КЕШЕ – ШЕЛЕК, БYГIН – МАЛОВОДНОЕ...

КЕШЕ – ШЕЛЕК, БYГIН – МАЛОВОДНОЕ...

КЕШЕ – ШЕЛЕК, БYГIН – МАЛОВОДНОЕ...
ашық дереккөзі
790

Жер-жерде орын алып жатқан дау-жанжалдар неге әкеп соғады?

«Интерфакс-Қазақстан» агенттiгi Алматы облыстық құқық қорғау органдарына сiлтеме жасап, дүйсенбiге қараған түнi Маловодное ауылында қанды жанжалдың орын алғанын хабарлады. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, бесеуi ауыр халде ауруханаға жеткiзiлген. Ал, өзге де отандық ақпарат құралдары қаза тапқандардың екеуi – қазақ, бiрi – чешен болғанын хабарлап үлгердi.

Шелектегi қазақ пен ұйғыр жастарының арасындағы төбелестiң дүмпуi басылмай жатып, Алматы облысына қарасты тағы бiр ауылда дау-жанжал орын алды. Бұның да «диагнозы» – тұрмыстық деңгейдегi жанжал ғана. Себебi Қазақстанда ұлт өкiлдерi көп те, «ұлтаралық мәселе» жоқ. Елiмiз осы тектес оқиғаларды ылғи «көрпенiң» астына тығып, жанжалшыларға «маскүнем» деп айдар тағып, «ұлтаралық мәселе» жайлы сөз қозғағысы келмесе де, Маловодное ауылында орын алған оқиғаны жасыру мүмкiн емес. Себебi бiрқатар ресейлiк ақпарат құралдары да бұл оқиғаны күллi әлемге жайып салды. Мәселен, News.ru интернет-басылымы отандық ақпарат құралдарына сiлтеме жасап: «Не исключено, что конфликт может носить межнациональный характер» – дейдi. Соңғы мәлiметтерге сенсек, атыс-шабысты жанжалға 25-30 жас аралығындағы ондаған адам қатысқан. Дүйсенбi күнi жергiлiктi тұрғындар үлкен митинг өткiзген. Олардың талап-ниеттерi төмендегi әңгiмеде:

Дос КӨШIМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, саясаттанушы:

БҰЛ ЖАНЖАЛДЫ ЖЫЛЫ ЖАУЫП ҚОЙСА, ЖАҒДАЙ БҰДАН ДА ҮДЕЙ ТҮСЕДI

– Жағдайдың дәл осылай болатынын бiз Шелектегi оқиға басталған уақытта айтқан болатынбыз. Бұның ұлтаралық мәселеге қатысы бар деп есептеймiз. Осы жерде тұратын тұрғылықты халық әлi күнге дейiн қазақтың жерiн, қазақтың мемлекетiн мойындамайды. Және мойындағысы келмейтiн топтар да бар. Билiк жүйесi ұлтаралық қатынастарға да тек қана ұран түрiнде қарайды «тұрақтылық, тұрақтылық» дегендей… Ал, шын мәнiнде бұлардың арасында достық па, әлде басқа ма, бұған әлi күнге дейiн ешкiм көңiл бөлген жоқ. Кейбiр жергiлiктi билiк өкiлдерi тек қана өздерiнiң қалталарын толтырумен әлек. Сондықтан осындай бассыздықтың арты ұлтаралық қақтығысқа барып тiрелдi. Бұл трагедиялық жағдай. Ең қорқыныштысы, сол жердегi жергiлiктi билiк ресми түрдегi мәлiметтерiнде «тағы да қарапайым бiр төбелес болды, адам шығыны да бар» дегенмен шектелiп отыр. Ал, оқиға болған жерге барып көрсеңiз, жергiлiктi қазақтардың көзқарасы мүлдем басқа. Олар чешендердiң кетуiн тiкелей талап етiп отыр. Өйткенi егерде олар бiр жерде бiрге тұра алмайтын болса, бiрге бауырласа алмайтын болса, екеуi екi жақта тұрғаны дұрыс та шығар. Өкiнiшке қарай, бұл мәселе шешiлмейтiн деңгейге жеттi. Және мұнда бәрiн бүлдiрген тек қана Махмахановтар әулетi емес, осыған дейiн қазаққа тiзесiн батырып отырған, Қазақстанның заңын мойындамай отырған, қалтасында ақшасы бола жүрiп: «Бiзге осы-ақ жетедi, басқа заңның қажетi жоқ» деп жүрген азаматтарға үлкен сабақ ету керек. Осының бәрiн бiр-ақ ауыз сөзбен айтсам, қазақтардың әлi күнге дейiн өз елiнiң қожайыны әрi өз жерiнiң иесi бола алмай отырғанының салдары деп тiкелей айтуға болады. Өкiнiшке қарай, билiк белгiлi бiр шешiм ұсына алмай отыр. Бұл орайда халыққа өз өмiрiн өзiне шешуге тура келедi. Ал, қазақтар шыдамды, бәрiн төрiне шығаратын халық, бiрақ ешкiмдi төбеге шығармайды. Мұны басқа ұлт өкiлдерi де түсiне бiлуi керек.

– Соңғы оқиғаларды тiзiп қарасақ, Теңiзде қазақ пен түрiк жұмысшылары, Шелекте қазақ пен ұйғыр жастары төбелескен, ендi, мiне, Маловодное ауылында тағы бiр оқиға орын алды. Бұл табиғи түрде орын алып жатқан жанжалдар ма, әлде бұл белгiлi бiр күштердiң ұйымдастыруы ма?

– Бұнда ешқандай да ұйымдастыру әрекетi жоқ. Мұндай жағдайлар бұрын да орын алған, бiрақ мынандай алапатты түрдегi жағдайды бiз көрген жоқпыз. Бiрақ мұның бәрi тамшы сияқты жинала берген мәселе ғой. Күндердiң бiр күнi жарылуы мүмкiн… Бұл – табиғи жағдайда болған мәселе. Сондықтан оған саяси ұйымдар кiнәлi, әлде шетелдiк агентуралар кiнәлi дегендi мен қабылдағым келмейдi. Бұл қазақтың өз елiнде шешiлмеген мәселелерден ашу-ызасының шегiне жеткенiнiң бiр көрiнiсi ғана. Мұның ары қарай жалғасуы әбден мүмкiн. Себебi 1991-шi жылы дәл осындай жағдайлар Қазақстанның оншақты жерiнде болған. Талдықорғаннан чешендердiң бiр тобының көшiп кеткенiн бiлемiз. 91-шi жылы Есiк қаласының жанындағы Рахат ауылында 15 мың түрiк пен қазақтың арасында үлкен қақтығыс болып, оның соңы шиеленiсiп кетпеуi үшiн қанша жүгiргенiмiз белгiлi. Осы тектес жағдайлар Шымкентте де, Астананының жанында да, Өскеменде де болды. Бiрақ мұның ешқайсысында нақты бiр шешiмнiң табылғанын көрген жоқпыз. Ал, Ассамблея мүшелерiнiң бiрде-бiреуiн осындай жағдайда кездестiрген жоқпыз. Сондықтан мұны да жылы жауып қоя берсек, бұл мәселе одан әрi үдей түседi де, бұдан да жаман тұрпат бередi.

Ахмед МУРАДОВ, чешен-ингуш халықтары мәдени орталығының төрағасы:

ЧЕШЕНДЕРДI ЖЕР АУДАРТУ ТУРАЛЫ ТАЛАП ҚОЙЫЛЫП ЖАТЫР

– Интернетте Маловодное ауылында қазақ пен чешен жастары арасында төбелестiң шыққаны жайлы ақпар пайда болды. Сiз не айта аласыз?

– Шынтуайтына келсек, осыдан бiр ай бұрын екi жас жiгiт төбелесiп қалыпты. Өздерi дос-жарандар. Оның үстiне «КазАтКом» ауылында тұратын жерлестер.

– Бұл жанжалды ұлтаралық мәселе ретiнде қарастыруға бола ма, әлде бұл тұрмыстық жанжал ма?

– Бұл қалайша «ұлтаралық мәселе» болады, егерде әлгi чешен жiгiт чешеннен бұрын қазақ болса?! Ол – әлгi қазақтың досы. Екеуi де арақ iшкен ғой. Сондықтан iшiмдiкке салынып төбелескен. Бұны «КазАтКом»-ның барлық тұрғындары бiледi. Мұнда ешқандай да ұлттық мәселе жоқ. Себебi онда чешен мен қазақтан бұрын, екi қазақ төбелестi десе де болғандай…

– Ал, сiздiң Маловодное ауылына бару себебiңiз қандай?

– Мен оперативтi штабтың жұмысына қатысамын. Себебi мен Қазақстан халықтары ассамблеясының мүшесiмiн. Бiз әкiммен, құқық қорғау органдарының басшыларымен бiрлесiп жұмыс iстеп отырмыз.

– Орын алған жағдай бiрқалыпқа келдi деп ойлайсыз ба?

– Мен жағдай бiрқалыпқа келдi деп ойламаймын, себебi Конституцияға қарсы талап, яғни, «чешендердi жер аударту туралы» талап жасалып жатыр. Мен митингiге шыққандардың айтқаны болады деп ойламаймын. Себебi олар ешбiр жанжалға қатысы жоқ, кiнәсiз адамдар ғой. Оның үстiне ұлтына қарап, алалауға болмайды бiздiң елiмiзде…

– Яғни, жиналғандардың талабы – оларды басқа жерге көшiру ме?

– Жоқ, алаңда жиналған манифестанттардың бiр талабы – чешендердi жер аударту. Чешендердi Қазақстаннан олардың чешен болғаны үшiн ғана жер аудартуына ешкiмнiң қақы жоқ. Егер бiреу кiнәлi болса, оны сотта тергеу керек. Ал, егерде ол чешен болғаны үшiн бiрдеңе жасауы керек болса, онда бұл оның жеке құқының бұзылуы, Конституцияның бұзылуы, халықаралық құқықтың аяққа тапталуы. Сондықтан мұнда халықаралық деңгейде проблемалар болуы мүмкiн.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары