ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДI ӨРНЕКТЕГЕН СӘН ҮЙI

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДI ӨРНЕКТЕГЕН СӘН ҮЙI

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДI ӨРНЕКТЕГЕН СӘН ҮЙI
ашық дереккөзі
422

Бүгiнде ұлттық киiм үлгiлерiн тiгiп, Қазақстанда насихаттап жатқан цех та, фабрика да көп емес. Рас, кезiнде жеңiл өнеркәсiптi дамытқан түрлi өндiрiс ошақтары жұмыс iстедi. Олар елге қажеттi дүниелердiң барлығын дерлiк тұтынушыға жеткiзiп отырды. Дайын өнiммен қамтамасыз етiлiп отырған соң, тұтынушының да жағасы жайлауда болғаны анық. Өзiне қажеттi тауарды кез келген дүкендерден оңай тауып алатын. Әрi сатып алатын дүниесi де сапалы болушы едi. Бүгiнде ол заман келмеске кеттi. Нарықпен бiрге келген қиыншылық көптеген фабрикалардың тоқтап, тұралап қалуына соқтырды. Бұрынғыдай жүздеген, мыңдаған тауарларды шығарып, тұтынушысына ұсынып жатпаған соң, тұраламағанда қайтсiн?!

Уақыт өте келе көпшiлiк те нарықтың көшiне iлесе бастады. Бiрден төрт аяқтап кетпесе де, жайлап жандана бастады. Әрине, бұрынғы алпауыт зауыт фабрикалар сияқты өнiм өндiрмесе де, шағын-шағын цехтардың жұмыстары күн өткен сайын түрленiп келедi. Сондай қиындықтармен басталған компанияның бiрi – «Ерке-Нұр» болатын. Компания да талай-талай белестерден өттi. «Ерке-Нұр» фирмасы ұлттық киiм мен ұлттық киiмнiң негiзiнде қазiргi заманауи киiм үлгiлерiн шығаратын болғандықтан, негiзiнен киiмге салынатын ою-өрнектердiң дұрыс болуына баса назар аударып келедi.
«ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ СӘН ӨНЕРIН ӘЛI ДЕ МОЙЫНСҰНБАЙ КЕЛЕДI»
 

Әр халықтың өзiне ғана тән киiм кию үлгiсi бар. Сол киiм үлгiсiне қарап, қай ұлттың қандай екендiгiн ажыратуға болады. Қанға сiңген ғұрып пен әдет-салт ұлттың ұлылығын мойындатады. Сондықтан, киiм өнерi де басты назарда. Қазақ халқының да ұлттық киiм үлгiсiнде өзгешелiктер көп. Мәселен, әйел адамның киiм киiсiне қарап, балалы әйел ме, әлде жаңа түскен келiн бе, әйтеуiр жасының қай шамаға келгенiн, тiптi қоғамдағы орнының қандай екендiгiн пайымдауға болады.

Бүгiнгi таңда ұлттық киiмдердiң ұлттық ерекшелiктерiн сақтай алып отырмыз ба? Бабаларымыздан келе жатқан ұлттық өнердi жоғалтып алмайық деген мақсатпен киiм тiгу өнерiн тiрiлту негiзiнде дүниеге келген «Ерке-Нұр» фирмасының да көздеп отырғаны осы. Өзiнiң ата бабаларының туып-өскен жерiне келiп, атажұртында бiр тiрлiк жасасам деген ниетпен, «Ерке-Нұрды» дүниеге әкелген Фарида Мерқамитқызы алғаш компанияны ашқанында қолында бар жоғы үш-ақ тiгiн машинасы болыпты. – Ең алғаш рет шағын бiр үйдi жалға алып, цех құрдым. Ойым қазақтың бешпетi мен қамзолын тiгу. Ең алғашқы бұйымымызға да барымызды өрнектеп, қолымыздан келген өнердiң бәрiн үйiп-төктiк, – дейдi Фарида апай. – Жұмысымыз жаман болмаған сияқты. Дайын болған өнiмдi сату керек емес пе? Сосын алдым да әуелi «Барахолкаға» алып бардық. Сапалы, әрi ұлттық дүние болған соң, арзанға бере салмайсың ғой. «Барахолкада» қалаған бағама өткiзе алмаған соң, қаладағы қымбат дүкендердiң бiрi «Цумға» алып келдiм. Киiм-кешек сатып тұрған орыс әйелiнiң қасына жақындап келiп, тiккен дүниелерiмдi көрсетiп едiм, сатушы әйелге бiрден ұнады. Ол менiң бешпетiм мен қамзолымды алып қалды да, өзi кейiнiрек хабарласатынын айтты. Сол күнi кешкiсiн телефон соғып тұр. «Сiздiң киiмдерiңiздiң екеуiн де алып кеттi. «Қандай тамаша киiм, тағы бар ма?»деп сұрап жатыр», – дейдi. Сөйтiп, менiң өнiмiмнiң жолын ашқан кiсi сол. Әлi күнге ол кiсi бiздiң дүкенiмiзде сатушы болып жұмыс iстейдi. Жасаған өнiмiмiздiң өтетiнiне, сұраныстың барлығына көзiм жеткен соң, ақырындап киiм тiгудi көбейте бастадық. Әуелi бес адамды жұмысқа қабылдадым. Бас киiм тiгетiн адамды, өрнек тiгетiн шеберлердi жұмысқа шақырдым. Сөйтiп жүрiп, компаниямыз кеңейе бастады. Рас, әуелде бiз де қиналдық. Тiккен дүниелерiмiздiң айлап өтпей қалған кездерi де болды. Соған қарамастан, киiмнiң сапасы жақсы болған соң, тұтынушыларымыз көбейе бастады. Аздап болса да қиындықты өз еңбегiмiзбен жеңдiк. Сол кездегi еңбек бюроларына барып, бұрын тiгiн фабрикаларында жұмыс iстеген, кейiн қызметсiз қалған адамдарды жұмысқа алдым. – Қызметкерлердi жұмысқа алған соң, оларға жалақы төлеу керек емес пе? Оны не iстедiңiз? – Қызметкерлерге төлейтiн жалақыны өндiрген өнiмiмiзден түскен ақшадан төлеп отырдық. Алғашында қорыққам. Қазiр құдайға шүкiр, затымыз өндiрiле бастады. Затымыз өткен соң, қаражатымыз да көбейдi. Ақшамыз көбейгеннен кейiн, өндiрiсiмiздi де ұлғайта бастадық. Қызметкерлерiмiздiң саны көбейдi. Әртүрлi тiгiн машиналарын, компьютерлiк машиналар сатып алдық. Алғаш рет 1999 жылы өнiмiмiздi көрмеге қойдық. 1999 жылдан бастап, өндiрiстiк киiмдердi ғана емес, сән киiмдерiн, яғни сахналық киiмдердi де дайындай бастадық. Сахналық киiм үлгiсiн әзiрлеудiң арқасында, түрлi байқауларға да қатысуға мүмкiндiк туды. Сөйтiп жүргенде, 2001 жылы Сингапурда «Азия келбетi» деген сыйлықты жеңiп алдық. Бүкiл Азиядан барған сән үйлерiнiң алдында алғашқы орынды иемденген соң, сенiмiмiз де арта бастады. 2002 жылы Түркиядағы елшiмiз Қайрат Сарыбаев мырза бiздiң өнiмдерiмiздi көрiп, бiздi гастрольдiк сапарға шақырды. Түркияда, Стамбулда, Iзмiр деген қалаларда өнер көрсеттiк. Бiздiң жасаған коллекцияларымызды бүкiл Түркияның баспасөздерi насихаттады десек те болады. Тiптi, 2003 жылы Германияға барып қайттық. – Байқауларға қатысу үшiн арнайы шақыртулар келетiн бе едi? – Көбiне арнайы шақыртулар алатынбыз. Шет елдерге бару өте қымбат қой. Бiзге қауымдастық өте көп көмектестi. Мемлекеттiк делегацияға қосылып жүрдiк. Кейiн өздерi арнайы шақыра бастады. 2004 жылы Үрiмжiде өткен сән байқауында он үш елден қатысқан сән үйлерiнiң арасында алдыңғы орынға шықтық. Сол жылы Республика сарайында «Атамекен көңiл сазы» атты тұңғыш сән көрсетiлiмiн өткiздiк. Құдайға тәубе, жұмысымыз күннен күнге өсiп келедi. Бүгiнде бiздiң сән үйiмiзде 200-ге жуық қызметкерлер жұмыс iстейдi. Бiрнеше цехтарымыз бар. — Арнайы тапсырыстар қабылдайтын шығарсыздар? – Көбiне тапсырыстар түсiп жатады. Әрi өзiмiздiң дүкендерiмiз де бар. Екiншiден, мемлекеттiк тапсырыстар болады. Оркестрлерге, үлкен кештерге арнайы тапсырыс қабылдап, киiм тiгемiз. Одан кейiн, күнделiктi халық өздерi тұтынатын заттарын бiзге келiп тiктiрiп жатады. – Былтырғы жылы бiрыңғай киiм үлгiсiне байланысты тапсырысты қабылдап алған екенсiздер. Осы бiрыңғай киiм үлгiсiне байланысты дау туындағаны есiмiзде. Бұл сiздердiң тiккен киiмдерiңiзге де қатысты емес пе? – Былтырғы жылы тамыз айында тапсырыс алдық. Бiлiм департаментiне шақырып алып, «жоғары класс оқушыларының балаларына жиырма мыңдай киiм тiгiңдер» дедi. Бiрақ, ондай киiм тiге алмадық. Бар жоғы 4 мыңға жуығын дайындадық. Олардың ешқайсысы тұрып қалған жоқ. Барлығы да өтiп кеттi. Әрi ешкiм де өкпе айтып келген жоқ. – Мектеп киiмдерiн iздегендердiң көбi қырғыздың киiм формасын көбiрек алған сыңайлы. – Оның әртүрлi себептерi бар. Қазақстанда еңбек ақы қымбаттау. Одан кейiн бiзде үлкен өндiрiс орны жоқ. Қырғызда еңбектiң құны арзан, олардың киiмдерiнiң арзан болатыны да сондықтан. – Мыңдаған киiм тiгу үшiн үлкен өндiрiс орны керек дейсiз ғой. – Екi жүздей адам деп отырмыз ғой, бiрақ оның өзi аз. Олардың өзi бөлiнiп кетедi. Бас киiм тiгетiн, өрнек тiгетiн үш цех бар. Соның бәрi бөлiнiп кеткенде, қалғанына аз ақ адам қалады. Ал, шет елдегi фабрикаларға қарасаңыз, өте үлкен. Мың адамдық фабрика дейсiз бе, бәрi бiрыңғай жұмыс iстейдi. – Сән бизнесiне келгеннен кейiн, бұрын жұмыс iстеген, қазiр тұралап қалған кейбiр фабрикаларды жекешелендiру туралы ойланып көрмедiңiз бе? – Осы өзiмiз отырған балабақшаны АХБК-дан сатып алғам. Бiр гектардай жерiмiз бар. Одан үлкенiн сатып алуға шамамыз келмейдi. – Бәсекелес сән үйлерi көбейiп келедi. Бәсекеден ұтылып қалам деп қорықпайсыз ба? – Сән үйлерiнiң iшiнде бәсекеге қабiлеттiсi «Сымбат» ғана. Қалғандарының көбi шағын отельелер. – Ұлттық киiмдi көбiрек тiгетiн «Ерке-Нұр» ғана. Ұлттық киiмдi байқасаңыз, жиын-тойдың, мерекенiң қарсаңында ғана көбiрек iздейтiн сияқты. – Жоқ. Бұған келiспеймiн. Мерекенiң қарсаңында ғана емес, күнделiктi өмiрге тұтынуға да халық iздейтiн болып алды. Неге десеңiз, ұзатылу тойларында қаланың қыздарының өзi қазақтың ұлттық киiмiмен шыққысы келедi. Жiгiттерiмiз де солай, балаларымыз да солай. Ұлттық киiмге деген сұраныс жоғарылап келедi. – Солай бола тұра ұлттық киiмдерiмiздiң фестивальдерге қатыспайтыны нелiктен? Әлде шақырмай ма? – Қазiр фестиваль өткiзiп жүргендердiң барлығы, еуропалық үлгiнi сүйетiн, еуропалық пiшiндегi азаматтар. Олар көбiне шет елден шақырғысы келедi. Өздерiнiң имиджiн көтеру үшiн. Олар әлi ұлттық киiмнiң маңызын түсiне бермейдi. Киiм деген еуропаның үлгiсi деп ойлайды. Өткенде «Жоғары сән үлгiсi» деген болды. Бiз де қатыстық. Арасында жақсылары да бар. Шетелдiктерге елiктеп, бiздiң кейбiр модельерлерiмiз қазақтың жiгiттерiне iшкиiм кигiзiп, галстук тағып шығарды. Оның қай жерi жоғары сән үлгiсi, мен оны түсiнбеймiн. Ұлттық сезiмдегi адамдар сән үлгiсiн, сән өнерiн әлi де дұрыс түсiнбей жатыр. Алматыда, Астанада ұлттық киiмдердiң фестивалiн өткiзсек деген ойым бар. Бiрақ әлi жүзеге аспай келедi. Бiздiң қазақы шоу-бизнесте жүрген адамдарымыз, сән үлгiсiн өнердiң бiр саласы деп түсiнбейдi. Кейде бiздi наурыз мерекесiне немесе концерттерiне шақырғанда «пәленбай әншiнiң артынан шығып берiңiз» дегендi алға тосады. Неге бiз олай жасаймыз? Бiз әншi немесе бишi емеспiз ғой. Бiзге үш минут уақыт берсе, сән үлгiлерiн көрсетер едiк. Ал олар: «киiм көрсетуге де уақыт беремiз бе?» деп шыға келедi. Көрдiңiз бе, ұлттық киiмге мән берiлмегендiктен, киiм өнерiн өнердiң бiр саласы деп қарай алмай келемiз. Жан-жақты, мемлекеттiк деңгейде қолға алынбағандықтан, осындай жағдайлар болып жатады. – Әлемнiң бiрқатар мемлекеттерiне барып, киiм үлгiсiн көрсеттiк деп жатырсыз. Өзге мемлекеттердiң киiм үлгiсi қалай екен? Олар да өз ұлтының ұлттық киiмдерiн алып келе ме? Әлде… – Корея өте дамыған мемлекет. Соған қарамастан, олар өздерiнiң ұлттық киiмдерiн екiншi кезекке ысырып қоймайды. Мәселен, Индия да солай. Қай жаққа барса да, өздерiнiң ұлттық киiмдерiн бiрге алып жүредi. Өзбектердi алайық. Олар өздерiнiң ұлттық дүниелерiн әлемдiк сән үлгiлерiнiң байқауларына алып барып, қолданып жүр. Менiңше, бiзде ұлттық киiмiмiздi әлемге танытуымыз керек. Ұлттық дүниемiздi көрсету арқылы өзiмiздi танытамыз. Қытайда туып өскен соң, олардың өмiрi маған жақсы таныс. Оларда киiм өнеркәсiбi, яғни жеңiл өнеркәсiп 1979-83-ке дейiн жақсы дамыған жоқ. Кейiнiрек, Үкiмет қатты жағдай жасап, түрлi-түрлi сән үйлерiнiң дамуына көңiл бөлдi. Еуропалық сән үйлерiнiң бәрi Қытайға келе бастады. Сөйтiп, шоу-бизнестi дамытты. Олардың жеңiл өнеркәсiбi соған iлесiп дамыды. Қазiр байқасаңыз, Қытайдың киiм үлгiлерi алдыңғы орынға шығып кеттi. 2001 жылдан бастап, бүкiл дүниенiң түкпiр-түкпiрiндегi адамдардың бәрi сол киiмдердi киiнетiн болды.Оның басты себебi, насихат мықты болды. Пекин, Гончжоу, Шанхай, Үрiмжi әрқайсысы бiр-бiр орталық болды. 2004 жылы бардық. Бүкiл шенеунiктердiң бәрi фестивальде жүр. Неге десеңiз, үкiмет соншалықты мән берiп, көңiл бөлiп отыр. Олардың жеңiл өнеркәсiбiнiң дамуы, адамның көптiгiне байланысты емес, насихаттың мықтылығынан дамып отыр. – Бiздiң жеңiл өнеркәсiбiмiз қалай дамып жатыр? – Бiз де сән үйiмiз ғой. Бiздiң керектi нәрселерiмiздiң барлығы да жоқ. Қарапайым, түйменiң өзi жоқ. Оған қажеттi матаны, да, керек десеңiз, жiптiң өзiн сатып аламыз. Оның барлығы да болуға тиiстi едi. Насихат күшейген кезде, жеңiл өнеркәсiп дамиды. Үлкен фабрикаларымыз тұралап, шағын-шағын цехтарға айналып отырғаны да сондықтан. Егер бiзде дүниенiң басқа жерлерiнен сұраныс болып жатса, бiзде көптеген орындар болатын едi. – Бiздiң жеңiл өнеркәсiбiмiз дамыса, бiздiң тұтынушыларымыз да өз өнiмдерiмiздi пайдаланар едi. — Әрине, өзiмiздiң тұтынушыларымыз пайдаланады. Бiрнеше сән үйлерi ғана бар, одан кейiн шағын-шағын отельелер бар. Үлкен фабрикалар жұмыс iстеп жатыр деп айта алмаймын. Жеңiл өнеркәсiп дамыды деген сөз — көптеген қыз келiншектер жұмыспен қамтылды деген сөз. Ол тек қана сырттан алып сатқанда, жұмыссыздық көбейедi. Жұмыссыздықтың салдарынан адам естiмеген, ата-бабаларымызда жоқ әдеттердiң бәрiнiң белең алып жатқаны да сондықтан.
«ЕРКЕ-НҰРДЫҢ» ЖУРНАЛЫ ДА «ЕРКЕ-НҰР»
 

– Қазақ деген халық ырымшыл халықпыз. Болашағым, ұрпағым Еркебұлан мен Нұрсұлтан деген екi баламның есiмдерiнiң қосындысынан қойып едiм. Құдайға тәубе, қазiр Еркенұр деген қыздар дүниеге келiп жатыр. Қыздарымыздың алды үш жасқа келiп қалды»,– дейдi Фарида апай. Бүгiнде «Ерке-Нұр» компаниясы «Ерке-Нұр» атты қыз-келiншектердiң әдеби танымдық, сән журналын дүниеге әкелдi. Тұсауын жаңадан кескен аталмыш журнал маусымдық басылым болмақ. Журналдың беттерiнен оқырман түрлi танымдық дүниелердi, түрлi сән үлгiлерiн, ұлттық құндылықтарымызды оқып бiлетiн болады.

«Қоғамымызда «жалпыазаматтық» деген ұғым пайда болды. Оның пайдалы жағы да бар шығар. Дегенмен ұлттық мәдениет, ұлттық өнер, ұлттық болмыс деген адамның бойындағы ең киелi қасиет екенiн, әсiресе болашақ жар, болашақ ана болатын қыздарымыздың санасына сiңiре беру бiздiң негiзгi мақсатымыз»,– дейдi «Еркенұрлықтар». Осындай мақсат ұстанған журналдың өмiрi ғұмырлық болғай деген тiлектемiз!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары