ОРАЛМАНДАРҒА БӨЛIНГЕН СТИПЕНДИЯ

ОРАЛМАНДАРҒА БӨЛIНГЕН СТИПЕНДИЯ

ОРАЛМАНДАРҒА БӨЛIНГЕН СТИПЕНДИЯ
ашық дереккөзі
340

Осыдан жарты жыл бұрын, яғни 2006 жылдың соңында Коммерциялық емес «Seimar Social Fund» талантты студент-оралмандарға арнайы материалдық стипендия бөлген болатын. Аталмыш қор мен Қазақстанның Оралмандар кеңесi ұйымдастырған игiлiктi шара өз мәресiне жеттi. Кеше «Интерфакс-Қазақстан» баспасөз-орталығында бәйгенiң қорытындысы болып өттi.

Студенттердiң арасында өткен байқауға елiмiздегi 38 жоғары оқу орындарының оралман-студенттерi қатысып, бақ сынаған екен. 200-ге жуық өтiнiш иелерiнiң арасынан 20-сы ғана озық шығып, стипендияны жеңiп алыпты. Байқауды өткiзген комиссия мүшелерi оралман-студенттерге бiрнеше талаптар қойыпты.

Ол талаптардың арасында негiзгiсi 2,3,4-курстардың соңғы сессиясының орташа бағасы 4,5 балдан жоғары немесе тең болуы керек екен. Сондай-ақ, iзденушi әртүрлi ғылыми конференцияларға қатысқан және байқаулар мен олимпиадалардың жеңiмпазы болуы да шарт. Сонымен қатар, байқауға қатысушы оралмандардың дәрежесiн анықтайтын құжаттары мен ҚР азаматтығы туралы куәлiгi қоса көрсетiлуi керек.

– Байқауды өткiзудегi басты мақсат тарихи отанына оралып жатқан жас талаптарға материалдық көмек көрсету, – дейдi «Seimar Social Fund»-тың атқарушы директоры Айғаным Малишева. – Мұның негiзiнде жас оралмандарды патриоттық сезiмге тәрбиелеу және мемлекеттiң ғылыми және қоғамдық өмiрiне тарту.

Байқауды өткiзуге мұрындық болған Оралмандар кеңесiнiң басшысы Артықбай Үкiбаевтың айтуынша, оралман-студенттердiң арасында үздiк оқитын талапкерлер өте көп екен. Тiптi, атажұртына келiп, ғылыммен айналысып жатқан жас дарындар да жетерлiк көрiнедi. Олардың ғылыммен қиналмай айналысуы үшiн қаржы-қаражат қажет-ақ. Сондықтан аталмыш қордың бөлiп отырған 2500$ көлемiндегi қаржысы әр студенттiң қажеттiлiгiне айналары хақ. Әзiрге алғаш рет берiлiп отырғанымен, мұндай қайырымдылық шаралар өзiнiң әрi қарай жалғасын таба бермек.

Серіктес жаңалықтары