекет құру жолында ма, жоқ па деген сауалға жауап табу қиын. Дегенмен, мемлекет жыл сайын әлеуметтiк төлемақыларды көбейту арқылы осы бағытқа жол тартқандығын көрсеткiсi келедi. Бiрақ, кейбiр көрсеткiштерi бойынша, либерализмнiң көрсеткiштерi басым.

Маман пiкiрi:

Әзiмбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

— Әлеуметтiк мемлекеттiң екi моделi бар. Коммунистiк және классикалық нарықтық елдер. Классикалық нарықтық елдерге Британ және америкалық модель. Бұл елдердiң екеуiнде де қос партиялық жүйе болғандықтан 2 түрлi әлеуметтiк көзқарас болған. Ұлыбританияда консерваторлық, АҚШ-та республикалық партия. Ұлыбританияда либористер, АҚШ-та демократтар. Екiншiсi континентальдық елдер: Франция мен Германия, Швеция.

Батыс нарық модельдерiнiң ерекшелiгi — еңбек құқығына кепiлдiк берiлмейдi. Көмек бар, кепiлдiк жоқ. Бұл елдерде жұмыссыздық мөлшерi — 5-7% көлемiнде. Олардың iшiне студенттер мен үй шаруасындағы әйелдер де енедi. Мәселен, Германияда жұмыссыз адамға бiр жерден жұмыс табылса, ол адамның мамандығы сәйкеспессе, үш ай курсқа жiбередi. Егер, үш айдан кейiн жаңағы орын бос болмай, басқа жұмыс табылса, әлгi адам қайтадан курсқа жiберiледi. Яғни, не тiркеуде тұруы қажет, не курс оқығаны жөн. Сондай-ақ, тұрмыс, үй беруге кепiлдiк жоқ. Бұл жерде ай сайынғы жалақысының 60-70% арендаға кетедi.

Берiлетiн көмектер көп, бiрақ, баспанамен қамтамасыз етiлмейдi. Америкалық модельдiң ерекшелiгi — жұмыссыздық табиғи нарық деп есептелiнедi. Әлеуметтiк сектор аз.

Кез-келген әлеуметтiк мемлекеттердiң мақсаты — масылшылдық пиғылмен күрес. Қазақстан әлеуметтiк мемлекетке ендi бет бұрып келедi. Бiрақ, минустар жеткiлiктi. Соңғы бiрнеше жыл бойы бiзде реалды секторда еңбек өнiмдiлiгi — 8% болды, ал әлеуметтiк шығындар 10%-ға жеттi. Демек, бiз мұнай пирогын жеп жатырмыз. Орта Азия елдерiндегi төңкерiстен кейiн әлеуметтiк төлемдер көбейiп кеттi. Тағы бiр минусымыз еңбек рыногын қорғай алмай отырмыз. Еңбек рыногын шетел жұмысшылары қаптап кеттi. Мәселен, бiз биыл 160 мың өзбектi заңдастырдық. Өзiмiзде сол мамандық иелерi бола тұра. Олардың бiрiншi буыны өз талаптарын қоя қоймас, әлi екiншi буын мектеп сұрай бастауы мүмкiн. Бiздiң Үкiмет ауылдағыларды әкелгеннен гөрi, заңсыз мигранттарды заңдастырған қолайлы дейдi. Бiрақ бұның зардабын кейiн тартады. Сондықтан, Қазақтың 70%-ы ауылға келуi қажет. Әрбiр тұрғынға 10 сотық жер беру туралы Қаулы жүзеге асуы керек. Онсыз бұның соңы тап тартысына әкелiп соғады.

Бұрын Кеңестiк жүйеде бай мен кедейдiң арасындағы алшақтық 7-10 есе болатын. Қазiр тiптi арадағы алшақтық көбейiп кеттi. Әлеуметтiк мемлекетте — 50-60% орта тап өкiлдерi болуы керек, байлар — 15%, қалғандары орта таптан үмiткер кедейлер.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары