НАУРЫЗ МЕРЕКЕСI ҰЛТТЫҚ ТАНЫМЫМЫЗҒА ТӘН БОЛСА

НАУРЫЗ МЕРЕКЕСI ҰЛТТЫҚ ТАНЫМЫМЫЗҒА ТӘН БОЛСА

НАУРЫЗ МЕРЕКЕСI ҰЛТТЫҚ ТАНЫМЫМЫЗҒА ТӘН БОЛСА
ашық дереккөзі
464

Бастауын Ғайса пайғамбардың туған күнi дегеннен алатын европаша жаңа жыл мерекесiн тойлаудың қалыптасқан үлгiсi бар. Ол безендiрiлген шыршаның, Аяз атаның, Қар қызының болуы дегендей. Күнбатыстың бұл рәсiмi жастардың санасына Батыстың салтын ұялатып, дүние танымымыздағы ұлттық кейiптен алыстатып, ұлттық тәлiмге үлес қоса қоймайтыны анық. Осыған байланысты бiрқатар Шығыс елiне тән, әсiресе өзiмiз жеке меншiктегендей Наурызды қарсы алудың көңiлге қонар рәсiмiн ойластырған жөн. Ол европаша жаңа жылды қарсы алу рәсiмiнен кем болмауға тиiс. Бiз ойластырған Наурызды қарсы алу рәсiмi қандай көрiнiс беретiнiне тоқталайық.

Биiктiгi бiр метрге жуық, жалпақтығы үстелдiң бетiндей тұғырға түйенiң бейнесi шөгерiлген. Бұл қазақ ұғымында қасиеттi жануар. Ол – ғасырлар бойы қазақ көшiн сүйреп келген ұлы түлiктiң символы. Макет мүмкiндiгiнше iрi, өркештерiнде, балағында, басында желбiреген шудасы болғаны дұрыс. Түйе әбзелдерi ақық тастармен безендiрiлiп, көз тартып тұрса құба-құп.

Қос өркештiң арасынан өткiзiлiп, бiр ұшы жер тiреген бақанда безендiрiлген. Шөгерiлген түйенiң тұғырдан өркеш ұшына дейiнгi биiктiгi бiр метрден кем болмаса ғана көрiктi болады. Сол өркеш аралығынан өткiзiлген бақанның аша басына кiшiрек шаңырақ кигiзiлген. Шаңырақ күлдiреуiштерiне дейiн боялған. Шаңырақтан жоғары мәңгiлiктiң көрiнiсiндей темiрқазық, жетiқарақшы орналасқан.

Шаңырақтан он екi түрлi-түстi бау (уық) түсiрiлген. Ол баулар түйе шөккен тұғырды айналған шеңберге айнала бекiтiлген. Мiне, осы бауларға мүшел жылдардағы он екi хайуанаттың қуыршақ бейнелерi бекiтiлген.

Тұғырдың төменгi жағына кiшiрек дөңгелек орнатып, бақанның жерге қараған ұшын соның ұңғысынан өткiзiп қоюға болады. Сол дөңгелекшенi еппен айналдырып шаңырақты бүкiл он екi хайуанаттармен шырқ айналдырып тұрса он екi мүшелдiк цикл әлемдi айналып тұрғандай көрiнiс бередi.

Наурыздың туу мезгiлi «Құс қанаты» атты жапалақтап жауған қармен тұспа-тұс келедi. Сол себептi залда жауған қар, сiркiреген жаңбыр көрiнiстерi де жасалғаны дұрыс.

Мереке басталар тұста Қызыр атамен қатар тартылған сым арқылы әлденеше құс макетi ұшырылып, жылмен бiрге келген қаздың қаңқылдаған үнi естiледi.

Бұл күнi ұлттық тағамның, ұлт киiмдерiнiң, ат әбзелдерiнiң де көрмесiн ұйымдастырып, той ән мерекесiмен жалғасуға тиiс.

Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеп, елiмiздiң iргесiн берiк еткiмiз келсе жыл он екi айдың қай мезгiлiнде де өтетiн мереке – мейрамдарға ұлттық рең берудi мықтап қолға алған жөн дер едiм. Тiптi бұл жөнiнде Президент жанында арнаулы комиссия жұмыс iстесе артықшылығы болмас едi.

Кәмел ЖҮНIСТЕГI

Серіктес жаңалықтары