ИСЛАМҒА ҚАРСЫ СЕРИАЛДАРДЫҢ КӨЗДЕГЕНI НЕ?

ИСЛАМҒА ҚАРСЫ СЕРИАЛДАРДЫҢ КӨЗДЕГЕНI НЕ?

ИСЛАМҒА ҚАРСЫ СЕРИАЛДАРДЫҢ КӨЗДЕГЕНI НЕ?
ашық дереккөзі
377

Дiни экспансияның бiрден-бiр әрi бiрегей қаруы «ақпараттық шабуыл» екенi ешкiмге де жасырын емес. Кiмнiң қолында ақпарат құралдары болса, соның қолында билiк болмақ. Бұл – ақпараттық-технологиялар дәлелдеген заманның басты ұстанымы. Бұл орайда ұпайы бүтiн дiндер қайсылар? Жаһандық деңгейде қай дiндердiң ақпараты мен насихаты басым? Дiн және БАҚ – ажырамас ұғым ба?

Дiн – насихат. Бұл кез келген адамға түсiнiктi ұстаным. Дiни тұрғыдан алсақ, бүгiнгi таңда қолдарында кино-телекомпанияларды шоғырландырумен қатар, мерзiмдi баспасөз бен жалпы баспа саласын уысында ұстап отырған бiрден-бiр дiн өкiлдерi – евангелистер мен осы дiни ағымға жататын өзге де ағым-секталар. Оларға iрi-iрi баспа үйлерi, телекомпаниялар мен көптеген Интернет сайттары, т.б. ақпарат құралдары тиесiлi. Католик дiнi де ақпараттық тұрғыдан «кедей» деуге болмайды. Католик дiнiне жататын елдер шығарған әрбiр кино өнiмдерiнде – сериалдар мен фильмдерiнде мiндеттi түрде «жақсы кейiпкер – пiрадарларды» насихаттайды. Соңғы кездерi православие дiнiн Ресей барынша жарылқап тастады. Жеке дiни телеарналарын айтпағанда, мерзiмдi баспасөз бен ресейлiк БАҚ-тар мiндеттi түрде православие дiнiн насихаттап отырады. Православие пiрадарлары – түрлi ток-шоу бағдарламалары мен жаңадан шығып жатқан фильмдердiң басты кейiпкерлерi. Оның үстiне олар «православие негiздерiн» пән ретiнде орта бiлiм жүйесiне енгiзбек, ресейлiк әскерлер арасында дiни насихат жүргiзуден де кетәрi емес. Түптеп келгенде, бұл да насихат. Ислам дiнiне келсек, бiрқатар мұсылман елдерi дiни кiтаптар шығарып, жер-жерге таратып келедi. Араб әлемiн айтпағанда, Орта Азия мен Ресейдегi мұсылман елдерiн сараптап көрсек, ақпараттық насихат тұрғысынан Өзбекстан, Татарстан, т.б елдердiң ислам дiнiн насихаттауы мықты. Тiптен, Ресейдiң қол астында өмiр сүрiп жатқан Татарстанның «дiни ұпайы» дербес мұсылман елi Қазақстаннан да жоғары. Олай дейтiнiмiз, татарлар бiзден бұрын халал тағам мәселесiн көтерiп, халықты адал ас iшуге үгiттеп үлгердi. Бұл аздай Ресейдегi мұсылмандардың Интернет-сайттары шаш-етектен. Татарстаннан дiни кiтаптар да көптеп шығарылып жатыр. Өзiмiзде дiни кiтаптар аз шыққан соң, татар елiнде шыққан кiтаптарды бiздiң мұсылмандар да сатып алып жүр. Себебi дiни әдебиетке сұраныс көп. Қазақстан халқының 70 пайызы мұсылман. Яғни, ислами кiтаптар мен хабарларға сұраныстың көп болуы да заңды құбылыс.

Шынтуайтына келсек, ақпараттық тұрғыдан ең осал дiн – ислам дiнi деп айтпасқа амал жоқ. Жаһандық деңгейде христиандық рухтағы фильмдер мен бағдарламалар, басылымдар мен кiтапшалар көптеп таратылып келедi. Бiр қызығы, бұрыннан берi мұсылманша фильмдердi көбiне мұсылман елдерi емес, христиан елдерi шығаруда. Бiр дiн өкiлiнiң өзге дiнге жаны ашысын ба? Ислами тұрғыдан бұрмаланып түсiрiлген фильмдер бiздiң елiмiзде де көрсетiлiп жүр. Мәселен, отандық телеарналардың бiрiнде «Клон» атты телесериалдың көрсетiлiп жатқанына да бiраз уақыт болды. Сериалды бас-аяғына дейiн көрмей, бiр ғана сериясын бақылап көрсеңiз, мұның исламға қарсы бағытталған бразилиялық телехикая екенiн бiрден түсiнесiз. Сериал режиссерлары мұсылмандарды – жаңашылдықтан қорқатын жабайы, тұрпайы адамдар ретiнде, ал ислам дiнiн – керiтарпа, «ескiшiл» дiн ретiнде көрсеткен. Тiптен, мұсылман деп жүрген түрiк сериалдарында да мұсылмандыққа жат әрекеттер байқалады. Түрiктiң ескi фильмi «Королек – птичка певчая» фильмi исламды керiтартпалығы басым дiн ретiнде «паш етедi», бүгiнде көрсетiлiп жүрген «Қыналы қар», «Бериван» сериалдарында да мұсылман әйелiне жат пиғыл-әрекеттер байқалады.

Христиандық сериалдарға келсек, олар бүкiл кино жанрлары бойынша түсiрiлiп келе жатқан дiни өнiмдер болып есептелiнедi. Голливудтың бiр өзiнде қаншама христиандық фильмдер түсiрiлдi десеңiзшi?! Иса пайғамбар туралы түсiрiлген комедия, трагедия, экшн, триллер, атыс-шабысты фильмдер әр жылдары өз көрермендерiн тауып, дiнге кино жанрының көзқарасымен қарауға да мүмкiндiк бердi. Олардың ең атақтылары – «Код да Винчи», «Брюс Всемогущий», «Страсти Христова», «Жанна из Аркадии», «Иисус – рок-звезда» т.б. дiни сарындағы фильмдер. «Код да Винчи» фильмiнiң өзi өткен жылы күллi әлемдi дүр сiлкiндiрдi. Христиан дiнiне деген жаңашыл көзқарас пен насихатты көздеген фильм режиссерлары дiттегенiне жеткендей.

Дiни фильмдер болмаса да, мұсылманша сарында адамды рухани iзгiлiк пен жақсылыққа жетелейтiн фильмдер кемде-кем. Жылда дiни мерекелер кезiнде отандық телеарналардан көрсетiлетiн «Мұхаммед – Алланың соңғы елшiсi» туындысы ескi фильмдердiң бiрiне жатады. Оның пленкасын жаңартып, қайтадан дыбыстау қажеттiгi өзiнен-ақ сұранып тұрады. Осыдан бiр-екi жыл бұрын Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар туралы балалар мультфильмiнiң түсiрiлгенiн естiгенiмiз бар. Бiрақ оған әлi де Қазақстан балалары қол жеткiзе алмағандай. Бұл орайда елiмiзде евангелистiк рухтағы мультфильмдердiң көптеп қазақшаға аударылып, қазақ балаларына өзгеше дiни тәрбие берiп жатқанын қалайша жасырамыз?! Телеарналарда ислами бағдарламалар да жоққа тән. Есесiне евангелистiк бағдарламалар мен фильмдер көп жылдардан берi «Рахат» телеарнасынан үзбей көрсетiлiп келедi, оқта-текте «31 телеарна» да евангелистiк ток-шоулардың жанашыры бола қалады.

Ислам насихатқа зәру – жаһандық деңгейде де, Қазақстанның аумағында да… Соңғы кездерi дiннiң «керiтартпалығын» көрсету үшiн мұсылманша сарындағы фильмдердi христиан елдерi шығарып жүрген соң, әлемде исламға қатысты терiс көзқарас пен идеология бiртiндеп қалыптасып жатқандай. Асыл дiнiмiз онсыз да соңғы кездерi Батыс елдерiнiң ақпараттық шабуылының астында қалуда. Ақпарат – күштi қару. Осыны түсiнiп, дiнiмiздi ақпараттық тұрғыдан да қамқорлап әрi аялай бiлсек игi.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА, Дәулет ӘШIМХАН

Серіктес жаңалықтары