АНА МЕН ҚЫЗ АРАСЫНДАҒЫ МЕЙIРIМ

АНА МЕН ҚЫЗ АРАСЫНДАҒЫ МЕЙIРIМ

АНА МЕН ҚЫЗ АРАСЫНДАҒЫ МЕЙIРIМ
ашық дереккөзі
336

«Жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлер шағы» қашанда береке-бiрлiктiң бастауы болғаны анық, Алатаудың қарлы шыңдарынан ескен салқын самал болмаса, күн де әжептәуiр шуақтанып қалған. Әдетте, Наурыз халық арасында татулықтың таза белгiсiндей, бiр-бiрiмен араздасып жүрген ағайын-жуықтың да ымыраға келер айы. Сондықтан бұл күндер тек қана көңiл қалған кикiлжiңдердi ғана ойламай, қоғамдағы тындырылып жатқан жақсы игi iстерге де баға берер сәт екенiн де мойындауымыз керек.

Осы ретте қазақ мәдениетiне ерекше үлес қосып, өз қолынан келгенiн дабыра-жария етпей-ақ пайдалы бастамалар көтерiп жүргендердi ауызға алып қойған да жақсы нышан.

Қазақ журналистикасына, оның iшiнде сөз бостандығына елеулi үлес қосып, ешбiр шенеунiк пен басшының құлақ етiн жемей-ақ жеке газет шығарып келе жатқан әрiптесiмiз, «Ақ босаға» газетiнiң Бас редакторы Шолпан ҰҒЫБАЙҚЫЗЫН ауызға алу әбден орынды болар едi. Елу мыңнан астам оқырманды үйiрiп, әсiресе, аты айтып тұрғандай қыз-келiншектер тағдырына қатысты бүкiл проблемаларды қамтитын осы бiр қызғылықты газет шығарумен қатар, асыл аналарымызға, қылықты қыздарымызға пайдасы орасан басқа да шаруаларды шыр айналдырып отырған тәуелсiз журналистi бiрауыз пiкiрлесуге шақырған едiк.

— Жақында ғана республика деңгейiнде өткен «Қолаң шаш» байқауын ана мен қыз арасындағы мейiрiмдiлiктi, сыйластықты көрсететiн әдемi үрдiс десе де болғандай…

— Иә, қазақи тәлiм-тәрбиенiң керемет үлгiсi десе, әрине, жарасымды. Өйткенi, ол шаш қаршадай қыздан көп күш-қуат талап етедi емес пе? Ал, жаратылысынан нәзiк қыз бала шаш күтуде анасының жәрдемiне сүйенедi. Көрiктi, қылықты қыздарының шашын өрiп отырып әжелерiмiз оның сұлулығын, қолаң шаштың әр талы керемет байлық екенiн, сол үрiм-бұтақтың, қала берсе ұлтымыздың байлығы екенiн, оны қырықса қырсық шалатынын, бағын кескенмен бiрдей екенiн, күн сайын құлағының түбiнен сыбырлап отырған кешегi тарихи күндердi еске түсiру қандай ғанибет десеңшi! Бүгiнде жоғары мiнберлерден жұртты мезi қып бiтiрген тiлге қатысты мәселелердi соншалықты дабыра қылмай-ақ, осындай ұлттық нышаны басым дүниелер жиi өткiзiлсе, одан ешқандай ұтылмасымыз анық. Қайта ана мен қыздың, әже мен немеренiң бiр-бiрiне қайырымдылығы, мейiрiмдiлiгi, махаббаты арта түспей ме?!

Сондықтан да бiрнеше жыл қатарынан өтiп келе жатқан байқауды ұлттық деп атадық. Бiрiншi жылы газет бетiнде ғана өткiздiк. Ол талап бойынша шашы ұзын қыздарымыз өздерiнiң екi фотосуретiн жiберуi керек болды, яғни сараптау фото бойынша өттi де, соған қарай жеңiмпаздарды осында шақырдық. Бiрақ бiраз уақытқа дейiн бiрен-саран болмаса, онша қатысушылар көп болмады. Өзiмiзге тән салқынқандылық, сылбырлық, «осы қатыссам ба екен, жоқ әлде…» дегендей, кертартпа мiнезiмiзге тағы да жолықтық. Соңынан көбейе бастадық. Жоқ, бiз ойлағандай, бұрымды қыз-келiншектерiмiз Құдайға шүкiр, ел арасында көп екен. Жалпы, жер-жерде сұлулық байқаулары көп өтедi ғой. Олардың мақсаты бiр болғанымен, тәрбиелiк жағынан келiспеушiлiктер жетедi. Жартылай жалаңаш, тек қана дене сұлулығымен шектелiп жатады. Бiз таза табиғи сұлулықты, оның iшiнде бойжеткен бұрымды сұлуларды, аңыз-ертегiлерде айтылатын қасы-көзi қиылған, тiлерсегiн соққылаған жуан бұрымды қыздарымыздан бүгiнгi күнге не жеттi, үлгi-өнеге болатындай не қалды, соны зерделеу едi. Бұл мақсатқа жеткен сияқтымыз. Шаш күте алатын, өсiре алатын қыз-келiншектер саны көбейiп келедi. Шолпы-шашбау байлайтын қыздарымызды көргенде, осынау шашқа байлық ретiнде қараған халықтық тәрбиенiң өшпегенiiне көз де, көңiл де тойғандай болдық. Осы бiрiншi, екiншi байқаулардан кейiн, әлде бұрын көзге түспедi ме, әйтеуiр кейiнгi кезде шаш өсiрушiлер қатары көбейген сияқты. Бұрымдары белден түсетiндер көшеде көп кездеседi.

Жаһандану келiп жеттi деп жатамыз, қазақтың ұлттық болмысының жойылып кетпеуiне, әйелдер, бiздер де өз тарапымыздан үлесiмiздi қосуымыз керек қой. Өзiнiң ұлтын ойлайтын, ұлтына жаны ашитын кез келген қазақтың жаһанданудан жандары түршiге қарсы тұрады деп ойлаймын. Одан қашып құтылмасақ та, сол әлемге енген кезде өзiмiздiң ұлттық бояуымыз, қалыптасқан ұлт ретiнде тiршiлiк-тынысымыз, салт-дәстүрiмiз бар екенiн, ерекше халық болғанымызды, батыр халық болғанымызды, сол батырлықпен қатар сұлу, сымбатты болғанымызды көрсете отырып, болашақта да осы үрдiстi мықтап ұстасақ деген мақсат болды. Бұл мақсат үрдiсiнен шықтық-ау деп ойлаймын.

— Алғашқы байқауға қарағанда соңғыларынан нендей айырмашылық байқадыңыз?

— Алғашқыда жас ерекшелiгiне аса мән бермедiк. Сөйтсек,ақ жаулықты әжелер де көбейiп кетiп, олар орынға таласатындай жағдайлар туындады. Содан жасты шектеуге тура келдi де, он бес пен отыз бестiң арасында жүргiздiк. Бiрақ әлгiндей жағдайдан кейiн ақылдаса келе, жақсы бiр ой туды. Ол – алдағы уақытта «Өнегелi әжелер, өнерлi немере» атты байқау өткiзу. Өйткенi ұрпақтар сабақтастығы деген бар. Кейiнгi ұрпаққа бiзден берiлетiн қасиеттердi осылай тәрбиелiк жолмен де жалғастырсақ. Әркiм өз бiлгенiн iшiне түйiп жүре беруге болмас, кейiнгiге иiлмей, алдағыға қол ұшын бермей ешнәрсеге жету мүмкiн емес деген ой түйдiк. Өмiрдiң философиясы да сол ғой, өзiңе-өзiң толдың ба, кемелiңе келдiң бе, өзiңде кейiнгiлерге беретiн не бар, туған бала, отбасыңа ғана емес, халқыңа бер. Сондықтан өнегелi әжелер арамызда көп, оқыған-тоқығаны, көрген-бiлгенi, өзiнiң алдыңғы толқынның да, кейiнгi толқынның да психологиясы мен психикасын жете бiлетiн, Құдайға шүкiр, әжелер баршылық, өзiмiз де әже болып қалдық дегендей.

Қазiр ойлап отырсам, тәрбие жағынан бiздiң толқынға көп ауыртпалық жүктеледi екен. Олай дейтiнiм, мына елуден ендi асқан бiздерге, алдымыздағылардан алған өнеге-үрдiстi кейiнгiлердiң санасына сiңiру қиынға соғатын түрi бар. Өйткенi, бiздiң өкшемiздi басып келе жатқандар не ары, не берi емес ұрпақтың өкiлдерi саналады. Ата-анадан алған тәрбиенi бүгiнгi жаһандану саясатының дойыл дауылы шайқалтып тастағандай әрi-сәрi күйде. Қазақша айтқанда, не орыс емес, не орман емес…

Айтары жақсы, ауыздарынан айналайыны кетпеген әжелерiмiз бүгiнгiдей психологиясы мен психикасы аумалы-төкпелi қиын заманда немересiне нендей өсиет айтып, қандай тәрбие берiп отыр, мiне, осы мақсатта әлгiндей байқау өткiзу орынды деп ойлаймын.

Биылғы байқаудың бiр ерекшелiгi – жеңген де жеңiлген де қыз болмады. Шашы қысқалау, орташа және ұзын болып үш топқа бөлiндi. Қатысқан он бес қызға да шашты күтуге арналған косметикалық бояулар жиынтығы табысталды. Оларды бөле-жармай, аңыз-ертегiлердегi сұлулар образын сахналауға мүмкiндiк берiлдi де, бәрiне бiрдей алтын бiлезiк таратылды. Iрiктелiп алынған он бес қыздың шашының ұзындығы жағынан үш қыз шашы екi метр жиырма сантиметр болған оралдық Гүлнәр Қадырбаева, екi де он Гүлнұр Бақытбекова (Алматы), бiр де сексен алты тараздық Бағила Тұрсыноваларға «Қолаң шаш ару» атанды.

Конкурсқа қатысқан 15 арудың iшiнен Қазақ Ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнiң I курс студентi Елiгай Мұқаеваға «Ерке-Нұр» сән фирмасының президентi Фарида Мерқалиқызы қазақтың ұлттық оюмен өрнектелiп тiккен комзолы мен үкiлi бас киiмiн сыйға тартып, модель болуға жұмысқа шақырды.

Былтыр демеушiлiк, қолдау болмаған соң,өзiмiзше ақшалай сый-сияпат жасап, ал қаладағы «Аруана» мейрамханасы өзiнiң ас-суымен сыйлаған-ды. Биыл жағдай басқаша, қалалық әкiмшiлiк, бұқаралық ақпарат бұралдарымен бiрге «Қазкоммерцбанк» және байланысы таза әрi мықты «Ксеll» компаниясы демеушiлiк жасады. Мұның өзiн қолаңшаш арулар арқылы қазақтың ұлттық өнерiне қамқорлығы деп түсiну керек. Шаш өсiрiп, оны өру де үлкен ұлттық өнер, әрi мықты тәрбие құралы екенiн мойындау керек. Сәндерiңiз бен әндерiңiз қашанда үйлесiм тапсын, ағайын!

Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары