«НҰРЛЫ НӨСЕР» НҰРЫН ШАШТЫ

«НҰРЛЫ НӨСЕР» НҰРЫН ШАШТЫ

«НҰРЛЫ НӨСЕР» НҰРЫН ШАШТЫ
ашық дереккөзі
677

Жақында Алматы шаһары ән-жырға бөлендi. Көктемнiң алғашқы күндерiнде өзiнiң жаңалығын ала келген «Нұрлы нөсер» өзiнiң шапағаты мен шуағын сепкендей болды. Өйткенi, бұл фестивальде белгiлi эстрада әншiлерiмен қатар елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен iрiктелiп алынған талантты жастар тұсауын кестi. «Астана-думан» ойын-сауық отауының ұйымдастыруымен және бас демеушiсi Оралбек Ботбайдың мұрындық болуымен өткен тамаша ән кешi көрерменнiң көңiлiнен жол тапты.

Әншi болуды асқақ арман еткен дарынды жастар сахна төрiн имене аттаса да, өз орындауындағы әндi нақышына келтiрiп салып бердi. Алайда, әлi халық алдында көп көрiнбегендiктен, киелi сахнаның мысы қашан да басып тұратыны рас. Кез келген жаңа бастаманың аяғынан нық тұрып кеткенше, кемшiн тұстары кездеседi. Бұл фестиваль таныла алмай жатқан жас әншiлердi анықтап, жастардың шабыттарын шыңдай түседi.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кеш Тәуелсiздiктiң 15 жылдығы мерекесiне орай өткiзiлiп отыр. Концертке ҚР-ның халық әртiсi Ескендiр Хасанғалиев, Мақпал Жүнiсова, Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, Тоқтар Серiков, Алтынай Жорабаева, Бейбiт Сейдуалиева, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Мәдина Сәдуақасова, Ақбота Керiмбекова, Жұбаныш Жексенұлы секiлдi қазақ эстрада өнерiнiң жұлдыздары қатысып, үлкен сахнада өнер көрсетуге лайық жастарды алып шықты. «Нұрлы нөсер» басқа толып жатқан байқау, фестивальге қарағанда, осынысымен ерекше.

Қазақ «Бұлақ көрсең көзiн аш» демей ме? Осы орайда демеушi «Транс АСТ ЛТД» ЖШС-ның бас директоры Оралбек Ботбай мырзаның қосқан үлесi ерекше. «Астана-думан» ойын-сауық отауының режиссерi, фестиваль ұйымдастырушысы Сұлтан Срайлов «Нұрлы нөсер» фестивалiн жыл сайын өткiзудi дәстүрге айналдырамыз дейдi. Ендеше, келесi «Нұрлы нөсерде» кездескенше!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары