ДАРА ТҰЛҒАНЫҢ МҰРАСЫ НЕГЕ ДАУҒА ТҮСТI?

ДАРА ТҰЛҒАНЫҢ МҰРАСЫ НЕГЕ ДАУҒА ТҮСТI?

ДАРА ТҰЛҒАНЫҢ МҰРАСЫ НЕГЕ ДАУҒА ТҮСТI?
ашық дереккөзі
358

Тағы да Алдан Әйiмбетов пен «Казахская правда» туралы

Газетiмiздiң 10 санында Тамара Сатыбалдинаның «Өмiрiмдi Алданға арнадым» атты сұхбаты жарияланған болатын. Сұхбат аты айтып тұрғандай, белгiлi қоғам қайраткерi, «Казахская правданың» шығарушысы марқұм Алдан Әйiмбетовтiң өмiрi, азаматтық тұлғасы туралы өрбiдi. Бiрақ Алдан Әйiмбетовтiң өлiмiмен «Казахская правданың» да басына күн туды. Оның бұдан әрi жарық көру-көрмесi дүдамал болды. Намысшыл, ұлтшыл (бұлай деуге қорықпаймыз да), нағыз патриот Алдан Әйiмбетовсiз «Казахская правданың» жарық көруiн елестетудiң өзi қиын-ақ. Бiрақ бiр толағай ұлды туған қазақ екiншi толағайды тумас дейсiз бе? Уақыт өтер, «Казахская правда» мұрағатта шаң басып қалмас, Әйiмбетовтiң өлмес iсi өзiнiң шын iзбасарын табар.

Ал әзiрше, «Казахская правда» өз басын даудан арашалап алатындай халде емес. Өткен жолғы сұхбатымызда мұны сипақтатып айтып өттiк. «Казахская правданың» тағдыры қазiр Әйiмбетовтiң кезiнде газетте iстеген жiгiттер мен Алдан Әйiмбетовтiң бiрiншi әйелiнен туған қыздары арасындағы сот процесiнде талқыланып жатыр. Анығын айтқанда, сотқа шағымданған – Зияда мен Шынар Әйiмбетовалар.

Шынын айту керек, бiз Тамара Сатыбалдинадан Алдан Әйiмбетов туралы естелiк айтуға өтiнiш жасағанда, мұндай даудың үстiнен шығамыз-ау деген ой үш ұйықтасақ түсiмiзге кiрмеген. Бiрақ сұхбаттың газет бетiнде жариялануына сот процесi тұспа-тұс келгендiктен, үндемей қалуды жөн көрмедiк. «Казахская правда» орыстiлдi газет болса да, ұлт мүддесi сөз болған жерде үндемей қалған кезi болған емес. Ендеше, газеттiң басына iс туғанда, бiздiң әрiптестiк жанашырлық бiлдiрмей қалғанымыз жараспас деп ойладық.

Аталмыш сұхбат жарық көргеннен кейiн редакцияға Алдан Әйiмбетовтiң ортаншы қызы Зияда Әйiмбетова хабарласты. «Әкемiзбен арамыз салқын болды деген өтiрiк, ендi бiзден сұхбат алыңыз» дедi ол салған жерден. Әдiлдiк үшiн Зияда Әйiмбетованың сөзiн (тұрмыстық, отбасылық кикiлжiңге қатысты тұстарынан басқа) өзгертпестен берiп отырмыз.

Зияда Әйiмбетова:

ӘКЕМНIҢ IЗБАСАРЫ – МЕН

– Бiз әкемiздi жақсы көрдiк. Мамамыз «барма, араласпа» дегенiне қарамастан, бiз онымен қарым-қатынасымызды үзген жоқпыз.

– Әке-шешеңiз неге ажырасып кеттi?

– Менiң әкем әйелдерге жұғымды жiгiт болатын. Әйелдер оған өздерi-ақ жабысатын. Ол Мәскеуге докторантураға барғанда, бiр орыс келiншек соңынан қалмай қояды, тiптi Алматыға дейiн ерiп келедi. Әрине, Алматыда оларды бiрге көрген адамдар ол туралы мамама айтады, сонымен бiттi! Мамамның шыдамының жеткен жерi сол болды.

– Мамаңыз қазiр қайда тұрады?

– Үлкен әпкемiз Алима оған үш бөлмелi пәтер алып берген. Сонда тұрады.

– Жалғыз өзi тұра ма?

– Иә. Бiрақ бiз үнемi барып тұрамыз. Әпкемiздiң баласы тамақ апарып тұрады. Өзi бес уақыт намазын қаза қылмайды. Жылдың екi маусымында ол кiсi туған-туысқандарын аралап, санаторийларда емделiп жатады.

– Қазiр ол кiсi қаншада?

– Жетпiсте. Бiрақ өзi алпыстағы кiсi сияқты.

Мамам әкемiз туралы көп жақсы әңгiме айтатын. Мысалы, әкемiз отыз жасында философия тақырыбы бойынша бiр мақала жазып, оны Мәскеуге жiбередi. Мақаланың құндылығы сондай, ол Мәскеу журналдарының бiрiнде жарық көргеннен кейiн оны Германияның журналдарының бiрi көшiрiп басады. Осыдан кейiн екi кiсi келiп, әкемiзбен ашық сөйлесiптi. «Ендi тағы бiр рет сенiң мақалаң шетелдiк журналда жарық көретiн болса, КГБ-ның подвалында шiрисiң» дептi. Осы уақиға әкемiзге қатты әсер еткен болуы керек. Оны үстiне, бұл кандидаттық диссертациясының қорғауына тұспа-тұс келген.

Осыдан кейiн әкем бiраз уақыт iшiмдiкке салынған. Иә, осы кезде әкем көбiне туысқандардың үйiнде қонып қалып, үйге келмей жүрдi. Ақыры, қатты ауырып, сосын барып арақ iшкендi қойды. Ерiк-жiгерi мықты болатын.

Бiрақ отбасылық кикiлжiң, оның үстiне, жоғарыда айтылған жайт бар, сонымен мамамыз әкемiзбен ажырасып тынды. Мамамыздың әкемiзге ренжiгенi соншама, тiптi отбасылық суреттердiң бәрiнен оның суретiн қиып, алып тастаған. Ал әкем, бiр қызығы, оның суреттерiн сақтаған.

Мамам әкемiздiң өте талантты екенiн өте жақсы түсiнетiн. Бiр рет тiптi мамамыздың айтуында әкемiз көлiкте келе жатып, бiреуге диссертацияның кейбiр тұстарын ауызба-ауыз жазып берген екен.

– «Казахская правданың» шығу тарихы туралы не бiлесiз?

– Тоқсан үшiншi жылы әкем маған телефонмен хабарласты да айтты: «Зияда, мен газет ашамын» дедi. Мен күлдiм: «Папа, сiз журналист емессiз ғой» дедiм. Бiрақ папам газеттi шығарып, алғашқы санын әкеп бергенде, «Папа, сен генийсiң» дедiм. «Сен сияқты ешкiм жаза алмайды» дедiм.

Бiр жолы папам маған кiшкентай мақала жазып бер дедi. Мен сол кезде Маргарет Тэтчердiң кiтабын оқып жүргенмiн. Англияның социализмнен қалай қашқаны туралы екi беттiк мақала жазып бердiм. Бiрде-бiр сөзiн өзгертпестен жариялады. Содан кейiн папам маған айтты: «Болды, Зияда, сен журналиссiң, ендi жаз» дедi. Одан кейiн тағы екi-үш мақалам жарық көрдi.

Бiрақ кейiн редакцияға оқырмандар телефон соғып, «Бұл сiздiң қызыңыз ба?» деп сұрай берген соң, «Жоқ, мен ендi сенi баспаймын» дедi. «Жақсы», – дедiм, «папа, сен менiң мақаламды баспасаң, мен онда өз газетiмдi ашамын» дедiм. Ол күлдi де қойды. Сосын мен үлкен әпкеме бардым, олар жездем екеуi газет ашуға қаржы бөлдi. Сонымен, «Декабрь-Желтоқсан» деген газет аштым. Бiр нөмiрi жарық көрдi. Бұл тоқсан үшiншi жыл ма, тоқсан төртiншi жыл ма – есiмде жоқ.

Бiрде көшеден шие сатып алдым. Шие ораған газеттiң орауын ашып қарасам, Мәскеуден шығатын «Бiз-Мы» деген газет екен. Онда «Бiз Қазақстан территориясына кiремiз» деп жазылыпты. Оны желтоқсандықтарға апарып көрсеттiм. Олар айтты: «Казак ұйымдары Лермонтов театрында құрылтай жасамақ» дедi. Онда «Сол жерде митинг жасайық» дедiм. Газетiмнiң бетiнде казактар туралы батырып-батырып мақала жаздым. Әр түрлi есiмдермен барлық мақалаларды өзiм жаздым.

… Театрдың алдына келiп тұрмын. Жалғыз өзiм ғанамын. Желтоқсандықтар кейiн келiп, сол жерде шу көтердiк. Ақыры құрылтай жұмысы тоқтатылып, оларды күзетпен алып кеттi. Ал әпкем бұдан кейiн маған ақша бермей қойды. «Сен тым өткiр жазады екенсiң» дедi.

Осыдан кейiн папам менi мойындады. «Мақалаларыңды алып кел, басамын» дедi.

… Әкемдi «антисемит» деп айыптағанда үйдегi телефонға тыным болмайтын. Әркiмдер телефон соғып, боқтықтың неше түрiн айтатын. Трубканы мен көтерiп, оларға тап солай деп жауап қайтаратынмын. Мұның бәрiн папам өте ауыр қабылдап жүрдi.

— Әкеңiз газеттi кiмге қалдыратыны туралы айтып па едi?

– Мен газет редакторының орынбасарымын. Мiне, тiптi куәлiгiм бар.

(Әйiмбетовтiң қолы қойылып, «КП» мөрi басылған куәлiк толағай тұлғаның көзiндей көруге әбден лайық. Бiрақ 1993 жылы берiлген).

– Неге газеттi заң жүзiнде сiзге мұраға қалдырмаған?

– Тiптi, әкемiз мұрагерлiк құжат қалдырмаған күннiң өзiнде, заң бойынша әкемiздiң мүлкiне бiз, қыздары, иемiз. Тамара Сатыбалдина әкемiздiң заңды әйелi болғанда да, тек өзi отырған пәтерге ғана ие болып қалар едi. Ал ол заңды әйелi емес, бiз оған түк те бермеуiмiз керек. Бiрақ әкемiз оның көп жылғы корректорлық еңбегi үшiн, өз мiнезiне шыдас бергенi үшiн өздерi тұрған пәтердi мұраға қалдырды.

Редакциядан:

2003 жылы жазылған мұрагерлiк құжат бойынша, Алдан Әйiмбетов газеттен басқа мұрасы – жылжымайтын мүлiктегi Тамара Сатыбалдина мен қыздарының үлесiн атап көрсетiп кеткен. Тек «Казахская правдаға» кiм ие болып қалатыны туралы ешқандай ескерту қалдырмапты. Ол 1999 жылғы «КП» бетiндегi бiр мақаласында “…мен көз жұмған соң, “Казахская правданың” да күнi таусылады., күндердiң күнiнде тарихшылар “Казахская правданың” феноменiн зерттей бастайды, бәлкiм сол кезде менiң еңбегiмнiң шын бағасын берер”.

Соған қарағанда, марқұм өзiнен кейiн «КП» шығады дегенге үмiттенбеген де болуы керек.

P.S. Әйiмбетовтер отбасының кикiлжiңiнен амалсыз құлаққағыс қылғанымыз үшiн оқырман қауымнан кешiрiм сұраймыз. Егер отбасылық дау «Казахская правда» газетiне қатыссыз болса, онда «Түркiстанның» бетiнде бұл туралы бiр ауыз сөз болмаған болар едi.

Десе де, екi жақ та «Казахская правданың» отбасылық газет емес, ҰЛТ ГАЗЕТI екенiн есте ұстаса екен деген тiлек бар.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары