IНДЕТ

IНДЕТ

IНДЕТ
ашық дереккөзі
367

Iшiнде әзiлi, сарайында сықақы бар адам – қоғамның шын досы. Оңтүстiк Қазақстан облысының өнерлiлер мен күйшiлер көп шыққан Созақ ауданынан келiп, журналистика факультетiнде оқыған Сабырбек Олжабай сол кездiң өзiнде-ақ «Қазақ әдебиетi», «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас Алаш») газеттерiнде, сондай-ақ өзге де мерзiмдiк басылымдарда әзiл әңгiмелерi, сын-сықақтары жиi жарияланып, жолдастарының арасында «сөзi семсер Сабырбек» атанып, серiлiк құрып жүрген-дi.

Оның жазғандарынан қарапайым ауылдың қызықты оқиғалары, ауылдағы адамдардың арасындағы Алдар Көселер мен Шаншарлар жиi бой көрсетедi.

Әз Наурыз мерекесiнде оған күлкiң көп, сөзiң оқ, жүрегiң шоқ болсын деу керек шығар.

Қазақта алтауды ала қылған, төртеудi төрге шығарған алапес бiр ауру бар. Ол – рушылдық. Ғұламалардың дәлелдеуiнше, бұл ешкiқотыр сияқты өте жұқпалы. Сүйкенiп кетсе болды, келесi кiсi үстi-басын қасынып шыға келедi. Бiр жаманы осы дертке оңайлықпен жазылмайды, қайта күн өткен сайын құтырына түседi.

Сонда бұл сырқаттың белгiлерi қалай? Бұған ендi арнайы маман шақыртып әуре болмай-ақ, кез-келген адамның көзi жете беретiн секiлдi. Иә, кәдiмгi ешкiқотыр бар емес пе, үстi-басын тыр-тыр қасыған, терiлерi бөртiп қызарып кеткен адамды дәрiгердi дүрлiктiрмей-ақ қотыр екенiн дәлелдеп беруге болады ғой. Мiне, дәл осы қотыр – рушылдық дертiмен бiр жатырда өсiп-өнген ағайынды кiсiлер. Бұл iшкi белгiлерi дейiк. Ал, сыртқы белгiлерi былайша «жарқырайды».

– Бiздiң Қитық руының түп-тамыры тереңде. Барлық қазақ осы Қитықтан тараған. Бiзден мынадай-мынадай бахадүр батырлар шыққан! Республикамыздың пәлен-түген деген жерлерi түгелiмен Қитықтың ата мекенi! Бiз пәлен миллионға жеттiк!

Бұлардың ендi осы «бiз-бiз» деп бақылағандарына қарап, шынында iштерiне жуалдыз немесе бiз тығып алғың-ақ келедi. Бiрақ оған рұқсатты ешкiм бермейдi. Егерәки, бар ғой, iштерiне бiз сұққыласаң, адамдардың жүрегiн лоқсытып құстырар сұмдық сасық иiс шығар едi. Сосын олар бөсе алмай тынар едi.

Шалғайдағы Шалшық ауданына iссапармен бара қалдым. Күтiп алған досым Мүтәлi:

– Бiздiң ауылдың шалдары шетiнен шатақ. Ә дегеннен руыңды сұрайды. Сен де сыбағасыз қалмассың. Сұраса былай деп айт, – деп жол-жөнекей жөн-жосықты алдын-ала үйретiп қойды.

– Ауылда ауызашар берiлiп жатыр екен. Ақсақалдар сырттан келген менi бiрден байқады.

– Уа, қай баласың? – дедi ыңыранған бiреуi.

– Ата, Қитық боламын, одан Қисықпын, – дедiм тақ-тақ етiп.

– Е, мұндай баладан айналасың. Өзiмiздiң бала екенсiң ғой, – деп ақсақал әңгiмесiн сабақтады.

Алла-ай десеңiзшi, ауыл ақсақалдары ауызашарға емес, тура бiр ашубасарға жиналған тәрiздi. Сабалақ руында он атасынан қалған кегi бардай шеттерiнен iреп сойып отыр. Сабалақтың әр бас көтерерiн жамандаған сайын iшпей-жемей тойып отыр. «Ойпырмай, түп-тұқиянымызбен тұздай құрта жаздаған жоңғарлар болса жөн басқа. Сабалақ түбi бiр қазақ емес пе? Қандасына соншама қастасқаны несi?» деп аң-таң болып мен отырмын.

Келесi күнi Мүтәлi:

– Бүгiн көшенiң бергi бетiндегi ауызашарға барамыз. Бұл көшеде кiлең Қитық руының Қыңыр деген атасы қоныстанған. Бiр күнге нең кетедi. Қыңыр болып отыра бер, – дедi.

Сол күнi мен Қыңыр болып ауызашарға бардым. Қыңырлар Сабалақты сабалап-сабалап бiттi де, Қисыққа барып сүйкендi. Тыңдап отырсам, Қыңырлардың қыр аса алмай жүргенiне Қисықтар кiнәлi көрiнедi. Майлы жiлiктiң басында кiлең бiр Қисықтан тарағандар отырады. Бiр атадан тараған едiк-ау демейдi. Қыңырға күн көрсетудi қойған. Не iстемек керек?

Мына тығылып талқыланған мәселенi тыңдап отырсам iшiмiзге iндетiп келген кешегi жоңғарлар мен немiстер ендеп енiп кеткен тәрiздi. Соны қалай да ортамыздан тырқыратып қуып шығуымыз керек. «Күлтөбенiң басында күнде кеңес». Тақырып бiреу. «Жауды аяған жаралы».

Сол сапарда Шалшықтан талай ойға малтып қайттым. Өзiмше долбар жасап қауашағыма бiр нәрселердi қарпып қайттым.

Осылай жүргенде облысымызға Қитық руының бiр адамы әкiм болып тағайындалды. Ендi сұрамаңыз. Iрiткi салушы iлiмi мен iндетiмен ауырғандар қырылып қала жаздады. Сонау бiр Жоңғар шапқыншылығында ел азаттығы үшiн опат болған әруақты әкелерi пәлен ғасыр салып қайта тiрiлiп келгендей қуаныштан жүректерi жарылып кете жаздады. Жасырын жиындар, бұқпантай басқосулар, кесiрлi кеңестер көбейдi.

– Бұл өлкеге Қитықтың балалары бас болып келмегелi неше заман. Сондықтан қолға түскен бақыттан босқа айрылып қалмайық. Жаңа әкiм Жағыпарға жан-жақты жәрдем берейiк. Оның атқармақ, атқарған iстерiн толағай табыс ретiнде халыққа жарнамалап отырайық. Көрсiн бiздiң әулеттен екенiмiздi,– деп Садық ақсақал жан-жағына маңғаздана қарап қойды.

«Рухымызды бiрлiкке шақырған еңбегiмдi ескерер ме екен» дегендей, ерiндерiн қайта-қайта жалап қойды.

Осы бұқпантай басқосудың жемiсi орасан. Жағыпар жөнiнде жан-жақты жағымды жаңалық жариялап отыратын арнайы топ құрылып, жетекшiсi тағайындалды. Бұл үшiн басыбайлы бiр басылым ашылды. Содан кейiн кiмдердi қайда бастық ету жөнiнде күрделi мәселе талқыланды. Сабалақ руының белсендiлерiн алты қыр асырып қуу керек деген қыңыр шешiм талқылаусыз қабылданды. Арнайы қор ашылып, жүрегiнде оты бар өзiмiздiң балаларды оқыту, оларды қызмет баспалдағымен өсiрiп отыру мәселесiн аталарының сабағымен ауызданған Алшынбай алға алып баратын болды.

Осындай аласапыран кезеңiнде алыстағы Адырна ауданына тағы да бара қалмаймын ба. Жақсы-ақ қарсы алды. Түкпiрдегi 50-60 түтiн түтетiп отырған ауылға тартып кеттiк. Осындағы орта мектептiң директоры облыстық мәслихатқа депутат болып сайланған екен. Құттықтап қайтпақшымыз.

Үй иесi бiздiң алдымызда ғана кезектi құттықтаушыларды шығарып салған екен. Тәп-тәуiр екпiндеп алыпты. «Қырық градусты судың» буы қойсын ба, қазан қайта көтерiлдi. Дастархан жаңаланды. Менiмен келген екеуi арақта өшi қалғандай жата-жастана iшуге көштi. Үйде баян бар екен. Үшеуi қосылып әнге басты. Әрине, көңiлдi отырысты кiм жек көрсiн. Жiгiттердiң басқосуды қыздырып, менi «қонақ қой» деп сыйлап отырғанына ризамын. Сөйтiп отырып, түнгi сағат 4-тен асты. Таңертең жол жүруiмiз керек. Осыны ойлап жастыққа бас қойғаным сол, мызғып кетiппiн. Бiр оянып кетсем баянға қосылып әнмен үйдi бастарына көтерiп жатқан үшеу қатындарша салғыласып, бажылдасып жатыр.

– Мына жатқаның қай атаның баласы? – деп сұрады үй иесi.

– Шамасы, Сабалақ руының Содыр деген атасынан болар.

– Әй, мен сендерге Сабалақтың адамын әкел деп қашан айттым. Бұл әулеттiң үйiне бiрде-бiр Сабалақтың баласы бас сұқпауы керек. Давай, қайқайыңдар. Бөстектерiңдi көтерiңдер. Мына Сабалағыңды көрмейтiн болайын,– дейдi директор дүр-дүр етiп.

– Ойбай! Облыстан келген қонақ қой. Оянып кетсе ұят-ты,– дейдi менi осында ертiп келген екеуi.

– Ешқандай ұят емес. Облысты бiз басқарып тұрғанда мұның кiм едi, тәйiрi! Давай, қайдан әкелсеңдер, сол жерге қайта әкетiңдер. Бұл үйде Сабалақ жатқанда маған тыныштық болмайды!– дейдi Дәлденбай директор.

– Әй, мұны буындырып өлтiре салайық. Кiм бiлiп жатыр? Арақ iшiп тұншығып өлдi дей саламыз,– деп жол-жөнекей асты-үстiме түсiп келген Боташ бас жағыма келiп мойнымнан буындыра бастады.

– Не iстегелi жатырсың?– деп орнымнан жалма-жан атып тұрдым.

Үшеуi состиып тұрып қалды. Тегi менiң «тiрiлiп» кеткенiмнен түңiлдi-ау, шамасы.

– Жай, ойнап едiк,– дейдi Қожантай.

– Бүйтiп ойнағандарың бар болсын. Жиналыңдар, кәне. Аудан орталығына қайтамыз,– дедiм түсiмдi суытып.

– Ойбай, басеке, бiрер сағат мызғып алайық. Жол ұзақ. Жол-жөнекей бiрдеңеге ұрынып қалармыз,– деп сасқалақтады Боташ.

– Жол-жөнекей емес, бiр нәрсеге қазiр-ақ ұрынғалы тұрмыз ғой,– дедiм мен.

– Ту-у, әзiлдi де көтере алмайсыз ба? Қане достық үшiн жүз-жүз грамнан тартайық та, бiр-екi сағат көз шырымын алайық,– дедi Қожантай.

«Сайтан суды» кеңiрдектен әрi асырған үшеуi отырған жерлерiнде бiр-бiр жастыққа жата кеттi. Қайдан ұйқы болсын, бiреуi болмаса бiреуi орнынан атып тұрып, менi бас салып буындыратындай үрейленiп жатырмын. Ұйқы қашқан. Көзiме тiреу қойғандай.

Бiр-екi сағат ұйықтайтындар түске дейiн тырп етпедi. Үйге қонақ келгенiн естiп Дәлденбайдың әкесi мен шешесi келдi. Жөн сұрастық. Дәлденбайдың анасы менiмен рулас болып шықты. Бауыр болып табыстық. «Iнiм екенсiң» деп, маңдайымнан иiскеп, бауырына басты.

– Нағашыларын түнде буындырып өлтiрiп қоя жаздады бұлар,– дедiм мен әзiл-шыны аралас.

– Қу арақтың кесiрi ғой. Жай әшейiн, ұйқыда ма, ояу ма деп сынап көрмек едiк,– деп кеңк-кеңк күлдi Боташ.

Қоштасарда Айымкүл ана тағы да «бауырым» деп бетiмнен сүйдi. «Қайным екенсiң, апаңды сағындырмай келiп тұр» деп жездемiз кең құшағына алды. Менiң көзiме жас iркiлдi. Түнде көрген азабыма ма, әлде бiр қазақтың басын қоса алмай жүрген осындай тексiздерге ме екен. Бұл арасын кермек дәм тата тұрып аңғара алмадым.

Жол-жөнекей «Жигули» жеңiл автомашинасындағы үшеумiз аузымыз бұртиып, ұрысып қалған баладай үн-түнсiз отырдық.

Аудан әкiмшiлiгiне соқпастан бiрден автостансаға тарттым. Облыс орталығына жеткенше бiр iндет iзiмiзден өкшелеп қуып келе жатқандай жүрегiм тарсылдаумен болды…

Айтпақшы, әңгiмемiздiң басында рушылдықты қотырға теңеп едiк. Қышытқанымен қотырдан дұрыс күтiнсеңiз тез жазылып кетедi екен ғой. Ал мынауыңыз баяғыда емi табылмай тұрғанда балаларды жуадай жусатып, қынадай қырған шешек сияқты iндет емес пе? Жасырып не қыламыз, көп қазақтың бойында қазiр осы iндет бар. «Ауруын жасырған өледi». Жауыз жоңғарды жеңген қазекем, iштей iрiткен iндеттi жеңе алар ма?– деп ойлаған сайын ұйқым шайдай ашылады.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Серіктес жаңалықтары